Қазақ тілінде етістіктердің
жасалуы
(Ы.Е.Маманов еңбектері негізінде)
«Сырдария»
университетінің
магистранты Г.Ә.
Дүйсенбиева
Ы.Е.Маманов –
қазақ тіл білімінің әр саласына қалам
тартқан ғалым. Қазақ тіл білімінің
мәселелеріне байланысты ғылыми еңбектерде, монографияларда,
шолу іспетті мақалаларда ғалымның құнды пікірлері
ескеріліп, талданды. Соның бір дәлелі ретінде 2002 жылы “Астана”
баспасынан жарық көрген “Қазақ грамматикасын” алуға
болады. Ғылыми басылымның морфология бөлімінде етістік
категориясына байланысты зерттеушінің тұжырымдары,
көзқарастары, пікірлері негіз етіп алынғаны көрінеді.
Ы.Е.Мамановтың
зерттеушілік жұмысының арқауын ең алдымен
қазақ тіліндегі етістік мәселесі, оның
категориялық ерекшеліктері, грамматикалық сипатары
айқындайды. Осы мақсатқа сәйкес, қазақ
тілінің табиғатына, атап айтқанда, қазақ
тілінің жалғамалылығына жіті көңіл аудара
отырып, салыстырмалы түрде орыс грамматикасымен
байланыста қарастырады. Жалпы тіл білімінің жетістіктерін
кеңінен пайдаланады. Тіл дамуының ішкі заңдылықтарын,
ішкі және сыртқы факторлар мен себептерді анық ашып
көрсетеді. Кешенді әдістер арқылы материалдарды жинап,
өңдеп, топтап және соның негізінде теориялық
қорытындылар жасайды.
Түбір
етістіктердің мағыналық ерекшеліктері.
Ы.Мамановтың
етістіктерді басты ерекшеліктері жағынан бірнеше топқа
бөлуінде басқа ғалымдармен салыстырғанда
алшақтықтар бар. Ғалым түбір етістіктерді
семантикалық топтастырудағы ұстанған принципі
Г.А.Золотова, А.В.Бондарко, З.Ахметжанованың функционалды грамматика
теориясына байланысты теорияларымен үйлесіп жатыр. Әсіресе,
ғалымның «негізгі түбір етістіктерді семантикалық
жақтан мағыналық топтарға жіктеуге келмейді,
морфологиялық және синтаксистік тәсілдерінің белсенді
қатысуының арқасында ғана түбір етістіктерді
мағынасына қарай бөлуге болады» деген тұжырымы
қазіргі функционалды семантиканың негізгі
принципі. Ы.Маманов қазақ тілінде етістікті
лексика-семантикалық топтарға жіктеп көрсеткен ғалымдардың
бірі. Қазіргі кезде етістіктің жекелеген лексика-семантикалық
тобы арнайы зерттелуде.
Етістік түбірі және оның семантикалық,
грамматикалық өзгеруі туралы
Ы.Маманов
қазақ тіліндегі етістік формаларын лексика-грамматикалық
қызметтеріне қарай, ең алдымен, негізгі етістік және
функциялық етістік деп екіге бөліп, одан кейін негізгі етістіктің
өзін түбір етістіктер
және модификациялы етістіктерге ажыратып, түбір етістіктерге
етістіктің лексикалық мағынасына ие болатын сөздерді,
модификациялы етістіктерге белгілі қосымшалар немесе көмекші етістіктер арқылы
үстеме грамматикалық мағына білдіретін етістік формаларын
жатқызады...
Ғалымның
етістік түбіріне байланысты айтқан ой-пікірлері күрделі
мәселелердің шешімін табуға септігін тигізіп қана
қоймай, кейбір пікірлерге өзгеше қырынан үңіліп,
тереңірек зерттеуге көмегін тигізеді. Ы.Маманов, С.Исаев
еңбектерінде көрсетілгендей, етістік түбірінің
бұйрық райдың 2-жағы емес, ол екеуінің екі
нәрсе екенін дәлелдейтін тағы бір дәлел –
бұйрық райдың екінші жағының көне
формасының –ың, -ің, -ғыл, -ғын
тұлғасында болуы. Қазақ тілінің сөйлеу
тілінде бұлардың кездесіп қалуы тектен-тек емес.
