ЕТІСТІК
СӨЗДЕРДІҢ БАҒАЛАУ ФУНКЦИЯСЫ
Оралова Г.М.
С.Сейфуллин
атындағы Қазақ агротехникалық университеті
Тіл білімінде лингвистика мен
стилистикалық тұрғыдан талдауды қажет ететін
лингво-стилистикалық категорияға кейіпкерді бағалау жатады.
Бағалау категориясын стилистикалық амал деп бағалау –
оның көркем әдебиеттен алшақтатып талдауға
келмейтін белгісінен анықтасақ, бұл категорияның
лингвистикалық табиғатын лингвистикалық амалдар
толықтыра түседі. Аталған ерекшелік бағалаудың
лингвистикалық табиғатын ашады.
Қаламгер қарымының әлуетіне айғақ
болатын көркем шығарманы жанды қозғалысқа түсiрiп,
оқырманымен табыстыратын негiзгi амал – кейiпкерлерді бағалау. Қоғамдағы
адамдар шығарманы оқу барысында кейiпкер өмiрiмен, өсуiмен,
құлауымен, қайта тұруымен, арманымен, үмiтiмен, қуаныш-мақсатымен
және оның өмірді бағалауымен танысады. Шығармадағы
бар кейiпкердiң тiршiлiк қарекетiнен, мiнезiнен әуелi өзiн
таниды, содан соң айналасындағы адамдардың бейнесiмен, мiнез-құлқымен
танысады. Оқырманын өмiр сүруге тәрбиелеу мақсатын
алға қойған жазушы кейiпкер бейнесiн ашуда шеберлiктiң бар қырын
игеруге ұмтылады.
Бұл мәселелердiң барлығы кейiпкер
бейнесiн сомдаудағы, бағалаудағы көркемдiк әдiс-тәсiлдердiң жиынтығын
нақты шығармалар арқылы тануды қажет етедi. Жазушы өз
шығармасындағы кейiпкерлердiң мiнез-құлқын
айқындап, оқырманына даралап көрсету үшiн әртүрлi
шеберлiк қырларын iздейдi. Кейiпкер бейнесiн сомдауда және
өзіндік бағалауын жеткізуде ақын, жазушы қолданылатын өнiмдi
тәсiл – кейіпкерге мінездеме беру. Яғни кейiпкер мiнезiне
сипаттаманы автор түсiнiгiнен танып, оның өсу жолдарын бағдарлаймыз.
Бірнеше сөйлемнің ішкі бірлігінен және
сөйлеушінің мақсатты қолданған
грамматикалық тәсілдері нәтижесінде пайда болатын
бағалаудың өзіндік күрделілігі – ақын немесе
жазушы шығармасының тұтас құрылымына (прозада
шығарманы тұтас қабылдау арқылы ажыратсақ,
поэзияда авторлық бағалауды ақын поэзиясын
тұтастықта қарау арқылы саралаймыз) тәуелділігінде.
Себебі автордың ішкі жан дүниесімен астарласа көрінетін
бағалау қарым-қатынаста сөйлеудің ішкі
қабатынан, көркем әдебиетте
шығарманың ішкі композициялық байланысынан сараланады.
Бағалаудың астарын даралауда осы заңдылықпен
ықпалдасып отыратын бағалау санатын тілдік бірліктердің қызметін талдаумен астарластырып,
тіпті шығарманың мақсаты, тақырыбымен үндестіре
талдағанда ғана нақты
ажыратуға болады.
Бағалауды жүзеге
асыру үшін, шығарма авторы барлық лингвистикалық
амалдарды сарқа пайдаланады. Соның бірі – етістік сөздер.
Қазақ тілінде
басқа сөздермен синтагмалық қатынас түзу арқылы
да, жұрнақтар арқылы да бағалау категориясының
жасалуына тірек болатын сөз табы – етістіктер. Етістіктер бұл
қызметте әр түрлі құрылым түзеді.
Айталық, кейбір мәтінде бағалау бірыңғай
жағымсыз бағалауды ажырататын етістік сөздердің
үстемелене қолданылуымен ашылса, кейбір мәтінде антонимдік
мағынадағы етістіктердің жұптаса қолданысын
аңғарамыз.
Әсіресе, етістіктер
арқылы бағалау категориясының бояуына сөз
таптарының синтагмалық қатынасының әсері басым.
