Балтабаева Г.С.

Доцент кафедры казахской литературы КазГосЖенПУ. г.Алматы

Қазіргі қазақ прозасындағы өмір мен өлім концепті

Қазіргі қазақ прозасындағы өлім тақырыбында жазған шығармалардың қатарына Г.Шойбекованың да «Өмір сүру ережесі» атты әңгімесінің идеясы суицид. Әңгіменің басты кейіпкері қылқаламмен сурет салатын бойжеткен ғана. Оның аты-жөні, кескін-келбеті жазылмаса да, дүниетаным дербестігі, тағдыр-талайы – тайталасқан жан әлемін алдымызға жайып салады. Ол қасиетті қадыр түні пәни жалғанмен қоштасқысы келеді. Мынау жарық дүниеден неге сонша түңілді екен суретші?! Үңіле қарайтын болсақ: «күйбең-күйбең берекесіз тірлік, қадам бастырмайтын сәтсіздік, жан дүниесін кеулеп бара жатқан шатасқан ой» екен. Ол «ешкімнің ойына келмеген сурет салғысы келеді» екен. Оның шеше алмаған түйіні «біреу жоғары, біреу төмен; біреу білімді, біреу топас; біреу өтірікші, біреу қатыгез», «адал аңдардан, жалғандықтан, денесіндегі тыртығын жасырып, әдемі көйлек киген қоғамнан жеритіндей». Мұның барлығы кейіпкер жанының қайшылықты, үйлесімсіздігінен дерек береді. Жазушы кейіпкерінің өмірден түңілуінің себебін анасымен тіл табыса алмауына әкеп тірейді. Бұл – «жәннат ананың аяғының астында» деген қазақы танымымызға тосын идея. Кеіпкер ана құрсағында жатқанында нағашы атасы мен қос нағашы ағасы дүние салғандықтан, шешесі мұның жарық дүние көруін қаламапты. Әкесінің ақ тілегімен ғана пәни ғаламның есігін ашса да, азапты жолы ана құрсағында басталыпты. Қолға алған ісін аяғына дейін апартмайтын, болмашы сынға сіркесі су көтермейтін «боркемік, күйгелектігі» соның салдарынан деп ой түйдіреді. Автор танымы қоғамдық құбылыстан тысқары, айнымалы, тербелмелі, тұрлаусыз, толқымалы адам жанының қайшылыққа  толы екендігін, адам жаратылысынан бара-бара жалғыздық тығырына тірейтін заңдылығын белгілеп тұр. Дегенмен, автор кейіпкерін жалғыздыққа бой ұрған, сәтсіздіктен, рухани жүдеушіліктен қажыған адамның бейнесін беруге ұмтылғандығымен суецитқа бой ұрған кейіпкер бейнесі жасанды шыққан. «Уақыт емші» - дегендей анасымен өмір бойы тіл табыса алмай, өзінен-өзі жеріп, ел-жұрттың жатсынған кейіпкерді ақтау қиын. Өз кемшілігін көре алмай, көрсе де, білсе де мойындай алмай жүрген кейіпкерін жазушы басқа сипатта көрсетуге ұмтылған. Әлбетте жалғыздық жанын жеген жан. Өзінің тұла бой толған күмән. Қадір түні мінәжат қылып, құдайдан өзіне өлім тілейді.  Қадір түні! Ол «Тіршілікке қарсы тіршілік» атты картина салған. Ана махаббатына да күдікпен қарайды. Қысқасы, мінезі суретшіден ғөрі тамұққа қуылған малғұндыққа ұқсас. Әңгіменің тұла бойы толы парадокс. Тым биік пафос, шарттылыққа толы. Әңгімеде жалғандық мол. Автор әлімсақтан адамзатқа аян шындықтарды қайталайды. Ажалды күтіп жатқанда келген мистикалық Дауыс иесі суретшіні қабірдегі Әңкүр-Мүңкірдей тергейді. Ол әңгімеде Құдайдың тұлғалануы. Жалпы автор философиялық трактат жаздым деп ойлайды, бірақ бәрі жаттанды, жалпақшешей сөздердің жиынтығы. Логикалық ақталмайды. Қазақ прозасында бір сарынды, біртекті проза осындай жаттандылықтан туады. Соны, көркемдік тәсілі өзгеше дүниелер сирек. «Көк жерге, жер көкке тәуелді». Ар соты бұл да. Жалғыздық диалогы. «Жылылықтың да салмағы бар» – бұл енді сендіреді. Суретші Дауысқа өмір сүру ережесін үйрет деп сұрайды. Суицидтен арылып өмір сүруге ол тез оралады. Қалай тіршіліктен тез жерінсе, солай тез сүйінеді. Психологиялық конфликт (дау) мен  психологиялық ақталу әңгімеде атымен жоқ. Кейіпкер шартты. Ол бақшадағы қарақшы сияқты, иығына  жалбыратып киім  ілгенмен жан жоқ. Қоғамдағы адамдарды доңыздар мен тауықтарға теңеу де құрғақ уағыз ғана емес, мизонтрофия (адамды жек көру). Бұлай ойлау тегінде жазушылықтың кредосына жат. Шынайы жазушы мейірімді ұлықтайды. Ол Достоевскийдегі ең жексұрын адамнан да жақсылық іздеп табатын миссия. Әңгімеде жалпы алғанда ештеңе жоқ. Өлі сөздер патшалығы.

Әдебиеттер:

1.           Лотман Ю.М. смерть как проблема сюжета // Ю.М.Лотман и Тартуская семиотическая школа. М. 1994.281 с.

2.            Шойбекова Г. Өмір сүру ережесі. – Алматы. Құс жолы, 2008. -240 бет.