*99620*
Филологические науки/ Этно-, социо- и психолингвистика
Педагогика ғылымдарының
магистрі Садыкова А.Е.
Абай
атындағы ҚазҰПУ, Жаңартпа технологиялар және
Білім беру мазмұнын ҒЗИ-ның ғылыми қызметкері.
Қазақстан. Алматы қаласы.
e-mail: little_princess87@mail.ru
Газет прагматикасының этнолексика арқылы
өзектелуі
Тіл
қоғамдық құбылыс болғандықтан
тілдің тарихы мен дамуы коғамның тарихы мен дамуына
байланысты болады. Тіл қоғамға қатынас
құралы ретінде қызмет етіп, қоғамның
дамуымен бірге дамып келеді. Сондай-ақ, адамзат қоғамында
болып жатқан алуан түрлі өзгерістер мен жаңарулардан
тіл де тыс қалмақ емес. Осымен байланысты қазіргі
ғылымда орнығып келе жатқан антропоцентристік бағыт
дәстүрлі құрылымдық лингвистикадан бөлек
Адам факторын түпқазық етіп алған білімнің
жаңаша сипаттағы бірнеше саласы қатар дамып келеді. Олар:
когнитивтік лингвистика, әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, лингвостилистика,
т.б. Осылардың ішінде прагмалингистиканың орны айрықша. Бір
кездері ғалымдар шеңбері анықталмаған, проблемалары
нақты көрініс таппаған деп таныған аталмыш бағыт
бүгінде біршама қалыптасып, тіл білімінің өзге
салалардан іргесін ажыратып, дербестене бастады. Мысалы, адам факторының
өзі мұнда адресант-адресат сияқты нақты
категорияларға бөлініп, олардың арақатынасы, атап
айтқанда, сөйлеуші-тыңдаушы рөл алмасуы жеке проблема
ретінде қарастырылуда. Ал кез келген мәтіннің (ауызша да,
жазбаша да) белгілі бір мақсатта айтылатыны белгілі. Қарапайым
тілмен айтқанда, сөйлеуші ниеті деп түсінілетін бұл
мәселе прагматикада кеңінен қарастырылып, адресанттың
прагматикалық ұстанымы проблемасын құрайды [1.7].
Адресанттың
ақпараттылық қажеттілігін өтеу – ақпарат
құралдарының негізгі мақсаты болып табылады.
Сондықтан да, газеттің тілі оқырман қауымға
түсінікті болуы шарттылық десек, газет сол оқырманның
әлеуметтік тілін ескереді. Осы мақсат орындалуы үшін газет
тілінде белгілі бір құрылымдар орындалуы керек. Газет тіліндегі
сөз бен сөз тіркесі, сөйлем мен сөздік қор осы
мақсатты іске асырудың амалы. Газет тілінде оқырман
түсінігіне ауыр, адресант танымына сай емес бірліктерді барынша шектейді.
Газет тілінің лексикалық ерекшелігі адресанттың
әлеуметтік ерекшелігіне тікелей тәуелді. Әлеуметтік
тұрғыдан алғанда газет тілінің лексикалық
ерекшелігі бағалауыштық, жалпылама қатысымдық,
яғни көпшілік коммуникациялық, мақсатты экспрессиялы
тұрғыда болып келеді.
Бірақ, газет тілінің
лексикалық қабаттарын нақты анықтау мүмкін
жағдай емес. Газет тілінің лексикалық ерекшеліктерін
зерттеген Г.Я.Солганиктің тұжырымдары негізінде әдеби тілдегі
газет, публицистикалық лексикасының мөлшерін, олардың
ара салмағын саралау мүмкін еместігін байқауға болады
[2]. Г.Я.Солганик пен басқа да ғалымдардың
тұжырымдарынан мынадай қорытынды жасауға болады:
Газет
лексикасы үнемі өзгеріп, дамып, жетіліп, жаңғырып
отырады. Газет лексикасын бағалауыштық тұрғыдан
қарастырғанда да бір қалып, бір деңгейді
көрсетпейді, оның кезеңдік сипаты болады. Өйткені,
кейбір бағалауыштық бояулы сөздер өзге
сөздіктерде бейтарап мән иеленіп, өзгеріп отырады. Сол
секілді «жаңа» деп таңбаланған сөздердің
бұл белгісі жаңадан жасалынатын сөздіктерде берілмеген.