Қысқасы, етістік категориясының жіктелу жүйесінің
2-жақ жекеше формасы түбір етістікпен омоформалық сипатта
келеді.
Күрделі
етістіктің зерттелуі.
Туынды
сөздердің ішіндегі күрделісі де, қиыны да –
күрделі сөз мәселесі. Басқа түркі тілдеріндегідей
қазақ тіл білімінде күрделі сөз бен күрделі
тұлғалар мәселесі XIX-XX ғ.ғ. аралығында
қолға алына бастады.
Күрделі
етістіктерді арнайы зерттеп, олардың сөз тіркестерімен, тұрақты
сөз тіркестерімен, аналитикалық формалы етістіктермен өзара
ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ажыратуда
Б.Қасым еңбегінің (Қазіргі қазақ тіліндегі
күрделі етістіктер.Докт.дисс.
автореф.А.,1992) маңызы зор.
Ы.Маманов
күрделі етістік ұғымына аналитикалық формалы
етістіктерді де жатқызған. Бұған қарағанда
ғалым мұнда етістіктердің тұлғалық
жағын ғана ескерген сияқты. Сөз тіркесі мен
аналитикалық формалы етістіктерді, күрделі етістіктерді нақты
ажыратып көрсетпеген. Дегенмен ғалым еңбектері бұл
тілдік құбылыстардың ара-жігін ашпағанымен,
аналитикалық формалы етістіктердің мағыналық
қырларын ашып көрсетуімен құнды.
Етіс категориясының
зерттелуі.
Қазақ тілінде етіс
категориясы, негізінен, морфологиялық тәсіл арқылы жасалады.
Әрбір етіс түрі арнайы аффикстермен сипатталады және
барлық етістіктен етіс формасын жасауға болады. Алғашқы
грамматикалардан бастап, 30 жылдарға дейінгі еңбектерде етіс
түрліше бөлініп келді. Бұл категория 50-жылдардан бастап
арнайы зерттеу нысанына алынып, ғылыми негізде қарастырыла бастады.
Ы.Маманов
қазақ тіліндегі салт, сабақты етістіктер мен етіс категориясын бір-бірімен
тығыз байланыста қарастырады. Өздік, өзгелік,
ырықсыз етіс мағыналары салт, сабақты етістіктердің
грамматикалық формаларынан туатын семантикалық ұғым деп
түсіндіреді [13, 36 б.]. .
Қазақ тіл білімінде етіс
құрылымдық аспектіден етістіктің грамматикалық
категориясы ретінде қарастырылса, функционалды грамматикада етіс
(залоговость) функционалды-семантикалық категория болып табылады.
Функционалды-семантикалық категориялар көбінесе етістік
категорияларына негізделгендігі байқалады. Мысалы, аспектуалдылық
категориясы құрылымдық грамматикадағы –
қимылдың өту сипаты (вид) категориясына, темпоралдылық
– шақ категориясына, модалдылық – рай категориясына,
персоналдылық – жақ категориясына негізделген.
Ы.Маманов зерттеулерінде етіс, негізінен, объектілік, субъектілік және
көпмағыналық қатынастармен сипатталады. Етіс
категориясын функционалды грамматика тұрғысынан зерттеу
болашақтағы іс деп білеміз.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Маманов Ы.Е.
Қазіргі қазақ тілі. Лекциялардың
текстері.- Алматы, 1973. – 89 б.
2. Маманов Ы.Е. Сөз, морфема, қосымша туралы
түсінік // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 1991, №7. -17-19
б.
3. Маманов Ы. Қазақ тіліндегі көптік
форма // Қазақ тілі мен әдебиеті. 2-шығуы. – Алматы,
1973.-31-36 б.
4. Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі.
Етістік. – Алматы: Мектеп, 1966. – 156 б.
5. Мырзабеков С. Қазіргі қазақ
тіліндегі етістіктің құрылымына
статистико-лингвистикалық талдау. КД, 1973. – 242 б.
6. Жұбанов Қ. Қазақ тілі
жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1966. – 362 б.
7. Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі.
Етістік. 1966.
8. Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі
етістіктің аналитикалық форманттары. 1975.
9. Хасенова (Қалыбаева А). Етістіктердің
лексика-грамматикалық сипаты. 1971.
10. Ысқақов А. Қазіргі қазақ
тілі. Морфология. 1994.