Филол. ғ. д., проф. Гүлзия Жайлауқызы Пірәлиева

Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогика инситутының

филология факультетінің деканы

 

Академик Ә.Т.Қайдар еңбектеріндегі ұлттық идеяның көрінісі

             

Қазақ және ұйғыр тілі білімдерінің көрнекті маманы, белгілі тюрколог, ҚР ҰҒА академигі Ә.Қайдаров жарты ғасырлық ғылым жолында жалпы түркология әлеміне әйгілі тіл мамандарының бірі ретінде танылған тұлға.

Академик Ә.Қайдардың есімі қазақ тарихында халықтың рухани өркендеуімен, әсіресе ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алып, оның қазақ тілі білімі саласының әр түрлі тарабында толыққанды дамуымен тығыз байланысты. Оның қазақ тіл білімі саласындағы әрбір сүбелі ғылыми-танымдық еңбегі мен зерделі зерттеулері әр қазақтың ұлттық рухын оятады.

Ұлттық сана-сезімнің өрлеу дәуірінде зиялы қауымның саясаттан тыс қалуы мүмкін емес. Өйткені, мәдениеттегі қозғалыс динамикасын әдетте зиялы қауым жасайды. Ұлттық мұратты мақсат тұтқан  қазақ зиялылары қай кезеңде де өз білімдерін қоғамды басқаруға, елдің санасын оятып, ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға қызмет етері хақ.

Академик Ә.Қайдар қазақ тілінің түп тамыр – этимологиясынан бастап, әр кезеңдегі тілдік, танымдық, көркемдік, т.б құбылыстарын қадала зерттеп, оны өзінің өміріне өзек ете отырып, қазақ халқының рухани мәдениетін  табанды түрде дамытуға үзбей үлес қосып келе жатқан  интеллектуалды элитаның бірден-бір көшбасшысы.

Әсіресе, Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдардың тіл ғылымындағы,түркітану саласындағы теориялық, әдістемелік ой-пікірлері аса құнды. Ол өз әріптестерінің бағалауынша не туралы айтса да нақты ғылыми дерекке сүйеніп, оны бүге-шегесіне дейін “инемен құдық қазғандай” етіп табанды әрі тәптіштей зерттеуді мұрат тұтады.

Көрнекті ғалым  осы қазақ тілінің іргелі ғылым саласы болуына, оның жан-жақты дамып, қоғамдағы, ғылымдағы орнын алуға басшылық (бөлім бастығы, директор орынбасары, директор) жасап, ғылыми-ұйымдастырушылық қызмет атқарды.

Және өзінің еңбекқорлығы мен ғылымға деген ерекше құштарлығының нәтижесінде 400-ге жуық, көлемі 600-ден астам баспа табақтай еңбегін атап өтудің өзі үлкен ерлікке пара-пар. Ал, оларды тілдік тұрғыдан үш топқа,яғни қазақ, ұйғыр және  басқа тілдерге  қатысты  еңбектерін жіктер болсақ: лексикология, диалектология, этнолингвистика, тіл құрылысы, түркітану және алтайтану, ғылым тарихы, тіл саясаты, мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазу. т.б. лингвистика салаларын атап өткен жөн. Және оларға тікелей қатысты сөзтану, этимология, ономастика, терминология, семасиология, фразалогия, синкретизм құбылысы, гомогенді омонимдер, плеоназмдар, қос сөздер, еліктеуіш сөздер (имитативтер), өлі  түбір, сөз жасам модельдері, фонетикалық заңдылықтар, әдеби норма, стиль т.б. сынды көптеген проблемаларды қамтитын құнды зерттеулері қаншама.

Міне, осының өзі ғалымның қаншалықты еңбекторы (М.Әуезов), шын мәніндегі ғылымға берілген адалдығын айқындайды. Бір ғана жанның бүкіл бір ғылыми зерттеу институттары мен орталықтары жылдар бойы атқаратын еңбегін аспай-саспай табанды түрде жүргізуі шын мәніндегі үлкен бақыт десе болғандай.

