Кикілжің психологиясының даму тарихы

 

Байбекова Мадина Махмудхановна, Елғонова Майра Темирхановна

пс.ғ.к., ХГТУ, Шымкент қ., Қазақстан Республикасы

магистрант, ОҚПУ, Шымкент қ., Қазақстан Республикасы

 

Зерттеушілердің анықтауынша XXI ғасыр адамзат алдына екі таңдау ұсынады: бірі - бұл Ғасыр конфликтология ғасыры болады, екіншісі – адам тарихы дамуында маңызды ғасыр болады.

Қазақстан – бүгінгі күні демократиясы дамыған өркениетті елдер қатарына бағыт ұстап отыр. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев ұсынған жолдауында еліміздің болашағы жастар, бүгінгі мектеп оқушылары екендігі айтылады. Бүгіннен бастап олардың бойына ұлттық рухты сіңіре отырып, Отанымыздың шынайы патриоттарын, мәдениетті білімді, парасатты, бауырмал, ізгі ниетті, адал азаматтарын, әрі коммуникативті қабілетті жастарды тәрбиелеу керек екендігін ескертеді. Қарым-қатынас мәдениетін игеруде кикілжің жағдайларының қазіргі таңда орын алуы өзекті мәселелердің бірі.

Кикілжің жайлы идеяларды жинақтау дәстүрінің көп ғасырлық тарихы бар. Кикілжің жайлы алғашқы ғылыми тұтас тұжырымдар XIX -XX ғасырда пайда болды, бірақ кейінгі жылдары да осы феноменнің табиғаты жайлы жазып отырды.

Алғашқы адамдық қоғамдастықтармен қатар пайда бола отырып, кикілжіңдер күнделікті құбылыс ретінде түсінілді және ұзақ уақыт бойы ғылыми зертету объектісі бола қоймады.

Антикалық дәуір біздерге соғыстың бөлшек-бөлшегін суреттеді. Сөйтіп кикілжіңнің алғашқы бағаларын берді. Орта және Жаңа ғасырда бұл құбылыстың мәнін түсінуге алғашқы қадамдар жасалды. Бір топ ойшыл-гуманистер кикілжің жайлы, оның адамзат өміріне зиян келтіретіндігі туралы және соғысты болдырмау, бүкіл әлемде тек бейбітшілік орнауын аңсап, өз ойларын білдірді.

А.Я.Анцупов, А.И.Шипиловтар  көрсеткендей-ақ, Антикалық  дәуірде кикілжің проблемасын Платон, Эпикур, Цицерон сияқты ұлы ойшылдар мен философтар қарастырды. Мысалға, Платон соғысты кикілжіңнің бір түрі, ұлы зұлымдық деп білді. Оның айтуынша, қай бір кезеңде "алтын ғасыр" кезеңі болған, онда "адамдар бір-бірін жақсы көрген, әрі бір-біріне өте қайырымды болған" /1,11/

Философ-материалист Эпикур адамдардың бір-бірімен бейбіт өмір сүруін қалады. /2,11/

Цицерон жасалған зұлымдық үшін, елден жауды қуу үшін жүргізілетін соғысты "әділ және қайырымдылық соғысы" деп бағалады. /3,12/

Орта ғасырларда, А.Я.Анцупов пен А.И.Шипиловтың пікірлерінше, бұл проблема жөнінде Ф.Аквинский, Н.Макиавелли, Ф.Бэкон, Т.Гоббс тағы басқа зерттеді. Фома Аквинский қоғам өмірінде соғыстың болатындығын айта келіп, әділ соғыстың тағы бір шартын анықтады: ол үшін мемлекеттік үкімет тарапынан санкция жүзеге асуы тиіс. Дегенмен, оның пікірінше, соғыс пен зорлық-зомбылық күнә болып табылады.

Әлеуметтік кикілжіңдерді алғаш рет жүйелі талдауға қадам жасаған Николла Макиавелли болды. Ол  кикілжіңді кейбір топ адамдарының үнемі және шексіз материалды байлыққа ұмтылу шарасы ретінде қолданылатындығын айтты. Әрі ол  кикілжіңді тек бұзушы емес, біріктіруші функция да атқарады деді. Кикілжіңнің  жағымсыз ролін азайту үшін, оған дұрыс әсер ете білу керек және бұл қызметті мемлекет атқару керек, деді ойшыл.

Ф.Бэкон бірінші болып ел ішіндегі әлеуметтік кикілжіңдердің себептер жүйесіне теориялық талдау жүргізді.

Томас Гоббс кикілжіңнің басты себебі теңдікке ұмтылу деп білді.

Жаңа кезеңде, зерттеушілер пікірінше, кикілжің проблемасын А.Смит, И.Кант, Ч.Дарвин тағы басқалар қарастырды. /1,13/.

А.Смит кикілжіңді көп деңгейлі әлеуметтік құбылыс деп білді. Ол кикілжіңнің негізінде қоғамды топтарға (капиталист, жұмысшылар, жер иеленушілер) бөлу және экономикалық бәсекелестік жатыр деді.

