Түркі тілдеріндегі туыстық

атаулар жүйесі

 

Құрманғалиева А.,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың магистранты

 

      Туыстық – тарихи-этникалық ұғым. Оның қалыптасуы мен дамуы белгілі бір этностың өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетімен, әдет-ғұрып, салт-санасымен байланысты. Қазақ тіліндегі туыстық қатынастар мен атаулар топ-топқа бөлініп жүйеленеді.

      Академик Ә.Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты этнолингвистикалық сөздігінің «Адам» атты бірінші кітабында адамаралық қатынастар екі топқа бөлініп қарастырылады: туыстық және жақындық. Ғалымның жазуы бойынша, Адам ата, Һауа анадан тараған адамзат баласының арасындағы қоғамдық, қауымдық, туыстық, жақын-алыстық қарым-қатынастар әрбір этностың (ұлыс, халық, ұлттың) барлыққа келіп, басып өткен даму барысында пайда болған өте көне, байырғы да дәстүрлі құбылыстың көрінісі.

Ғалым туыстық қатынастардың қазақтарда «басқа түркі халықтарына қарағанда әлдеқайда терең де жан-жақты, әрі жетік дамығандығын» сөз ете отырып, бұл салада қалыптасқан жүздеген атаулар мен мыңдаған тұрақты тіркестер (фразеологизм, мақал-мәтел т.б.), басқа да айшықты сөз қолданыстардың барлығын жазады. Өзінің сөздігінде абысын, абысын-ажын, абысынды, аға, аға буын,ағажан, ағай,  ағайын, ағайындас, ағайынды, ағайындық, ағайын-туған, ағайын-тума, ағалық, ағалы-қарындасты, ағалы-інілі, аға-іні, ағатай, ақ сүйек, апа, апай, апа-қарындас, апалы-сіңлілі, апалы-інілі, ара ағайын, ата, ата-баба, атай, ататек (ата-тек), әже, әжей, әйел, әке, әке-баба, әкежан, әке-жәке, әкей, әкей-үкей, әке-көке, әкелі-балалы, әкетай, әке-шеше, әпке/әпше, әмеңгер, әпкелі-інілі, әулет, баба, бабай, бажа, бай, бала, балдыз, бас құда, бауыр, бауырлас, бәйбіше, бел құда, бесік құда, бөле, егіз, ене, ер, ер бала, ерлі-байлы, ерлі-зайыпты, етене жақын, ет жақын, жақын, жақын ағайын, жамағайын, жамағат, жан ағайын, жезде, жекжат, жеңге, жеңгей, жеңеше, жесір, жете, жетім, жиен, жиен аға, жиен апа/әпке, жиен бала, жиен қарындас, жиен қыз, жиен немере, жиеншар, жиен іні, жұбай, жұрағат/жұрат, жүрежат, жыныс-ұлыс, зайып, зәузат, келін, келін-кепшік, келіншек, кенже, кенже бала, кенже қыз, кенже іні, көке, күйеу, күйеубала, күйеужолдас, күндес, күшік күйеу, кіндік шеше, кіші әйел, қабырға ағайын, қайын ата, қайын ене, қалыңдық, қарын бөле, қарындас, қатын, қатын-бала, қатын-қалаш, қияжат, қожайын, қосақ, қос өгіз, құда, құдағи, құдаша, қыз, қыз бала, нағашы, нағашы ата, нағашы апа, нағашы әже, нағашы әпке, нағашы-жиен, нағашы жұрт, нағашы қарындас, нағашы шеше, нағашы іні, нәсіл, некелес, некелі әйел, немене, немере, отағасы, отбасы, өгей, өгей ана, өгей ата, өгей әке, өгей бала, өгей қыз, өгей шеше, өрен, өрен-жаран, пұсты, ру, сары сүйек, сүйек жақын, сүйектес, сүйекшатыс, сүт жақын, сүт кенже,сіңлі, таға, тайлы-таяғы, тәте, тәтей, тәтей-қыз, тек, тел, тете, тетелес, тоғышар, тоқал, төркін, туажат, туашар, тума, тумалас, туыс, туысқан, туыс-шатыс, тұқым, тұқым-тұқиян, тұқым-тұяқ, тұл, тұңғыш, түп-негіз, түп-тамыр, түп-тұқиян, ұл, ұлан, ұлы ата, ұлы баба, ұрпақ, ұрық,үбірлі-шүбірлі, үрім-бұтақ, шеше, шешей, шөбелек, шөбере, шөпшек, ізбасар, ілік, ілік-жілік, ілік-шаты, іні, інішек, т.б. атауларды келтіреді.

