Қоқышова С.М. филология магистрі, Кушкинбаева Қ. Т.
Ахмет Байтұрсынов
атындағы
Қостанай мемлекеттік
университетінің
Практикалық лингвистика
кафедрасының оқытушысы, филология магистрі
«БОРАНДЫ БЕКЕТ» РОМАНЫНДАҒЫ РУХАНИ
МӘҢГҮРТТІК КӨРІНІСТЕРІ
«Жазушы жазбай жүрсе де,
жазып жүреді деген ұнамды пікір бар. Алдыңа ақ
қағаз жайып, қолыңа қалам алып, жазатын
шығарманың тақырыбын қойғанмен, соған ішкі
дайындығын жоқ болса, зәулім сарай салуға
ниеттенгенменен, құрал – жабдығын қамдалмаған
құрылысшы секілді, босқа уақыт өлтіресің.
Табылған тақырып, жақсы идеяны алып шығу үшін,
көңіл қоймасын ақтарасың. Бала күнгі
естеліктер, көрген-баққаның, ойға түйгенің,
бастан кешкен алуан түрлі оқиғалар мен жүздесулер
сұрыпталып, бір жүйеге түсіп, шығарманың негізін
құрайды,»[1;121]-дей келе Ш.Айтматов «Құз
басындағы аңшының зары» кітабында
мәңгүрттік тақырыбын жете зерттегенін айтады. Жазушы
адамның мәңгүртке қалай айналатынын білмесе де,
бұл ұғымның тамыры тереңде жатқан ауыр
сөз екенін бала кезінен сезінген еді.
Романның туу тарихы да ерекше назар аудартады. Бірде жазушы
Мәскеу қаласына сапарға шығады. Поездбен келе жатып,
Сарыөзек даласын кесіп өтіп келе жатқанда, радио
Байқоңырдан кезекті космос кораблінің ұшырылғанын
хабарлайды. Терезеден сыртқа қарап тұрған жазушы
ұзақ ойға беріліп: «Өзге планеталарда да ақылды
тіршілік иесі бар деп жүрміз, ғайыптан Жер планетасы олардың
ғарыш құрсауына тап болса ше... деген күдік
көкейіме кептеліп, тыншу бермеді. Жас кезде естіген
мәңгүрт хикаясы қиялымда қайтадан
сәулеленді. Өткен заманда қара күш иесі адамның
басын құрсауға алып, ақыл – ойын өшірген.
Бұл-жалпы сипат алмаған, жекеше түрдегі көрініс. Ал
енді қарама-қайшы идеологияны алға тұтып, өзара
теке – тіреске түскен екі жүйе космасқа ұшып,
бір-біріне қыр көрсетіп, жер шарына шіре салса, не болмақ?»[2;3]-деп
Ш.Айтматов «Жас Алаш» газетінде жарияланған «Найман-Ана тұнық
мұхитты көктей өтіп, манхет сахнасына жетті» деген
Төрехан Рәмбердімен екеуара әңгімесінде сыр шертеді.
Автор мәңгүрт сөзі алғашқы рет осыдан
он ғасыр бұрын жырланған қырғыз эпосы
«Манаста» кездесетінін айтады. Онда
бала Манастың зор күшінен қорыққан
қалмақтар,оны мәңгүрт етуге уәж
байласқаны жырланады. Жырда «мәңгүрт» сөзі
қолданбағанмен «шіре» сөзі бұл сөздің бар
мағынасын ашып тұр . Жазушы жоғарыдағы
әңгімесінде сөз төркінің барлай түсіп, 1960
жылдар ішінде атақты манасшы Саяқбай Қаралаевпен
әңгімелесіп, сол кісінің аузынан «мәңгүрт» пен «шіре» туралы естігенін
баяндайды. Міне, осындай ойлар мен «бастан кешкен алуан түрлі
оқиғалар мен жүздесулер сұрыпталып», «Боранды бекет»
романын, ондағы ерекше бейнелерді дүниеге алып келеді.
Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы ең өзекті
мәселесі- адамзат баласының сана-сезімінің рухани катаклизмі.
Яғни, адамның рухани мәңгүртке айналуы.
Аңыздық деректегі жарық дүниеге алып келген өз
анасын атып өлтіру мәңгүрттенудің жеке адами
трагедиясы болса керек. Ал бүтіндей бір халық, ұлт
өзінің тегін, тілін, ділін, дінін ұмыта
бастау-мәңгүрттіктің қоғамдық,
ұлттық трагедиясы.
