Үсенова С.М., Үсенов  Н.М., Бәкірова Г.Ж.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ  ЗЕРТТЕУДІҢ

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

«Дарындылық» дегеніміз не және ол қалай көрінеді? Ата-анасына нәрестенің бойындағы талантын байқауға не мәжбүр  етеді және неге осы жаңалығына мамандардан тұжырымдама іздейді? Дарындылықтың жиі байқалатын түрі –бұл ерте сөйлеу мен сөздік қор. Сонымен қатар, айрықша байқампаздық  қызығушылыққа тоймау және есте жақсы сақтау қабілеті. Дарындылықтың бұндай ерте байқалуы үздік ақыл-ой қабілетін білдіреді. Тіпті, дарынды балалардың барлығы бірдей нәресте кезінде ата-аналарын өз талантымен таң қалдыра бермейді.

Дарынды балалардың ерте сөйлеуі мен астракты ойлауға негізделген есте сақтауы жақсы. Олар топтастыру қабілеті және мәлімет пен тәжірибені категориялау алынған білімді кең көлемде қолдану ерекшелігімен байқалады. Олардың топтастыру мен шешімге бейімділігі, дарынды балалардың ең сүйікті ісі коллекция жинау мысал бола алады. Оларға өз коллекциясын жүйелеп жинау мен қайта жасау үлкен қуаныш сезімін әкеледі, бірақ, әсемдеу, тәртіппен жинау оларға мақсат болып табылмайды [1].

Дарынды баланың эмоциональды сферасының негізгі ерекшеліктерінің бірін көптеген зерттеушілер жоғарылатылған деп санайды. Бұның негізі интеллектуальды даму ерекшеліктеріне түп-тамырымен кететін қатты сезімталдық деп есептейді. Дарын иесі тек көзбен көріп ғана емес, оны сезеді. Бірнеше құбылыстардың артынан қарауға қабілетті болып келеді. Әлдекімдер байқамағанды сезу, көру қабілетінің басым болуы заңды. Сонымен қатар, әзіл-оспақ қабілеттілігі дарынды балаларда ерте кезінен қалыптасады. Бұл дарындылықтың куәлігі және психологиялық қорғау механизмі.

Дарынды балалардың ата-аналарын ойландыратын мәселенің бірі – мектептегі оқу кезінде кездесетін қиындықтар. Бұл қиындықтар дарынды бала туралы қоғамда қалыптасқан түсінікке байланысты. Өйткені, «орта» қабілетті бала мектепте мақталады да «ақылды» балаға сенімсіздік жасалады. Оның қабілеті көп жағдайда ескерілмейді. Соның салдарынан дарынды балалар ерекшеленбеуге, көзге түспеуге тырысады. Ортаның осындай ықпалының нәтижесінде дарынды бала өз қабілетін танып, дұрыс бағалай алмайды. Сөйтіп,  өз деңгейінде дамып жетілмей,  шектеледі. Бұл жерде дарынды балаларды таңдап, олардың бойындағы ерекше қасиетті бағалап, өмірде дұрыс бағдар бере білуіміз қажет [2].

Ғылыми зерттеулерге қарағанда, дарынды, талантты балалардың миының биохимиялық, электрлік белсенділігі жоғары келеді. Олардың миы қабылданған мәліметтерді қорытуға қабілетті. Әрине, кейде шамадан тыс, әлі жетпейтін мәселелерді де меңгеруге талаптанатыны да байқалады. Дарындылар кішкентайынан-ақ себеп-салдарға көңіл аударып, соған сәйкес қорытынды жасап отырады. Кез-келген жүйенің балама моделін жасауды ұнатады. Мұндай қабілет шындықты тәжірибенің көмегінсіз ашуға негіз болады. Оларға нейрондық хабар өте шапшаң беріледі. Мидың ішкі жүйесі көп тармақталған, байланыстар саны өте көп. Үнемі іс-әрекетке даяр. Олар жинақталған білімін, тәжірибесін кең пайдалана біледі, хабарларды жүйелеп бөліп, талдайды. Сөз қоры мол, сөйлеуге қабілетті сұрақ қоя біледі. Дарынды балалар сөздіктер мен энциклопедияны қызыға оқиды. Ой жұмысын талап ететін ойындарды қалайды. Қиындықтарды жеңе отырып, талантты балалар танымдық дәйексіздікті тез шешеді. Күрделі әрі ұзақ тапсырмаларды қызыға орындайды. Даяр шешуін айта салғанды ұнатпайды. Кейбір балаларда математикалық қабілет, кейбірінде ой жұмысын талап ететін ойындарға, көпшілігінде оқу қабілеті басым келеді. Дарынды балалар өте зейінді. Өзіне қызғылықты мәселені шешуге талпынып, табандылық көрсетеді. Өмір тәжірибесінің аздығына қарамастан әлі келмейтін мәселелерді шешуге тырысады. Сол себептен нәтижесіз ісіне көңіл аудармай, оларды түсініп, әрекетіне басшылық жасау керек.

