ЖОО-нда студенттердің өз бетінше жұмыстарын ұйымдастыру жолдары

 

«Тұран-Астана» университеті

«Психология» кафедрасының доцент

педагогика ғылымдарының кандидаты

А.Ш. Танирбергенова

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты

педагогика ғылымдарының кандидаты

Ж.Ж. Қартбаева 

 

Өзіндік жұмыс студенттердің пәнді жүйелі түрде меңгеру, игерілген білім, білік, дағдыларды бекіту, дәріс және тәжірибелік сабақтарына жан-жақты дайындалуын қамтамасыз етеді.

Өзіндік жұмыстың маңыздылығы мен оның қажеттігі туралы көптеген ғалымдар өздерінің еңбектерінде, шығармаларында көрсеткен.

К.Д.Ушинскийдің пікірінше, оқытудың алғашқы сатысында мұғалімнің басқарушылық әрекеті, сөйлеуі маңызды. Ол: «Өзінің ой-пікірін жеткізе алмауы кемшілік болып есептеледі, ал өзіндік ой пікірінің болмауы-өте үлкен кемшілікке жатады; өзіндік ой-пікірлер тек қана өз бетінше алған білім арқылы ғана жүзеге асады»,-дейді. Осылайша, К.Д.Ушинский педагогикалық ғылымда алғаш рет өзіндік жұмыстарға философиялық және психологиялық, физиологиялық тұрғыдан талдау жасайды.

А.Байтұрсынов білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек,  оқытушының міндеті жұмысты әркімнің әліне қарай шағындап беру  және белгіленген  мақсатқа қарай бағыттап отыру керек екендігіне көңіл бөледі.

М.Жұмабаев оқыту үдерісінде қарапайымнан күрделіге көше отырып, өз бетінше білім алуға үйрету қажеттілігін көрсетеді. Ол: «заттарды, көріністерді ұқсас сындары бойынша  тап-тапқа бөліп үйренсін, жеңілден ауырға көшуді естен шығармау керек, көріністердің, ойлардың араларындағы байламды һәм олардың қайсысына себеп екенін тауып үйренсін. Бұл балаға мысалдардан ереже–заң шығарту арқылы іске асыру қажет»,-деп жазды.

Н.К.Крупская 1934 жылы жазған «өздігінен білім алумен шұғылданушының есіне» деген тезистерінде мынадай жалпы кеңестер береді:

1.                 Өздігінен білім алу үшін, алдымен, сол жұмысқа қажетті нақты дағдыларға ие болу керек.

2.                 Білім мен жемісті шұғылдану қолайлы жағдайларды керек етеді. Ең дұрысы – кітапханаларда, оқу залдарында білім мен шұғылдануға дағдылану.

3.                 Өздігінен білім алатын адам нені оқитынын анық біліп, ол жұмысты белгілі жоспармен, жүйемен жасау керек.

4.                 Алғашқы кезеңдерде тәжірибелі адамдардан, кітапханашылардан кеңес, консультациялар алуды пайдасы зор.

5.                 Өздігінен білім алу жұмысын асықпай, көп үзіліс жасамай жүргізген жөн.

Н. К. Крупскаяның бұл кеңес – нұсқаулары қазіргі күнде де маңызын жойған жоқ.

Қорыта келгенде өз бетінше жұмыс деп – белгілі уақыт ішінде алға қойған дидактикалық мақсатты орындауға бағытталған білімді іздеу, оны ұғыну, бекіту, білік және дағдыны қалыптастыру және дамыту, білімді жүйелеу және талдап қорытуды айтамыз. Студенттердің  өз бетінше жұмыстарын ұйымдастырудың көптеген түрлері, жолдары бар. Мысалы: эссе, шағын шығарма жазғызу, мәнжазба, хабарлама дайындату т.б.

Эссе – француз тілінен енген ұғымдардың бірі, нақты бір проблема, немесе мәселе туралы студенттің жеке дара пікірін бейнелейтін прозалық шығарма. Эссе ұғымының авторы француз философы Мишель Монтень (1533-1592).

Эссенің негізгі белгілері: көлемі үлкен емес; нақты тақырыптың болуы; ашық және тұлғалық жеке пікірді білдіру; еркін композицияның болуы; нақыл сөздердің, қанатты сөздердің және тосын пікірлердің болуы.

Эссені бағалаудың барлық критериилері студенттің ойлау білігіне тәуелді болып табылады: әр түрлі авторларлардың ойлары мен теорияларын түсініп қолдану, автордың пікірін анық беру және өз ойын нақты жеткізу; материалды өз бетінше түсіну, ұғыну, меңгеру; проблеманы сыни тұрғыдан талдай білу;  өз пікірін себеп салдар негізінде дәйектей алу; себептік-салдарлық байланыстарды анықтап, талдау жасай отырып, өзіндік қортындыларды шығару; тәжірибеде идеяларды қолданып көру, оны қолданудағы негізгі кемшіліктері мен жетістіктерін, өзіндік сыни пікірлерін, тұжырымдарын көрсету.

Эссенің өзіне тән құрылымы болады (1-сурет)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


1-сурет – Эссенің құрылымы

 

Жалпы эссені бағалауда деректер көзі, баяндау желісі, жұмыстың рәсімделуі, мәтіннің жазылу сауаттылығына сәйкес бағалауға болады.