Ш.Айтматов «Боранды бекет» романында адамзат тағдыры туралы проблема
көтерген.
Роман бірден шиеліністен
басталады. Едігенің еңбек жолындағы досы, замандасы
Қазанғаптың дүниеден өтуінен өріс алады.
Суық хабарды естіген Едіге абыржытар қазанын өзі емес,
қазамен қашан да бірге жүретін адамның әлеуметтік
тегі: Қазанғаптай ұл да, қыз да өсірген
ардагердің демі түскен шақта аузына су тамызып, басын
сүйеп, бетін жабар жан болмай, қаңыраған бос үйде
жан тапсыруы.
«-Ақыр соңы сол болды бишараның. Қандай
асыл еді десеңші! Ақырында жүзін жабатын адам да болмай
қалды қасында,-деп назаланды Үкілібала жылап
отырып.-Мұндай болар деп ойлап па едік! Ақырында...-деп барып «ит
өліміндей болды» демекші еді, онсыз да түсінікті болған еді»[3;12]. Едіге іштей егіліп, ер азаматтың «ит
өлімімен» дүниеден өтуі күйзеліске түсіреді. Осы
оқиға Едігенің роман бойындағы барлық қимыл
- әрекеті мен ойына қозғаушы болады. Белгілі ғалым,
философия ғылымдарының доктары, профессор С.Ақатаев «Кісілік
сабағы» мақаласында:«Әдетте,
қаза тек Едіге емес, иісі қазақ үшін үлкен сын.
Кезінде соғыстан миы шайқалып, мүгедек болып
қайтқан Едіге Қазанғап қол ұшын созып,
жәрдемдесіп, дос жолына малын садақа етіп, Едігенің
босағасына Қаранарды байлап, шама шарқынша көмегін
көрсетсе, енді, қазақ этнографиясының
дәстүрлі жосығы бойынша, Қазанғап жолына
Едігенің жаны садақа болар күн туды. Қаза дара келмей
Едігенің өміріне ғасырға татарлық бір күнді
арқалай келді,»-дей келе, Едігенің адам өлімін
физиологиялық құбылыс емес, адамгершілік
категориялардың тоғысқан, өмірмен жанды қатынаста
тұрған философиялық тіршілік
проблемасы ретінде қабылдайтынын атап өтеді[4;31].
Едіге тұлғасын театр сахнасына алып
шыққан Кеңес Одағының Халық артисі Михаил
Ульянов Едігені заманының ірі азаматы, (личность) қайталанбас
ардагері (он был он!) деп таниды.
Автор Едігенің еш кедергіге көнбей,
өз досын, теміржолшы Қазанғапты «Ана-Бейітке» жеткізуді
мақсат ету, оның адамгершілік мөлдір сезімінің
көрінісі.
Өмірдің қазығы – Едігелер.
Олар үшін өткен тарих, бүгінгі күн, болашақ – бір
тұтас, бірінен-бірі өрбіген бірінсіз-бірі жоқ даму
кезеңдері. Оны үзбейтін, өмір отын сөндірмейтін осы
Едіге секілді абзал жандар.
Едігенің бір күні ғасырға
бергісіз. Себебі, суреткер бұл образдар арқылы өткенді,
бүгінді, болашақты бір түйінмен беріп отыр.
Ол адам санасы, осы уақыттың ұлы
өлшемін ажыратпауға қажет. Тек сондай жағдайда
ғана нағыз патриот, гуманист, биік адамгершілік иесі болады. Едіге
сондай адам.
Едігеге қарама-қарсы сомдалған
бейне-Қазанғаптың жалғыз ұлы Сәбитжан
бейнесі. Сәбитжан-рухани мәңгүрт жан.
Жалпы, «мәңгүрт» сөзі
қырғызша «манг», «мангыроо», монғолша «мангар», «мангуу»,
«мангарт(а)», «мангуур(а)», тува тілінде «мангыр», «мангыы» деп айтылса,
ұғымы да «ақымақ», «есуас», «зейінсіз», «тегін
ұмытқан» деген бір мағынаны білдіретінін Н.Мешітбаев «Мәңгүрттіктің
мәні теренде» атты мақаласында талдай отырып, сөздің
түп төркінін аша түседі.
