*99933*

ПСИХИКАЛЫҚ ДАМУЫ ТЕЖЕЛГЕН ОҚУШЫЛАРДЫ ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТЕ ТҮЗЕТЕ-ДАМЫТА ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІ

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды ҚР

Тебенова Қ.С., Тусупбекова Г.А., Зарубаева Б.М.

Үлгермеуші оқушыларды анықтауда дұрыс диагностика жүргізу, оларды табысты және нәтижелі оқытуға, ал болашақта әлеуметтік ортаға бейімделіп кетуіне жағдай тудыратын арнайы сыныптар мен топтарға орналастыру - қазіргі уақыттағы аса маңызды әлеуметтік және педагогикалық мәселе болып табылады.

Психологиялық және ғылыми-әдістемелік әдебиетте осы үлгермеуші оқушылар категориясын жан-жақты қарастырып, әрі арнайы әдістеме ұсынған еңбектер қатары бар.

Жас ұрпақты оқыту-тәрбиелеу жұмысын қазіргі заман талабына сай стандартқа енгізуді оқушылармен жеке дифференциалды жұмыс істеу нәтижесінде қол жеткізуге болады. Демек, оқушыларға қажетті білім, білік көлемі мен дағдыларын қазіргі қоғамның талабымен сәйкестендіріп беру қажет. Бұл мәселені шешуге бағытталған әдістердің бірі дәстүрлі оқыту әдістерін интеграциялық және дифференциалды әдістерді сабақтастырып жүргізу болып табылады. Оқытудың бұл жаңа әдіс тәсілдері Түзету-дамытушылық оқытудың концепциясында айқын көрініс табады, әрі жалпы білім беретін мектептердегі арнайы  сыныптар мен арнайы мектеп-интернаттардың жұмысында толық дәлеледенеді. Берілген концепция РАО педагогикалық дамытушылық институтының Н.Н. Малофеев, С.Г. Шевченко сияқты ғалымдар қатарымен әзірленді. Бүгінгі күні бұл мәселе өзінің өзектілігін толық дәлелдеді [1].

Мектеп жасына дейінгі балалардың психикалық дамуын жетілдіру негізінен үш бағытта жүргізіледі:

·       Балаларға жан-жақты диагностикалық тексерулер мен мамандардың консультативтік кеңестерін ұйымдастыру, негізгі зақымданулардың дәрежесін анықтау;

·       Емдеу, сауықтыру, әлеуметтік бейімдеу жұмыстарын ұйымдастыру;

·       Түзету және дамыту бағыттарында арнайы әдістемелерді құрастырып, оларды қолдану.

Бұл жұмыстар негізінен дефектолог мамандардың қатысуымен жүргізіледі.

Мектеп жасындағы психикалық дамуы тежелген балаларды қалыптастыру негізінен осы балаларға арналып жасалған оқу бағдарламасымен жүргізіледі. Оқу жоспары бойынша балалардың танымдық әрекеттерін дамыту, қоршаған ортамен танысу және әр түрлі құбылыстардың себебін және оның өзгерістерін анықтау, тіл дамыту, еңбекке баулу, әр түрлі пәндерді арнайы дидактикалық әдістемелермен игеру қарастырылған. Негізгілері:

-                  Жалпы білім беру циклы сабақтарында, сондай-ақ арнайы оқыту кезінде әр баламен жеке жұмыс жүргізу;

-                  Түрліше әдіс, тәсілдермен қажудың алдын алу, яғни, ақыл-ой мен тәжірибелік жұмыстарды алмастырып отыру;

-                  Қызықты және әсемделген дидактикалық заттарды дайындау, көрнекіліктің түрліше әдіс тәсілдерін қолдану;

-                  Баланың білім алу іскерлігін барынша белсенді етіп, олардың сөйлеуін дамытатын және оқу іскерлігіне қажетті дағдыны қалыптастыру әдістерін қолдану;

-                  Дайындық (оқу бағдарламаның нақты бір бөлігін меңгеруге) жұмыстарын жүргізу және қоршаған орта жайлы білімдерін кеңейтуді қамтамасыз ету;

-                  Оқуда және оқудан тыс кездерде баланың барлық іскерлігінің түрін дер кезінде, қажетті жағдайға сәйкес үздіксіз түзетілуіне көңіл аудару.

