Мрн- Коктем 6 кв\19. тел
87162318073.
Моб. 87014478524.
Жүсіп Баласағұн еңбектеріндегі халықтық
педагогика мәселелері
Ш. Ш.
Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университеті
п.ғ.к.
Қ. К. Кенжеғалиев, аға оқытушы М.Қ. Тезекбаев.
XI ғасырда өмір сүрген түркі данасы, ойшыл-ақын Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» еңбегінің негізгі идеясы педагогиканың ең маңызды мәселесі тәрбиеге негізделіп, оның мазмұнында педагогиканың жалпы негіздері, дидактика және тәрбие теориясының негізгі мәселелерімен қатар, жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған адамгершілік, эстетикалық, еңбек, дене, құқықтық, т.б. тәрбие мазмұны қарастырылады.
Жалпы адамзаттық құндылықтар тұрғысынан алып қарасақ, «Құтты білік» дастанының бүгінгі адамзат қоғамы үшін құндылығы мынада болып табылады: 1) «Құтты білік» - халықтың құты, ырысы болған ілім; 2) әрбір адамға бақыт сыйлайтын, құт әкелетін білім; 3) ғасырлар бойында көзі ашық, көкірегі ояу кемел ұрпақтың бойына адамдық, азаматтық қасиеттерін, адалдық дәстүрлерін сіңіріп, жан-дүниесіне рухани күш дарытатын тәрбие тұжырымдамасы.
Ғұламаның «Кітап атын «Құтадғу білік» қойдым – Құтын тұтсын оқушым білікті ойдың» деген ой-пікірі дастанның әрбір адам үшін құндылығын аша түседі.
«Құтты білік» дастанында
кейіпкерлердің символикалық сипаттары арқылы берілген төрт жетекші педагогикалық идеялардан өрбитін тағылымдық құндылықтар тәрбие мақсатына қол жеткізудің көзі болып табылады.
Олар: әділдіктің бейнесі Күнтуды Елік патша арқылы берілген бұлжымас әділ заң мен тура жол; патшаның уәзірі Айтолды бейнесімен
берілген бақ-дәулет, ырыс-байлық; уәзірдің баласы Өгдүлміш арқылы берілген ақыл мен парасат; уәзірдің жұрағаты тақуа жан Одғұрмыш бейнесі арқылы берілген қанағат, ынсап, барға риза болу,
сабырлылық.
Тұлғаның үйлесімді дамуы осы төрт құрылымдық компоненттің өзара бір-бірімен тепе-теңдігінен көрінеді – «төрт құбыласы тең». Осы төрт құбыланың біреуі бұзылған жағдайда немесе олардың дамуында тепе-теңдіктің болмауынан тұлға тұтастығының үйлесімділігі болмайды. Ұлы ойшыл Жүсіп Баласағұни тұлғаның осы қасиеттері халқына адал қызмет етіп, елінің ертеңін ойлайтын азаматтарға тән болу керектігін көрсетеді. Бұл тәлімдік идеялар қазіргі
педагогикадағы тұлғаны қалыптастыру мақсатымен өзара байланысып, бүгінгі таңда маңыздылығы артып отыр. Осы тұжырымдама қазақ халық даналығындағы «сегіз қырлы, бір cырлы» нақыл сөзімен байланысып төрт құбыланың (психологиялық-физиологиялық, әлеуметтік-нормативтік,
когнитивтік, рухани-адамгершілік) қиылысуы мен ажырамастығын бейнелейтін тұлғаның сегіз қырын ашып көрсетеді.
«Құтты білік» дастанында
Ж.Баласағұни педагогикалық процеске қазіргі педагогикадай анықтама беріп, оның құрылымын көрсетпегенімен, еңбектің өн бойынан педагогикалық процестің оқушыны (тәрбиеленушіні) мәдениет байлығын игеруге және еңбек пен қоғамдық өмірге дайындауға бағытталған мұғалімнің (тәрбиешінің) басшылығымен іске асырылатын өзара бірлескен іс-әрекет ретіндегі мәні және оның құрылымы (мақсаты, міндеттері, мазмұны, әдіс-тәсілдері, іс-әрекетті ұйымдастыру түрлері, нәтижесі) айқын көрініп тұрады .