«Мәңгүрт» ұғымы туралы белгілі
ғалым, философия ғылымдарының доктары, профессор
С.Ақатаев «Кісілік сабағы» мақаласында :
«Мәңгүрт» (мәңгірт)-ақылы кем, есуас,
өткенін ұмыту, мылқау, тегін білмейтін тұл,
ақымақ мағынасында тілімізде бар сөз. Ауыз
әдебиеті нұсқаларында жиі кездесіп тұрады.Соның
қай-қайсысында да мәңгүрт ұғымы
ең алдымен «өткенін ұмыту» есеңгіреу, ақылдан
жаңылу мағынасында қолданады»,[4;31] - деп анықтама береді. «Мәңгүрт
өзінің кік екенін, ел-жұрты, руының кім екенін,
өз атының кім екенін білмес. Балалық шағы, әке-
шешесі мүлде есінде қалмас.Мәңгүрт
өзінің адам екенін аңғармас. Ол да бір, тілсіз
мақұлық малда бір, сондықтан ол қауіпсіз де,
иесіне шексіз бағынған құлақ кесті
құл. Бар тілері қу тамақ, далада үсіп өлмес
үшін ескі-құсқы қомыт киім, басқа
ештеңенің керегі жоқ...»[3.115].
Бұл ұғымды әдебиет
сахнасына бірінші болып енгізген Әбіш Кекілбаев болғанымен, Шыңғыс Айтматов «мәңгүрт»
ұғымына жаңаша мән беріп, күллі адамзат
цивилизациясын шошондыратын, рухани дамуына тосқауыл болатын алапат
күш ретінде танытты.
Тарихи тегін, ата-бабасын біле тұра, білгісі
келмейтін, кешегісі мен бүгінгісі, болашағы туралы ойланбайтын
рухани мәңгүрттік қолдан жасалған
мәңгүрттіктің жанында барлығы жолға
қалады. Қырғыз жазушысы қаламынан туған
мәңгүрт тарихтан тыс қалған рухани
мәңгүрт.
Романда мәңгүрт обрызының
Сәбитжаннан басқа кейіпкерлермен тікелей байланысы
болмағанымен, олардың іс-қимылдары арқылы да
мәңгүрттіктің элементтерін байқауға болады.
Өз қара бастарының қамын күйттейтін осы бір
образдар романның кейбір тұстарында байқалады.Қазанғаптың
қазасын естіген диспечер Шаймерден көңіл айтудың ырымын
жасайды. Бұның көңіл айтқан түрін
көріп Боранды Едіге қатты налиды: «Әй, мисыз хайуан-ай,-деді
ішінен, -қазанын жөнінде дұрыс айта алмайды»[3.18].
Шаймерден өлікті сыйлаудың неекенін
білмейтін мәңгүрт. Жұмысын ауыстыруды
сұраған Едігеге:
«-Оу, айналайын Едеке, сен
әлгі нетіп, менің басымды қатырма, нетіп.
Өлсе-өлді, нетіп... Менің сені алмастыра қоятын
адамдарым жоқ. Өліктің жанында нетіп, отырамын дегенің
не, Едеке? Сен жанында отырғаннан өлген адам тірілмейді ғой»[3.18].
Диспечер Шаймерден, Ұзынтұра Еділбай,
Таңсықбаев секілді безбүйректерге Едіге сынды ерлер
арқылы үн қатады: «Бұл жұрт не болып барады!
Бұлар үшін өлімнен басқаның бәрі
қадірлі! Бұлар өлімді сыйламаса, тіршіліктің
қадірін қайдан білсін! Бұлар қалай, не үшін
өмір сүріп жүр өзі? Өмірдің мәні не
үшін сонда бұлар үшін? » «Едігенің «Бұл
жұрт не болып барады!», «бұлар!»
деген бір ауыз сөзде күллі адам баласына ағынан жарыла
айтылған телегей теңіз жыр жатыр»[4.11]-деп тарих
ғылымының кандидаты С.Ақатаев «Кісілік сабағы»
мақаласында романның негізгі идеясын аша түседі.
Үш кеңістікте (мифологиялық,
әдеби-реалды, ғылыми-фантастикалық) өтіп жатқан
уақиғалардың кісілік байламы Едіге санасында белес алып
жатқан секілді, мәңгүрттік белгілердің баршасы
Қазанғаптың жалғыз ұлы Сәбитжанның
мінез-құлқы, ой өрісі мен жүріс-тұрысынан
тұрақты белгі беріп отырады. «...аз ауылдың әйелдері
сыпсыңдап, бұрқылдап жүр: әкесің жерлеуге
емес, мейман боп келгендей ғой мынау өзі.Әлгі
қаладағы сұрқия әйелін айтсайшы. Туған атасы
өліп жатқанда, аруағын сыйлап, ататайлап келіп,
жылап-сықтап жоқтаса қайтеді»[3.28]-деп өзі сынды рухани
кем әйелінің обрызын жазушы көрсете кетеді.
