Уразгалиева С.Б.

Тіл және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушысы, филология магистрі.  А.Байтұрсынов ат.ҚМУ, Қостанай қ.

 

ЖЫРАУЛАР  ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ АЙҚЫНДАУЛАРДЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ СИПАТЫ

 

Ақын-жыраулар шығармашылығынан үлкен орын алатын айшықтау құралдарына айқындау мен теңеуді жатқызуға болады. Ақын, жырау мұрасында өмірдегі әр алуан заттар мен құбылыстардың айырықша сипаты мен сапасын аныктап, нақтылап, ерекше ажар беретін айқындаулардың небір түрі кездеседі [1,30б].  Айқындау, яғни эпитет - заттың, құбылыстың айырықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз. Эпитетсіз тіпті айтарыңды анықтау, суреттеп отырған нәрсеңді нақтылау қиын [2, 217б].  //Таңдайға біткен қызыл тіл, /Тірлікте не шайнасаң жұтар ол.  (Асан қайғы)./Қара сия, ақ қағаз,/Дестірге өнер төктірдің (Шәлгез)./Киініп қызыл жасыл қыз келгенде, /Аймалап ақша бетін өпсем де жоқ.  (Шал ақын) [3,106б]//.Осы мысалдардағы қара сия, ақ қағаз, ақша бет, қызыл тіл сияқты сөз тіркестері ауыз әдебиетінен, әрісі түркі тілдес халықтар әдебиетімен етене таныс болуы мүмкін. Бұл екі жағдайды анғартады. Біріншіден, ежелгі поэзиямыздан күні бүгінге дейін әрқилы орайда қолданылып келе жатқан бұл тіркестер - дәстүрлі жалғастық куәсі. Екіншіден, сан ғасыр ұғымға орнығып қалыптасқан тұрақты эпитеттер. Ақын, жыраулардың өмір құбылысын суреттеуде мол қолданған, ерекше алуан орайда келісті де шебер пайдаланған көркемдік тәсілдерінің бірі айқындау (эпитет). XV-XVIII ғасырлардағы тарихи жағдайлар - дала феодалдары арасындағы қым-қуыт жаугершілік пен жонғарларға қарсы күрес дәуірі ел қорғар, жер қорғар ерді, оның жан серігі дүлдүл тұлпарын, ерге лайық қару-жарағын қадірлей жырлауды қажет етті. Ежелгі дәуірден келе жатқан, ерлікті жырлау дәстүрі XV-XVIII ғасыр поэзиясында да бәсеңсіген жоқ. Батыр ерлігін, ат сапасын, қару-жарақ қадірін айқын да, айбарлы, ажарлы да ашық реңмен жырлауда айқындаудың да өзіндік рөл атқарғанын аңғарамыз. Мысалы, ел қорғар ер қанаты-ат сапасы суреттелетін тұстардағы эпитеттерге назар аударайық://Елбең-елбең жүгірген, /Ебелек отқа семірген,/Екі семіз қолға алып,