Тіпті, жекелеген газетизмдер осылайша газет тілі жүйесіне берілмеуінің
әлеуметтік, қоғамдық факторлары бар. Ол газет
ұстанған позиция, саяси идеологияға негізделген. Осылайша
газет лексикасының әлеуметтік сипаты көрінеді. Сонымен бірге,
газет лексикасының қызметі, ақпарат жеткізу, үгіт-насихат тарату қызметіне
бағынады.
Газет лексикасының басым бөлігін
құрайтын сөздер тобының актив қолданысына
қарай емес, бағалауыштық сипатына, көптеген
саясиландыруына қарай топтастырылады. Сонымен қатар қолданысы
жиі лексикалық бірліктер де (неологизмдер, терминдер, этнолексика, т.б.)
таса да қалмайды. Жалпы басылым беттеріндегі газет лексикасын
жоғарыда аталған ерекшеліктеріне қарай тіл білімінде
топтастырылып жүргені белгілі. Қазақ тіл білімінде орыс
тіліндегідей сөздіктердің түрлері көп еместігін
ескерсек, газет лексикасы бойынша іргелі зерттеу жүргізу, баспасөз
бетіндегі лексикалық бірліктердің жиілігін анықтау
күрделі мәселе.
Газет тіліне тән лексикалық басылым
атаулының ұстанатын позициясы мен кағидаларына
бағынады. Газет лексикасына ішіндегі этнолексикалық
бірліктердің қоғамдык-әлеуметтік қызмет түрлеріне,
этнолексикалық бірліктердің газет типтеріндегі
қолданысының да өзіндік ерекшеліктері бар. Газет
типтерінің ішіндегі этнолексикалық бірліктердің
ағартушылық қызметіне байланысты қолданылған
сөздер тобы кандай да бір газет типіне тән этнолексиканың да
қолданыс аясына қарай икемделеді. Баспасөздің басты
факторлары – үгіт-насихат таратумен қатар
қоғамдық пікірді қалыптастырумен қатар
идеологияны сіңіру; хабар-ақпарат жеткізу қызметін
атқару барысында, газет лексикасының негізгі екі үлкен
қабаты құрылатыны ғылыми әдебиеттерде
айтылған. Бұл екі фактор баспасөз атаулының
бәріне тән, сөздік қолданыстардың және
жалпықұрылымдық ерекшеліктерінің ұйытқы
болуына зор әсер етеді. Аталған факторларды кадағалап отыру
газет тілінің лексикалық топтарын айқындауға болады.
Газет лексикасында әр дәуірдің
бет-бейнесі мен бедерін көрсететін лексикалық бірліктер
қатары болады. Олар өз дәуірінің болмыс-бітімінен
ақпарат таратады. Бұл жөнінде Б.Момынова «Қазақ»
газетіне тән лексикалық бірліктердің қолданысын
үш топқа бөліп қарастырады:
- оқу-білім, ағартуға
қатысты (жазу мәселесі, бастауыш мактаб, жосық, оқу
құралдары, бірінші басқыш мактаб, мұғалім,
медресе, т.б.);
- ішкі саяси және сыртқы
жаңалықтарға байланысты қару-жарақ атаулары,
Г.Дума, Дума депудаттары, земства, сенат, мүптилік, қара
жұмыс, жұмыскер, т.б.);
- Алаш автономиясына қатысты (алаш, алты
алаш, алаш азаматтары, Алаш автономиясы, жерлі автономия, низам,
тәуелсіздік, азаттық, бостандық, т.б.) – деген түрлерін
саралап көрсетіп береді [3.81]. Ғалымның осындай саралауларын
этнолексикалық бірліктердің бұрынғы және
қазіргі қолданысында осылайша жіктеуге болады.
