Қарым-қатынас психологиясының ерекшеліктері.

 

Көкшеева Зайни Таласқызы

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің доценті

 

    Жалпы білім беретін мектептердің 1 - сыныбына қабылданған балалар, мектептік оқу жүйесінде айтарлықтай қиындықтарға ұшырайды. Олардың сәтсіздіктерінің басты себебі - психикалық дамудың кешеуілдеуінде, ол баланың әлеуметтік дамуы сферасымен өте тығыз байланысты. Оқуға берерде баланың тек биологиялық жасына немесе дене дамуына сүйенбей, мектепке әлеуметтік психологиялық даярлығы көрсеткіштерінің өлшемін жасап шығару — бүгінгі күн талабы екенін уақыт өзі көрсетіп отыр.

         Аталмыш мәселе жөнінде А.В.Запорожец, Д.Б.Эльконин, Л.И.Божович, Х.Т.Шерьязданова және т.б. ғылыми зерттеулері кеңінен таралған. Ғылымда балалар қарым-қатынасының мәнділігі психологтарға, педагогтарға, ата-аналарға белгілі болғанымен, әлі де шешілмеген мәселелерге жеткілікті.

       Соңғы 30-40 жыл ішінде бастауыш сынып оқушыларын әлеуметтік дамытудың белсенді, жедел әдісі –түрлі психологиялық тренингтер ұйымдастырылып, қолданылуда. Олар топтық жұмысқа негізделіп, тиімділігі дәлелденген (Л.А. Петровская, А.Г. Ковалев т.б). Тренинг жұмыстарының нәтижелері төменгі сыныптағы оқушылардың жеке басының дұрыс жетілуіне, әлеуметтік даму  тиімділігін арттыруынан көрінеді. Әлеуметтік-психологиялық тренингтердің әр түрі - сензитивті, оқытып-жаттықтырушы, өнер-би, арт (сурет) тренингтердің – төменгі сыныптағы балаларға тигізетін психологиялық әсері әлі де болса кеңейтіле зерттелмеген.     Жан – жақты дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеу, психология ғылымының аса мәнді теориялық және практикалық міндеттерінің бірі.

     Кеңес психологиясында балалардың қабылдау мен сезіну мәдениетінің қағамдық-тарихи тәжірибесіне, “әлеуметтік меңгеру” процесіндегі қарым-қатынасқа ерекше көңіл бөлінеді (Л.С.Выготский  А.Н.Леонтьев, Д.Б.Эльконин). А.А.Бодалев, В.М.Бехтерев пен А.Ф.Лазурский сияқты ғалымдардың қарым-қатынас мәнін ашудағы орны ерекше.

       Бастауыш мектеп кезеңі бұл - “жеке” тұлғаның мәнді алғышаттарының қалыптасу аралығы болып табылады. В.В.Давыдов бала мектепке келісімен оқу процесінде жеке тұлғаның теориялық санасының негіздері жасалатындығы (ғылыми, көркемдік, адамгершілік) нұсқайды. Б.Г.Ананьев, балалардың мектептегі оқу процесі олардың бүкіл өмірін жаңаша ұйымдастырып, баланың жанұядағы орнын өзгеретіндігіне ерекше көңіл қояды, өйткені онда жанұядан тыс міндеттер, яғни міндетті оқу еңбегі пайда болады.   Психологтар бастауыш мектеп жасындағы оқушының жеке тұлғасының қалыптасуындағы оқу іс-әрекетінің мәніне ерекше көңіл бөліп, “оқушының ішкі позициясын қабыл алу”, (Л.И.Божович), “оның танымдық және адамгершілік күштерінің дамуының жаңа көздерін ашатын, мінез-құлық мртивтерінің өзгерісі” (В.В.Давыдов), баланың “мектепте оқу міндетін” сезінуде қамтылған қоғамдық орынның өзгерісі (Н.Ф.Добрынин) сияқты аспектілерді бөліп көрсетеді. Кеңес психологиясында мотивациялық сфера өзінше қарастырылады, ол адамның ақиқатқа, өз-өзіне, басқа адамға белсенді түрде бағытталған қатынасының күрделі жүйесін құрайды, әрі түрткілердің әртүрін қамтиды (Л.И.Божович). Оқушының мотивациялық сферасы оның эмоционалды – еріктік сферасына, оның ақыл-ой әрекетіне әсер ететін түрлі қатынастардың қайта құрылуына әсер ететін өте мәнді фактор ретінде “педагогикалық бағамен” анықталады. Психологтардың ойынша, бастауыш мектеп жасындағы балалардың өзара қатынастарының негізгі бет бейнесі, олардың достық қатынастарының сыртқы өмірлік жағдайлары мен кездейсоқ қызығушылықтарының бірігіп кетуінде. Осы жас шамасындағы балалардың жетекші іс-әрекеті оқу іс-әрекеті болып табылады. Қарым-қатынас көбінде өз-өзін және басқа адамдарды тану қажеттілігін қанағаттандыратын іс-әрекет ретінде қарастырылады (М.И.Лисина).