Дастанда оқытудың теориялық негіздері (дидактика) сол уақыттың талабы тұрғысынан өте жоғары деңгейде айқындалған. Дидактиканың негізгі ұғымдары - білім, білік, дағды ұғымдарының мәні ғұламаның тәлім-тәрбиелік идеяларында көрініс тауып, өзіндік мағына мен мазмұнға ие болады.
Білім «Білім – інжу, түбінде – анық, қойма сан»; «Ақыл, білім ең әз нәрсе, күшті нық, егер болса, істет, ұшып көкке шық»; «Ақыл-шырақ, қара түнді ашатын, білім-жарық, нұрын саған шашатын»; «Білім-байлық, азаймас һәм жоғалмас, еш қарақшы, ұрыға да тоңалмас!», т.б.
Білік «Ақылды-ұлы, біл,
білімді-білікті, екеуі ұлы етер, қонса, жігітті»; «Ақыл қайда болса, ұлылық толады, білім кімде болса, сол білікті болады»; «Біліктіні тыңда, ақылдың бұлағы, білімді сөз-шырын, жанның құнары»; «Білік мәнін біл, не дейді білген ер: білім білсең, бәле жүрмес іргеден», т.б.
Дағды «Білік берді – адам бүгін жетілді, ақыл берді – талай
түйін шешілді»; «Оқу-тоқу берер – білім,
парасат, оның бәрі ақыл емес, қарасақ»; «Біліп сөйлеп, біліммен бу тіліңді, ұғып іс қыл бастағы ақыл-піріңді», т.б.
Ж.Баласағұни ардақтаған асыл қасиеттің бірі ақыл болса, дастанда білімнің мәні ақыл арқылы жинақталатын жанның қоры ретінде анықталады, яғни білімнің ең басты белгісі адамда ізденудің арқасында пайда болып, ақыл-естің қызметімен толысатын рухани қазына болып табылады. Білім дастанда бар жақсылықтың көзі саналады. Кісі құдіреті мен қасиеті таныммен десек,
таным оқып-үйрену, білім алу барысында қалыптасады. Оқу мен білім алу адамның ең асыл танымдық әрекеті, өйткені білім адамды ізгілікке, адамшылыққа үйретіп, оның бойында адами құндылықтардың қалыптасуына ықпал етеді. Білімнің адам болудағы қасиетті көрінуі оның таным көзі болуымен байланысты. Дастанда білімнің мәні осы тұрғыдан терең ашып көрсетіледі, себебі, адам өмірі мен тіршілігінің мәні танып-білумен құнды болып есептеледі. Әрбір адам өзі мен дүниені танумен ғана өмірін мәнді етіп, арман-мұратына жетеді. «Қанша білсең, ізден тағы, тағы да, білікті адам жетер тілек, бағына» дей отырып, ғұлама бақытқа жетудің жолы білім екендігін
баса айтады. Ж.Баласағұнидің педагогикалық тұжырымдамасынан оның білімге әр қырынан сипаттама бергенін айқындауға болады. Білімнің тағы бір сипаты ретінде ғұлама оның адамды құрметті, абыройлы ететіндігі, яғни адам білімімен беделді, құрметті бола алады деген тұжырым жасайды. Дастанның өн бойында білімнің құрмет көзі екендігі жиі айтылып тұрады. Бұл жерде ғұламаның өзі таныған ақиқатты жастардың санасына сіңіру қажеттілігін көздеп отырғаны анық байқалады.