Қоғамдық өмірдегі әр
алуан құбылыстарға қатысты туындаған
лексикалық бірліктер газет бетінде актив қолданысқа ие
болады. Мұндай сөздерді тіл білімінде неологизмдер деп аталады.
Сонымен қатар ұлттық тілдің бай
қойнауындағы этнолексикалық бірліктерде өзіндік
қолданысқа ие болып, өзінше бір функционалдық кызмет
атқарады.
Сол баспасөз беттерінде актив
қолданылатын этнолексикалық бірліктерді мынадай топтарға
топтастыруға болады:
1. Жалпы халыққа таныс сөздер. Бұл
сөздер газет беттерінде қолданыс тауып, жалпыхалыққа
таныс сипатымен ерекшеленеді.
2. Мағынасы күңгірттенген
этнолингвистикалық сипат алған сөздер. Көпшілік
оқырманға мағынасы бейтаныс, тарихи көркем
әдебиеттерде, тарихи филологиялық еңбектерде қолданылатын
бірліктер.
Газеттің
қоғамдык-әлеуметтік қызметін этнолексикалық
бірліктер көрсетеді десек, ал автордың оқиғаға,
ситуацияға деген көзқарасын бағалауыштық
лексикалық бірліктер білдіреді.
Басылым беттерінің көп бөлігі
этнолексикалык бірліктердің үлесіне тиеді. Аталмыш лексиканың
бұл түрі арқылы оқиғаның болған
немесе болатын жері, уақыты мерзімі қамтылады.
Басылым беттеріндегі ауызекі сөйлеу
элементтері, диалектизмдер, терминдер, этнолексикалық бірліктер
қатары (жанр түрлеріне орай) қолданыс табады. Бағалауыштық
сипат газет тілін құрайтын жалпы лексикаға тән. Тілдегі
этнолексикаға бағалауыштықпен қоса оның басты
ерекшелігі ретінде сөздің этнологиялык мәнді иеленуі де
жатады. Этнолексика қоғамдық этностың
қоғамдық өмірінде болып жатқан өзгерістер
мен тарихи оқиғалардан тыс қалмайды. Осыған
қатысты газет лексикасын дәуірлеу мен кезеңге бөліп
қарастыру мәселесі қазақ тіл білімінде біршама
қарастырылған. Газет лексикасын дәуірлеп қарастыру
мәселесі этнолексикалық бірліктердің өзіндік
ерекшеліктерімен тікелей байланысты.
Газет лексикасының функционалдық
қызметі мен лексилық құрылымы тіл білімі
саласындағы семасеологиямен тікелей қатысты жүргізіледі.
Басылым беттеріне тән жалпы қасиеттер мен ерекшеліктерді,
лексикалық құрамын Г.Я.Солганик пен Б.Момынованың
еңбектерін басшылыққа ала отырып, мынадай топтарға
топтастыруға болады:
1.
қоғамдық-саяси;
2.
этнолексикалық бірлік;
3.
бағалауыштық лексика;
4. бейтарап лексика.
Этнолексикалық бірліктердің тілдегі
қызметі сан алуан. Себебі, жалпыхалыққа таныс ұлт
тілінде ғана қолданылатын және бұқаралық
ақпарат құралдарында, ауызекі және әдеби тілде
қолданыс аясы байқалатын түрлі этнолексикалық бірліктер
бар.
Мысалы: Бірде ол Абайтанудан семинар өткізді.
