Ныязбекова К.С.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Мемлекеттік тіл кафедрасының оқытушысы, Алматы қаласы, Қазақстан

 

КӘСІБИ ЛЕКСИКАНЫ ОҚЫТУ ӘДІСІ

 

      Елбасының Қазақстан халқына жолдауында: «Ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады», – деп айтылған [1]. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасында: «Білім берудің гуманитарлық сипаты, онда адам тек жай зерттеу объектісі ретінде ғана емес, ең алдымен, шығармашылық пен таным субъектісі құдіретті мәдениет үлгілерін дүниеге әкелген, әрі өзінің шығармашылыққа деген құлшынысымен оқушыларды баурап әкететін субъектісі ретінде көрінуімен бедерленді», – деп көрсетілген [1]. Мұндай мақсатқа жету үшін, алдымен, білім мазмұнын жаңартумен қатар, оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері мен оқу құралдарын заман талабына сай жетілдіру қызметін жүзеге асыруды қажет етеді.

      Қазіргі кезде жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің танымдық белсенділігін қалыптастыратын педагогикалық шарттарды негіздеу және оны оқу үрдісінде қамтамасыз етудің маңызы ерекше.  Оқытуды студенттердің танымдық белсенділігін арттыру құралы ретіндегі студенттердің танымдық әрекеті мен белсенділігі туралы пікір Я.А.Коменскийдің, И.Г.Песталоццийдің,  А.Дистервергтің, К.Д.Ушинскийдің еңбектерінде айтылады. Мәселен, А.Дистерверг оқыту барысында баланың белсенділігі ақыл-ой қабілетін дамытудың аса маңызды құралдарының бірі деп есептейді. К. Д. Ушинскийдің еңбектерінде оқу процесінде оқушылардың танымдық белсенділігіне арқа сүйеудің маңыздылығы туралы пікірлер айтылады [2-5].

      Зерттеуші ғалымдар студенттердің оқудағы танымдық белсенділігін қалыптастыру барысын практикада шешудің түрлі жолдарын бөліп көрсетеді:

       - танымдық әрекеттің дербестігін қалыптастыратын өзіндік жұмысты ұйымдастыру мен оқу міндеттерін іріктеп шешу арқылы (Е. Я. Голант, Б. П. Есипов, М. Н. Скаткин және т. б.) [6-8];

       - танымдық белсенділіктің  жолдарын,  амалдарын      қалыптастыру        арқылы (Д.М.Богоявленский,    С.Н.Кабанова-Меллер,  Д.Э.Менчинская,    В.В.Давыдов, Д.Б.Эльконин) [9-12];         

       - іс-әркеттің базалық негізін құрайтын ой мен практикалық операциялар арқылы (П.Я.Гальперин, Н.Ф.Талызина) [13-14].

      Жоғары оқу орындарының бағдарламасына сәйкес кешенді білім алу үшін студент әдебиеттермен, оқу құралдарымен, сөздіктермен, реактивтермен, компьютермен жұмыс жасай білу керек.

      Тіл – танымдық іс-әрекет құралы, ойлаудың формасы және оны дамытудың негізі болып саналады.

      Студенттерді мемлекеттік тілден тиянақты, сапалы білім беру оқытушының оқыту әдістері мен тәсілдерін шебер меңгеруі арқылы іске асады.

      Сабақ – оқытудың негізгі формасы, ал оқытушы – жеке әдіскер тұлға.  Сабақта жаңа технологиялық әдістерді қолданып, оны түрлендіріп, сапасын арттыру оқытушының әдістемелік шеберлігіне байланысты. Сабақ барысында компьютерді, электронды оқулықты, интернетті, тест жүйесін пайдалануды үйлесімді қолданып, инновациялық әдіс-тәсілдерді ретімен ендіру арқылы оқытушы студенттердің қызығушылығын, белсенділігін арттырады және ең маңыздысы сабақтың сапасы көтеріледі. Химия-биология факультетінің орыс бөлімінде химия мамандығындағы студенттерге кәсіби қазақ тілі сабағын өткенде химия тілін қалыптастыру керек.

      Ғалымдардың пікірінше, 1 жылда химия ғылымында 5000-ға жуық  жаңа ұғымдар өмірге келеді екен. Студенттердің химиялық ұғымдарын қалыптастыру – кәсіби қазақ тілі сабақтарында ерекше орын алады.     