Арнайы мектептерде оқуға және жазуға үйрену арнайы түзету жұмысының бағдарламасына сәйкес өткізіледі, былайша айтқанда, сауаттылыққа үйрену дайындығы кезеңдермен орындалады. Бірінші кезеңде - естудің қадағалауымен сөйлеу кезіндегі жекеше бұзылған дыбыстарды  бөліп алу тәсілін қолданады. Бірақ бұл сауаттылықты жақсы меңгеріп кету үшін қажетті дыбыстарды талдау мен жинақтау дағдысын қамтамасыз етпейді. Екінші кезеңде - сөздегі дыбыстың орнын белгілей білуді үйретеді, дыбыстардың сөздегі орналасу ретін анықтайды.

ПДТ бар балаларды жазуға үйрету жалпы білім беретін мектептерге арналған бағдарламаның тарауы бойынша берілген әдістемелік ұсыныс негізінде құрастырылады[2].

Түзету-дамытушылық оқыту жұмысы қазіргі уақытта мектепке дейінгі балалардың дамуындағы ауытқуды түзетуге, оқушылардың біліміндегі кемшіліктерін толтыруға, эмоционалды ерік-жігер қабілеттерін дұрыс тәрбиелеуге, оқу әрекетін қалыптастыруға, сондай-ақ баланың танымдық қызығушылығын белсендіруге бағытталған. Түзету-дамытушылық оқытуды жүзеге асыру жүйесі негізгі төрт бағытты ұстанады:

1.     Диагностикалық-кеңес берушілік;

2.     Түзетушілік-дамытушылық;

3.     Оқыту-тәрбиелеу;

4.     Емдеу мен алдын алу, сақтандыру және еңбек әлеуметтік бағыт.

Түзету-дамытудың бастауыш сыныптарында үлгермеуші оқушыларды оқыту олардың нәтижелі оқуы мен даму мүмкіндіктеріне қарай 3-5 жылға созылады. Оқушылардың оқу бағдарламасын нәтижелі меңгеруіне және жағымды даму динамикасына байланысты психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық консилиумның шешімімен және оқушылардың өздерінің, ата аналарының келісімімен жалпы білім беретін мектептерге ауыстырылуы мүмкін.

Түзету-дамытушылық оқытудың психологиялық-дидактикалық принципі оқу бағдарламасының мазмұнына оқушылардың бұрынғы кезеңдерде алған білімдерінің кемшілігін толтыруға бағытталған, күрделі тақырыптарды меңгеруге дайындық жасауға оқытушылардың потенциалды мүмкіндіктерін пайдалануға көзделген. Сонымен қатар, оқытудың ең тиімді әдіс тәсілдерін қарастырып, оқыту-тәрбиелеу процесінің түзету-дамытушылық мақсатын көздейді. Оқушылардың танымдық белсенділігін барынша арттыруға бағытталған және оқытушылардың жеке кемшіліктерін толықтыруға арналған бөлімдер енгізілді.

Түзету-дамытушылық оқыту жүйесінің әдістемелік принципі оқыту жұмысында материалды жүйелі түрде меңгерту үшін оқытудың ең тиімді әдістерін таңдап алуды және бағдарламаға танымдық қызығушылықты арттыруды қамтамасыз ететін дамытушылық бөлімдерді кіргізуді талап етеді.

Дамытушылық ісінде, әсіресе оқушылармен емдік алдын алу мақсаттары  үлкен рөл атқарады. Арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады, себебі бұл категориядағы оқушылардың ми жұмысының ауытқуы олардың тек психикалық дамуында ғана емес, физиологиялық, жүйке жүйесінің дамуында да көрінеді.

Жалпы білім беретін мектеп жағдайындағы түзете-дамыта оқыту бұл дамудағы кемістікті диагностикалау мен түзетудің бірлігі, тұлғалық-бағдарланған  ыңғай жасау негізінде оқуға жалпы қабілеттерін дамыту принциптерін жүзеге асыратын педагогикалық жүйе болып табылады [3].

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.  Блинова Л.Н. «Диагностика и коррекция в образовании детей с ЗПР», М., 2002 .

2.  «Мамандыққа кіріспе» Нұрманбетова У.Е., 2006

3.  Обучение детей с задержкой психического развития / Под ред. В. И. Лубовского. — Смоленск, 1994.