/Ерлер жортып күн көрген.  (Асан қайғы) [1, 22б]// немесе,  Саф арғымақ, суын түсті жүйрік, Ақ табан ару торы ат, тоқал торы ат (Ер Шобан), қыналы боз (Жиембет), тұмар мойын ат   (Ақтамберді),   торы   төбел ат(Доспамбет). Осындағы әрбір айкындау (эпитет) жорықтарда жортар ереуілге мінер, ерлер  атының - сан қилы сайгүліктер мен дүлдүл тұлпарлардың түсі мен сапасын айқындап көз алдымызға көп суреттер әкеледі. Айталық, Асан қайғы жолдарынан жер-су баспайтын ереуіл аттарын елестетсек, Ер Шобандағы ақ табан ару торы мен суын түсті жүйріктің, Жиембеттегі қыналы боз бен Доспамбет, Ақтамберділердегі тұмар мойын мен торы төбел аттардың саф арғымақ, «екі талай күндерде, ерлер жортып күн көрген» әрі жүйрік, әрі тұлпарлар екенін сезінгендей боламыз. Бір топ эпитеттер батыр, батыр арманы, оның құрал-жабдықтарын айқындай түседі: «жағасы алтын, жеңі жез, шығыршығы торғай көз сауыт киер ме екенбіз?! Қоңыраулы найза қолға алып, қоңыр салқын төске алып, қол қашырар ма екенбіз?! Жалаулы найза жанға алып, жау қашырар ма екенбіз?!» (Ақтамберді), «Жиынымның ішінде... суырылы; шабар батыр бар» (Ер Шобан), Толғамалы ақ балта толғап ұстар күн қайда?! Алты құлаш ақ найза, ұсынып шаншар күн қайда?! (Доспамбет). Бірқатар айқындаулар (эпитеттер) табиғи орта, табиғат құбылыстарына байланысты беріледі: «Қарабас күспен шалдырып, Көк теңіздің үстінде, Көтеріп желкен аштырып, ...Жүк тиеттің кемеге», «Кендір баулы ақ желкен көк теңіздің жал толқынға жектірдің», «Ақ ала таудың алдында, Ақ ала жылқы жусайды», «Шағырмақ бұлт жай тастар, Ақ желкенді жел бастар», «Арқаның құба жонында, Арыстан ойнар шарқ ұрып», «Жапалақ ұшпас жасыл тау», «Ағарып атқан таңды деп, Шолпанды шыққан күнді деп», «Айналайын Ақ Жайық, Ат салмай өтер күн қайда?», «Қоғалы көлдер құм сулар, қоныстар қонған өкінбес» (Доспамбет), ара судың бетінде сығылып аққан сең едің». Эпитеттердің бір тобы жан-жануарлар дүниесіне орай кездеседі, оларды нақтылай, айқындау арқылы ақын, жыраулардың негізгі ойын аша түсуге қызмет етеді: «жалп-жалп ұшқан жапалы, жазыда кімге жолдас болмаған», «Көк қоянның қос қанатын тұндырған», «көгілдірдің жез қанатын сындырған», «Ақ киіктің шабар жері майдан-дүр», «Жез қарғық құба арлан», «Сақалына сары   шіркей   ұялап,   миығына   қара   шыбын   балалап» (Шәлгез), «қара бұлан терісін етік қылар күн қайда?», «Торы төбел ат мініп» (Доспамбет), «Шолақ байтал қақбасқа аз ба деді», «Көк атты құдай алған менен көріп, балаңды жатырсың ба қырайын деп»  (Көтеш) [4,23б]. Эпитеттердің бірсыпырасы өмір, мекенжай, тұрмыс-тіршілік көрінісі, көшпелі өмірге тән әрқилы этнографиялық жайларды айқындай түседі: «Салп-салпыншақ анау үш өзен, салуалы менім ордам қонған жері (Қазтуған), «Зерлі орындық үстінде, Ақ шымылдық ішінде Тұлымшағын төгілтіп, ... Ару сүйдім өкінбен», «...