Дарынды балалар шыдамсыз, бірақ эмоциясы ересектерге тәуелді. Зерттеулерге қарағанда, кішкене балалардың қорқынышы реальды болмайды. Қалада өскен ата-ана баласының арыстан және жолбарыстан қорқатынын, ал реальды түрде одан автомобильдің қауіпті екенін түсінуі қиын. Қорқынышты әсірелеп жібереді, себебі оның қауіптілігін қиялдайды. Мектепке дейінгі кезеңде дарынды балалар – жағдайлар, құбылыстарды менің түсінігім ғана деп танитын эгоцентристер. Бала қандай ақылды болса да, оның мұндай әрекеті (қабылдауы) қалыпты жағдай болып саналады. Даму деңгейіне қарай бала мәліметтерді түсініп, ойлауға қабілетті. Ғалымдар мұны матетаным деп атайды. Ол өзінің заттар мен құбылыстарды қабылдауын басқалардың қабылдауына ұқсас деп түсінеді. Басқалардың әлемді қабылдауы өзінен өзгеше екенін бала әлі түсіне алмайды. Сондықтан құрдастарымен тіл табысуы қиындайды.

 Дарынды балалардың қабілеттілігіне ортаның тигізетін әсері жан-жақты. Бала өз талантын түрліше сезінеді. Отбасында іні, бауырларымен ойнағанда өз ерекшелігін сезінсе, енді бірі мектепте құрдастарымен өзін салыстыру арқылы байқайды. Мұны сезіну мен ақылмен түсіну екі түрлі іс. Өзін дұрыс бағалай білу үшін басқа адамдармен де тығыз байланыста болып, артықшылығының аз ғана екенін мойындау керек. Баланың таным процестері қабылдауы мен тәжірибесіне байланысты [3].

Сондықтан, тек сөзіне ғана қарап, талантты деу дұрыс бола бермейді. Бала қоршаған ортаны зерттеу барысында, нақты неге күйі келіп, нені істей алмайтынын біледі. Ал қоршаған ортадағы адамдар оның істеген ісін түрлі жолмен бағалайды. Әрі ол өзін қоршаған адамдардың, ата-анасының өзіне көңіл аударғанын ұнатады. Ата-ана үшін өз баласының әрекетін бақылап, бағыттап, оқыту көп қиындық жасамайды. Ең қиыны бағалау мен мейірімін реттеу. Дарынды бала тәрбиелейтін ата-ана өзінің мінезін (реакциясын) бақылағаны жөн. Шектен тыс әсірелеу талантты балаға кері әсер етеді.

Баланың өзін-өзі бағалап, кім екенін түсінуі ата-ананың бағалауына байланысты. «Әке балаға сыншы» деп халық бекер айтпаған. Ата-ананың  «Мен баламнан нені көремін, несін қадірлеймін, ұнатамын, оны балама қалай білдіремін?» деген сұрақтарға өзінен жауап іздегені абзал. Сонда ғана ата-ана оның көп қырлы талантын дәл, әрі толығырақ ашуға көмектеседі. Отбасында дарынды бала тапсырмаларды басқаларға қарағанда шапшаң, нәтижелі орындайды. Сондықтан, оларға түрлі затты әр адам, әр түрлі деңгейде меңгеретінін түсіндіру керек. Оның бұл салада қабілетінің басым екенін айтумен бірге, мейірімділік пен сүйіспеншілік, төзімділік пен басқа адамға көмектесу керектігін бойына сіңірген дұрыс. Ақылды, дарынды бала көбіне құрдастарына нұсқау бергенді ұнатады. Әйтпесе, ол зерігеді. Мұндайда ең тиімді жол дұрыс бағыттау [4]. 

Қорыта келе айтарымыз, дарындылықтың дамуына маңызды әсер ететін теориялық нәтижелерден мынадай анықтама шығады: «дарындылық» - бұл интегралды тұлғалық білім, интеллектуальды жоғары сатысымен, шығармалық потенциалымен сипатталады. Бұл тұлғаның қабілеттілігі мен өз бейнелігінің бірігуін анықтайды. Белгілі бір қызмет саласында ерекше табысқа жетуге мүмкіндік туғызады.

 

Әдебиеттер

1.    Қазақстан мектебі «Дарынды бала ұғымы»   №12, 2006жыл.

2.    Матюшкин А.М., Сиск Д.А. Одаренные и талантливые дети. Вопросы психологии. 1988. №4.

3.    Нарыкбаева Л.М. Научно-практическое основы подготовки будущего учителя к работе с одаренными детьми. А., 2001.

4.     Лейтес Н.С. Возрастная одаренность школьников: Учеб. Пособие для студ. высш, пед. учеб. заведений М: Издательский центр«Академия», 2000 – 320 с.