     Баланың ересектермен қарым-қатынасының жүйесі жеке қарым-қатынасының өзі оқу іс-әрекеті арқылы жанамаланады (Д.Б.Эльконин). Психиканың түрлі формаларының адамдардың жас ерекшеліктеріне сай өзгеруі, адамзат өмірінің сатыларына байланысты әртүрлі қарқындылығымен ерекшеленеді, өмірдің жеке кезеңдерінде әртүрлі мәндеріне ие.

1 – нәрестелік кезең (туғаннан 1 жасқа дейін)

2 – ерте балалық шақ кезеңі (1 жастан 3 жасқа дейін) – функционалды тәуелсіздік пен сөйлеу тілінің даму кезеңі.

3 – Мектепке дейінгі балалық шақ кезеңі (3 жастан 6 жасқа дейін) – бала жеке тұлғасы мен таным процестерінің дамуымен сипатталады.

4 – Бастауыш мектеп жасы (6 жастан 11-12 жасқа дейін) баланың әлеуметтік топқа енуіне және ақыл-ой іскерліктері мен білімдерінің дамуына сәйкес келеді.    Бір жас шамасынан келесі жас шамасына өтуде адамның қоршаған ортамен қатынастарының бұрынғы қалпының бұзылуымен және басқа адамдармен, басқа әлеммен өзара қатынастардың жаңа жүйесінің қалыптасуымен байланысты дағдарыстар орын алады. Мұның барлығы адамның өзі үшін және оның әлеуметтік ортасы үшін мәнді психологиялық қиыншылықтармен сипатталады: 1 жас, 3 жас, 7 жас, 13-14 жас, 17-18 жас шамаларына сай дағдарыстар кездеседі. Бастауыш мектеп кезеңінің негізгі іс-әрекет түрі оқу іс-әрекеті болып табылады. Баланың мектеп табалдырығын аттағандықтан, бұл кезең оның қатынастарының барлық жүйесін жанамалай бастайды. Оқу іс-әрекетінің негізінде бала адамзаттың өндірген  іскерліктерін меңгере бастайды, өз жұмысын көпшілік үшін міндетті ережелерге бағындыру дағдыларына бой ала бастайды. Балалардың басқа да танымдық процестерін алмастыратын сөздік-қисынды, ойлау қасиеті пайда болады. Баланың мектепке келуі оның әлеуметтік қарым-қатынастарының шеңберін кеңейтіп, “Мен-концепциясына” міндетті түрде әсер етеді.     Баланың әлеуметтік ортаға енуінің салдарынан міндетті түрде терең, әрі әр сапалы өңделудің негізінде 6-7 жас шамасын әлеуметтік дамудың алғашқы кезеңі деп атауға болады.