Ақ білегін жастанып», «Еңсесі биік боз орда, еміне кірер күн қайда?» (Доспамбет), «Еңсесі биік боз орда, салтанатқа орнатқан», «Омырауы жұпарлы, исі жұпар аңқыған... Ардақтап сүйген бикешің», «Қыздарға қызыл ала тон кигізіп, Қырмызыға малдырып, көшке жорға мінеді» (Бұқар), «Жасында оймақ ауыз сұлулардың, өзгертіп бұл кәрілік алар түсін» (Шал ақын), т. б. Ақын, жыраулар мұрасында эпитеттер кейде бір шоғыр түйдек күйде де кездеседі://Жазық маңдай, жалқын шаш, /Құбаған мұрын, қиғаш қас, /Қызарыдан көйлекті, /Еңінде семсер ақ тісті,/Мойнында дан алқалы күмісті, /Жарыменен екеуі,/Жатып тілек тілесе, /Қыдыр күнге жолығар (Шәлгез) [1,35б].// Ақын, жыраулар мұрасындағы көркемдік тәсілдерді қарастырғанда назар аударатын бірқатар айқындаулар бар. Мысалы, «салп-салпыншақ анау үш өзен». Шәлгез қолданған осы эпитет халық өлеңдері мен эпостарда да, не Шәлгезден кейінгі ақын, жырауларда да кездеспейді. Бұл Шәлгездің өзіне ғана тән түр. Ал, үш өзенге айқындама беріп тұрған «салп-салпыншақ» үлкен арнаның тарам-тарамы, сала, бұтағы деген ұғымды әдемі жеткізеді. Сондай-ақ, Асанда «Айсылдық ару Әметі тұрғанда», Ер Шобанда, сол дәуірге жататын авторы белгісіз жырларда «ақтабан ару торы ат», «арғымақ ару атлар» деген тіркестер кездеседі. XVII ғасырдан бергі поэзиямызда ару, сұлулық белгісі ретінде әйелдерді суреттегенде ғана қолданылады. Ал, келтірілген мысалдарға қарағанда, XV-XVII ғасырларға тән жырларда жүйріктік, сұлулық, кісілік сипатындай азамат ерлер мен арғымақ аттарды бейнелеуде де қолданылатындығын аңғарамыз. Ақын, жыраулар «боз» деген айқындауды бірқатар тұстарда пайдаланады: «Боз жусан» (Асан қайғы), «Боз сазаны тоқтыдай» (Қазтуған), «Боз мойынды сұр үйрек» (Бұқар), «Еңсесі биік боз орда» (Доспамбет), «Қыналы бозға мінген ер» (Жиембет), «Еңсесі биік боз орда» (Бұқар). Ақын, жыраулар мол қолданған эпитеттердің бірі - «ақ»: «Ақ мамығын таранған», «Аппақ мәрмәр інжіні» (Асан қайғы); «ақ желкен», «ақ қағаз», «ақ ала тау», «ақ ала жылқы», «ақ киік» (Шәлгез); «Ағала ордам қонған жұрт» (Қазтуған); «ақ білегін жастанып», «ағарып атқан таңды деп», «Ақ Жайық», «ақ балта», «ақ найза», «ақ шымылдық» (Доспамбет); «Ақ табан ару торы ат» (Ер Шобан); «Ақ кірпіш тас, суда бар» (Бұқар); «ақша бет» (Шал ақын).  Қазақ халқы ұғымында «ақ» ең қалаулы түс, қасиеті ұғым. «Ақ ана», «ақ сүт», «ақ бөпе», «ақ бесік», «Ақ  Еділ», «Ақ  Жайық», т. б. халық ең сүйікті, нағыз қадірлі ұғымдарына ғана «ақ» айқындауын қосып айтады, Жаны, ары таза адамды «ақ адам» атайды. Қазақ халқы дүние тұтқасы, барлық тіршіліктің бесігі, адамзат өмірін өрбітуші ананы «ақ ана» дейді, оның махаббат-мейіріммен, іңкәрлік сезімімен қайнар бұлақтай құйылған тіршілік нәрін — «ақ сүт» атайды, мал шаруашылығын күнкөріс тірегі еткен халық аналық малдың ақ сүтінен пайда болған сұйық тағамдарды қастерлеп «ақ» атайды. Міне, «ақ» айқындауының арғы тегі сайып келгенде пәк – таза деген ұғыммен байланысты.

          

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Бес ғасыр жырлайды. М. Мағауин, М. Байділдаев. 1 т. Ал.1989.-383б.

2. Мағауин М. Ғасырлар бедері. -Алматы: Жазушы,1991.-430б.

3. Сыдықов Қ. Көркемдік өрнектер. -Алматы, 1992. -178б.

4. Қабдолов З. Сөз өнері. -Алматы, 1983. - 454б.

5. Байтұрсынов А. Ақ жол. - Алматы, 1991. - 464б.