Құлабаев Н.Ж.

аға оқытушы

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Қазақстан, Қостанай қ.

 

МҰҚАҒАЛИ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ СЫНШЫЛЫҚ

 

Қазақ әдебиеті сынының тарихында сын өнерін өмірлік мұрат тұтқан кәсіби сыншылардың еңбектерімен  қатар, ақын-жазушылар сыны да маңызды орын алады. Қазақ әдеби сынында жазушы сынының кәсіби сынмен қапталдаса дамып, әдебиет әлемінде болып жатқан құбылыстар мен әдеби өмірдің күрмеулі мәселелері төңірегінде ой қозғап, көркемдік әлемдегі негізгі жетістіктерді дұрыс танып, даралай білуге белсенді араласып, әдеби сын қазанының бір құлағын ұстасып келе жатқандығын аңғаруға болады. Профессор Д. Ысқақұлы сынды әдеби туынды төңірегіндегі пікір иесінің қатысына қарай оқырман сыны, жазушы сыны, сыншы сыны деп үшке бөледі де, жазушы сынына мынадай түсінік береді: «Жазушы сыны басқа түрлерден тілінің көркемдігімен, ойының бейнелілігімен ерекшеленеді. Өз ойларын ғылыми талдауларға емес, жазушылық тәжірибесіне сүйене отырып, алған әсер ретінде білдіреді. ...  Көбіне пікір білдіріп отырған шығармасының сөз қолдану, әсем ойды өрнектеп беру шеберліктеріне құрылады. Ортақол, нашар шығармалардан гөрі сәтті туындыларға көбірек арналып, ұнағанын, несімен ұнағанын айтады» [1, 92.].

Мұқағали  Мақатаев сыншылдығы мазмұны жағынан өзара сабақтасып, бірін-бірі үнемі толықтырып отыратын үш арнада көрінеді. Бұл үш арнаның алғашқысына – ақынның төл өлеңдеріндегі поэзия өнері хақындағы толғамдарын, екіншісіне – күнделік жазбаларындағы ой-тұжырымдарын, үшіншісіне – әр мезгілде басылым беттерінде жарияланған сыни мақалаларын жатқызуға болады.

Ақын поэзия туралы ойларын ортаға сала отырып, оқырманмен бүкпесіз шынайы сырласады. Сырласа отырып, өлеңге өрелі талғам, ақындық өнерге биік талап қояды. «Жырым, сырым – екеуі егіздерім,//Екеуін екі бөлек емізбедім» [2,138], - деп ақындық тазалықтың поэзия әлеміндегі орнын даралап көрсетеді. Мұқағали  «Жыр жазу, кім біледі, ермек шығар?! //Ақын болу – Неғылған қиын едің!!!» [2,139] – деп шынайы ақындық пен өлеңшілдік ермектің шекарасын көрсетіп береді. Демек, Мұқағалиша, өлең құрап жазу бір басқа да, бүкіл болмысымен поэзияға беріле қызмет ету, ақындық өнерді өмірлік мұрат тұту, ақындық әлем жасап, оның қорғаушысы, патшасы, құлы болу бір басқа. Ақын  өлең өміршеңдігінің негізгі өлшемдерінің бірі ретінде оның туу, жазылу жағдайын таниды.  «Бір жырым менің бір балам,//Мезгілсіз шала тумаған» [2,150] деп, ақынның ішкі жан-дүниесінде әбден толып-пісіп, мезгілі жеткен шағында барып туғанда  ғана өлең өлең бола алатындығын меңзейді. Халық поэзия пайғамбары деп бағалаған ұлы ақын өлеңнің жайшылықта туа салмайтындығын үнемі қадап ескертіп отырады.  «Мен өлеңді үзіп-жұлқып, орайы келгенде, кезі келген жерде жазуға әрекеттенбегем. Жоқ! Поэзия жан бұлқынысы, бұлқыныс пайда болғанда қаламнан қол үзбей отыру керек. Кімнің қайтетінін қайдан білейін, мен өзім шабыттың бүкіл сөлін сығып алып, құр сүлдерін қалдырғанша орнымнан тұрмаймын. ...Өлең – ең әуелі шығармашылық, қажырлы еңбек. Азапты, жүйкеге салмақ салатын жұмыс. Оңашалануды және тыныштықты сүйеді. Егер мен ондай толғақ үстінде жарым жолда тоқтап қалсам, кейін онда ой соңынан қуалау маған қиын [3,6]. Бұл пікірдің ақиқаттығын 1974 жылдың 27 қаңтарында ақын күнделігіне түскен «Сегодня, 27 января 1974 г., написана поэма под названием «Чили, свет мой!». За один присест, без перерыва, без единой помарки, с 10 утра до 12 ночи» [4,19], - деген жазба  растайды.

