Білім, ғылым, инновация – Қазақстан экономикасы дамуының локомотиві

 

Джантлеуова Р.В. аға оқытушы, ТарГПИ

Дәуренбекова С. аға оқытушы, ЖГТУ

Джантлеуова Ж. магистрант, ЖГТУ

        

Елбасы Н.Ә. Назарбаев биылғы Қазақстан халқына «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты  Жолдауында қазақстандықтардың  экономикалық және әлеуметтік мәселелерінің шешілу жолдарының он негізгі бағыт - бағдарларын айқын көрсетіп берді. Атап айтсақ оларға еліміздегі жұмыссыздықты жою, әрбір отбасын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, адамдарға сапалы медициналық қызмет көрсету, саламатты өмір салтын арттыру сияқты әлеуметтік салаларды дамыту жатады. Елбасы индустриялы-инновациялық даму  аясында  «Жезқазған – Бейнеу және Арқалық Шұбаркөл темір желілері, Атырау мұнай өндіру зауытында мұнайды тереңнен өңдеу кешені, Қарашығанақ кен орнындағы газ өңдеуші зауыт» және т.б жобалар  іске асырылатынын айтты.

Сонымен қатар, Жолдауда білім мен ғылымның дамуына ерекше көңіл бөлінетіні көрсетілген. Мысалы, ғылыми–зерттеу жұмыстарын инновациялық гранттар арқылы  қаржыландыруға бюджеттік шығындардың  арттырылатыны көзделуде.

Бүгінгі таңда білім, ғылым, инновация қоғамның барлық салаларына кеңінен енген. Оның нәтижесі де жоқ емес. Еліміздегі индустриялы - инновациялық жобалар бойынша ашылған шаруашылық субъектерде инновациялар кеңінен қолданылуда. Мәселен, ауыл шаруашылығында  бидайдың жаңа сорттары, фосфор зауыттарында тыңайтқыштардың,  металлургия зауыттарында шикізаттың жаңа түрлері, ал медицина саласында жаңа озық аппаратура, препараттар өндірілуде. Осыған қарамастан инновация барлық экономика салаларын түгел қамти алмауда.

Кеңес одағы тұсында Қазақстан ғылымы Ресей және Украина елдерінен кейін үшінші орында нық тұрған. Сол қазақ ғылымы мен білімі 1991-2000 жылдардағы дағдарысқа ұшырап, он шақты жылдарға тұралап қалды. Мәселен, Одақ тұсында ҰҒА құрамында 45 институт жұмыс істесе, соның қазіргі кезде бес алтауы ғана қалды. Өйткені, олардың біразы әр түрлі министрліктер  қарамағына өтсе, қалғандары акционерлік қоғамдарға айналып бүгінде өз жұмыстарын жалғастыруда. Әрине, олардың негізгі мақсаты ғылым саласында жаңалықтар ашып, оларды өндіріске енгізу.

 Бүгінгі күні өз жұмыстарын тапжылмай дамытып отырған геология, тау- кен өндірісі, метталлургия, химия, одан кейін ауылшаруашылығы және медицина салалары. Бір өкініштісі ел экономикасын көтеруге септігін тигізетін техникалық  ғылымдар қолға алынбай отыр. Сондықтан Қазақстан дамыған елдерден технологияның сапасы мен дамуы бойынша артта қалуда. Соның нәтижесінде кәсіпорындардағы энергия көздерін пайдалану шығындары жоғары, ал еңбек өнімділігі төмен деңгейде болуда.

 Соңғы жылдары елімізде ғылымға деген көзқарас өзгерді. «Ғылым туралы» заң қабылданды, ғылымға бөлінген қаржы көлемі көбейтілді. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы 2000 жылы 2 млрд тг, 2006 жылы 12,3 млрд тг құраса, ал 2011жылы 28,8 млрд тг жетті, және ғылымды қаржыландырудың жаңа көздері анықталды. Үкімет тек биылғы жылдың өзінде ғылым саласын қаржыландыруды 40 миллиард тг жеткізбекші.   