Ж.Баласағұнидің еңбегінде дидактиканың көкейкесті мәселесі білім беру мазмұны қарастырылады. Білім беру
мазмұны арқылы жеке тұлғаны қалыптастырудағы адам баласының іс-әрекет тәсілдерді меңгеруі мен жүйелі білім алуы, білік
пен дағдының қалыптасуы, ақыл-ойы мен сезімінің дамуы, таным арқылы көзқарастарының қалыптасуы жүзеге асырылады. Ж.Баласағұни білім беру мазмұнын білім, білік,
дағды, шығармашылық іс-әрекет, дүниеге және қоршаған адамдарға қатынас құрайтынын негіздеп, мұның өзі дүниенің бейнесін қалыптастырудың әдіснамалық негізін, мәдениетті қайта жаңғырту мен сақтауды, мәдениетті дамытуды, еңбекке, оның нәтижелеріне, адамдарға қатынасты қамтамасыз ететіндігін тұжырымдайды.
Ж.Баласағұнидің тәрбие теориясының негізін жетілген
тұлғаны тәрбиелеу ілімі құрайды. Бұл ілім тәрбиенің төрт тұғыры - әділет, дәулет, парасат, қанағат арқылы адамда адамдық ізгі қасиеттерді тәрбиелеу идеясына
негізделеді. Ізгілікті - адами қасиеттерді тәрбиелеуде Ж.Баласағұнидің ойынша, жоғары адамгершілік сана мен мінез-құлықты қалыптастыру басты роль атқарады, соның негізінде ішкі және сыртқы дүниесі бір-біріне сай, рухани және дене әсемдігі өзара үйлескен жан-жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеуге болады.
Ж.Баласағұнидің педагогикалық теориясын терең оқып-үйрене отырып, оның педагогика ғылымының шыңында тұруға лайықты ғұлама екендігіне көз жеткіздік. Ғұламаның адамзат қоғамы алдындағы маңызды үлесі - тұлғаны тәрбиелеу теориясы мен тәжірибесі бойынша барлық құндылықтарды игере отырып, ізгілендіру идеясына негізделген педагогикалық ілімді жасауы. Педагогика ғылымының қайнар көзі болып табылатын оның ілімі өзі өмір сүрген қоғам үшін де, қазіргі қоғам үшін де, болашақ үшін де өміршең, ешқашан құндылығын жоймайтын, аса бағалы еңбек болып табылады. Кезінде
ел арасына кеңінен тарап, авторға ізгі атақ әкелген "Құтты білік" шығармасындағы халықтың талғам-білігін аңғартатын толып жатқан арналардың біреуін ғана, яғни тілдің қоғамдық-әлеуметтік, әсіресе, эстетикалық орнын айқындайтын бәйіттерге назар аударсақ, қазақ жағдайында бірауыз сөзбен адам тағдырын шеше беретін дәстүрдің алғашқы бастауын көріп, өткенімізде қаншама рухани байлық жатқанын аңғарамыз.
Жүсіп Баласағұни өзі туған түркі дүниесі халқының салттарының әдет-ғұрыптарын, дәстүрлерін жақсы біледі, оның рухани өміріне тереңдей енді. Кандай да бір ұлы педагог секілді ол энциклопедист-философ, психолог, тарихшы, лингвист,
этнограф, фольклорист, әдебиеттанушы
болатын. Түркі
халықтарының рухани асыл қазынасы оның көз алдында болды, ғалым олардың мәдениетіндегі сабақтастық пен ортақтыққа қызықты. Соның ішінде адамдық жетілулердің мәні мен мазмұны жайлы түсінік тәрбиенің халықтық идеалдарының тұрақтылығынан куә етеді. Кемелденген тұлға сипаттары тек тілек-сөздер аумағында ғана мүмкін болған жоқ. Олар тәрбие тәжірибесі мен тығыз байланысты алға шықты, яғни сөз бен істің бірлігі халық педагогикасының ең күшті тұстарының бірі деп арнайы көрсетеді.Ұлы данышпанның айтуынша, тәрбие мақсатын жүйеге келтіруге әрекеттенеді. Жақсы тілек, жақсы сөз, жақсы іс – автордың көрсетуінде түркі халықтары үшін белгілі өсиет. Аса байқалатыны, олардың адамдық кемелдену зандылығын тәрбиелеу, өзін-өзі тәрбиелеу, қайта тәрбиелеумен өзара байланыста,
бірлікте қарастыратындықтары байқалады. Жетілу - түркілер ұғымында тұлғаның ұнамды жөне ұнамсыз сапаларының бірін-бірі жоққа шығаруы. Жағымды сипаттардың қалыптасуы бұл жерде, ең алдымен адамның жағымсыз сапаларға қарсы тұра алатын ішкі күштерін қолдау ретінде түсіндіріледі.