М. Мақатаев поэзия тылсымына үңіліп, адамзат өркениетіндегі осы бір ғажайып өнердің табиғаты мен сыры жайлы терең ой, тұшымды пайымдаулар жасайды. «Поэзия – ғылым. ...Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол – тек поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл» [4,8]. Ақын поэзияның адам болмысының қатпарлы сырынан елес беріп, құпиясын аша алатын қуатын тап басып сезініп, анық таниды. Ақын ұғымында  поэзия сұлу болуы шарт. Бірақ, «Поэзияның жалаң сұлулығы жалаңаш сұлуға ұқсайды. Оған тек таңдана қарауға болады. Ақынның міндеті суреттеп, шығу, баяндап беру емес, қайта сол сұлулықтың құпиясын, оның ар жағындағы нақ сол жасырынды сырды ашып беруде. Осы заманғы ақын, тәжірибелі құбылнамашыдай уақыт тамырын дәл басып, дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауы тиіс» [3,7]. Бұл өлең  теориясында негізгі ереже, ұстаным болатын тұжырым. Ақын жалаң сұлулықпен поэзия жасалмайтындығын айқын айтып, дәуір тынысын терең түйсінушілікті, өлеңнің қоғамдық маңызы мен халықтық сипатын ақындық өнердің негізгі шарттарының қатарына жатқызады. Ақынның бойынан табылуға тиіс қасиеттерді тізіп көрсетіп, шығармашыл тұлғаның ұстынын ұсынады. Мұқағали ақынға қажетті қасиеттердің алты түрін көрсетеді.  Олардың алғашқы сапында талант, білім және парасат (эрудиция) тұрса, одан кейінгі орындарды ар, қарапайымдылық, түйсік (интуиция), еңбек, рух құрайды.  

Әдебиеттің өткені, бүгіні мен ертеңі жайлы ақын: «Фольклорымыздың бай екені даусыз. Оны кез келген халықтың фольклорымен қатар қоюға болады. Егер фольклорымызды әдебиетімізбен (жазба әдебиетімізбен Қ.Н.) салыстырсақ, онда соңғысы көп кедей көрінеді. Ол оның әлі жасаңдығынан, буыны қатпағанынан. Жазғыштар көп болғанымен, жазылғаны (мәнді, толыққандысы) әлі аз. Біз жазылған нәрсенің санына қарап қарықпыз. Көркем әдебиет коллективті еңбек емес екенін ойлайтын уақыт жетпеді ме?» [3,8] – деп толғайды. Ақын өмір сүрген кезеңде жасалған әдебиет туындыларының бүгінгі күн сарабы мен талғамынан санаулысы ғана өте алатындығын ескерер болсақ, жоғарыдағы толғамның ақиқат ауылынан алыс болмағандығын аңғарамыз.

Мұқағали Мақатаевтың поэзия мен ақындық өнерге қатысты ой-пікірлері бүгінде қанатты сөзге айналып кетті. Ақынның «Әр халық өзінің сезім дүниесінен енші бөліп, сеніп тапсырып, дүниеге өзінің сезімтал елшілерін жібереді. Оның аты – Ақын. Адамның сезімі – алынбас қамал. Ендеше, сол сезімнің сахабасы да, жолаушысы да ақын». Немесе, «шынайы шын поэзия – адам сезімінің автономиясы да, шынайы ақын – соның зерттеушісі. Шынайы шын ақын – шаттанса шатығы мен қуанышы, жыласа – көкірек шері мен көзінің жасы», «Адамзат жаны қатігез тартса, тарта берсін, қайтсе де бір парасатты адам қалады. Ол – ақын! Ақырғы сөз соныкі!» [5,4] т.с.с. сөздері бүгінде кез-келген сыншы күнделігінде қатталып тұруға лайық әдеби құны жоғары қанатты сөзге айналды.

М. Мақатаевтың сыни сипатқа ие бірқатар арнау өлеңдерінің де қазақ әдеби сынында өзіндік орны бар. Арнау өлеңдерде (шығармашылық арнаулар) қашан да сыни элементтер басым болады да, арнау нысаны болып табылатын қаламгердің шығармашылық әлеміндегі шоктық, ерекшелік дараланып көрсетіледі. Ақынның Абайға, Әбділдаға, Төлегенге, Фаризаға, т.б. арналған арнауларында әдеби сынның  бағалаушылық сипаты айқын аңғарылады. Ақынның нағыз сыншылық шеберлігі оның сыни мақалаларынан көрінеді.

Дәуір поэзиясының жай-күйі, ақындық өре мен өлеңге қойылар талап-талғам, поэзия тазалығы мен өміршеңдігі мәселесі ақын шығармашылығында сүбелі тақырыптар сапында тұр.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Ысқақұлы Д. Сын өнері (оқу құралы). Алматы: ҚАЗақпарат, 2001. – 304 бет.

2.  Мақатаев М. Үш томдық шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы, 1993. – 344 бет.

3.  Мақатаев М. Жырсыз өткен күндер – өлі күндер. Мұқағали (Республикалық әдеби-мәдени, танымдық журнал), Қыркүйек, 2010. №9.

4.  Мақатаев М. Күнделік. Алматы: Жалын, ТПИК «Жеті», 1991. – 48 бет.

5. Шаймерденұлы Е. Ұлттық рухымыздың ұлы тіректерінің бірі. Мұқағали (Республикалық әдеби-мәдени, танымдық журнал), Мамыр, 2010. №5.