Иммануил Кант бейбіт, тыныштықты орнату қажеттігін атап көрсетті. /1,14/

Ч.Дарвин ілімінде өмір сүру үшін күресу проблемасы басты орын алды. Оның биологиялық эволюция теориясының мазмұны "Табиғи сұрыпталу жолымен түрдің пайда болуы, немесе өмір сүру үшін түрдің сақталуы" деген кітабында баяндалған.   Бұл   жұмыстың басты идеясы – өмір сүру үшін үнемі күресу  барысында тірі табиғаттың дамуы, міне бұл бейімделген түрдің табиғи механизмін құрайды.  Әрі  қарай  да Ч. Дарвин көзқарастары кикілжің   туралы  кейбір  социологиялық   теорияларда  өз  жалғасын тапты.

А.Я.Анцупов пен А.И.Шипилов шетелдік конфликтологияны зерттеуді шартты түрде екі кезеңге бөледі: XX ғасырдың басы – 1950 жылдары; 50-ші жылдардың аяғы – қазіргі уақыт /1,14/.

Авторлар пікірлерінше, бұлай бөлуге кикілжің проблемасын бірқатар өзгелерден ерекшелеп бөліп алу дәрежесі себеп болады. Бірінші жарты ғасырда кикілжің жеке зерттеу объектісі бола қоймады, тек кең тұжырымдардың құрамдас бөлігі ретінде қарастырылды. (мысалы, психоанализ немесе социометрияда). Психологтарды кикілжің салдары, кейде салдарға жеткізетін себептер қызықтырды, ал басты нәрсе – кикілжің назарға ілінбеді.

А.И.Данцов, Т.А.Полозава авторлары көрсеткендей-ақ, 1950-1960-шы жылдары психологтардың ғылыми қызығушылығына айналған зерттеулер пайда бола бастады. /5,23/.

XX ғасырдың I-ші  жартысындағы  шетелдік психологиялық  зерттеулерден А.Я.Анцупов пен А.И Шипиловтар келесі көзқарастарды бөліп көрсетті.

• Психоаналитикалық көзқарас – 3.Фрейд. Ол адамдар арасындағы кикілжің туралы бірден-бір тұжырымды құрды және санадан тыс аумағындағы тұлғааралық кикілжіңдер себебін іздеу қажеттігін көрсетті. Әрі қарай К.Харни, Э.Фромм,   Г.Салливендер кикілжіңнің табиғатын түсінуді кеңейтті, оған әлеуметтік контекст енгізді. Мысалы, Карен Харни индивид пен оны қоршаған айнала арасындағы кикілжіңнің басты себебі жақын адамдар,    әсіресе ата-аналар тарапынан қайырымдылықтың жетіспеушілігі деп білді.

• Социотропты көзқарас. Бұл тұжырымды құрушылардың бірі У.Мак-Дугалдың пікірінше, қоғамдағы кикілжіңдерден қашып құтыла алмайсың, және адамдарға қорқыныш, өзін-өзі бекуі сияқты әлеуметтік инстинктер тән. Олар тұқымқуалау арқылы беріледі, сондықтан да адамдар үнемі кикілжіңге түседі.

Ч. Дарвин іліміне сүйене отырып, инстинктің өмір сүру үшін күресуін адамзат қоғамына да қолданды.

• Этологиялық бағыт. (көзқарас). Осы бағыт бойынша жұмыс істеген Конрад Лоренц бірінші рет әлеуметтік кикілжіңдер себебі индивид пен топ-бұқараның агрессивтілігі деп болжам айтты. Оның пікірінше адам мен жануарларда агрессивтіліктің пайда болу механизмі бір типтес, ал агрессия – тірі ағзаның үнемі қалпын білдіреді.

• Топтық динамика проблемасын зерттей отырып, Курт Левин мінез-құлықтың динамикалық жүйесі тұжырымдамасын құрды, ол индивид пен орта арасында теңсіздік бұзылуымен түсіндірді, бұл теңсіздік кикілжің түрінде болады деді. К.Левин кикілжіңдерді шешу жолдары ретінде жеке адам мен индивидтер өзара әрекеттестігі құрылымы араларының мотивациялық тұрғыда болуын ұйымдастыра отырып,  шешуді айтты.

• Фрустрациялы-агрессивті тұжырымды  К.Доллард және бір топ психологтар 3.Фрейд пен  К.Левин еңбектеріне сүйене отырып жасады. Бұл тұжырымда кикілжіңдердің биоәлеуметтік себебі – индивидтің агрессивтілігі мен әлеуметтік себеп – фрустрация интеграцияланады, яғни қосарланып түсіндіріледі. Агрессия әр кезде фрустрациядан кейін жүреді, ал агрессивті мінез-құлық жағдайлары фрустрацияның болуын білдіреді.

• Мінез-құлықтық бағыттың өкілдері Арнольд Басс кикілжіңдер себебі ретінде адам биологиясы, оның тума қасиеттерінен және осы сапаларды өзгертетін әлеуметтік айналадан іздеді.

