Ақтанова Л.П
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университеті, Қазақстан
ТІЛ БІЛІМІНДЕГІ «КОНЦЕПТ» ҰҒЫМЫ
ХХІ ғасырдың
басындағы қоғамдағы жаһандану үрдісі
қазақ тіл біліміне де көптеген үлкен өзгерістер
мен жаңалықтарды әкелді. Сондай жаңалықтардың
бірі-ғылымдағы ғылыми көзқарастар мен
үрдістердің өзара сабақтастықта
қарастырылуы болып табылады.
Кез-келген халық тілі – сол халықтың шынайы
этникалық болмысының көрінісі. Тіл арқылы
мәдениетті: халықтың тарихын, салт-дәстүрін,
мінезін, менталитетін танимыз. Халықтың дүниетанымы негізінде
қалыптасқан мәдениеттің кейбір құпия
сырлары тілдегі символ сөздерде жасырынған.
Қазақ халқының ұлттық танымында
қалыптасқан әрбір
символдар халықтың рухани-материалдық
мәдениетінен де, салтынын да орын алады. Әлем бейнесі мен
ұлттық мәдениет, халықтың
салт-дәстүрлері мен сенімдері, сол тілде сөйлейтін
халық тарихы көрініс табатын кез-келген халық
ұғымындағы символдар
баға жетпес лингвистикалық қазына болып табылады.
Осы күнге дейін тіл мен
таным мәселелері философия мен лингвистика ғылымы аясында жеке-жеке
зерттелсе, бүгінде лингвистика ғылымында тіл мен танымды бірлікте
қарастыру үрдіске айналып келеді. Танымдық
ғылымның басты зерттеу
нысанасының бірі – концепт, яғни тірек мағына
ұғымы.
Адам санасындағы ғаламның тілдік
бейнесі табиғаты жағынан әр алуан болып келетін
концептгердің көмегімен көрініс табады. Олар сөз
арқылы таңбаланып, вербалданады. Сондықтан қазіргі
таңда концепт ұғымы арқылы ғаламның тілдік
бейнесін түсіндіру тіл білімінің өзекті мәселесі болып
отыр.
Концепт –
әлемнің шындық немесе қияли негізін көрсетуші
ұжымдық сананың қозғалысын айқындайтын
бірлік. Адамзат өзін қоршаған шындықты, әлемдегі
сан алуан құбылыстар мен олардың сапа-қасиетін сезім
мүшелері арқылы сіңіріп, санамен түйсініп қана
қоймайды, оған жауап қайырады, ақпаратты өзінше
жаңғыртып, жаңа сапада қайта жасауға
саналы-санасыз күйде талпыныс жасайды, өңдейді,
қорытады, елеп-екшейді, баға береді, тәжірибеде қолданады,
бұлардың тұтас көрінісі ретінде дүниенің
тілдік бейнесі жасалады.
Концептің құрылымы өте
күрделі. Зертеуші ғалым З.Д.Попова концептілердің
түрлерін анықтау барысында когнитивтік концептілердің адам
санасында қалыптасуын әр түрлі процестер негізінде (сезімталдық,
ойлау операциялары, санадағы тілдік бірліктер арқылы) топтастырады.
Ғалым концепт туралы «Концепт адам санасында, біріншіден, сезімдік
тәжірибесі арқылы қалыптасады, екіншіден, адамның
өзіндік тұрмыс-тіршілігі, қызметі арқылы ұласады,
үшіншіден бұрын санада қалыптасқан ситуациялар мен
басқа да концепт белгілері мен қасиеттерін сәйкестендіре
қолдану арқылы таныла түседі, төртіншіден, тілдік
таңбасы жиі қолданыстан өтіп, стереотиптік деңгейге
жеткен таңбалармен таныту арқылы анықталады, бесіншіден, тілдік
бірліктерін саналы түрде сол дүние табиғатын танытуға
болады деп тұжырым жасау негізінде қалыптасады» - [1] деп
түсіндіреді.
Ал ғалым Ю.С. Степанов «концепт существует в
ментальном мире человека не виде четких понятий, а как «пучок» представлений,
понятии, знаний, ассоциаций, переживаний, который сопровождает слова: «концепты
не только мыслятся, они переживаются. Они – предмет эмоций, симпатий и
антипатий, а иногда и столкновений», - [2] дейді.
Ғалым А. Вежбидская концепт идеалды
дүниенің объектісі, ол субъектінің дүние туралы
танымынан көрінеді дейді. Ғалым: «Языковая концептуализация
различна в разных культурах... Язык отражает происходящее в сознании, а не в
мозгу, наше же сознание формируется, в частности, и под воздействием окружающей
нас культуры. Концептуальные универсалии действительно существуют, но я думаю,
что они могут быть обнаружены только путем концептуального анализа,
основаннного на данных многих языков мира...» , - [3] деп пайымдайды.