    Адам өмірінің мектепте өткен кезеңі оның екінші сатысы болып табылады. Дамудың осы жас шамасында жеке тұлғаның және оқу танымдық субъектісінің оқу процесін қамтамасыз ететін психологиялық құрылымдары қалыптаса бастайды. Мектеп кезеңінде жеке тұлға мен іс-әрекет субъектісінің біртұтас көріністері, яғни мінезі, жалпы және қосымша қабілеттері, дүниетанымы, мақсатты түрде болжай алу іскерлігі мен мотивациялық-қажеттілік сферасы, кәсіби бағытқа мойын бұра бастауы, құнды бағдарлары, мінез-құлқы мен іс-әрекетін өз екркімен реттей алу іскерлігі қалыптаса бастайды. Баланың әлеуметтік ортада бағдарлануы мен мінез-құлқының үлгілерін меңгеруінің негізінде, оның жеке басының қасиеттері қалыптаса бастайды.      Ең алдымен, баланың ересектермен жанамаланған және тікелей қатынасы арқылы оған ата-бабалардың көне мұралары жетіп отырады. Сонымен бірге тек қарым-қатынас арқалы ғана психиканың әлеуметтік нормалары (сөйлеу-тілі, естің, зейіннің, ойлаудың, перцепцияның, ырықты түрлері, жеке тұлғаның қасиеттері және т.б) қалыптаса алады. Балалардың мектепке келу мерізімінен бастап және олардың осы кезеңге дейінгі ойын іс-әрекетінде, оқушыларда жеке тұлғаның қарым-қатынасты қамтамасыз ететін қасиеттерінің қарқынды түрде қалыптасу процесі орын алады.     Балалардың жанұядағы және құрдастарымен қарым-қатынастарынан тыс, мұғалімге, құрдастарына қатысты қарым-қатынастың жаңа түрлері, және оқушылардың түрлі үйірмелер мен топтарға енуінің негізінде достық қатынастардың жүйесі де қалыптаса бастайды.    Қарым-қатынастың коммуникативті қыры адамдардың бір-бірімен ақпарат алмасу үрдісінде анықталады; қарым-қатынастың интерактивті жағы адамдардың өзара әректтестігін  ұйымдастыруда көрінеді. Қарым-қатынастың құралдары: а)Тіл-сөздердің, анықтамалардың жүйесі және оқуды қарым-қатынаста қолданылатын мағыналы сөз тіркестеріне (пікірлеріне) біріктіру. ә) Бір ғана фразаның әр мағынасын беретін интонация (дауыс ырғағы), эмоциялы айқындылық. б).Қарым-қатынастығы адамның отырысы, бет әлепетінің көрінісі, көзқарасы, сөз төркінің мәнін күшейте, толықтыра, әрі жоққа шығара алады. в).Ым-ишара (жест) қарым-қатынастың құралы ретінде жалпыға бірдей болуы мүмкін – яғни әрқайсысы өзіне тән мағынамен сипатталады.

   Қарым-қатынастағы адамдардың бір-бірінен алшақтағы-олардың мәдени, ұлттық дәстүрлеріне, бір-біріне деген сенімінің дәрежесіне байланысты.

       Қарым-қатынастың түрлерін төмендегіше жіктеуге болады:

1.                      “Бет-перделердің байланысуы”- әңгімелесуші жеке тұлғасының ерекшеліктерін түсініп, ескеру ұмтылысы болмайтын формальды қарым-қатынас. Үйреншікті бет-перделер қолданылады, әігімелесушіге қатысты шынайы эмоцияларды жасыратын біртекті сөздердің, ым-ишаралардың жиынтығы.

2.                      Басқа адамды қажет немесе кедергі келтіруші объект ретінде бағалайтын дөрекі қарым-қатынас; егер объект қажет болса, белсенді түрде онымен қарым-қатынасқа түскісі келеді, ал егер де кедергі келтіретін болса, шеттетіп немесе дөрекі сөздерді қолдана отырып ызаланады.

