ҰЛТТЫҚ
БОЛМЫС МӘДЕНИЕТІ
п.ғ.к.,
доцент Курбаналиев Б.У.
Қазақ мәдениетін, ұлттық
салт-дәстүр, эстетикалық нормаларын, рухани
құндылықтарын үлгі ете отырып,оны жастар
тәрбиесіне ұтымды пайдалану-өте өзекті мәселе. Қазақтың
салт дәстүр, әдет ғұрыптарына қайта
оралудың рөлі туралы елбасы Н.Ә Назарбаев өз
еңбегінде былай деп жазған: «Әр халықтың
өміріндегі терең имандылық пен рухани негіздерге назар аудару
керек. Оның халық өміріндегі рөлі еш даусыз. Мәдени
дәстүрлер қашан да әлеуметтік қайта
түрлеудің қайнар көзі болып келеді. Өзінің
тарихи мәдени тамырларына қайта оралу бұл,әрине
оң процесс»[1]. «Қай халық болса да өз тарихын,
төл дәстүр салтын, ауыз әдебиетін, тілін
қастерлейтінігі» туралы академик М.Қозыбаев та жазып кеткен.[2]. Олай
болса, қай халық болсын өзінің рухани-мәдени
құндылықтарын көздің қарашығындай
сақтай алмаса, сыртқы күштердің рухани мәдени
жаулаушылығына қарсы тұра алмасы анық. Ондай
халық өз мемлекеттілігін де сақтай алмайды. Бүгінгі
күні жас қазақ мемлекетінің қайта ту
көтеріп, тәуелсіз ел болуы-қазақ халқы мен
мәдениетінің әліде болса құрып
кетпегендігінің айғағы. Оны баянды ету-бүгінгі
және болашақ ұрпақтың қасиетті борышы. Еліміз
тәуелсіздік туын көтергелі ұлттық мұраларымызды
игеруде әлі де болса көбірек көңіл бөлуді талап
ететін мәселелер көп. Бүгінгі бүкіл
даму-үрдістерінің жалпыға бірдей жаһандануы және
модернизацияның заманында кез-келген мемлекет, қоғам, халық
үшін ұлттық (этностық) өрлеудің жандануына
бағытталған өзінің шынайы ашық мәдени
саясатын тиімді түрде іске асыру әрі құрастыру-бірінші
кезектегі мәселе. Сонымен қатар ол жаһандану мен
модернизацияның ең маңызды (гуманистік) элементтерін өз
бойына сіңіре білуі қажет. Өркениеттің
гуманитарлық диалогының қарыштап дамып жатқан
ғаламдық үрдістерінің арасында Қазақ елі
өзінің мәдениетін (біртұтас
қазақстандық қоғамның бір бөлшегі
болып табылатын басқа да этностардың мәдениетін) біліп, қадір
тұтып қана қоймай, жаһан мәдениетінің
негізін біліп, құрмет тұтатын әрі үзеңгілес
диалог жүргізіп, мәдени мұралармен алмаса білетін тең
дәрежелі әріптес ретінде де өз орнын алуы қажет.
Бұл еңбектің өзектілігі, ғылыми және
мәдени-қолданбалы маңыздылығы ең бірінші кезекте
екі үлкен фактор бойынша анықталады. Біріншісі-этнографиялық
тұрғыдағы ешқандай сын көтермейтін басылымдар
«толқынының» пайда болуы. Өткен ғасырдағы
кеңестік жүйенің ұстанымдары мен міндеттері, яғни
басқа «теріс пиғылды» әлемнен (оның ішінде
исламдық Шығыспен) өзінің мәдени-этникалық
тамырынан, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарынан
қол үзуіне әкеліп соқтырып, нәтижесінде
көптеген қазақтар өзінің ана тілінен, этникалық
менталитетінен, ислам дінінің негіздерінен ажырап қалды. Қазақ
мәдениетінің іргесі қатты шайқалып, өзгеріске
ұшырады. Кеңестік тотолитарлық жүйе
құлағаннан кейін, халықтың өткен тарихы мен
мәдениетіне деген қызығушылығының күрт
өсуі және сын мен цензураның тоқталып
қалған жағдайында осы олқылықтардың орнын
толтыру (мәдени және этникалық сана-сезімін) көп
жағдайда кәсіби емес, тіпті кейбір тұстарда қазақ
этнографиясынан хабарсыз «шала білімділердің» қолына түсіп, олар
«сау терінің пұшпағын» ойына келгенше илеп, оқырман
қауымның туған этнографиясы мен фольклорына деген
ынта-ықыласын өз мақсаттарында пайдаланды. Бұл
басылымдар көбіне еш дәйексіз, жүйесіз
жазылғандықтан қалың оқырман қауым арасында
түсінбестік немесе шатасушылыққа, яғни қате
ұғынуға әкеліп соқтырғаны айқын. Екіншіден-Көпұлтты
мемлекет ретінде халықтар достығын, ұлтаралық
татулықты ту етіп көтерген өнегелі саясатымызда
мақсатқа жетудің бірден-бір жолы этнография ғылымы
арқылы іске аспақ. Этнография халықтардың өзара
тұтастығы ғана емес, сонымен бірге мәдени
байланыстарының түп-тамырын анықтай да, ажырата да білетін
бірден-бір ғылым саласы болып табылады. Көзі ашық, көкірегі
ояу қауымның Ресейде, іргелес елдерде және
әлемнің түпкір-түкпірлерінде болып жатқан
этникалық, дінаралық қарым-қатынастардың
шешілмеген сұрақтары көбіне қайғылы да
қасіретті түрде іске асып жатқанына көзі жетіп отыр. Сол
себептен біз үшін этностың ұлттық мәдениеті-ол
тек қана этнографтар мен академиялық ғылымдардың зерттейтін
саласы ғана емес, сонымен қатар қоғамдық
саяси-өмірдің маңызды фактор әрі мемлекетіміздің
өрлеу компоненттерінің бірі екенін түсінетін уақыт
жеткен сияқты.