Концепт ұғымдық
ақпараттан басқа психологиялық, этимологиялық,
прагматикалық, мәдени ақпараттарды да білдіреді. Мәдени
концептілердің ұлттық үлгілеріне тән ортақ
және ерекше белгілерін айқындау үшін олардың тілдік
көрінісін, қандай да болмасын ұғымды білдіретін
сөздің этимологиясы, синонимиясы мен антонимиясы, тіркесу,
контекстік қолдануы, семантикалық аялары, образды ассоциациясы,
модустік бағалануы, фразеология және тілдік шаблондар
құрамында берілуі – бұның барлығы әрбір
ұғымды білдіретін басты концептілердің өзіндік «тілін»,
оларды қайта өңдеуге (реконструкция жасауға), адам
санасындағы алатын орнын айқындауға мүмкіндік береді.
Міне, осындай сараптама, өмірлік мәні бар дүниетанымдық
концептілердің шынайы мәнін ашады.
Соңғы кезде концепт термині қазақ
тіл білімі ғылымында да жиі қолданылып, зерттеу нысандарына
айналуда. Бұл бағытта концептінің мән- мазмұны
зерттеуші ғалымдар Ж.Манкеева, Н.Уәли, Г.Смағұлова,
Г.Мұратова, Г.Сағидолда, Э.Оразалиева, Қ.Жаманбаева,
Г.Снасапова, М.Күштаева, С.Жапақов, А.Ислам, Б.Ақбердиева,
Б.Тілеубердиев, Ш.Ниятова, Ш.Елемесова, Г.Имашова, Ж.Жампейісова,
Ф.Қожахметова т.б. еңбектерінде әр қырынан қарастырылып
келеді. Әлемнің тілдік бейнесінің бір бөлшегі болатын
концептілердің адам танымында алатын орны зор. Негізінен концептілер
ретінде адамзат өмірінде маңызды рөл атқаратын тірек
ұғымдар алынады. Яғни, шындық өмірдегі белгілі
бір мәдениет үшін құнды әрі көкейкесті
мәні бар мәдени атаулар ғана концепт дәрежесінде
танылады.
«Концепт ретінде
барлық ұғымды ала алмаймыз, тек белгілі бір мәдениетті
тануда қолданылатын және автор үшін маңызы зор деп танылатын күрделі ұғымдарды,
ең бастысы жалпыадамзаттық, жалпыхалықтық, жалпыұлттық
құндылықты таныта алатын ұғымдарды тани
аламыз. Мысалы, қазақ халқы үшін домбыра, бөрік, бесік, тұмар, киіз үй,
шаңырақ, қамшы, ту, дала, кеш, т.б сөздер
лингвомодени бірлік ретінде ұлттық-мәдени концепт деп таныла
алады.
А.Я.Гуревич мәдени
концептілерді: «кеңістік», «мәдени универсалды» деп аталатын
философиялық элементтер және «мәдени категориялар» деп
аталатын екі топқа бөлсе [4], В.А.Маслова бұлардан
үшінші бір топты «ұлттық мәдени категорияларды»
бөліп шығарады [5]. Ғалымның мәдени категория
дегеніне бақыт, махаббат, ар,
ұят, жан, тән, ерлік, мәрттік, кеңшілдік т.б.
концептілерді жатқызуға болады. Аталған концептілер
бір-бірімен байланыса келе концептілік өрісті құрайды.
Концептілік өріске «ұят» лексемасы бар образды сөз
оралымдарына қатысты тірек ұғымдар аталған мәдени
концептілердің бірден-бір элементі ретінде танылады. Бір ғана
«ұят» концептісі арқылы бүтін бір этностың өзіне
тән, өзге ұлттардан ерекше болмыс бітімін
аңғаруға болады.
Қазақ халқы
«ұят» деген инсандық қасиетті ең жоғарғы
адамдық қасиеттерге жатқызады. Адамның адам екендігін
танытатын бірден-бір көрсеткіш «ұят» категориясы. «Ұят»
арқылы адамның азаматтық ортадағы адами болмысы
танылады. Осы «ұят» деген адами ерекше қасиетті әр
қазақ баласы қалайда қастерлеп жүруге бар
күш жігерін жұмсайды. Осы айтқандарды мынадай тілдік деректер
негізінде танып білуге болады. Мысалы: «Өлімнен ұят күшті»,
«Бет көрсе, жүз ұялады», «Ұяттан өліп кете
жаздады», «Ұялған тек тұрмас» т.б. мақал-мәтелдер
мен фразеологиялық тіркестердің семантикалық
құрылымына үңілу арқылы «ұят»
лексемасының концептілік өріске қатыса алатынын көруге
болады. «Ұят» концептісі адамның азаматтық қасиетін
сақтау арқылы тектілік, тәртіптілік, азаматтық,
инсандық, адамгершілік, дегдарлық, мәрттік, т.б.