 Қазіргі кездегі еліміздегі  басты мәселе ғылымның дамуын қамтамасыз ететін мамандарды даярлау. Оның бірден бір жолы жастарды ғылымға тарту. Оның тартымды жолы білім мен ғылымды интеграциялау. 2007 жылғы Елбасының халыққа Жолдауында академиялық институттар мен ірі университтетерді қосу туралы айтылды. Осы саясаттың аясында А. Бектұров атындағы химия ғылымдары институты мен Д. В. Сокольский атындағы органикалық катализ және электрохимия институты қосылып  Қазақ Британ Техникалық Университеті құрылды. Мұндай  шараның іске асырылуы  екі жаққа да тиімді болды, яғни институт ғалымдары университетте сабақ беріп қосымша табыс табуға мүмкіндік алса, университеттің талантты білімгерлері ғылыми институттың зертханаларында ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеп өз қабілеттерін шыңдау арқылы жаңалықтар ашу мүмкіндігіне ие болды.  

«Ғылым туралы» заң аясында бұдан былай зерттеу университеттерін көптеп ашу қарастырылады. Бүгінгі күні осы идеяны іске асыратын  бірден бір жоғары оқу орны «Назарбаев университеті», ол білім, зерттеу, инновациялық процестерді ұштастыруда. Бұл оқу орнында оқитын  білімгерлер жоғары курстарда ғылыми зерттеу жұмыстарымен шұғылданатын болады. Келешекте Назарбаев университетінің тәжірибесін басқа да  жоғары оқу орындарына насихаттау, оқу үдерісін индустриялық-инновацияға сай өткізуді қажет етіп отыр. Қазіргі кездің өзінде елімізде он инновациялық бағыттағы университет анықталып, әрқайсысына жылына 200 миллион тг қаржы бөлінбекші.

Елбасы тапсырмасы бойынша Қазақстанның барлық білім ошақтарын  жаңғырту ісінен басталған ірі жоба жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттыру үшін оқу орындарына білікті, әрі білімді шетелдік ұстаздар тарту мәселесін қолға алды. Сонымен қатар әлемнің үздік оқу орындарына жастарды оқуға жіберу мәселесі қарастырылды. Академиялық ұтқырлық бойынша шетел ЖОО-мен білімгерлер алмасу жүйесі қолға алынды.

Білім, ғылым және өндіріс интеграциясын ең алғаш құрғандардың бірі Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Университет – технопарк» құрды. Еліміздің біраз университеттерінде бизнес-инкубаторлар, студенттік технологиялық зертханалар құрылуда.

Жоғарыдағы  ілгерушіліктерге қарамастан әлі де болса олардың нәтижелерінің өндірісте қолданылуы жеткіліксіз екені байқалады.  Ғылыми жетістіктердің өндірісте көптеп пайдаланулары үшін кәсіпорындардың жастарға деген көзқарастарын өзгерту қажет: кәсіпорындар жанында конструкторлық және жоба бюроларын ашып білімгерлердің қысқа уақыт жұмыс істеулеріне, практикаларын  өтуге мүмкіндіктер беру сияқты.

Ғылымды дамытудың басты бір жолы сол ғылымды жасайтын адамдардың жалақысын көтеріп, олардың ғылыми жұмыспен айналысатын жағдайын жасау керек.                                                                                                                                                      

Жаңа техника мен технологиялардың дамуы жаратылыстану ғылымымен, яғни математика, физика, информатика  және химия ғылымдарымен байланысты болғандықтан педагогикалық ЖОО білімгерлері де шетте қалмауы тиіс. Өйткені, олар мектеп қабырғасындағы жасөспірімдердің танымдық қабілеттіліктерін ашатын, келешектегі мамандарға кәсіби бағдар беретін педагогтар. Сонымен қатар,  қазіргі кезде ғылымға қызығушылық мектеп оқушыларынан басталуда. Ал оның нәтижесі тәжірибе жұмыстарымен байланысты,  демек, ғылыми жоба орындаушы құрал жабдықтарды көзімен көріп,  қолымен ұстап, жұмыс істете білуі керек. Сондықтан жаратылыстану ғылымдарымен айналысатын білімгерлер мен оқушыларға ғылыми зерттеу институттары мен кәсіпорындар қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге көмектесіп, тәжірибе өтуге мүмкіндік берулері қажет.

       ҚР-ғы білім мен ғылымның дамуы арқылы инновацияларды өндіріске енгізу – қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық дамуының кепілі болады. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.ҚР Заңы 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-III «Білім туралы»

2."Ғылым туралы" 2001 ж. 9 шілдедегі № 225-II ҚР Заңы

3.Бұзайбақова К.Ж. Инновациялық педагогика негіздері. Оқу құралы. Алматы: «Білім», 2009.