Алғашқы қазақ зиялылары ішінде ұлттық
мәдениет туралы жазба мұра қалдырған Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин,
Х.Қостанаев, И.Ибрагимовтар ұлттық мәдениеттің
түр сипатына талдама жасағандар Қазақ ССР ғылым
академиясының тарих, археология және этнография институтында
Ә.Марғұлан, В.В Востров, Х.А Арғынбаев, И.В Захарова, Д.Х
Кармышева, У.Д Ходжаева, Х.А Қауанова, М.С Муканов, У.Х Шалекенов
еңбектері қазақ халқы туралы этнографиялық
қорды құрастырды. Дүние жүзіндегі әр
халықтың ұлттық сипатын танытатын мәдени
белгілердің ішінде салт-дәстүрлер орны ерекше. Алайда
халқымыздың ежелден бері қалыптасып, ғасырлар бойы
сақталудағы әдет-ғұрып, салт
дәстүрлері заманның ағымына қарай өзгеріске
ұшырап, ерекшеліктеріне ие болғанымен, желісін үзбей
жалғасын тауып келеді. Қазақ халқының
әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, ырым-нанымдары
қоғам сатыларынан өткен көне дәуірлердің
куәсі ретінде адам санасында ежелден қалыптасып, халық
санасында тұрақтанған. Кеңес дәуірі билік
құрған ондаған жылдар ішінде орын алған
әлеуметтік-экономикалық дамудағы түбегейлі
өзгерістер ғылыми-атеистік көзқарастарды
қалыптастырғанымен, діни сенімдер, ырымдар мен
әдет-ғұрыптар халық арасында қолданылып келеді. Адам
дүниеге келерге дейінгі сәттен, дүниеден
қайтқаннан кейінгі аралықтағы
әдет-ғұрып, ырым, жоралғылары халық арасында
өзіндік ерекшеліктерімен қолданылады. Адам өміріндегі
әрбір сәт діни сенімге байланысты рәсімдер мен белгілі бір
әдет-ғұрып, салт-дәстүрлермен байытылған.
Қазақ атаулыға тән түсінікті
құбылыс әруақ қону, әулие аралау, әулиелерге,
пірлерге сыйыну,келін түскенде отқа май құю, отпен
аластау, су пайғамбары Сүлейменге сену және т.б
ұғымдар синкреттік діни сенімге байланысты қалыптасқан.
Мысалы, қазақта жуып болғаннан соң қолды
сілкемейді. «Жуған қолды сілкігенде, сумен бірге су
пайғамбары Сүлейменнің көмегі арқасында
қолмен кіретін кірістің көзі бітеліп қалуы
мүмкін» деген жорамал бар. Отбасына байланысты
әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің
ұқсастықтары мен өзіндік ерекшеліктері бар. Отбасын
құру кезінде екі тағдыр мен екі әлем бірігеді деп
есептелініп, үйленуге байланысты әдет-ғұрыптарға
ерекше мән берілген. Үйлену тойына дайындық «құдалықтан»
басталады.
Қазақ халқының ұлттық сипатын танытатын
мәдени белгілердің ішінде мерекелік дәстүрлері, мал
шаруашылығына байланысты наным-сенімдері, егіншілікке байланысты
әдет-ғұрыптары, аңшылыққа, құс-бегілікке,
балық аулауға байланысты, қол-өнерге байланысты
әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлері және т.б.
орны ерекше.
Олай болса, қай халық болсын өзінің
рухани-мәдени құндылықтарын көздің
қарашығындай сақтай алмаса, сыртқы
күштердің рухани-мәдени жаулаушылығына қарсы
тұра алмасаны анық. Ондай халық өз мемлекеттілігін де
сақтай алмайды. Бүгінгі күні Қазақ
мемлекетінің қайта ту көтеріп, тәуелсіз ел болуы
қазақ халқы мен мәдениетінің әлі де болса
құрып кетпегендігінің айғағы. Оны баянды
ету-бүгінгі және болашақ ұрпақтың
қасиетті борышы.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.Назарбаев Н.Ә., Қазақстанның
болашағы-қоғамның идеялық бірлігінде.,
Алматы,1993ж.
2.Қозыбаев М.,Ақтаңдықтар
ақиқаты., Алматы,1992ж.
3.Қазақ халқының дәстүрі мен
әдеп-ғұрыптары.Алматы, 2005ж.
4.Шаханов Н., «Мир традиционной куьтуры Казахов»Алматы,
1998ж.
5.Кенжеахметұлы С., Қазақ халқының
салт-дәстүрі Алматы, 2004ж.