Мемлекеттік тілді
үйретуде ескерілетін психологиялық ерекшеліктер
Шаханова Розалинда Аширбаевна
Доктор педагогических наук
Декан психология-педагогического
факультета КазНПУ имени Абая
(Казахстан, Алматы)
Адам
қарым-қатынас арқылы айналасындағы дүние жайлы
мәлімет алады, еңбек пен тұрмыс дағдыларына
машықтанады, адамзат жасап шығарған түрлі
құндылықты меңгереді.
Студенттерді қазақша сөйлеуге үйретуде
психологияға соқпай кету мүмкін емес, себебі тіл дамыту
мәселесі психологиямен тығыз байланысты. Тілді
қатысымдық тұрғыдан меңгерту бірнеше психологиялық факторлар
арқылы жүзеге асады.
Тілдік қатынастың психологиялық негізі тіл
арқылы ойды айту, жеткізу, қабылдау, сезіну
құбылыстарымен байланысты. Сыртқы объективтік
шындықтың әсерінен адамның есту, көру сезімдері
дамып, адамның ойлау қабілеті артады. Ойлау тіл арқылы
сыртқа шығып, тіл адамның ойын екінші бір адамға
жеткізеді. Белгілі бір тілде сөйлеу үшін студент сол тілдің
тілдік құралдарын саналы дұрыс қолдана білуі керек. Оны
дұрыс қолданудың басты ережесі көзбен көру,
құлақпен есту, мимен ойлау арқылы іске асады. Тілдік
коммуникацияның психологиялық негізі күрделі, себебі ол
адамның ойлау жүйесімен байланысты.
Тілдік және
қатысымдық тұлғалар ойлау жүйесінің
нәтижесінде дұрыс қолданылып, тілдегі сөйлесім
әрекеті арқылы жүзеге асады. Сондықтан тілді
үйрету барысында әрбір студенттің жеке қабілетін,
саналығы еске алынып, жан-дүниесі ескеріледі. Оқытушы оның ойлау дағдысын бекітуге
күш салуы қажет. Тілдік
қатынастың психологиялық негізі – тілді оқыту барысында
студенттің сана-сезіміне әсер етіп, оның қажеттігі мен
маңызын түсіндіріп, пәнге деген дұрыс
көзқарас қалыптастырады.
Психологтардың ойынша, тіл дамыту әрекетінің
барлық сатысында қарым-қатынас жасау, пікір алысу болу керек.
Қарым-қатынастың түпкі негізі – адамдардың
бір-бірімен пікір алысуында. Адамдардың арасындағы
қарым-қатынасты қамтамасыз ету ең алдымен тілге
байланысты. Яғни, тіл – адамдар арасындағы
қарым-қатынастың негізі болуымен қатар пікір алысатын
құралы.
Тіл,
сөйлеу ежелден жеке адамның
қоғамдық ой-санасын дамытып жетілдіруде аса
маңызды рөл атқарады. Айтатын сөз ойлы да
мәнерлі болуы керек,
әйтпесе көздеген мақсатына жете алмайды.
Тіл
– адам сана-сезімінің, оның психологиясының көрсеткіші.
Тіл арқылы ойымызды басқа біреуге жеткізуді сөйлеу деп
атайды. Сөйлеу – пікір алысу процесінде жеке адамның белгілі тілді
пайдалануы. Ол үшін сол ұлттың ана тілінің
грамматикалық ерекшелігіне сәйкес сөздер, сөз
тіркестерін пайдаланады. Сөзді қабылдау және оны
ұғыну бір-бірімен тығыз байланысты, сөзді дұрыс
қабылдамай тұрып, оны ұғыну мүмкін емес.
Мемлекеттік тілді жоғары оқу орындарында екінші тіл ретінде
оқытудағы мақсат – студентті қазақша дұрыс
оқуға, сауатты жазуға, бір-бірімен қарым-қатынас
жасауға (тыңдау,түсіну, оқу, жазу, сөйлеу)
үйрету. Ойлау қабілетін дамыту, ойлау қабілетін тәрбиелеу студент психологиясын
жан-жақты дамытумен тығыз ұштасып жатады. Бұл
оның білуге құмарлығын, тану қызығуларын,
көзқарасы мен сенімін тәрбиелеумен қоса жүргізілуі
тиіс.
Студенттердің болашақ мамандықтарына деген
қызығушылығы болмаса, қазақ тілі сабағында
мамандығы, кәсібі туралы берілетін мағлұматтарды селқос қабылдайды.
Сондықтан жоғары оқу орындарында қазақ тілін
оқытуға байланысты жүргізілетін жұмыстар – студенттерді
адамгершілікке, отан сүйгіштікке, өз кәсібін шындай
түсуге, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға,
сөздік қорын байытуға, саналы еңбек етіп,
шығармашылық ой-қабілетін арттыруға арналуы тиіс.
Берілетін тапсырмалар ой белсенділігін арттыратындай етіп берілуі керек.
Практикалық әрекет студенттің ойлау процесі мен тілін
қалыптастырады. Оның санасын әрекет дамытады. Психология саласында бірінші болып бұл
пікірді айтқан Л.С.Выготский
болатын. Ғалымның зерттеулерін жалғастырған А.Н.Льентьев, Г.Я.Гальперин, А.Р.Лурия т.б. ғалымдар адам санасында
болмысты бейнелейтін, талдайтын тіл екендігін және оның
адамдардың қарым-қатынас құралы
болатындығын дәлелдеген.
