Құлабаев Н.Ж.

аға оқытушы

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Қазақстан, Қостанай қ.

 

МҰРАТ АҚЫН ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ЖЕР ТАҒДЫРЫ МӘСЕЛЕСІНІҢ ЖЫРЛАНУЫ

 

ХІХ ғасырда қазақ жерінің күштеп алына бастағаны туралы көркем деректі орыс отаршылығының алғашқы кезеңінде өмір сүрген Мұрат, Дулат, Шортанбай сынды ақындар шығармаларынан кездестіреміз. Аталған ақындар өмір сүрген шақ - «...қазақ елінің Ресей патшалығында бұратана боп, түгел бағынған, тәуелді кезі. Екі ғасырға созылған отарлау саясатын аяқтай келген патшалық – қазақ қоғамын мүлде өзгертіп, оның байырғы жағдайын, үйреншікті тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімін, салт-санасын бұзып жатты. Тәуелді елдің билігі де, отарлардың өз қолындағы жер-су, мал-мүлікке қожалығы да бірте-бірте тежеле түсті. ...Өзен, сулар мен орманды ну өлкелердің, ата қоныстың қолдан біржола шығып кетуі – заманындағы үлкен қасірет»  [1, 136] еді.

Алаш қайраткері Х. Досмұхамедұлы М. Мөңкеұлы шығармаларының тарихи және деректік құндылығын: «Қазақтың тарихын жазған адам Мұрат секілді ақындардың сөзін елеусіз тастай алмайды [2, 103]..., ...Мұрат өлеңдерінде патша хүкүметінің қазаққа жұмсаған саясаты айқын байқалады. Хүкүметтің жақсы жерлерді тартып алғаны, ел қамын жегендердің қуылғаны, өлтірілгені анық айтылады» [2, 104],  деп дұрыс атап көрсетеді де, ақын өмір сүрген кезең суретін: «...Қазақ елі елдігінен айырылып, «штатқа» көніп, нағыз болдырып тұрған кезде Мұрат өмір сүрді. Мұраттың заманы – бостандық үшін «егескен ердің бәрі жер тіреген» заман. ...қазақтың бұрынғы кең қоныстан, сүйкімді әдеттен, еркін салттан айырыла бастаған заманы»  [2, 103] – деп сипаттайды. 

Халел Досмұхамедұлы өзінің «Аламан» атты хрестоматиясына енгізген Мұраттың «Үш қиян» атты өлеңі «ел аштыққа көніп, елді оязной, болыс, ауылнайлар билей бастағанда заманның түріне айтылған» [2, 106]. Ақынның бұл ұзақ өлеңінің негізгі мазмұндық желісі жерді сақтап қалу мәселесін көтереді. Өлең: Заманнан заман оралған//Дүние шіркін соны алған,//Адыра қалғыр, бұ қоныс//Қайырсыз екен азалдан. [2, 106] – деп басталады да, заманында Орақ, Мамай, Телағыс, Асан Қайғы, Қазтуғандар өткен ата қоныстың «адыра қалып», жат жайлағанын жаны күйзеле жыр етеді. Қаруы озық орыс патшалығының қалың әскеріне қайран қыла алмаған алмас қылышты ерлердің заманы өтіп бара жатқандығын күйіне мойындайды: Тұлпар мініп ту алған,// Дұшпанын көріп қуанған,// Алмасын қанға суарған// Аруақты ерлердің//Абыройын төккен жер [2, 106].

Немесе, Орта бойын сырлаған,//Оқ жаңбырдай жауған жер.//Мұсылманның басынан//Дәреже қайтып ауған жер [2, 109].

     Мұрат ақын құнарлы жерінен айырылған алаш азаматтарын заман ауанын дер кезінде аңғара білуге үндейді, жер тағдыры ел тағдыры екенін баса айтып, «Еділді тартып алғаны – Етекке қолды салғаны,//Жайықты тартып алғаны – Жағаға қолды салғаны,//Ойылды тартып алғаны – Ойындағысы болғаны...» - [2, 109] деп, ұлт тағдырындағы трагедиялық кезеңдер шындығын ашы бедерлей отырып, намыс қайрауға шақырады.

  Х. Досмұхамедұлының аталмыш хрестоматиясына Мұрат ақынның «Сарыарқа» деген өлеңі кірген. Өлеңнің шығу тарихы жайлы құрастырушы қоян жұтынан кейінгі үлкен бір тойда беріш Мұратқа тойбастар бергісі келмеген адайларға «ызаланып, жиылған көптің ішінде тұрып Мұрат осы «Сарыарқа деген өлеңді қоя берген» [2, 113] деп түсініктеме береді. Дегенмен, «Сарыарқа» өлеңінде Мұраттың адайларға айтқан руаралық реніш-өкпесінен көрі, қазақтың шұрайлы жерлері бірінен кейін бірі тізіліп жат қолға өтіп жатқан шытырман заманның шері басым. Ақын уыстан шығып, көзден бұлбұл ұшқан қазақ қоныстарын еске салып, зарлайды; намыс оятар сөз айтып,  жалғыз рудың, жалқы қазақтың ғана емес, алты алаштың мұңын айтып, түркілік деңгейдегі мәселе көтереді. Еділ бойы мен Сарытау (Саратов), Аштархан (Астрахань) жерлерін мекендеген түркі тектес халықтардың еріксіз жерінен айырылғанын, басына отарлық қамыты киіліп, тұрмысы тарылғанын ашына жырлайды: Әуелі жеңіп орыс Еділді алды,//Сарытау, Аштарханның жерін алды.//Артынан Еділден соң Нарынды алды.//Тоғайдың ағаш, қамыс, талын да алды.//Аржақтан Қайыпалды, Науша қашып,//Тарлықтың сонан бәрі қаптағаны.//Тәмемі су мен нуды орыс ұстап,//

Қазақтың мұнан жұтап шалынғаны.//Қуалап Исатайды өлтірген соң,//Заманның сонан бері тарылғаны [2, 114].