• Якоб Марено социометрия теориясын жасаған ғалым тұлғааралық   кикілжіңдер адамдар арасындағы эмоционалды қарым-қатынастар қалпымен анықталады деді. Ол барлық кикілжіңдерді адамдардың эмоционалды ұнатуларына сәйкес адамдарды таңдауы арқылы шешуге болады деді.

• Д.Мид, Т.Шибутани, тағы басқа негізін қалаған интеракционистік бағыт   кикілжіңдерді әлеуметтік өзара әрекеттестік процестерінде жасырын байқалады деп түсіндірді. "Индивид – орта" қарым-қатынастарында пайда болған түсініспеушіліктер кезінде субъект ішкі дисгармонияны сезіне бастайды. Осы дискамфортты жоюға ұмтыла отырып, индивид ортаға бейімделуге арналған белсенді әрекеттер орындай бастайды. Осы бейімделу барысында кикілжіңдер пайда болады.

• Трансактілі талдау теориясы. Бұл теорияны психоанализ бен интеракционизм идеяларының синтезі негізінде Эрик Берн құрды. Э.Берн пікірі бойынша жеке адам өз құрылымына үш қалыпты: "бала" (спонтанды эмоциялар, бастан кешулер), "ата-ана" (стереотиптер, нанымдарға тартылыс), "ересек" (өмірге деген рационалды және ситуативті қатынас). Адамдардың өзара әрекеттестігі барысында трансакциялар жүзеге асады. Егер де қиылыспайтын трансакция жүзеге асса, онда ол кикілжіңсіз қарым-қатынасты қамтамасыз етеді. Ал қиылысқан трансакция қарым-қатынас процесінің бұзылуы туралы белгі береді және кикілжіңге әкеліп соғуы мүмкін.

Қазіргі уақытта келесі авторлар пікірінше, шетелдік психологияда кикілжіңді зерттеу келесі бағыттар бойынша жүреді: /1,65/

1. Теориялы-ойындық. Берілген бағыттың өкілдерінің бірі М.Дойч кикілжің жағдайдағы негізгі міндет, өзара әрекеттестіктің керемет ерекше схемасын   құру, ал кикілжіңнің өзі мүшелердің мақсаттарының сәйкессіздігі негізінде дамиды. Кикілжіңсіз өзара әрекеттесу негізінде ойындар жатыр, мысалы "тұтқын дилемасы".

2. Р.Блейк, К.Томас пен Дж.Мутондар жасаған ұйымдасқан жүйелер теориясы ойын теориясының баламасы және оның шешімдері сынының   нәтижесі   ретінде   пайда   болды.   Бұл   зерттеу бағдарламасы   адамдардың  шынайы   өмір  жағдайларындағы кикілжіңді,   мінез-құлықтық  сезімдерін   зерттеуге  бағытталған. Тұжырымдама   авторлары   мінез-құлықтың              5 стратегиясын анықтайды: икемделу, қашу, бәсекелестік, келісім (компромисс), бірлестік.

3. Келіссөз  процесінің  теориясы  мен  практикасы. 1960-70-ші жылдары келіссөз  процесін  зерттейтін  дербес  бағыт  қалыптаса  бастайды.  Қазіргі уақытта   келіссөз   процесінің  тәжірибесі  қолданбалы  психологияда   болашағы   үлкен    ерекше    бір    бағыт    ретінде    қарастырылады. 1960 жылдардан   бастап   осы   уақытқа   дейін   біршама   құнды   нәтижелері  алынды.    Кикілжің жағдайда топтық мінез-құлықты тәжірибелік зерттеудің керемет үлгісін М.Шериф жүргізді. Ойын үлгісінде кикілжіңдегі түрліше әрекет нұсқаларын  Д.Ропопорт, Р.Доз, Л.Томпсондар зерттеді. Кикілжің жағдайда адамдардың мінез-құлқының бес түрлі типін ерекшелеп бөлген К.Томастың зерттеулері кикілжің психологиясын жасауда елеулі үлес қосты, әрі ол адамның осы типтердің біріне бейімдігін анықтауға көмектесетін тест әдістемесін жасады.

Осылайша, адамзат эволюциясында кикілжіңдерді зерттеудің айтарлықтай дәстүрлі жинақталған. Тәжірибе жүзінде кикілжің жағдайларын шешудің түрлі тәсілдерін қолданылады. Адамдар бірте-бірте кикілжіңді алдын-ала ескертуге немесе оны бастапқы кезеңінің  өзінде-ақ шешуге көбірек ұмтылуда.

 

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Анцупов А.Я., Шипилов А.И. Конфликгология. - М, 1999, с 5.

2. Донцов А.И., Полозова Т.А. Проблема объективных детерминант межличностного конфликта в группе. - М, 1982. С. 23-32.

3. Анцупов    А.Я.,    Шипилов    А.И.    Проблема    конфликта: аналитический обзор, междисциплинарный библиографический указатель. - М, 1992. - с. 27.