Едіге мен Сәбитжанның түсінігі,
рухани байлығы екі басқа. Едіге- ойшыл, сыршыл, көпшіл, ерен
ер. Ал Сәбитжан болса, дүние қызығын ақшадан,
«қызыл дүниеден» іздейтін, рухани жетім тұлға.
Оның Едігеден айырмашылығы-оқыған, жоғарғы
білімді маман. Алайда, білім ордасынан ол арамдық жолдарын ғана
игерген. Диплом қалтада, сондықтан оның «білмейтіні
жоқ, универсал». «Сәбитжан секілді «жаңа»
мәңгүрттер оқу, ағарту ісін рухани еркіндік
әперетін игілік емес, өмірге қажетті мүлік пен
жиһазға кенелетін құрал ретінде таниды»[4.31].
Қазанғаптың ұрпағын
жалғастырар ұлының тағдыры тұйық, арманы
бастық болу, рухани байлықтың не екенінде түсінбейді,
түсінуге тырыспайды. Сәбитжан, Таңсықбаев сынды
жаңа өмірдің адамдары Едігенің адамгершілігіне
қарсы. Осындай ізбасарларының болашақ өмірі не болатыны
оны қатты ойға батырады.
Едігені басқа образдардан ерекшелендіретін:
оның ары мен ожданы, ақылы мен парасаты. Осы адами қасиеттер
оның көкірегіне көптеген жұмбақтар
ұялатады: Қазанғаптай ардагерден рухани «кемтар»
Сәбитжан қалай шықты?
Сәбитжан үшін адам-билік иесі, қолында билік бар адам
үшін ол бәріне дайын. Туған әкесінің ауыр халін
ести тұра келмей, иен үйде ешкімі жоқ жетімдей о
дүниеге аттандырды. Әке қадірін білмейтін ұл әке
сүйегінен құтылғанша асығады. Едігенің
Қазанғап аманатын орындауға бел буғаны оны шаршатады. «...білімпаз
Сәбитжан әкесін құрметтеп шығарып салу үшін
емес, апыл-ғұпыл көме салу үшін келген болып
шықты. Әкесінің жүзін жасыра салып ізінше қайтып
кетпекші екен. Ау, жер түбіндегі Ана-Бейітке сандалып не керек,
табалдырықтан аттап шықсаң дүниенің қиырына
дейін Сарыөзектің қу даласы көсіліп жатқан
жоқ па? Осы ауылдан ұзамай-ақ, темір жолдың
бойындағы бір төбешіктің басына қоя салуға болады
ғой. ...ит-құсқа жем болмайтындай, жүзі жасырылса
болды емес пе?»[3.27].
Әкені пайда көзі
ретінде пайдаланған Сәбитжан үшін, Найман- Ана
қорығына жол жүру бос әурешілік. «Сәбитжан
өзін-өзі ақтаған болды: жұмысбасты адам,
бастықтардан әке-көке деп сұранып шыққан.
Зираталыс па, жақын ба-онда бастықтардың қанша шаруасы
бар. Бастықтың аты-бастық, қаланың аты-қала»[3.27].
Едіге досына адал, Қазанғап
өтініші бойынша, оны Ана-Бейітке жерлемекші. Сәбитжан оған
қарсы. Қайдағы бір ертегі бейітке апару, ол үшін
ақылға сыйымсыз. Әке өсиеті оны көп қинай
қоймады. Осы сәтте Едігенің көз алдына анасын
атқан мәңгүрт елестейді. Ол
мәңгүртпен Сәбижанның дүниетанымын
салыстырып, қатты қапаланады:
«-Ал ,Сәбитжан, әңгіме былай:
Марқұмды ақ жауып, арулап қоюға кесір етпе білдің бе. Асығады
екенсің-жолың әне, біз сені ұстамаймыз. Сен үшін
әкеңнің мүрдесіне бір уыс топырақты мен-ақ
сала саламын!» [3.32].
