Аккузов Абдыжалил Абуталипович

филол.ғ.к., ҚР

Кайырбекова Улбосын Сериковна

филол.ғ.к., ҚР

 

Мүмкіндік өрісін білдірудің жолдары

Мүмкінділік функционалды-семантикалық өрісі сөйлеушінің сөйленімдегі іс-әрекеттің мүмкін немесе мүмкін еместігіне көзқарасын, субъектінің потенциалды мүмкіндігін білдіреді. Тіл білімінде мүмкінділік, қажеттілік, болжалдық модалдік өрістеріне қатысты әр түрлі пікілер кездеседі. В.П.Володин, Б.В.Хрычиков мүмкіндік пен болжалдылықты синонимдер деп қарастырса, В.А.Белошапкова, Е.В.Гулыга, М.Д.Натанзан, Т.В.Парменовалар мүмкіндікті болжалдық мағынаның бір түрі ретінде қарастырады, ал И.Б.Хлебникова бұл пікірге қарама-қарсы тұжырымды ұстана отырып, болжалдық мағыналарын мүмкіндіктің бір түрі деп қарастырады. Осы сияқты пікірлерді мүмкінділік пен қажеттілік функционалды-семантикалық өрістеріне қатысты да кездестіруге болады. Е.И.Беляева қажеттілік пен міндеттілік өрістерін біріктіріп, шарасыздық модалділігі деп атап, осы шарасыздық модалділігі мен мүмкіндік  мағыналарын біріктіріп бір өріс ретінде қарастырады. Ол бұл біріктірілген өрісті «предметтік (потенциалдық) модалділік» деп атайды [1, 13 б.]. Дегенмен бұл өрістер арасында байланыс болғанымен, оларды жеке-жеке өріс ретінде қарастыру қажет. Мүмкінділік модалділігінің функционалды-семантикалық өрісін арнайы зерттеген С.Құлманов аталған өрістерді бөлек-бөлек қарау керек екендігін дәлелдей келе, осы мәселеге қатысты мынандай қорытынды жасайды: «Сонымен, мүмкіндік модалділігінің функционалды-семантикалық өрісі болжалдылық, күмәнділік субъективті мағыналарынан бөлек, өзіндік берілу құралдары бар, білдіретін категориялық мағыналары басқа-басқа, бірақ қажеттілік, айқындық, қалаулық, және бұйрықтық өрістерімен қатар потенциалдылық мағынаға жататын дербес модалділік өріс болып табылады» [2, 55 б.]. Біз де осы пікірге қосыла отырып, аталған өрістерді жеке-жеке функционалды-семантикалық өріс ретінде қарастырамыз.

Мүмкінділік функционалды-семантикалық өрісінің білдірілу жолдары әр түрлі. Олар мынандай құралдар арқылы беріледі:

1) лексика-грамматикалық құралдар;

2) морфологиялық құралдар;

3) синтаксистік құралдар.

Лексика-грамматикалық құралдарға модаль сөздер және олардың баламалары, морфологиялық құралдарға етістіктің сыпат-шақтық мәндегі ашық және шартты рай тұлғалары, синтаксистік құралдарға аналитикалық форманттар және т.б. құралдар жатады.

Мүмкінділік өрісі аясында қалыптасып, көрсетілген әр түрлі тілдік құралдар (мұнда лексикалық, морфологиялық, синтаксистік құралдар туралы сөз болып отыр) функционалды грамматикада өзара ұласып, бір бүтін жүйе құрады. Себебі функционалды грамматикалық бағытта зерттеу            «мағынадан тұлғаға қарай» талданады. Соның негізінде олардың білдіретін мағына ортақтығына байланысты әр түрлі деңгейлік тілдік құралдар бір бүтінденіп, ортақ қызмет атқарады. Мүмкіндік модальдығын білдіретін тіл құралдары қатарына жататын арнайы модаль етістіктер мен предикативті есім мүшелер, сыпаттық-шақтық мәндегі ашық және шартты рай формалары, инфинив қатысқан құрылымдар бірін-бірі үнемі толықтыра, өзара тығыз араласа келіп отырады. Бұл «мағынадан тұлғаға қарайғы» зерттеулердің, яғни функционалды грамматиканың кешенділік сипатын танытады.

Мүмкіндік өрісін білдіретін эксплицитті түрдегі дискретті тәсілдер мен имплицитті түрдегі дискретті емес тілдік модельдер құрылымы жағынан тілімізде әр түрлі болып келеді. «Мағынадан тұлғаға қарайғы» зерттеулерде қарастырылатын түрлі семантикалық топтардың әдеттегі құрылымдық грамматикада тілдік көріністену мүмкіндігі айтарлықтай көп бола бермейді. Ал «мағынадан тұлаға қарай» зерттейтін функционалды грамматикада функционалды-семантикалық өрістерді білдіруге тілдің барлық деңгейлері қатысады. Нәтижесінде тілдің барлық деңгейлерінен жиналған әр түрлі тілдік құралдардың бәрі белгілі бір функционалды-семантикалық қызметіне қатысты өзара тұтасып, өзара қызметі мен мағынасы жағынан жымдасқан тұтастық құрады. Сондықтан функционалды грамматикада семантикалық өрістің тілде көріністену мүмкіндігі мол, ауқымды болады да, соның негізінде тілде көріну тәсілдері де әр түрлі болып келеді. Соған сәйкес, біз мүмкінділік модалділігін білдіретін амалдарды лексика-грамматикалық, морфологиялық және синтаксистік топтарға бөліп қарастырамыз. Ол жайында келесі бір мақлаларымызда сөз етпекпіз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1 Беляева Е.И. Функционально-семантическое поле модальности в английском и русском языках. – Воронеж: Издательство Воронежского университета, 1985. – 180 с.

2 Құлманов С. Қазақ тіліндегі мүмкіндік модалділігінің функционалды-семантикалық өрісі. – Алматы: Ценные бумаги, 2006. – 155 б.