Академик В.Виноградовтың “ғылымға бір термин енгізген ғалымға ескерткіш қою керек” деген даналық сөзін еске алсақ, осындай ұлан-ғайыр еңбек еткен, ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, оның әр саласының қалыптасып, дамуына, зерттелуіне көшбасшы бола білген және “сөзтану, түбіртану” т.б. сияқты бірнеше терминдерді ғылыми айналымға ендірген Ә.Қайдардың қазақ ғылымындағы еңбегі мен алар орны жоғары екендігіне көзіміз жете түседі. Ғалымның ерен еңбегі мен жұрт жадында қалар жақсы қасиеттері “Мен қазақпын “деген әрбір жанның жүрегіне жылылық орнатары сөзсіз.

Осы орайда біз ғалымның соңғы, 2008 жылы жарық көрген “Қазақ қандай халық?” атты ғылыми-танымдық еңбегіне тоқталмақпыз.

Шынында да “Қазақ қандай халық?” деген сауалға тоқталмаған, оған салауатты жауап іздемеген жан жоқ шығар?!.  Бұл сауал төңірегінде қазақ деген жұрт жер бетінде қаншасыншы жылдан бері өмір сүріп келе жатса сонша жылдар, ғасырлар бойы дала данышпандарынан бастап әрбір адам толғанған және толғана береді де. Себебі оның нақты жауабы мен анықтамасы болуы да берілуі де мүмкін емес сияқты . Бұл еңбектің қиындығы мен құндылығы да міне осында. Алайда бұл еңбекте осы аса қиын да қитұрқы  сауалға осы күнге дейін айтылып келген бүкіл пікірлерді жинақтай келе жүйелі бір жауап беруге дайындық жасалыпты. Бұл бүкіл оқырманның қызығушылығын оятып, өзінің кім екендігін ойлауға ой түрткі болған сыңайлы.

Енді автормен бірге біз де “Қазақ қандай халық?” деген сауалға жауап іздеуге тырысалық. Автор былай дейді: “...Қойылып отырған сауалға берілер “дұрыс жауап” – қазақтарды саяхатшы-туристер деңгейіндегі анықтама емес, терең де жан-жақты, тамыры тереңде жатқан көне тарихы бар, ұлы Тұран аумағы қара шаңырағының бірегей иегері, әрі мұрагері саналатын, өзінің ұлан-ғайыр басы ашық атамекені бар, қалыптасқан өзіндік салт-дәстүрі, әлемдегі көптеген өркениетті елдермен терезі тең халықтардың бірі ретінде танытатын анықтама-жауап болуы тиіс. Ол ғана емес, “Қазақ қандай халық?” деген сауалға берілер дұрыс жауап, сайып келгенде, қазақ халқының кім болғанын емес, сонымен қатар оның бүгінгі таңда кім екенін және оның ертеңгі жарқын болашағын білгісі келетін, біле тұрып, түсінгісі келетін, өркениетті ел ретінде онымен мәдени, экономикалық, достық қарым-қатынаста болғысы келетін жержүзілік қауымдастықтарға да қажет” – дейді /4 б/.

Қазақтың барша зиялы қауымына арнайы бағыштап, “Қазақ қандай халық?” деген сауалды төтесінен қойып, қанымызда бар ұлттық намысқа тие сөз қозғап, қамшылап отыруымыздың тағы бір себебі де, міне, осында” /5б/ – дейді.

Қазіргі қазақ зиялысының бірі ғана емес, қазақ тілі мен діні, ділі, ғылымы, мәдениеті, тарихы т.б. ұлттық құндылықтарын түгендеп, ғылыми тұрғыдан зерттеп, зерделеп және оны білікті көшбасшы ретінде ұйымдастырып, басшылық жасап келген көрнекті ғалым ұлтжанды қайраткер, бірегей білгірі  ретінде ұлттық тәрбие,ұлттық жауапкершілік, ұлттық идея тұрғысынан ой айтуға моральдық құқығы бар азамат ретінде дәл қазіргідей аласапыран заманда ел адаспауы үшін, ақ пен қараны ажыратырлық ақиқатқа жетуі үшін осындай ойлы “Қазақ қандай халық?” деп сауал тастауға оның жауабын әзірлемей, болжамай халықтың өзіне салмақ сала отырып, ұлттық сана-сезімді оятуға, ой түрткі болуға тұрарлық танымдық туынды әкелді, өмірге. Бұл еңбектің зәрулігі мен құндылығы да міне осында.