Қазанқапты арулап
қойғаннан кейін, Едіге Ана-Бейітті тегістеп, оның орнына
касмодром салатынын естісімен, Ана-Бейітті қайткенде сақтап
қалу үшін көзі ашық оқыған, қалада
қызмет ететін, кіммен сөйлесіп, кімге жолығу жолын білетін
адам ретінде ол Сәбитжаннан қол ұшын беруді сұрайды.
Бұл қазаға мән бермек түгілі өзін ең
сауатты жанға санаған Сәбитжан былай деп жауап
қайырады:
«-Оның бәрі ерте-ерте, ертедегі, ешкі жүні
бөртедегі ертек қой, Едеке, түсінсеңші. Бұл арада
қазір әлемдік, космостық мәселелер шешіліп жатыр. Ал
біз әлде бір зират туралы аңыз айтқанымыз жарамайды. Кімге керек
ол? Олар үшін ол дегеннің – тфу! Әрі десе, бізді олай
қарай өткізбейді де»[3.295].
Әрине, Сәбитжан сөзінде
шындық бар. Бірақ мәселе оның бұл іске
жүрдім-бардым қарауында, өткен тарихқа
немқұрайлы көңіл бөлуінде жатыр.
Оқыған сауатты Сәбитжанның сапасы қарапайым
Едігеден көп төмен. Едігенің адамилығы
Сәбитжанның арзан біліміне қарама қайшы. Басында
Едігенің Сәбитжанмен сөйлесе келе, қылықтарына
қарап, дала өмірінен адасып, қала өміріне
үйренген, интернатта, институтта оқыса да дұрыс адам
болмаған екен деген күдігі Қазанғапты арулап
қойғаннан кейін айқындала түсті.
«-Мәңгүтрсің
сен! Нағыз Мәңгүрттің өзісің! – деп
ашына күбірледі Едіге, Сәбитжанды әрі аяп, әрі жек көріп»[3.297].
Кезінде сырлас досы болған
Әбутәліп мұғалімді халық узындағы
аңыздарды жинағаны үшін жау атандырғандар да
Сәбитжан секілді мәңгүрттер.
Ителгікөз,
Әбілев сияқтылар Әбутәліптің көзі
ашық сауаттылығын көре алмай, ақыры оның «
Партизан дәптерлері», «Дөненбай құс», «Раймали
ағаның інісі Әбділханға айтқан сөзі» деген
қол жазбалары үшін опат етті. «-Тарихи оқиғалар
ұғымында адам өмірінде әрқилы жайлар болуы
мүмкін. Өткенді еске алсаң, әсіресе жазсаң
,қазіргі талап тұрғысынан жаз. Бізге пайдасы жоқ
нәрсені жазуға, еске алуға болмайды,» [3.166]-деп
ақталған сынай танытты.
Ана-Бейіті, мәңгүрт
ұлының қолынан қаза тапқан Найман-Ана туралы
аңызды жиып тергені үшін жазғыру мәңгүрттік
емей не еді? Құттыбаев Әбутәліпті тексеруге
келгендер халық санасындағы
ғажап аңызды тыңдағысы келмейді.
«- Жә, жетер, ол
құстың ар жағында не жасырынып жатқанын
оқып көреміз әлі, -деп Ителгікөз дәптерді
әрі бері парақтап, тағы да ойын сабақтай» түсті –
Дөненбай құс, қарай гөр, ойлап тапқан атын.
Жазушы болғаныңа болайын. Тағыда бір Мұхтар
Әуезов пайда болған. Білеміз оны да, феодалдық ескіліктің
жыршысы. Дөненбай құс, м... Біз түсінбейді деп ойлайды
ғой. Бір түкпірде бұғып отырып алып, балаларға
арнап жаза қалғанын қарашы»[3.170].
Романда ғылыми техникалық процесс пен
рухани прогресс арасындағы қайшылық бейнеленген. Адам санасы
дами келе адамзат табиғатына қызмет атқара бастады. Себеп
әлеуметтік антагонизмде. Егер әлеуметтік антагонизмнен туған
екі систкема комфромтациясы болмаса, адамзат болашаға, тағдары
туралы жазушы былайша толғанбас еді.
Адам баласы көрген білгенін,
танығанның бәрін тек жасампаздыққа, гуманистік
мұраттарға сай қолданса, мәңгүрт туралы
аңыз көріністері болмас еді. Білім мен адамгершілік қасиеттер
алшақтығы болмаса, Сәбитжан секілді бозөкпелер
қайдан келсін.