Әркімді орнынан көтеріп, әрқилы сұрақтар
қойды. Көңілінен шыққан жауаптың
тұсында дені жайылып, ырғала қозғалып,
шықпаған кезде шоққа түсіп кеткен шыжықтай
шыж-шыж болады. Бірақ зіркілдеп дауыс көтермейді. Аузынан
шыққан әр сөзі енді ұмытылмастай болып, мық
шегедей қадалып, есте қалады. Жайшылықта таңдайы
тақылдап, ауыздыға дес берместей бір жайнақ көз аруымыз
Абайдың махаббат лирикасын сұрағанда, зікірінен
жаңылған бақсыдай міңгірлеп қалғаны. Шекесі
бұдырайып, желкесі күжірейіп, алқымы алабұртып,
шабыттана шалқып отырған ғұлама қуыршақтай
құлпырып тұрған әдемі шәкіртінің жауабын
әрі тосты, бері тосты. Әлдебір уақытта шыдамы таусылды ма:
«Пәлі, уыздай үлбіреген жап-жас немесіңдер. Екпінді
еріннің ұшына түсіріп, «махаб-бәт» деп,
тәп-тәтті қылып айтудың орнына тоқсандағы
тоңған кемпірдей ауыздарың жуыспай, «ма-ха-бат, махабат» деп
олпы-солпы қалай айтасыңдар, шіркіндер?!» - деп, ұртын
бұлтитып, ернін томпитып, бұлданған сәбидей
бұлқан-талқан болғаны. Ондайда ұстазымыздың
шамалыда райынан қайта қоймайтынын жақсы білетін сақа
жігіттеріміздің біреуі: «Ағай, сіз Абайды өз
көзіңізбен көрдіңіз бе?» - деп, көлдеңен
сауал қыстырды.
Мұхаңның жүзі жылып қоя берді.
Қалтасынан көлдей шәйі орамал суырып, ұлан-ғайыр
маңдайын сипап өтті. «Көргенім бар... Төрттемін
ғой деймін. Бөрліде отыратынбыз. Анам мені алып, Жидебайға
барды. Сыйласатын шаңырақтардың бір-біріне сыбаға
апаратыны бар. Біз де сөйттік. Бөтен ауылды жатырқадым білем,
үйге қайтқым келді. Анама қайта-қайта
қыңқылдай бердім. Төр жағымыздағы
құндыз сақалы омырауына төгілген, көзі
нұрлы, тақиялы кісі маған бұрылып: «Ауылыңа
барасың ғой, балам, анаңның мазасын ала берме!» -
дегені. Дауысы жұмсақ. Шырайы жылы. Бірақ, мен анамның
бауырына бұрынғыдан бетер тығыла түстім. Кейін сол
есіме оралғанда, өзімнен өзім ұялып, қатты
өкініп жүрдім. Сөйтсем, әлгі кісі Абай екен», - деп,
ұстазымыздың дауысы жұмсарып, сабағымыз мамыражай
қалыпқа түсті. (Кемел. //Егемен Қазақстан. 2007 ж.,
№306-307). Қаламгер жазушы
Әбіш Кекілбаевтың «Кемел» атты мақала
мәтінінен алынған бұл үзіндіде ұлттық
бірліктер автордың стилистикалық ерекшелігін ғана дараламай,
прагматикасын да көрсетіп тұр. Мұндағы «зікірінен жаңылған бақсыдай
міңгірлеу», «жайнақ көз ару», «таңдайы
тақылдап, ауыздыға дес берместей», «қуыршақтай құлпырып», «уыздай үлбіреген жап-жас», «сыбаға» сияқты
бірліктерді автор стилистикалық тұрғыда орынды пайдаланған.
Демек, газет тіліндегі этнолексикалық бірліктер қолданысымен де
ерекшеленеді. Мұндай ерекешеліктерді олардың тіркемімділік
табиғатынан, эмоцияналды-жағымды-жағымсыз фонынан
байқауға болады. Автор қолданысында этнолексикалық
бірліктер мәтіннің ұлттық фонын құрайды.
Этнолексикалық бірліктердің жаңа қолданысы газет
тілінде көптеп кездеседі.
Газет беттерінде жарияланатын материалдардың
басты ерекшелігі олардың сол уақыт кеңістігіндегі
маңыздылығы. Бұл фактор газет лексикасының
құрамына да әсер етеді. Газет мәтінінің
лексикалық құрамына материал мазмұнының
әсерін айтқанда, ондағы этнолексикалық
бірліктердің біршама тұрақтылығын
(қоғамдық-саяси лексикамен салыстырғанда) айту керек.