Ұлттық қасиетімізді ұлықтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізер ұлттық болмыс-белгілеріміз мен ұлттық сапамызды анықтап, ұлт болып ұғып алар уақыт келгенін, ұлт болып өзімізді танып, елде болып жатқан әрбір әрекетке жауапкершілігімізді танытып, өзгеге де оны танытып, мойындатар мезгілдің жеткенін еске салады, бұл еңбек. Ұлттық таным мен ұлттық мінездің темірқазығы болар бұл еңбек ертеңгі ұрпаққа ұлттың төлқұжаты болуы бек мүмкін. Қазақтың “Менін” анықтайтын мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен қазақ ұлтының сапалық қасиетін дамытуға дәнекерлік жасап жүрген қазақ тілінің шын мәніндегі жанашыры Әбдуғали Туғанбайұлы Қайдардың ғылым, білім, саяси жүйеге байланысты атқарған ауқымды еңбектері тек жоғарыда аталған салалармен шектеліп қалмайды. Әлі де ол кісінің атқарғанынан алда мақсат еткен жоспарлары көп-ақ. Ғалымның сексеннің сеңгіріне шықса да ғылымға деген құштарлығы, ұлттық құндылықтарды түгендеуге деген табанды еңбекқорлығы кімге де болса үлгі-өнеге. Бұл жерде ғалым тек өз міндетіне лайық ой тастайды: қорыта келгенде айтатынымыз: “қазақ қандай халық?!” деген заңды сауалға біз: “...Басқаша айтсақ, біздің күтетін жауабымыз кітаптың тарауларындағы сауалдарға берілген, берілуге тиісті 6 саладан тарамдалып келіп, бір сауал аумағында тоғысатын, кітаптың қорытындысы болып саналады. Бірақ ол қорытындының түйіні мен мазмұны, “Қазақ қандай халық?” дегенге жауап осы кітаптың жалғасы – Алладан нәсіп қылса, екінші кітапта жариялануы тиіс” /6б/.

Академик Ә.Т.Қайдардың соңғы жылдары жарық көрген зерттеулерінің ғылыми мазмұны мен танымдық деңгейі терең, әр қазақтың отбасында тұруға лайық рухани дүниелер. Атап айтсақ, “Бір мың әсерлі де бейнелі оралым” деп аталатын қазақша-орысша фразеологиялық сөздігі қазақи менталитет пен салт-дәстүр бейнеленген тұрақты тіркестердің жасалу табиғатын түсіндіреді. Ал, “Халық даналығы” деген (560 беттік) қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі көркем сөз өнерінің құдіретін қазақ ұлтының даналығы ретінде сипаттайды. “Қаңлы” атты тарихи зерттеуі бүкіл қазақтың шығу тарихымен байланыстырыла зерттелген тарихи танымдық туынды.

Ә.Қайдар тек ірі академиялық монографиялық зерттеулер ғана жазып қоймай, мектеп пен жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап арнаулы оқулықтар да жазған ғалым. Ол ғылыми өмірінің 45 жылында да оқулықты естен шығармаған екен. Осы уақыт аралығында 8 түрлі, түзетіп, толықтырылған, қайталанып шыққан оқулық және әріптестерімен берге жалпы саны 32 кітап жазған екен. Олардың ішінде қазақ және ұйғыр мектептеріне арналған және жоғары оқу орындарының филология факультетінің студенттеріне арналған “Түркологияға кіріспе”, “Түркітануға кіріспе” т.б. оқулықтары әлі күнге дейін қолданыста жүргенін мақтанышпен айтуға болады.

2004 жылға дейін 130-дан астам шәкірт даярлаған ұлағатты ұстаз 20-ға жуық ғылым докторларын, 70-ке жуық ғылым кандидаттарын, 40-қа жуық диплом жұмысына жетекшілік еткен. Оның әрбір күні ұлттық ғылымды, әсіресе ұлттық ғылыми кадрларды даярлауға, олардың бойына ұлттық рухты сіңіруге, өз ұлтына оның рухани қажеттіліктеріне деген сүйіспеншілік-құштарлықтарын, ұлттық сана-сезімдерін ана тіліне деген махаббаты арқылы оятуға арланып келеді. Академик Әбдуғали Қайдардың әрбір еңбегінен ұлттық рухтың сапалы самалы есіп отырады десек артық айтқандық емес деп ойлаймын.

Әдебиеттер:

1. Ә.Т.Қайдар. “Қазақ қандай халық?” Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 652 б.