       Кәсіби лексиканы оқыту барысында химиялық терминдердің анықтамаларына, сөздік жұмысының рөліне, олардың түрлеріне, мақсатына студенттердің назарын аударып отыру керек. Сол кезеңде химиялық терминдерді, олардың мағынасын түсіндіруге көбірек көңіл бөліп, болашақ химиктердің сөздік қорын молайту үшін олардың кәсіби мамандық тілін дамыту ұстанымын іске асыру қажет. Ол химияның алдыңғы қатардағы идеялары жөніндегі  ұғымдарды жүйелеу арқылы, әр түрлі ұғымдар жүйелері арасындағы өзара байланысты студенттерге түсіндіру арқылы қалыптасады.

       Ұғымдарды түсіндіруде оқытушының алдында мынадай мақсаттар қойылады:

Ø     ұғымдарды түсіну үрдісі;

Ø     ұғымдардың білік пен дағдыны пайдаланудағы өзара

                     байланысы;

Ø  оларды түсінуге қойылатын талаптар;

Ø  ұғымдарды дамыту мен қолданудың әдістемесі;

Ø  химиялық     ұғымдарды     түсінудің     дүниенің     ғылыми   

                     болмысын қалыптастырудағы рөлі.

      Химия тілі – кәсіби лексиканы оқытуда таным құралы. Кәсіби қазақ тілі – химия танымындағы құрал және әдіс, студенттерге кәсіби лексиканы оқытудың, студенттерді мамандыққа тәрбиелеудің маңызды құралы. Кәсіби лексиканы оқытудың алғашқы кезеңінде химия тілін үйренуге көп мән беріледі. Кәсіби қазақ тілі пәнін кредит жүйесі бойынша оқыту барысында химия тілін сапалы үйрену мен жақсы қолдану үшін СӨЖ тапсырмаларына глоссарий жазуды талап ету қажет. СӨЖ тақырыптарын орындау барысында осы жұмыс қалай жүзеге асатынын тақырыптық жоспар түрінде көрсетіп отырмыз.

Студенттердің өзіндік жұмыстарының тақырыптары

СӨЖ тақырыптары

Тапсырманы орындау формасы

1

Көмірсулар. Моносахаридтер, дисахаридтер, полисахаридтер.

глоссарий дайындау, реферат

2

Карбоциклді қосылыстар. Байердың кернеу теориясы

кейс,  реферат

3

Ароматты көмірсутектер. Бензол және оның құрылысы.

глоссарий дайындау

4

Ароматты қосылыстар. Ароматтылық шарты.

Реферат

5

Екі орынбасарлы бензол молекуласындағы бағыттау ережесі

эссе, реферат

6

Ароматты  көмірсутектер қатарындағы SE  реакциялары

Реферат

7

Ароматты сульфоқышқылдар

глоссарий дайындау, реферат

8

Ароматты нитроқосылыстар

Реферат

9

Ароматты  спирттер

Реферат

10

Ароматты  альдегидтер және кетондар

Реферат

11

Ароматты   карбон қышқылдары. Ароматты аминдер

Реферат

12

Диазо және азоқосылыстар

Реферат

13

Көп ядролы ароматты қосылыстар

глоссарий дайындау реферат

14

Бесмүшелі гетероциклді қосылыстар.

Реферат

15

Алтымүшелі  гетероциклді қосылыстар.

Реферат

 

      Өздеріңіз көріп отырғандай, СӨЖ-дің 15 тақырыптың ішінде 4 тақырыбы бойынша глоссарий дайындауды қажет етеді.

      Сонымен, кәсіби лексиканы меңгеру – студенттердің танымдық қабілетін, аналитикалық ойлау қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.

      Е.Я.Голант,  Б.П.Есипов, М.Н.Скаткиндер айтқандай, танымдық әрекеттің дербестігін қалыптастыратын өзіндік жұмысты ұйымдастыруға болады және оқу міндеттерін іріктеп шешуге жеткізеді.

 

Әдебиеттер

1.     Қазақстан республикасының гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 40 б.

2.     Коменский Я.А. Великая дидактика. Избр. Пед. Соч. В 2-х т. – М.:Педагогика, 1982, - Т. 1. 570 с.

3.     Баймаханова Г.М., Қобланова О.Н. Органикалық химия курсының оқу модульдері. Электрондық оқу құралы. Шымкент, 2005. – 84 б.