*96363*

Балтабаева Г.С.

Доцент кафедры казахской литературы КазГосЖенПУ. г.Алматы

     М.Байғұт прозасындағы желтоқсан  тақырыбы

Қазақ  прозасы тарихында – желтоқсан тақырыбына қалам  тартушылар аса көп емес. Қазіргі қоғам мәдениетіндегі болып жатқан өзгерістерге сай, оқырман қауым бірыңғай философиялық, психологиялық, тарихи романдардан гөрі, шынайы өмірдің шындығына негізделген, тарихи-саяси, ақпараттық-интеллектуалдық мәлімет беретін деректі роман жанрына қызығушылық танытуы да түсінікті.

Өз шығармаларында уақытқа үн қосумен бiрге, өткеннің  өшпес  ізін де,  атап айтар  болсақ  еліміздің  ақтаңдақ  тарихы  болып  қалып  отырған  Желтоқсан  ызғарын да тұңғыш аңғарған жазушылардың бiрi – Мархабат Байғұтұлы. Ол iс-әрекетi, мiнез-құлқы өзгеше кейiпкерлердiң бейнесiн сомдауға талпынды.

Мархабат Байғұттың  «Жоғалған жұрнақ» [1, 188 б.]  әңгімесі оқыс хабардан басталып, оқырманын еліктіре түсетін әдіске құрылған.

«Жұрнақ көке жынданып кетіпті». Әңгіме оқушы баланың көзімен беріледі. Жазушының шеберлігі айқын. Оқып шыққан жан кейіпкер тағдырына жаны ашиды. Жалған пафостан ада. Текемет кенті тегіс білетін Қонақбай ағайдың жалғыз ұлы. Жұрнақ тек желтоқсан қасіретінің құрбаны болған жас жігіт Жұрнақ. Оның есімі әншейін берілмеген. Бұл жоғалған ұрпақтың символы. Мәңгүрттену аллегория арқылы симптомдары айтылған. «Жынды Жұрнақ адамдарды бір-бірінен айырмайтын, кісі танымайтын, кімнің кім екенін мүлде білмейтін». Қазіргі қазақ баласының кейпіне ұқсайды, ана тілін білмейді, өзі мен жатты, ақ пен қараны ажырата алмайды. Ұлтсыздану мен жаһандану дертіне шалдыққан ұрпақ қасіреті бейнеленген. Санасы мәңгүрт. Ұлтының қасиетін танудан қалып, қазақтықтан аулақ кетіп барады. Жұрнақ − текті әулеттен. Сондай озық жасты заманы қор қылды. Мәскеуде оқып жүрген білімді жігіт. Алматыға сүйген қызы Алмаға келгенде тепкіге ұшырайды. Басынан арматура темірімен ұрған. Жұрнақтың жындануының негізгі себебі сүйген қызынан айрылуы, сол бір қазақ қыздарының көрген қорлығы. Әкесі тіл мен әдебиеттің маманы. Ол күйіктен қайтыс болды. Директор Сағындықовтың анасы ғана жынды Жұрнақтың бетінен сүйеді. Оған кейін Жұрнақ: «Жоқ, сізді танымаймын, бірақ бетімнен сүйгеніңізді білем ғой, неге білмеймін» дейді. «Ана байғұс ал кеп еңіресін-ай сонда». Директор Сағындықовтың анасы. Жұрнақ жынданған, қоғамдағы асыл қызметінен айрылған. Текті ағалар да заманға күйлеген. Сондықтан қалың елі қазағы қорғаусыз. Жұрнақ айнала жұрттан ән-күйден сабақ беретін Сағынышты, директор Сағындықовты тануы тегін емес. Бұл қазақтың тегі мен өткеніне сағынышты, тектілікті аңсауды тұспалдайды. Бұл символдық әңгіме. Жұрнақ өлерінде туған үйінің табалдырығына кеп тізе бүгеді. Автор мұны санасында сағыныш деген ұғым өлмеген деп түйіндейді.