« Жалпы мәңгүрттікті екіге
бөліп қарауға болады: біріншісі, жаугершілік замандағы
мәңгүрттік. Мұнда адамды күшпен, зорлықпен
қашап, адами ойлау дүниесінен айрып, жазалап,
құлақ кесті құл қылып, тағылық
тұтқында ұстау. Екінші бір түрі, қазіргі
жахандану заманындағы рухани мәңгүрттік. Сәбитжан
мен аңыздағы мәңгүрт жауынгердің бейнелері
осының айғағы. Бұл екі көріністе күрделі
мәселелер. Бірі күшпен орындалса, екіншісі айла амал арқылы
халықтың ділін, дінін, тілін ұмыттырып нағыз
мәңгүртке айналдырған»[5.6].
Ш.Айтматов өз заманының
қыспағына қарамастан, алыстан орағытып, «сөз
атасын» түсінген халқына адамзат тағдырындағы ұлы
мәселені жеткізген.
«Боранды бекет» романында әңгіме
болған жасанды мәңгүрт пен рухани
мәңгүрттің арасы жер мен көктей. Сәбитжан
сынды рухани жетімдер образын мен қазақ аңызының
көне тағлымын қолдана отырып Шыңғыс Айтматов
адамзат атаулыны мәңгүрттіктен
құтқарғысы келеді.
«Дүниедегі жаза біткеннің
сұмдығы адамды ақыл-есінен айыру да. Ақыл-ой адам
өле-өлгенше өзімен бірге болатын жалғыз қазына
ғой.Біреудің қолында бар байлық бақада да бар болар, ақыл-ой тек саған
ғана тән, басқалардікінен бөлек жалғыз асылың» [3.115]-деп
жазушы ой қортады.
Садистік көріністер Орхон, Күлтегін
жазба ескерткіштерінен бастау алып, мәңгүрттік
тақырыпқа ауысады. Мәңгүрттіктің тамыры
тереңде жатыр.
Қазіргі таңда рухани
мәңгүрттік- ақын-жазушыларымыздың
шығармаларында қаралып жүрген мәселе. Бұл
өзекті тақырып ғылыми тұрғыдан зерттеп,
терең зерделеудi, пайымды да парасатты пiкiр айтуды талап етедi.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Айтматов Ш., Шаханов М. Құз басындағы аңшының
зары. А., Рауан,1997ж 2.Т. Рәмберді. Найман-Ана тұнық
мұхитты көктей өтіп, манхет сахнасына жетті // Жас Алаш, 15
наурыз.2003ж.
3. Ш.
Айтматов. Боранды бекет, А., Жалын, 1986 ж. [3;31]
4.
Ақатаев С. Кісілік сабағы: Ш. Айматовтың «Боранды бекет»
романының этнографиялық негізі туралы // Білім және
еңбек, №4, 1985ж
5. Н. Мешітбаев.
Мәңгүрттік мәні тереңде// Қостанай
таңы 6 сәуір 2007ж.
Сәбитжанға Едіге Қазанғап екеуі
біресе пойызбен, біресе түйемен кезек-кезек барып, баланы біреу-міреу
шекесінен шертіп қоймады ма екен, өзі бұзықтық
жасап қоймады ма екен, оқуы қалай екен,
мұғалімдері не айтар екен деп, жағдайын ұдайы біліп
тұратын. » (Ш. Айтматов. Боранды бекет, Алматы,1986,26 б.)
«Мындай адам
қолына билік тисе не істемек? Қол астындағыларды тірідей жеп
қояды да» (Ш. Айтматов. Боранды бматы,1986,39 б.)
Мәңгүрт туралы миф
шығарманың басынан соңына дейін үзілмейді. Ол
барлық оқиға желілеріне астар болып араласып отырады.Қазақтың исламға
дейінгі түсінігінде өлу-қайтыс болу, басқаша
айтқанда, «о дүниеге»
қайту,
қайта оралу. Қазақтың жерлеу рәсімі осы идеяны
тиянақтайды: дүние салған адамды қазақ «аттандырады»,
«шығарып салады». Жазушы осы этнографиялық құбылысты
романның компазициялық арқауы етіп, орынды пайдалана
алған. Сондықтан «Боранды
бекеттегнғапты «шығарып салу » қаралы шеру салтанатымен :
шудасын жел желпіп, әбзелінің әшекейі қоңырау
қаққа