әлеуметтік мәнділігі жоғары логикалық модельді
білдіретін концепт жасауға құрылымдық элемент ретінде
қатысады.
Ұлттың рухани
мәдениетінің бір көрінісі ретінде проф. Ж.Манкеева:
«Тілдің тарихи-лексикалық жүйесіндегі ұлттың
мҽдениеті, тұрмысының айнасы іспетті қабаттарының
бірін тағам жҽне тамақ атаулары құрайды» деп
таниды [6]. «Дәмді-дәмсіз» ұғымы, біріншіден,
сындық, дәмдік қасиетті білдіреді. Сонымен қатар олар
сөйлеу әрекеті арқылы жүзеге асады, яғни адам
баласы астың, тағамның дәмдік қасиеттерін
вербалды әрекет арқылы сыртқа шығарады, өзгеге
хабарлайды. «Дәм» концептісінде әр халықтың
танымындағы өз әлемі, мәдени ерекшелігі, когнитивтік
мәні болатындығы көрінеді.
Қазақ тіліндегі
«дәм» концептісі – тақырыптық аясы кең, мазмұны
терең, қамтитын мҽселелері маңызды, концептуалды
өрісі өте күрделі концептілер болып табылады. Астың,
тағамның дәмді-дәмсіздігі түрлі
қасиеттеріне байланысты болады. Асқа, тағамға
қатысты «дәмді» ұғымынан тәтті синонимі
туындайды. Тәтті сөзі қазақ, орыс тілдерінде
тағамға, асқа, тамаққа қатысты
айтылғанымен, негізінен, шырын немесе қант қосылған
тағам атауларына қатысты тілде көрініс табады. Мәселен,
тәтті тамақ – дәмді тамақ, тәтті тағам –
дәмді тағам деген тіркестер құрамындағы
тәтті сөзінің тағам, тамақ сөздерімен
тіркесімділігі дәмді сөзімен қатар жұмсалып, синоним
ретінде екеуі де еркін қолданысқа түседі.
«Дәм» концептісін
қазақ халқы танымында өмір, өлім, тағдыр,
құрметтеу, бұйырту т.б. микроконцептілерін
құруға қатысатын тірек компонент ретінде танимыз.
Мәселен, дүниенің тілдік көркем бейнесі дәм
таусылу тіркесімен ментальді берілген. Мұндай қатынастағы
тілдік белгілер ортақ лексика-семантикалық топ құрап,
«өлім» концептісінің когнитивтік моделін құрайды. «Ас - адамның арқауы», дәм
тату, дәм алу тілдік бірліктері «өмір»
концептін құруға негіз болады. Яғни, «дәм»
макроконцептісі «өмір - өлім»
концептілерін құруға негіз болған. Ал
дәмдес-тұздас болу, дәмдес болу, дәм-тұзы араласу
бірліктері арқылы туындаған «сыйластық» концептісінің
мҽні ашылып, мазмұны толыға түседі, себебі, келген
қонақты ассыз, дәмсіз жібермейтін,
қонақжайлылық қасиетке ие халқымыз
сыйластықты да аспен, дҽммен өлшеген. Дәм-тұзы жараспау, дәм-тұзын аттау, дәмі
кету, дәмін бұзу тҽрізді тілдік құрылымдар
осы сыйластықтың біткендігін білдіріп, келіспеушілік,
опасыздық, шырқын бұзушылық, отаса алмаушылық
мҽніндегі «ұрыс-керіс»
концептін құрайды. Сол себепті халық тілінде сыйластық
– ұрыс-керіс оппозициялық қатынастағы тілдік
бірліктердің дәммен
байланыстылығы айқын кҿрінеді.
Концепт пен ұғымның басқа да
өзгешеліктері бар: ұғым өз бойына мәнді,
маңызды белгілерді жинайды, ал концепт – бұнымен қоса,
мәнді емес қасиеттерін де қамтиды. Ұғым
құрылымына қарағанда концепт
құрылымының шеңбері едәуір кең. Концепт пен
ұғымды оның құрылымдары арқылы
ажыратуға болады. Ұғым құрылымында тек
мазмұндық элементтср болады, оған концептілік
құрылымдағы барлық элемент ене бермейді.