Студенттің дамуындағы басты бағыт мазмұнды
мүдделердің дамуымен, болашаққа жоспар жасауымен
байланысты. Оның болашақтағы өзінің
мамандығына қажетті мазмұнды игерсем деген мақсаты
болады. Ол өзіндік жұмыстарды орындауға ұмтылады. Ол
үшін оқытушы жұмыстың түрі жайлы анық та
нақты түсінік беріп, студенттің өз бетімен жұмыс
істеуге деген ықыласы мен іскерлігін дамыта білуі қажет. Оқу
процесінде пәннің теориялық деңгейін көтеріп,
қоғам талабымен ұштастыра жүргізу керек.
Соңғы кезде түсіп жатқан хабардың,
жаңалықтардың тасқыны оқытушыдан да, студенттен
де өзінің білімін үнемі жаңартып, қоғамға
қажетті нарықтық қатынастарды игере алуын талап етеді.
Адамның ішкі мінез-құлықтарының ерекшеліктері
өте қиын, күрделі процесс, бірақ сол ғана олардың
кәсіби қызметіне дайындығы мен таңдауының
себептерін айқын көрсетеді.
Тіл үйренушілердің жинақтаған білімін,
қоршаған ортаға деген көзқарасын,
іс-әрекетін айқындауда
оқушылардың жан қуаттарын жетілдірудің маңызы зор.
К.Жарықбаев жан
қуаттарының бір тобы
сыртқы дүние заттары мен құбылыстарын тікелей
танып-білуде көрінетін болса, енді біреулері бұлардың арасындағы күрделі байланыстарды,
дәнекерлі қатынастарды, сапалы өзгерістерді тереңдей
бойлап білуде ерекше орын алатындығын айтады. Адамның сыртқы
ортамен үздіксіз жасалып отыратын белсенді байланысында, оның
сезім, ерік процестерінде шешуші рөл атқаратындығына
тоқталады. Міне, сондықтан да жалпы
оқушы қауымына тән
тілді оқыту әрекетінің психологиялық сипаттары
ескерілуі қажет: тілді оқуға деген жағымды мотивтері,
қызығушылықтары; тілді оқу мақсаттары мен
міндеттерін анықтай алуы; оны
орындаудың тиімді тәсілдері мен амалдарын белгілеуі; өз
жұмысының барысын өзі бақылап отыруы және
оның нәтижесін
бағалап, тиісті қорытындылар жасай білуі т.б. қалыптасуы
тиіс. Былайша айтқанда, осы бағытта олар өз жұмысын
жоспарлай білуге дағдылануы тиіс. Тек осылай саналы
ұйымдасқан іс-әрекет, еңбек негізінде ғана
оқушының қазақ тілін оқу әрекетінің
психикасы мақсатты түрде қалыптасады. Демек, студенттердің
дара ерекшелігін ескере отырып қазақ тілін меңгерту тиімді
Жан
қуаттарының арасында зейін қызметі ерекше орын алады. Бұл
туралы Қ.Жарықбаев санамыздың барлық қуаттарының (қабылдау, елес,
ойлау, қиял, т.б.) белгілі объективтік бағытталып шоғырлануы
зейінен тікелей байланысты екендігін атап өткен. Зейін психикалық
құбылыстардың қай-қайсысында болса да дәнекер
болады, оны күшейте, әлсірете де алады; сезім, ерік процестері де
оған тікелей тәуелді болады. Демек, бізді қоршаған заттар мен
құбылыстардың бәрі де біздің түйсігіміз
арқылы жүзеге асады. Алайда осы қабылдаған
ақпараттың бір бөлігі біздің санамызға жетеді, ал
қалған бір бөлігі жетпейді. Мұның себебі, біз
көңіл аударған құбылыс саналы түрде мида бейнеленуі зейіннің көмегі
арқылы жүзеге асады. Ал зейіннің шоғырланбауы
қалған құбылыстардың мидан тысқары қалуына әкеледі. Алайда бұл
құбылыстардың физикалық
жағынан санада іздері қалуы мүмкін.
Зейіннің пайда болуына керекті шарттар: нысанды бөліп алу, оған
назар шоғырландыру және
басқа тітіркендіргіштерге
алаңдамау. Мұғалім оқушы зейінін ұйымдастыра
отырып, ең алдымен, қазір олардың не нәрсеге назар аударулары
қажет екенін айтып, олардың зейінін бір нәрседен екінші
нәрсеге аудара білуі керек. Оқушылардың мамандығына сай
мәтіндермен жұмыс
жүргізуде олардың зейінін ойдың дәлелдігіне,
тілдің дұрыстығы
мен айқындылығына,
оның білімді толықтыра түсетіндігіне назар аудару
қажет.
Демек, қазақ
тілін студенттердің кәсібіне бағыттап оқытуда
қазақ тілін жеке тұлғалық танымдық
мұқтаждары мен психикалық қабілеттерін дамытатын
жетекші іс-әрекетті ─ оқу іс-әрекетін қалыптастыру қажет. Әрбір
сабақ барысында оқу іс-әрекетін
орындау барысында тіл үйренушілер өздеріне бұрыннан таныс
емес заттарды тануға әрекеттенеді. Қазақ тілі сабағында студенттер болашақ
мамандығы бойынша ғылым негіздерімен танысып, білімді игеруде
түрліше оқу іс- әрекеттерін орындай отырып өзінің психикалық қабілеттерін
жетілдіреді.
Қорыта келгенде, адамның ойлау әрекеті танып білу
мақсатын көздейтін болса, сөйлесім әрекеті арқылы
қатынас жасау мақсаты алға қойылады. Барлық
мәселелердің түйіні сөйлеу арқылы шешіледі.
Сөйлеу – пікір алысу процесінде жеке адамның белгілі бір тілді
пайдалануы. Сөйлеу процесі арқылы студент өзінің
білімін, практикалық тәжірибесін байытып қана қоймайды,
сонымен қатар көп жылдар бойы жинақталған
тәжірибені меңгеруге мүмкіндік алады.