Ойшыл ғалымның жауынша, егер адамда
ізгілікке қарсы тұратын белгілерді жеңетін күш жоқ болса, онда ұнамды сапалар жойылады, жоғалып кетеді. Бұл құндылықтар мен олардың қарама-қарсылықтарының халықтық түсіндірмесі мыналар:
• біріншісі – ақыл, оны ашулану, өшігу күңгірттендіреді;
• екіншісі - достық, оны күншілдік бұзады;
• үшіншісі - ұят, оны тойымсыздық, ашкөздік жояды;
• төртіншісі - жақсы тәрбие; оған нашар орта әсер етуі мүмкін;
• бесіншісі - бақыт, ал оны қызғаншақтық бүлдіреді.
Шығармада халықтық педагогикалық тұжырымдарының дұрыстығы, тиімділігіне назар аудартатын мұндай парасатты мәліметтер
жеткілікті.
Ұлы педагог ретінде Жүсіп Баласағұни халықтық педагогика адамзат
рухани ілгерілеуінің нақты тарихи кезеңін, педагогикалық білімдер деңгейін көрсете алатынын дұрыс байкайды.
Халықтық педагогикалық афоризмдерді ойды
білдірудің тиімді құралы ретіңде жақсы көрсетеді. Шынында да халық еш уақытта бала тәрбиелеудің енжар сырттай бақылаушысы болған емес. Оның
өзін-өзі тәрбиелеуі кей уақыттарда арнайы ұйымдастырылған тәрбиеден тиімдірек болып шықты.
Жай халықтың ісі, көңілі, құлқы да,
Сай келеді білік, акыл, құлқына...
Оларсыз еш іс бітпейді емес пе? –
- деп ойшыл халық педагогының түркілердің өзіңдік, соны адамгершілік тәртібіне өзіндік рухани мәдениетіне арнайы көңіл аудартуы осыдан. Бұқара халықта оның өмірін игілендіруші
ежелден қалыптасқан салттары мен дәстүрлері мол болды. Олар
табиғатқа қарым-қатынаста халықтың ауызша шығармашылығында, таңғажайып халықтық қол өнерде, киімнің әдемілігінде, даланың даңқты қонақ жайлылық кағидаларында, жақсы мінездің ізгі әдеттері мен әдептілік ережелерінде
білініп отырды.
"Кісілерге
мирас, ата сөзі ғой,
Ата сөзі - ұқсаң құттың көзі ғой".
Бұл жолдар автор үшін халық өнегесінің жоғары бедел болып
табылатындығының тағы бір дәлелі. Баласағұндық ғұлама ғалым фольклордың кез-келген жанры шығармаларының халықтығы соңыңда педагогикалық мақсаттылығымен анықталатынын жақсы байқайды. Халық өмірінің өзі тәрбие болатын: бәрі тәрбиеленеді, әрдайым тәрбиеленеді, барлығы да өле-өлгенше тәрбиеленді. Мақалдар мен мәтелдер, әңгімелер мен
ертегілер, аңыздар мен эпостар сол
тәрбиенің, өнеге-өсиеттің құралдары қызметін атқарды. Халық әндері тәрбиенің тамаша ескерткіштері
бола алады. Балалар мен жастардың адамгершілік көзқарастарын қалыптастыру мақсатымен оларға сөз бен әсер ету шаралары жайлы «Құтты білік» шығармасының
"Тіл өнерінің қасиет-сипаты мен пайда
зияны" деп айтылатын тарауын да егжей-тегжейлі қозғалған. Халықтық тәрбие дәстүрлерін жетік білгені
Баласағүнға мінез-құлық ережелерін жүйелеуге жәрдемдесті. Ол тұлғаға табиғаттың ықпалы жайлы халық сенімін өз сенімі тақырыбы етіп алады және табиғатқа үйлесімділік қағидасын ұсынады. Осылайша ұлы ұстаз халықтан өзі үйрене отыра, халықты үйретті. Халыққа қызмет ету оның рухани қазынасын игерусіз мүмкін емес: халықтық - халық балаларына, автордың негізгі өсиеті осыдан тұрды. Халықтардың рухани өмірінің мәнді нышандарын жетік
білуге сүйенетін халықтық қағидасы Баласағүни педагогикасына
ерекше тартымды күш берді. Сондықтан бұл қағида оның педагогикалық жүйесінің патриоттық өзегі болып табылады.