Туыстық атауларды жүйелеп көрсету ісінде қалыптасқан жалпы ғылыми ұстанымдардың болуымен қатар, әрбір тілдің табиғатына тән халықтық ұстанымның болатынын, этнолингвистикалық сөздікте берілетін материалдардың негізінен халықтық үғым түрғысынан жүйеленіп, сипатталатындығын ескертеді. 

Ғалым туыстық қатынастың барша түрін ұрпақтың өсіп-өнуіне байланысты қарастырып, туыстық атауларды үш арнаға бөледі:

·     ата жұрты

·     нағашы жұрты

·     қайын жұрты.

Ғалымның пайымдауы бойынша, тік бағытта (жоғарыдан төмен және төменнен жоғары) өріс алатын генеологиялық жүйе ретроспективті (кереғар) бағытта 6 буыннан, ал перспективті (ілгері) бағытта 15 буыннан тұрады. Олардың қатарында: ұлы баба, баба, ұлы ата, үлкен ата, ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, қияжат, туажат, жүрежат, тумайжат, өлежат, құлажат, жұрағат, жатжұрағат, жекжат, жамағат атаулары беріледі. Ғалым ілгері бағыттағы (жоғарыдан төмен) жеті аталық туыстық құрамында әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат атауларын атайды [1, 310].

Туыстық қатынастар мен атауларға байланысты материалдар жинау барысында ағылшын, орыс, қазақ тілдеріндегі туыстық атауларды салыстыра отырып, жүйе-жүйеге келтіріп, классификация жасаған М.Ш.Сарыбаеваның жұмысынан бұдан ертеректе жарьқ көрген жүйелеуде кездеспеген ерекшеліктер байқалады [2]. М.Сарыбаеваның классификациясын негізге ала отырып, ТА-ды туыстық қатыстылығына қарай жеке-жеке бөліп алуды жөн көрдік. Алдымен, туыстық қатынастарға байланысты жүйелеуді анықтап алдық. Туыстықтың типологиясы мағыналар жүйесінде нақты мағына ажыратушы семаларға сәйкес келетін параметрлер негізінде жасалады. Барлық мағына ажыратушы семалар денотативті мағынаны көрсетеді. Түркі тілдерінде әсіресе қандас туыстық терминдерінің жүйесі ерекше айқындығымен көзге түседі. Олардың қатарында ата, ана, әже, апа атаулары бар.

Ана. Термин барлық түркі тілдерінде бар. Тілдердің көбісінде: ана –«шеше», тел., шор – әнә (äнä) – шеше, ене. Алтай тілінде – «кемпір, әйел». Кейбір түркі тілдерінде екі варианты да бар: ана – «шеше» және ене – «қайын ене». Туыстық атау ретіндегі негізгі мағынасымен бірге ана сөзінің басқа мағыналары бар. Мысалы, Радлов сөздігінде: 1)  «шеше»,  2) «апай», 3) «салиқалы әйел, бәйбіше», 4) «әйел жынысты», 5) «заттың басты бөлігі» [3, 226-227].

«Аналық бастау» – терминнің ең бастапқы, кең мәні осы. Қазірде де солай. Мысалы, татар тілінде ана мäчи «ұрғашы мысық», ана ÿрдäк «ұрғашы үйрек».

Кейбір түркі тілдерінде, көбінесе қыпшақ тілдерінде бірқатар туыстық терминдер шақыру формасын сақтаған. Соның ішінде ана да бар. Мысалы, башқ. әнәй «мама». Хак. иней «старуха», «супруга, жена». Тув. эне «тетя», эней «бабушка».

Көп жағдайларда   шақыру формантының кішірейткіш-еркелеткіш – ка, - ке, - кә-ден соң тұруы да мүмкін. Тат. әнкей «анашым». Н.К.Дмитриев –кай, -кәй формасын тұтасымен еркелету формасының қосымшасы санайды. Алайда, біраз түркі тілдерінде –ка, -ке түріндегі және түбірге –ка, -ке-сіз, бірден –й жалғанатын түрлері бар. Мысалы, «Алтай тілі грамматикасында» [4] –й форманты – құрметпен қаратпа атау қосымшасы ретінде көрсетіледі: анай, еней. Қазіргі алт., қазақ, қырғыз сөздіктерінде энеке формасы қаратпа сөз ретінде қолданылады. Қазақша енеке, қырғызша энеке (жас әйелдің өз күйеуінің шешесін еркелете атауы). Түркі тілдерінде анасы түріндегі еркелете шақыру формасы да бар. Башқұрт тіліндегі мағынасы басқаша: инәкә - кіндік шеше.