3.                      Формальды рөлдік қарым-қатынас кезінде әңгімелесушінің жеке тұлғасына емес оның әлеуметтік рөліне көңіл аударылады.

4.                      Іскер қарым-қатынаста әңгімелесуші жеке тұлғасының ерекшеліктері мінезі, жасы, көңіл-күйі ескерілгенімен ісінің одан маңызы басым.

5.                      Рухани қарым-қатынас бір-бірімен достық қатынастағы адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас. Қарым-қатынастың бұл түрінде кез-келген тақырып төңірегінде әңгіме өрбітуге болады. Сөздерді пайдалану міндетті емес, өйткені жақын қатынаста адамдар бір-бірін ымынан, бет әлпетінен, көзқарасынан бірден түсіне алады.

6.                      Манипулятивті қарым-қатынас әңгімелесуші жеке тұлғасының ерекшеліктерімен байланысты түрлі амал-айлаларды пайдалана отырып, жарамсақтану (қорқыту, алдау, арбау, мейірімділікті таныту).

7.                      Зиялы қарым-қатынастың мәні оның затының болмауында, яғни адамдар ойындағысын айтқаннан гөрі, сол жағдайға сай нәрселерді айтуға тырысады.

     Адамдар бір-бірін қабылдау процесі қарым-қатынасының міндетті құрамды бөлігі ретінде танылып, перцепция деп аталады.  Өзінің және басқа адамдардың жеке қасиеттерін танудың қисынды түрі – рефлексия, яғни кері байланыс құбылысы. бұл әрекет етіп отырған индивидтің өзінің серігімен қалай қабылданатындығын түсінуі.  Қарым-қатынас күрделі әлеуметтік психологиялық процесс бола тұра төмендегідей негізгі каналдар бойынша жүзеге асады: сөйлеу тілі арқылы және сөйлеу тілінің қатысынсыз каналдары. Сөйлеу тілі қарым-қатынас құралы ретінде ақпараттың қайнар ретінде әрі әңгімелесушіге әсер ету тәсілі ретінде көрінеді.

     Зерттеу жұмыстарына сүйенетін болсақ, адам қарым-қатынасының күнделікті актісіндегі сөздер оның 7% құрса, дыбыстар мен дауыс ырғағы 37% , сөйлеу тілінің қатысынсыз жүрген әсер 33% құрайды екен.

      Адамның ішкі күйін бейнелейтін бет әлпетіндегі бұлшық еттерінің қозғалыстары, оның күнделіктерінің шынайы мәнін табыс етеді. Ымдар ақпараттың 70% құрайды, яғни адамның көздері, көзқарасы, бет-әлпеті оның айтылған сөзінен бетер анықтама бере алады. Ал адамның маңдайы, қасы, аузы (ерні, көзі, мұрны, иегі) оның түр негізгі эмоцияларын анықтайды.

    Басқа адамдармен қарым-қатынасында кез-келген адамның нақты әлеуметтік рөлдері бар. Алайда қандай рөлді иеленуі адамның өзіне байланысты яғни оның күшіне, әлсіздігіне, ақыл-ой деңгейіне, өзіне қатысты сыншылдығына, мінез-құлқының икемділігіне байланысты. Адамның даралық психологиялық ерекшеліктері жоғары жүйке жүйесінің типімен анықталып, ең алдымен темперамент қасиеттерінде көрініс табады.

1.      Исмаилов Д.А., Абишева Ж.А.    Развитие   личности ребенка в процессе  предшкольной подготовки. Алматы, Рауан, 1998ж

2.      Шерьязданова  Х.Т., Суркова  Т.И.   Педагогу  о  стиле  общения с детьми, Алматы, Рауан, 199

3.      Рубинштейн С.А. Проблемы общей психологии, Москва, Педагогика, 1976

4.      Джакупов С.М. Психология познавательной деятельности. Алма-Ата, Изд-во КазГУ, 1992ж

5.       Мухина В.С. Возрастная психология. Москва, Педагогика, 1998ж