Қазақ даласы Ресей құрамына өте бастаған тұстағы заман өзгерістерін ұлттық мүдде тұрғысынан сынап, шығармашылығына арқау еткен ақынның бірі – Дулат Бабатайұлы. «Дулат поэзиясына тән ...ерекшелік - өзіне дейінгі қазақ поэзиясында болмаған тақырыпты – патша өкіметінің қазақ халқын езгіге салуын, қанауын сөз етуі» [3, 179].

1824 жылы қазақ даласына Ресей патшалығы бекіткен әкімшілік билік жүйесі ендіріліп, хандық билік біржола жойылды. Қазақтың қолынан билік құқығы кетіп, өзін-өзі билеуден қалды. «Түгелдей алғанда қазақтан шыққан ел билеушілердің билігі шектеліп, ақ патшаның үстемдігі әбден күшейді. Ел жақсы қонысынан, жайлауынан айырылып, ығыстырылды. Дулат міне осы бір жаңа тарихи кезеңнің жыршысы, елдің еркіндігін шектеген отаршылдықтың сыншысы, елдіктің, қолдан шығып бара жатқан еркіндіктің жоқшысы, жаршысы болды» [3, 218].

«Кенесары» атты өлеңінде Дулат ақын ұлт азаттығы жолында басын құрбандыққа тіккен Кенесары ханның орыс отаршылығына қарсы жүргізген күресі жеңіліс тапқаннан кейінгі қилы заманға тап келген қазақ халқының кейпін сипаттайды. Хан аузына қараған қазақтың заң алдына тартылған тағдырының тәуелділік таразысына түсіп, дүние шыр айналғандай болған тұстағы халықтың ауыр тұрмысы мен абыржулы аңырған қалпын ақын: Абылай туы жығылды,//Қабырғаң қазақ сығылды.//Үріккен қойдай біріне//

Бірі келіп тығылды [3, 49] – деп шынайы бейнелейді. Кенесарыны желеу етіп бейбіт далаға аш бөріше тиген орыс әскерлерінің ел арасындағы сойқан қылығын бүкпе-бұлтақсыз дәл де батыл айтады:Жазықсыз майыр шығарып,//

Жау қарасы көрінді,//Қабындап басты жеріңді,//Кетпенсіз-ақ қаздырды//Өзіңе өз көріңді.//Хан сарқыты – Кене хан//Қан жорық боп қаңғырды [3, 127].

Хандық дәуірдегі кеңшілік заманның куәсі болған ақын хандық билік жойылып, ел билеудің әкімшілік жүйесі орныққан  жаңа кезеңді ел рухына кесел қонып, кең дүниенің тарылған тұсы ретінде қабылдайды. Мынау азған заманда//Қайран қазақ, қайтейін,//Қасиетті еді хан, қараң.//Мынау азған заманда//Қарасы антқор, ханы – арам,//Батыры көксер бас аман... [3, 41] –

деп, бұрынғы заман ханының қасиеттілігін, қарасының адалдығын, батырының көзсіз жүректілігін аңсайды. Билігі жатқа қараған жалтақ заманның «арам ханы» мен «антқор қарасына», «бас амандық көксер батырына» көңілі толмайды. Ел мүддесін ойлаудан кетіп, билігін қорып жан сауғалаған «бұлы жоқ бейшара» болыстардың бетегеден биік, жусаннан аласа мүшкіл қалпын мысқылдап, әжуа етеді: Тау басында болыс тұр,//Кәпір сөзін мақұлдап.//Бейшараның бұлы жоқ//Қорыққаннан қақылдап [3, 41].

Дулат ақын шығармаларында көтерілетін мәселелердің бірі – жерді сақтап қалу мәселесі. Ақын орыс патшалығының ішкі Ресей тұрғындарын қазақтың шұрайлы мекендеріне көшіру, қоныстандыру саясатына түбегейлі қарсы.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.     Сүйіншәлиев Х. ХІХ ғасыр әдебиеті. ЖОО филология факультеттері

студенттеріне арналған оқулық. Алматы: «Ана тілі», 1992.

2. Досмұхамедұлы Халел. Аламан. Құрастырушылар – Ғ. Әнесов, А. Мектепов, Ш. Керімов. Алматы: «Ана тілі», 1991.

3. Бабатайұлы Дулат. Тұнық тұма. Өсиетнама: өлеңдер мен дастандар (1 кітап). Құрастырған Қ. Раев. Алматы: «Раритет», 2002.