“Басқалармен  тақырып ортақ,  обьективті ұқсас  болған  күннің  өзінде,  хас шебер туындысында өмір құбылыстары ұлттық топырақ исін  жоғалтудан,  бояу- реңінен   айырылудан  ада  болса  керек.  Өйткені өнердің  даралық  сипатын көрсететін,  оның   табиғатын  ашатын негізгі  эстетикалық  категорияны - бейнені  халықтық   ұғымнан   бөліп қарау – оны  мансұқ  ету,-дейді  Р.Нұрғалиев” [2, 146 б.]. Сондықтан да  осы  мақсатқа  жету  үшін  олар  бір  жағы  ұлттық  дәстүрге  сүйенсе,  екіншіден,  сол  ұлттық дәстүрдің  бұзылуын,  ұмытылуын,  мәселені ашу  үшін   пайдаланады.

«Сонда ғой, қысқы каникулдан кейінгі алғашқы сабаққа кірген  Қонақбай ағайды біз танымай таңырқағанбыз. Мектебіміздегі барлық  мұғалімдерден  биік  көрінетін  ағайымыз  мұқым-мүлде  кішірейіп кеткен екен.

Бәрінен де бетер қайран қалдырғаны қалжыраңқы Қонақбай  ағайымыздың жайшылықтағы жылуарлы жанарының бұрынғы нұрынан  жұрдайлығы еді» [1, 188 б.] – деп, автор көтеріліске  қатысты  деген  ұлының  қай  қуыста, қай түрмеде жатқанын білмей жаны қиналған, елінің, жұртының еңбегі сіңген  абыройы мен  беделі  бір  ұлағатты  ұстаздың тергеу мен  тексеру жанын  жегідей жеп қойғанын суреттеу мезетін  сәтті  шығара білген. Сарсаң  болып  сандалған, шақшадай басы  шарадай  болып  қалжыраған,  ешкімнен  демеу таба  алмай,  тірі  пендеден  көмек те сұрай алмай сенделген,  түңілген кейіпкер бейнесі  нанымды  шыққан. «Нұры тайған жанарды» суреттеу арқылы арқылы автор болашағынан, «үміт еткен  көзімнің нұры балам» дегендей үміті үзіліп, мойынұсынған пенденің  бейнесін берген. Жазушының   көрсетіп  отырғаны,  ел аман, жұрт  тынышта төрт  құбыласы  сай   шаңырақтың  төбесі  ортасына  түсіп,  кешегі  Мәскеуде оқуын  оқып, бітіріп  келе жатқан ұлымен  мақтанып  жүрген  әке,  кіріптар  болып,  көзін  көтере алмай,  ел  бетіне  тіктеп  қара  алмай жүзімен  жер  шұқып  жүргені.  Бұның  сыры  неде  деп  мәңгілік  жауабын бірде тауып,  бірде таппай, оқиға желісін  трагедиямен өрбіте,  ширықтыра  түседі.

Байқадыңыздар ма, Жұрнақ  жынды бола тұра  туған  табалдырығына  тізерлеп, кіндік  кескен үйіне  басын иген тәрізді.» Жалпы шығарманың әлеуметтiк мазмұнын, жазушы  үй, қарашаңырақ мотиві арқылы  айқындап отырады. Демек, қаламгер ұлттық танымға тән мотивтер мен дәстүрлі символдарды шебер пайдалану арқылы Желтоқсан қасіретінің қазақтың халықтық рухына тигізген зардаптарын аша білген.

Әңгіме негізін құрайтын екі желі бар. Біріншісі: Заман, қоғам әділетсіздігі, екіншісі: Ортаның, әлеуметтің жеке адамға қиянат, озбырлығы. Осы арқылы автор қазақ жұртының бауырмалдық, өзара мейірім, қайырым қасиеттерінен де азғындай бастағандығының ауыр суреттерін береді: Ал қалың жұрт «жынды» атаған Жұрнақ жанында мейірім мен ізгіліктің шуағы мол. Әке шаңырағына деген адалдық, өз туған босағасына деген сүйіспеншілік сезімдерін жадынан шығармауы оның шын мәнідегі адамдық болмысын биіктете түседі. Қоғам қысымы, қолдан жасаған қысастық пен ортаның зәбірі оның болмысын аласарта алмайды. Шығарманың көркемдік қуаты да осында.

 

Әдебиеттер:

1.     Байғұт М. Салқын масақ. – Алматы. Жазушы, 2008. -272 бет.

2.     Нұрғали Р.Әуезов және Алаш. – Алматы: Санат, 1997. – 432б.