Газет тіліндегі этнолексикалық бірліктер әдеби стилде еркін
қолданылатын, тілдің ұлттық сипатын танытатын
біліктерден болса, қоғамдык-саяси лексиканың терминдік сипаты
басым. Ал газет тіліндегі терминдердің біршамасы жалпы
халықтық сипат алса (мысалы шенеунік), енді біреулері белгілі бір
салаға, әлеуметтік топқа ғана тиесілі болып,
қоғамның даму барысында көнеріп отырады.
Газетте беттерінде жарияланатын
материалдардың басты ерекшелігі олардың сол уақыт
кеңістігіндегі маңыздылыгы. Бұл фактор газет
лексикасының құрамына да әсер етеді. Газет
мәтінінің лексикалық құрамына материал мазмұнының
әсерін айтқанда, ондағы этнолексикалық
бірліктердің біршама тұрақтылығын
(қоғамдық-саяси лексикамен салыстырғанда) айту керек.
Мәселен тоқсаныншы жылдардағы
қоғамдық-саяси лексика мен бүгінгі күндегі
қолданыстағы қоғамдық-саяси лексиканың
алшақтығы айқын байқалса, олармен
салыстырғандағы этнолексикалық бірліктер біршама
тұрақты. Газет лексикасындағы бұл феномендік
айырмашылықты ондағы бірліктердің әдеби тіл нормаларына
қатыстылығынан деп топшылауға болады. Газет тіліндегі
этнолексикалық бірліктер әдеби стилде еркін қолданылатын,
тілдің ұлттық сипатын танытатын біліктерден болса,
қоғамдык-саяси лексиканың терминдік сипаты басым. Ал газет
тіліндегі терминдердің біршамасы жалпы халықтық сипат алса
(мысалы шенеунік), енді біреулері белгілі бір салаға, әлеуметтік
топқа ғана тиесілі болып, қоғамның даму барысында
көнеріп отырады.
Газеттік материал белгілі бір мақсатта
жазылып, оқырманның көпшіліктің мүддесін
көздейтін болғанда ғана өз оқырманын табады.
Дегенмен, көпшілік оқырманның белгілі бір тобы ғана мақала
жолдарының ішіне тұспалмен ұсынылған ақпаратты
зерделеп, ой-елегінен өткізе алады. Бұл ақпарат теориясына
барып тірелетін күрделі мәселелердің бірінен саналады. Баяншы
өзі жеткізбек болған ойдың белгілі бір мөлшерін
мәтінге тура мағынасындағы сөздер арқылы берсе,
ал оның түпкі прагматикалык ұстанымы негізінен мәтін
астарында тұспалданады. Мұндай тақырыптар жөнінде
әсіресе саяси тақырыптарға арналған материалдарда
айтылмақ ойды тұспалдап, ақпаратты окырман танып-біліп
дұрыс қабылдауы барысында біршама психологиялық-қатысымдық-прагматикалық-социолингвистикалық
мәселелерді қамтитын арнайы тетіктің іске қосылады.
Газет мәтініндегі автордың айтпақ
ойы, айтылып отырған мәселеге қатысты көзқарасы
сөйлем кұрауға негіз болатын кіші тілдік бірліктер –
сөз сөз тіркестері арқылы жарыққа шығады.
Автордың қолданысындағы этнолингвистикалық бірліктер
оның ұлттық танымы мен тамырын айкындайды [4].
Қатысымдық тұрғыдан
алғанда белгілі бір ақпараттық жүк
арқалаған сөздердің қатысымдық акт кезінде
өзектеліп қолданылуы мүмкін. Тілдегі этнолексикалық
бірліктердің өзектелуін ұлттық мәселелерді
көтерген мақалалардан, этнографиялық сипаттағы
материалдардан көптеп кездестіреміз. Сол сияқты ғұлама
жазушыларымыз жайлы жазылған естеліктерден де кездестіреміз. Мысалы: «...Сөйтсем, Смағұл да ол
арадан көп алыс емес, ауған шекарасына таман Қаршы, Термез
атыраптарындағы құм жазираларын тобықтан кеше
жүріп, көшіп-қонған қазақ қосынында дүниеге
келіпті. Құм арасында томар артқан түйекеш
ауылдың көшінің қомында өскен бала
Смағұл жер түбіндегі атамекенге деген көл-көсір
сағыныштың мұхитына қапысыз шомылып бағыпты. Жолы
оңғарылып, мектеп жасында жүргенде туған ел
топырағына оралыпты. Көкейін тескен атажұртпен қайта
қауышып, атымен беймәлім жаңа бір сезімдерге ораныпты.