Дальтон-технология. Бұл технологияны  1919 жылы АҚШ-тың Дальтон қаласында Хелена Паркерхерст өңдеп «зертханалық жоспар» деген атау берген. Кейінгі кездері бұл «Дальтон-план», «Дальтон-технология» деп аталды. Технология мынадай негізгі қағидаларға негізделген: еркіндік, өзбетінділік, ынтымақтастық

 

Кесте 2 – Далтон технологияның негізгі қағидалары мен оның мазмұны

 

Қағидалар

 

Мазмұны

Еркіндік

Студент өз бетінше орындайтын пәнді, тақырыпты, жұмыстың мазмұны мен бағытын, мақсатын, ақпарат көзін өз бетінше таңдайды. Тапсырманы орындауда студент жұмыстың орындалу барысын өзі бақылайды, бірақ алға қойған мақсатқа жету жолын, нәтижесін оқытушы бағалайды. Бұл жерде еркіндік жауапкершілікпен тығыз байланыстылықта болады.

Өзбетінділік

Студент орындалатын тапсырманың күрделігін және нәтижеге  жету тәсілдерін өз бетінше таңдайды, білім алушы шешімді өзі қабылдай, ал оның нәтижесіне өзі ғана жауапты болады.

 

Ынтымақтастық

Студент берілген тапсырманы орындаудың формасын таңдайды, яғни тапсырманы жеке дара, топпен, оқытушымен орындауы мүмкін. Студент тапсырманы орындауда ата-анасының, досының немесе оқытушының көмегіне жүгінуіне болады. Ол өзінің нені білмейтінін мойындаудан қорықпай, керісінше білмейтінін басқалардан сұрау, тәжірибе алмасу барысында меңгеруі тиіс. Студентке материалды қалай табу керек, тапсырманы қалай орындау керектігіне байланысты көмек көрсетіледі, бірақ тапсырманы өзі орындайды. 

 

Жалпы дальтон-технология бойынша берілетін тапсырмалар шығармашылық сипатта болады. Әр берілетін тапсырмада негізгі проблема көрсетіледі, тапсырмалар мазмұнына, күрделілігіне, құрылымына қарай деңгейлерге бөлініп ұсынылады.  Мысалы мынадай тапсырмаларды беруге болады: ізденуге бағытталған жобалар, жобаны өңдеу, эксперименттен немесе тәжірибеден өткізу, оқу бағдарламаларымен шектелуі де мүмкін.

Дальтон-технология бойынша ұсынылатын тапсырмаларға төмендегідей талаптар қойылады: тапсырмалар деңгейлік сипатта болуы керек; оқу материалының жеткілікті көлемін қамтуы тиіс; тапсырманың мақсаты, міндеттері мен күтілетін нәтиже нақты болуы тиіс; студентке түсінікті және қызықты болуы қажет; студенттің мүмкіндігіне сай болуы керек; тапсырманы орындаудың әр түрлі жолдары мен мүмкіндіктері болуы, орындау еркіндігі болуы керек. өзін-өзі бақылау мен бағалауға мүмкіндік берілуі тиіс; студент тапсырманы орындау барысында туындаған проблеманы шешуде кімнен қай уақытта көмек алатыны мәлім болуы керек.

Дальтон – технология бойынша орындалатын тапсырмалар студенттердің танымдық өзбетінділігін дамытады, басқалармен ынтымақтастықта болуды қалыптастырады.

Дэвид Колбаның эмпирикалық таным циклы.Қазіргі кезеңдегі кез-келген  педагогикалық технология студенттердің белсенді ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған. Ол төмендегі 2-суретте сызбаға негізделген

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2-сурет Дэвид Колбоның эмпирикалық таным циклы

70-жылдары американ психологы Дэвид Колбо тұлғаның ойлауы мен іс-әрекетін дамытуда эмпирикалық оқыту моделін ұсынған. Бұл кейіннен «Дэвид Колбаның эмпирикалық таным циклы» деген атауға ие болды.

Дэвид Колбаның эмпирикалық таным циклы – бұл төрт фазадан тұрады, яғни бірінші фазада нақты проблема немесе тәжірибе белгіленеді, екінші фазада бақылау және ой қорыту жасалады, үшінші фазада рефлексия негізінде жаңа тұжырымдар қалыптастырып, оны төртінші фазада тәжірибеде тексеріп қарайды. Бұл технология модельдеу, жоба жасау, белсенді эксперимент жүргізу сияқты тапсырма түрлерін қамтиды.

Студенттердің өз бетінше жұмыстарын ұйымдастырудың көптеген түрлері бар, соның ішінде портфолионың артықшылығы басым, себебі, портфолиода студенттің дәріс материалдары, қосымша ізденістері, шығармашылық жұмыстары, ой тұжырымдары жинақталады. Бұл әсіресе оқытушыға қашықтықтан білім алатын студенттің білім, білік деңгейін жете бағалауға мүмкіндік береді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1. Әлімов А. Интербелсенді әдістерді жоғарғы оқу орындарында қолдану: оқу құралы. – Алматы, 2009.

2 Селевко Г.К. Современные образовательные технологии. – М.:Народное образование.-1998.

3 Мынбаева А.К., Садвакасова З.М. Инновационные методы обучения, или как интересно преподавать: учебное пособие: 4-е изд., доп. –Алматы, 2010.