Таңғажайып шығарма - «Құтты біліктің» ғылымға белгілі Веналық, Каирлық және Намангандық нұсқалары бар. Тұлғалы туынды Батыстағы
әлемге австриялық әйгілі шығыстанушы фон Хаммер
Пургшталь арқылы белгілі болады. Қолжазба 1796 жылы
Стамбулда оның қолына түсіп, оны өзінің отанындағы Вена кітапханасына
сыйға тартқан. Бірінші басылымы
неміс тілінде жарық көріп, оған белгілі шығыстанушы Г. Ванбери түсініктеме
берген. Екінші нұсқасы Мысыр (Каир,
Египет) кітапханасынан табылған.
Оны аудармамен салыстыра отырып, 1891-1910 жылдары академик В.В. Радлов ғылыми негізде зерттеп
шығады. Қазірде Ташкенттегі Шығыстану институтының қолжазбалар қорында сақтаулы "Құтты біліктің" үшінші нұсқасы кейінірек 1913
жылы табылған. Ұлы шығарманың осы аталған үш қолжазбаның негізінде (Вена,
Каир, Наманган) үлкен зерттеу жұмысын жүргізіп, ғылыми жинақ жазған белгілі түрік философы
Р.Р.Араттың еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық.
Баласағұнның шығармашылығын зерттеуде орыстың шығыстанушы ғалымдары В.В.Бартольд
пен С.Е.Малов, белгілі кеңес тарихшысы мен әдебиеттанушы ғалым Е.Э.Бертельс пен
А.Н.Самойлович, түркітанушы А.Н.Кононов
жөне басқалары өз зерттеулерінде ойдағыдай нәтижеге жетті. Х-ХІІ ғасырлардағы түркі тілдес халықтардың мәдени дамуындағы өзіндік өрнек үлгілері жан-жанты көрініс берген аса құнды шығарма қазақстандық ғалымдардың да назарынан тыс қалған жоқ. Б.Кенжебаев, Ә.Дербісәлиев, Ғ.Айдаров, Ә.Қоңыратбаев,
М.Мырзаахметов еңбектеріңде бұл көне жәдігер түрлі көзқарастар тұрғысынан қарастырылып, яғни әдеби, тілдік,
стильдік, философиялық, педагогикалық, текстологиялық, әлеуметтік, тарихи,
саяси, мәдени тұрғылардан зерттелініп
келеді. Соның ішінде Жүсіп Баласағұнидың қазақ халқы мәдениетінің қалыптасуына, қазақ жерінде ақыл-ойдың, даналықтың дамуына тигізген ықпалы мен тәлім-тәрбие мәселелерін көтерудегі ролі, көптеген халықтық даналықтардың ұқсастықтары мен сабақтастықтары да ғалымдар назарынан тыс
қалмаған жәйттер.
Мұның өзі Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасының қазақ халықтық педагогикасы
тарихындағы орасан зор орнын
айшықтайды.
Әдебиет:
1. Малов С.Е. Памятник древнетюркской писменности.
2. Жүсіп Хас Хажит «Құтадғу білік». Ташкент, 1972.