Айталық, төмендегі мысалда «иманды жүз» оң
бағалауды жүзеге асыратын сөздер тіркесінің негізгі
семантикалық мағынасына «тоздырар» етістігінің ықпалы
бары аңғарылады. Керісінше, «оздырар» етістігінің
қолданыстағы қызметіне «дұшпан» сөзімен тіркесуі
өзгеріс енгізген. Мысалға назар аударсақ:
Иман жүзін тоздырар,
Келіп-кетіп көп
жүріп,
Мен досыңмын деп
жүріп,
Дұспандығын
оздырар.
Алдайды деп жауыңа.
Ел тарттырмай баурыңа,
Көрінгенді азғырар,
Кеселді болып бітеді,
Жақсыға біткен
жақындар,
Жау жағадан алған күн
Өздері иттей тақымдар
(А.
Құнанбаев).
Поэзиялық
шығармаларда бағалау категориясы жағымсыз мәндегі зат
есім сөздермен етістік сөздердің тіркесе қолданылуынан
да орнығады. Мысалы, төмендегі мысалда «надан» сөзі мен
«арсаңдар», «талтаңдар» т.б. етістіктермен тіркесе келе астарлы
бағалаудың мәнін ашуға тірек болған.
Надан қуанар, арсаңдар,
Таңырқап тұра қалсаңдар.
Татымды ештеңе болмас,
Адамсып босқа талтаңдар
(А.
Құнанбаев).
Сөздердің
синтагмалық қатынастағы қолданыстық
сипатының ерекшелігін, олардың бір-біріне әсерін сөз
еткен Ғ. Хасанов синтагмалық қатынастың мәнін
жан-жақты талдай келе, төмендегідей түйіндеген: «Сөз мағынасы
терең де сырлы әлем іспетті құрылымнан
тұрғанымен, мәнмәтін жағдайында өзара
тіркесімділікке ұшырап, адам танымының куәсіндей үлгі
құрайды. Адам факторы, антропоцентристік көзқарас,
негіз сөз семантикасының өзгеріс құраудағы
сүйенетін тірегі болады. Мағыналардың үйлесімділігі
адам таным деңгейінің прагматикалық ерекшелігіне
қатысты болғандықтан, таным қоршаған шындық
болмыстағы заттар мен құбылыстар арасынан үйлесімдікті
іздейді. Сол себепті, лексикалық синтагматика танымнан туған
үйлесімділіктің қаңқасынан құрылып,
контексте беку, тұрақталуға көшеді. Бұл, бір
жағынан сөйлеудегі үйлесімділікке алып келеді, ал
сөйлеудегі сөз мағыналарының актуалдана үйлесуі,
сөз мағыналарының ішіндегі бір макробөліктің
өзгеріп, алдыңғы қатарға шығып,
мәндік байланыс құрауы болады» [1, 263].
Кейбір туынды етістіктерді де
бағалау категориясының амалдары деп тануға негіз бар.
Төмендегі мысалда субъектаралық бағалау жағымсыз бояу
үстеген «бұртақтаған», «жыртақтаған»,
«тыртақтаған», «бұлғақтаған» етістіктердің
бірнеше шумақта жарыса қолданылуынан орныққаны
көзге түседі. Мысалы:
Бұлардың
кейбірінің мінездері:
Ешнәрсе
көрмегенсіп, бұртақтаған.
Кейбірі жайдары, ашық боламын деп
Орынсыз адамдармен жыртақтаған.
Қолы жетпес
нәрсеге тыртақтаған
Орынды іске жүріп, ой
таппаған,
Не болмаса жұмыс қып, мал
бақпаған,
Қасиетті болмайды ондай
жігіт
Әншейін
құр бекерге бұлғақтаған...
(А.
Құнанбаев).
Етістіктердің бағалау
категориясына қатысы -сы, -сі жұрнақтарының
қызметімен толығады. Бұл жұрнақтардың
түбір негізге әсері соншалық, олардың бастапқы
мағынасына ерекше әсер береді. Жағымды бағалауды
жағымсыз мәнге ауыстыра алады.
Бұралып тұрып,
Буыны құрып,
Қисайта тартып
мұрынын;
Әсемсіп, сәнсіп,
Білгенсіп, бәлсіп,
әр нәрсенің
орынын.
Керенау кердең, бір керім,
Жақпайды маған сол
жерің
(А.
Құнанбаев).
Талданған
грамматикалық тұлғаларды Ғ. Танабаев «субъектив
мәнді» етістіктер деп топтап, олардың семантикалық
құрылымына талдау жасаған. Автор субъектив мәнді
етістіктердің семантикалық өрісін сипаттап: «Субъектив
мәнді етістіктердің барлығында да адамның бір
амал-әрекетін, көзқарасын білдіретін мағыналық
реңк бар. Осы мағыналық реңк оның негізгі
мағынасына қосымша болып тұрады»,- деп негізгі қызметін
дөп баса көрсетеді [2, 9 б.].