Жүре келе ол сезімдер жүрегін баулап алып, қаламына жел
беріпті. Суреткерлік өмірінің басты өзегіне,
шығармашылық ізденістерінің басты арнасына айналыпты. Расында
да, ол туып-өскен ортаның өзектерін от жалап, табандарын
шоқ қарып, көстеңдей кешкен өмір жолдарының
қазақ көркем сөзінен қағыс қалуы еш
ақылға сыймайтындай еді. (Ақбоз үй қонған асу
бел. // Егемен Қазақстан. 2007 ж., 21 наурыз). Мақала
авторы – Әбіш Кекілбаев осы және ілгеріде келтірілген мысалдарда
қазақтың ғұлама тұлғалары жайлы
сөз етеді. Мақала тақырыбының өзінде этнолексикалық
бірліктер жеткізілетін ақпараттың маңызды бір бөлігі
саналады. Мақала атауы болып тұрған сөйлемдегі негізі
ақпараттық жүк «кемел» мен «ақбоз үй» «асу бел»
синтаксемасына жинақталған. Мақаланың өң
бойындағы тізбекті күрделі тұтастық сөйлемдегі ой
мақала мазмұнынан хабар береді. Мұндағы
этнолексикалық «жайнақ
көз ару», «туған ел», «ақбоз үй», «асу бел», «уыздай
үлбіреген», «бақсыдай міңгірлеу», «шаңырақ», «көшіп-қонған
қазақ қосыны», «өзектерін от жалап, табандарын шоқ
қарып, көстеңдей кешкен өмір жолдары»,
«атажұрт», «атамекен»
сынды бірліктер өзектеліп тұр. Сөйлемдегі негізгі
ақпараттық қазықтың ұттық сипаты
басым болғандықтан оның маңайына топтасқан,
әрекетті, оның жай-күйін білдіретін сөздер де
ұлттық қанық реңкте келіп сөйлесімнің
ұлттық тұтастығына қызмет етіп,
стилистикалық бояуын күшейтіп тұр. Қатысымдық
аспекті сөйлемдерді әдеттегі құрылымдық
мүшелеуге емес, сөйлемді мағыналық бөліктерге бөлшектеуге
негізделеді. Сөйлемдердің мағыналық немесе
тема-ремалық бөлінісі сөйлемнің бойындағы
ақпараттармен байланысты. Ғылыми әдебиеттерде
сөйлемнің тема-ремалық бөлінісін тыңдаушы
үшін ақпараттың жаңалығымен байланысты.
Яғни сөйлеуші тілдік бірліктер арқылы ұсынған
ақпараттың бір бөлігі тыңдаушы үшін
түсінікті, шаблонды, ал ондағы жаңа ақпарат
өзектеліп келіп отырады.
Газет тіліндегі этнолексикалық
бірліктердің қатысымдық тұрғыда өзектелуі
этнолексикалық бірлік болып табылатын сөздің, сөз
тіркесінің бойындағы ұлттық мағыналық
сипатымен тығыз байланысты. Тілдік бірлік белгілі бір мағынасы бар
лексикалық құрамның бір бөлігі болғанымен,
қолданыс мақсаты, контекстік мақсатқа сай
анықталатын қолданыс мәндері, әр түрлі
өрістері бар. Мәселен газет тілінде қолданылатын
этнолексикалық бірліктердің қолданыстық-контекстік
мағынасы, тілдік бірліктің статикалық күйіндегі
мағынасынан өзгешелеу.