Ата. Адамға да, жан-жануарға да қолданылатын атау. Қазіргі түркі тілдерінде ата терминіне қарағанда ана көбірек, кеңірек қолданылады. Мысалы, түрік тілінде ата атауы аталар сөзі, ата йурду тәрізді тіркестерде кездеседі. Ал туыстық термині ретінде → баба қолданылады.

Тілдердің көбісінде ата – «әке» мағынасында, ал баба – «ата, ұлы ата» мағынасында ұшырасады. Мәселен, азербайжан, башқұрт, қарақалпақ, татар, өзбек, ұйғыр тілдерінде осылай. Түркімен тілінде: әке (ата) және ата (ата), баба → нағашы ата. Қазақ тілінде: ата, баба (бабай) – ата, атай. Қырғыз тілінде баба тек ата-баба тіркесінде ата-бабамды мағынасында кездеседі.

Шақыру формасы: атакай, әткәй, атай. Алтай тілінде шақыру формасы: адай (туыстар арасындағы ең үлкен), ада – «отец», «предок».

Қазақ тілінде бұрынғы кездерде атеке сөзі «атай» мағынасында да, «ұстаз» мағынасында да қолданыста болған. Азербайжан, түркімен тілдерінде: аталык «өгей әке». Өзбек тілінде: оталик → 1) рубасы; 2) хан жанындағы биік лауазымды тұлғалардың бірі (Орта Азиядағы феодалдық хандықтарда); хан сарайындағы бас министр [5,  8-9].

Бур. – монғ. баабай: 1) «әке», 2) «ата, атай»; 3) арғы ата. «Ұлы, үлкен» мәндеріндегі сын есімдерден жасалған бірқатар күрделі туыстық терминдері ата сөзіне анықтауыш болады. Қазақ. ұлы ата (арғы ата), ұйғ. «әкенің ағасы», башқ. олатай, тат. дәү әти (атай), дәү әни (әжей). Башқұрт тілінде анықтауыш ретінде қарт сөзі қолданылады: gart ata,  gart иней. Түрік тілінде: büyüк baba, büyüк anne. Түркі тілдерінде ана-ата тіркесі де, ата-ана тіркесі де бар. Бірқатар түркі тілдерінде бұлардан да өзгеше қолданымдар бар: түрік. ана бaбa, гагауз. ана боба. Кейбір зерттеушілер дауыстыдан басталған вариантты яғни ана баба вариантын дұрыс дейді. Алайда, бұл мәселеде тарихи-этнографиялық жайттарды ескеру қажет.

Әже. Көне түркі ескерткіштерінде бұл термин 3 вариантта кездеседі: äčі, äčü, іčі. Кең мағынада: → «жасы үлкен туыс». Алайда, түркі тілдерінде осы тұлғада кездесетін сөздердің мәндері алуан түрлі болады екен. Тув. ача «әке», ачай «әкей» (қаратпа сөз), өзб. ача (обл.) «әже, ұлы әже», ұйғ. ача «үлкен апа», хак. ақа (үлкен аға) шор. аджа, ача «үлкен аға», «үлкен апа». Алт. ачы: 1) әкенің інісі; 2) ағаның ұлдары, қыздары, немерелері. Демек, алтай тілі бойынша бұл әкенің інісінің барлық туыстарын атаған.

Хак. ачы «әке жақтан туыс». Қазақ, қырғыз, түрікмен тілдері: әже. Қырғ. эже «үлкен апа». Түркм. эже: 1) мама (қаратпа); 2) әке жақтан әпке, үлкен апа. Бур.-монг. эжы «мама, шешей».

Ачы // әже  сөздерінің ортақ мағынасы: «жасы үлкен туыс».

       Қорыта келгенде, жоғарыда аталған атаулардың жалпытүркілік туыстық  жүйесіндегі түпкі мағынасы ортақ екендігі анық байқалып отыр.

   

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қайдар Ә. Қазақтар ана тілі әлемінде. Этнолингвистикалық сөздік. 1-том. Алматы, 2010.

          2. Сарыбаева М.Ш. Система обозначения родства в английском, русском и казахском языках. Дисс... канд.филол.наук. – Алматы, 1991. – 184 с.

3. Радлов В.В. Опыт словаря., Т.1. СПб, 1889.

4. Алтайская грамматика. Казань, 1869.

5. Будагов Л. Сравнительный словарь турецко-татарских наречии, СПб., 1869.