Концептінің әрқашан эмоционалды, экспрессивті,
бағалауыш сәулелері көрінеді (В.А. Маслова). Яғни
концепт бойынан адамның объект (дүние) туралы жағымды,
жағымсыз бағасы, әсері, эмоциясы, ойы, танымы көрінеді.
А.П. Бабушкин «концепт» пен «ұғым» терминдерін
ұқсас деп танып, ғылыми саладан оның бірін, яғни
«ұғымды» ығыстырып шығаруды ұсынады.
«Қазіргі таңда тілші ғалымдар «ұғым» терминін
классикалық мәнінде қолдана бермейді, оның орнына
концепт деп аталатып ойлау конструктісін қолданғанды жөн
көреді»[7].
Концептке қатысты белгілі мамандар – М. А. Күштаева,
А.Ислам, Н.Уәли, орыс тілі мамандары – Е.С.Кубрякова, В.З.Демьянков, Н.Д.Арутюнова, Т.В.Булыгина,
А.Д.Шмелев, еңбектері басшылыққа алынып, зерттеуіміз
төменде көрсетілген теориялық тұжырымдамаларға
негізделді:
Ø концепт – адамның
білімі мен тәжірибесі арқылы көрсетілетін біздің
санамыздың және ақпараттық
құрылымның ментальдық және психикалық
ресурстарының бірлігін түсіндіретін термин;
Ø концепт – есте
сақтау, ментальдық лексикон,концептуалдық жүйе
мен ми тілі және
адам психикасында көрсетілген дүниенің бүкіл
көрінісінің жедел мазмұндық бірлігі;
Ø концепт – тиісті
лексикалық-парадигманы құрайтын тілдік қызметін
көрсету тұрғысында көрсетілген
мәдени бекітілген вербальды мағына; этномәдени ерекшелікпен
белгіленген және тілдік түсінігі бар топтық білім бірлігі.
Әрбір
концепт тіл арқылы
көрніс табады, концептіні танытуда
тілдік семалар қызмет атқарады. Концепт ұғымына
берілген тұжырымдарды зерттеу нәтижесі
концептіні танытатын мынадай қағидаларды ұсынуға
негіз болды:
Ø концепт ақиқат дүниенің құндылықтарын танытады;
Ø концепт құрылымы санада ақиқат дүниенің мазмұнын
беруде
стереотиптік
танымда (мысалы, күз –
«күрең күз», «салқын
кез», «құстар қайтқан кез») және
стереотиптік емес танымда (мысалы, күз
–«ағаштар сырға таққан кез», «есейгенімді сезінетін
кез») таңбаланады.
Ø концепт – тіл арқылы көрініс табады;
Ø концепт – тұлғаның біліми деңгейін
танытады;
Ø белгілі бір ұлттың мәдени деңгейін көрсетеді;
Ø әрбір ұлттың танымдық
белгілерінің мазмұнын айқындайды.
Мысалы:
қазақ халқында танылған «шаңыраққа қара ту тігу» фреймі өлім концептісін объективтендіреді.
Ø тұлғаның өзіндік танымдық
стилін айқындайды;
Ø концепт – адам тәжірибесіндегі
идеалды түсініктің ең кішкене
бірлігі;
Ø концепт – білімді тарату, сақтау және оны өңдеудің негізгі
бірлігі;
Ø
концепт
– белгілі бір мәдени болмыстың негізгі ұясы.
Концептің басты
белгілерінің бірі – оның мәдени реңкте болуы.
Сондықтан
ол ұлттық ерекше дүниетанымды түсінуде басты компонент
болып саналады.
Сонымен, концепт дегеніміз –
этномәдени санада сақталған, белгілі бір ұлттың
ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ықшам, әрі
терең мағыналы шындық болмыс, ұлттық мәдени
құндылықтары жөніндегі
сан ғасырлық түсінігін білдіретін құрылым.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Попова З. Д.
Понятие «концепт» в лингвистических исследованиях.
Воронеж, 2000.
2. Степанов Ю.С.
Константы. Словарь русской культуры. Опыт
исследования.
Москва. Школа «Языки русской культуры»,
1997.
3.
Вежбидская
А. Толкование эмоциональных концептов.
Язык.
Культура. Познание. Москва. Русские словари,
1997.
4.
Гуревич
А.Я. Категория средневековой культуры. Москва. Наука, 1984.
5. Маслова В.А.
Введение в лингвокультурологию. Москва. Наследие, 1997.
6.
Манкеева Ж. А. Қазақ тілінің заттық мәдени лексикасы.
Фил. ғыл. докт. дисс. – Алматы, 1997.