Газет бетіндегі қатысымаралық
байланысқа негізделген зерттеулердегі басты мәселелердің бірі
коммуникациялық байланыс болып табылады. Жалпы коммуникативтік байланыс
немесе тілдік қатынас мәселесі лингвистика ғылымында
қарқынды түрде зерттелу үстінде. Коммуникациялык
байланыс барысында адекватты немесе бейадекватты түсінік, сонымен бірге
түсінбеушілік те болуы мүмкін. Адекватты түсіністік немесе
түсініспеушіліктің болуына оның сөзді тура
мағынасында емес, тыңдаушы санасына оның өз
ойындағы семантикалық ресурстарын актуальдандырып жеткізуі себеп
болуы ықтимал. «Тыңдаушының басында оның ойынан
тыскары, оған әлі берілмеген, дегенмен оның өз ойына
ұқсас сөйлеушінің ойы пайда болады». Демек
түсінік дегеніміз бір жағынан резонанстық ой болып табылады.
Сөйлеуші ойындағы оның адекватты деңгейі әр
түрлі болуы ықтимал. Қарым-қатынас үрдісіндегі
мағынаның резонанстық
сипаты
тыңдаушыға
өзінің
семантикалық
компетенциясын
қолдануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде ол
коммуниканттарға қарағанда кем немесе артық
түсінуі мүмкін, ал компетенция болмаған жағдайда ол
ештеңе түсінбейді [4].
Сонымен, газет бетінде айшықталатын
этнолексикалық бірліктердің актуальды мағынасы дегеніміз –
сөйлеу тілінің нақты кызметі барысында қолданылатын,
қатысымға қажетті маңызды этникалық
семалардың жиынтығы болып табылады. Олар сөздің
жүйелі мағынасының қатысымдық маңызды
компоненттерінің өзектілігіне қатысты жүзеге асырылады
да, қатысымның жүзеге асырылуы барысында көрініс
табады.
Қорыта айтқанда, тіл – өмірдегі
жаратылыстардың ішіндегі ең күрделі құбылыс
екендігі қатысымаралық
байланыстың басты категориясы екендігі көрсетіледі. Оны тек лингвистер ғана емес, барлық ғылымның мамандары айрықша атап көрсетеді. Қазіргі кезде
халықаралық байланысы
күшті барлық елдерде қатысымаралық
байланыс мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.
Тілдік коммуникация – тіл арқылы
сөйлесу, ұғынысу дегенді білдірсе, газет тілінде көрініс
табатын қоғамдық байланыс – қоғамдағы
қарым-қатынас дегенді
білдіреді. Коммуникация арқылы журналист пен оқырмандар пікір алысып, бір-біріне ойын жеткізіп,
белгілі бір нәрсені хабарлайды. Сонымен бірге, олар өзара
түсініседі, пікір алмасады, бірінің ойын екіншісі тереңінен ұғынады. Екі
адамның бірінің жанын бірі ұғуы бір топтың
түсінісуіне, ал топтың пікір
алмасуы қоғамның жетілуіне әкеледі. Осыдан барып,
газеттің әрі
қоғамдык, әрі
әлеуметтік функциясы пайда болады да,
газет тілінің коммуникативтік
қызметінің әлеуметтік сипаты осыдан келіп шығады.
Әдебиеттер:
1. Есенова
Қ.Ө. Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің
прагматикасы. – А., 2007. – 7-24 б.б.
2. Солганик Г.Я.
Лексика газеты. – Москва, 1981. – 112 с.
3. Момынова Б.
Қазақ газеттерінің лексикасы (жүйесі мен
құрылымы). Фил. ғыл. док. дәреж. алу үшін
жаз.дисс. авторефераты. – Алматы, 1999. – 51 б.
4. Жақсыбаева
Ф. Газет мәтінінің прагматикалық функциясы. Фил. ғыл.
канд. дәреж. алу үшін жаз.дисс. авторефераты. – А., 2000. – 21 б.
Резюме
В данной статье прагматика газеты становится актуальной с помощы
этнолексики. Рассматривается прагматические аспекты этнолексических объединений
в нынешних газетных текстах.
Summary
In this article, the newspaper becomes a pragmatist currency through
etnoleksiki. We consider the pragmatic aspects of etnoleksicheskih associations
in the current newspaper texts.