Ақын,
жазушылардың шығарманы құбылту, стилистикалық
тәсіліне қарай -сы, -сі тұлғалы етістік сөздер
кейде ІІІ жақтағы субъекті бағалауын ашуға негіз болса,
кейде автор субъектінің монологіне осы құрылымдарды тірек
етіп І жаққа қатысты қолданады. Соның
нәтижесінде көрсетілген тұлғадағы етістіктерді суреттеген
кейіпкерінің ішкі жан-дүниесін жанды суреттеудің бір амалына
айналдырады. Төмендегі мысалға назар аударсақ:
Қайраттысып, қамқорсып,
Сайманымды
бүтіндеп.
Оңашада оязға мақтамаймын
елімді
Өз еліме айтамын:
«Бергенім жоқ деп белімді»
Мақтанамын кісімсіп,
Оязға сөзім сенімді...
(А. Құнанбаев).
Прозалық шығармаларда
етістік сөздердің І жақтағы тұлғасын
кейіпкердің іс-әрекетін ашу үшін жиі қолданылатыны
байқалады. Бұл тәсілді поэзиялық шығармалар
бойынан да байқауға болады. Мысалы:
Болыс болдым мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде
қом, атта жал.
Қалмады
елге тығындап.
Сөйтсе-дағы
елімді,
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім
сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап,
Әлсіздің
сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын
қырындап.
Сияз бар десе
жүрегім,
Орнықпайды суылдап,
Сыртқыларға
сыр бермей,
Құр күлемін жымыңдап...
(А.
Құнанбаев).
Ақын кейіпкердің
өмір сүру ұстанымын сырттай сынаушы. Шен, атақ
үшін сатқан малының арты не істесе де, қайырсыз,
берекесіз болатынын субъектінің өкінішімен астарластыра сынайды.
Ақын шығармасынан субъектіге берген астарлы бағалауын,
оның астарынан көрініс беретін ащы шындықты
қабылдаймыз. Еңбексіз мал шашпақтың, берекесіз
тірліктің қаншалықты қажеттігін салыстыруға
мүмкіндік аламыз. Бір ескеретіні, бұл өлең
шумақтарында да етістіктің басқа сөздермен
синтагмалық қатынасына мән берген абзал.
Ақын шығармасында
бағалау амалдары ретінде ортақ төл сөзді құрылымдар
да жиі көрініс табады. Автор бірде І жақтағы етістік
құрылымдарды, бірде ІІІ жақтағы етістік
тұлғалары арқылы ішкі бағалауын даралап, енді бірде
ортақ төл сөздер арқылы ашық түрде
бағалау, жақсы мен жаманның, надандық пен ілім, білім,
ғылымның арасын салыстыра астарлы бағалауын жеткізеді. Ақын
шығармасында бірнеше кейіпкерге деген бағасы бір өлең
бойында жинақталып берілгені де көзге түседі. Мысалы:
Ол «болдым-ақ» дей берер,
Бұлғап
қағып басқанға,
Елең
қағып елбірер,
Еліртіп көзді
аспанға.
Жайы мәлім шошқаның,
Түрткенінен
жасқанба.
Бір ғылымнан басқаның,
Кеселі көп асқанға.
Одан үміт кім қылар,
Жол табар деп
сасқанда?
Үйтіп
асқан жолығар
Кешікпей-ақ
тосқанға
(А. Құнанбаев).
Бұл өлең
жолдарынан жоғарыда талданған «Күлембайға»,
«Әсетке», «Көкбайға» өлеңдерінде бірде монолог,
бірде ортақ төл сөзді тәсілдері арқылы берілген
автор бағалауы ашық көрініс тапқан. Автор
бағалауының астары, өмірден түйгені мен жастарға
берген бағыты анық танылған. Автор: «Бір ғылымнан
басқаның, Кеселі көп асқанға» деп қорытады.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Хасанов Ғ.Қ. Қазақ тілінің лексикалық
синтагматикасы: филол.ғыл.док. ... дисс. – Алматы, 2009. – 340 б.
2.
Танабаев Ғ.Ө. Қазіргі қазақ тіліндегі
субъектив мәнді етістіктердің семантикалық
құрылымы: филол.ғыл.канд. ... автореф. – Алматы, 2005. – 26
б.