Қабул О. Қ.
аға оқытушы, гуманитарлық
ғылымдар магистрі
А.Байтұрсынов
атындағы Қостанай мемлекеттік университеті
Қазақстан,
Қостанай қ.
ҚАЙТА ҚҰРУ
КЕЗЕҢІНДЕГІ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫ
Халықаралық аренада КСРО
басшылығы жаңа бағыт ұстанып, өздерінің
қауіпсіздігі басқа елдердің қауіпсіздігі мен
мүдделеріне байланысты екенін байқата бастады. М.Горбачев
өзінің көптеген сөздерінде Кеңес
Одағының сыртқы саясатындағы жаңа принциптерімен
таныстырды. Ол бойынша КСРО дүние жүзіндегі барлық
мемлекеттермен саяси, экономикалық және мәдени
қатынастарды дамыту қажеттілігі ашық көрсетілді.
Сонымен қатар бұрынғы сыртқы саясаттағы
жіберілген қателіктер, оның ішінде Югославия және
Қытайға байланысты мойындалып, аймақтық
жаңжалдарды бейбіт түрде шешу керектігі дәлелденді.
Осыған орай әскери шығын азайтылып, кеңес
әскерлерін Ауғанстаннан шығару туралы мәлімдемелер
жасалды. 1988 жылдың желтоқсан айында М. С. Горбачев
БҰҰ-ның Бас Ассамблеясындағы баяндамасында КСРО
сыртқы саясатының жаңа концепциясымен таныстырды. Ол бойынша
таптық позициядан гөрі жалпы адамзаттың мүддесі бірінші
орында болатындығы көрсетілді және мемлекеттер
арасындағы қатынастарға идеологиялық
айырмашылықтар кедергі жасамау керектігі айтылды. Бұл концепцияны
іске асырушылардың бірі 1985 жылы КСРО сыртқы істер министрі
қызметіне тағайындалған Э.Шеварднадзе болды. Осы кездегі
Кеңес үкіметінің халықаралық аренадағы
жүргізе бастаған саясаты мемлекеттердің араларындағы
мәселелерді дипломатиялық жолмен шешіп тұруды және
«қырғи қабақ соғысты» тоқтатуды
көздеді [1].
1985 жылы Женевада және 1986
жылы Рейкьявикте М.Горбачев пен Р.Рейган кеңес-американ
келіссөздерін жүргізіп, сондағы қабылданған
маңызды құжаттарда «ядролық соғысқа
тосқауыл қою керек, өйткені онда женімпаздар болмайды» деген
шешімге келді. Осы кездесулерде екі державаның араларындағы
саяси-экономикалық қатынастарды кеңейту туралы келісімдерге
қол қойылды.
Жаңа саясаттың белгісі
ретінде Кеңес үкіметі ядролық қаруды сынауға
мораторий жариялады. Сонымен қатар КСРО-ң Еуропалық
территориясында орта радиусты ракеталарды орналастыру тоқтатылды.
Шығыс Еуропадан кеңестік әскери техниканың бір
бөлігі шығарылып, ондағы әскерлердің саны 500
мыңға азайтылды.
Ал әскери өндірісте
конверсия басталып, қорғаныс саласындағы кәсіпорындар
бейбіт өнімдер шығаруға көшті. Халықаралық
аренада және Біріккен Ұлттар Ұйымында қатты сынға
ұшыраған Кеңес үкіметі Ауғанстандағы
соғысты тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл
соғыста кеңес әскерлерінің 15 мыңнан астамы
қаза тауып, 37 мыңға жуығы жараланды. 1979 жылдың
аяғында Кеңес Одағы өзінің әскерлерін
Ауғанстаннан толық шығарды .
Сыртқы саясаттағы
жаңа концепцияны іске асыру КСРО-ң ішкі мәселелерін шешуге
белгілі дәрежеде әсер етті. Өйткені жанталаса қарулану
шектеліп, әскери-өнеркәсіп комплексіне (ВПК) қаржы
бөлу азайтылды. М.Горбачев пен Э.Шеварднадзенің осы қадамдары
халықаралық аренада толық қолдау тапты. Кеңес
халықтарының да көпшілігі бұл саясатқа
түсіністікпен қарады. Бірақ әскери және
сыртқы саясат ведомстваларындағы көптеген қайраткерлер
жаңа бағытты қолдағысы келмей бұрынғы
«қырғи қабақ соғысты» жалғастыруға
шақырды. Бұл қайраткерлер бейбітшілік саясатын
түсінгісі келмей, халықаралық аренадағы
мәселелерді тек әскердің күшімен шешуге болады деген
позицияларынан қайтпай реакциялық күштердің
қатарына қосылды.
Осы кезеңде КСРО және
Шығыс Еуропа мемлекеттерінің саяси-экономикалық
қатынастарында күрделі өзгерістер болып жатты. Шығыс
Еуропа мемлекеттеріндегі экономикалық және саяси дағдарыс, билеуші
коммунистік партиялардың дәрменсіздігі бұл елдерде
оппозицияның күшеюіне әкеп соқты. Кеңес
Одағындағы жағдай және «социализмді жаңарту»
бағыты, оппозициялық күштердің белсенділігін
күшейтіп, олардың үкіметке қарсы саясатын айқындай
түсті. М.Горбачев билікке келісімен КСРО-ң Варшава шартына кіретін
одақтастарының ішкі жағдайына араласпай олардың
тәуелсіздігін сақтайтын саясат жүргізеді деген бірқатар
мәлімдемелер жасады. Осыған байланысты КСРО басшылығы
Шығыс Еуропа мемлекеттерімен саяси, экономикалық және
мәдени қатынастарды «қайта құру» саясатының
жаңа бағыттарына сәйкес жүргізуге тырысты.
Бұрынғыдай Мәскеуден міндетті түрде орындалатын
«нұсқау» беру тоқтатылды [2].
Бірақ «кеңестік
социализм» моделі бойынша өздерінде тоталитарлық тәртіпті
орнатып алған кейбір Шығыс Еуропа мемлекеттерінің басшылары
Кеңес Одағындағы «қайта құру» және
демократияландыру үрдістерін түсінгісі келмеді. Өйткені
олардың ең басты мақсаттары өздерінің бір кезде
Мәскеудің көмегімен алған коммунистік билігін сақтап
қалу және сол елдердегі демократиялық
қозғалыстарды басып тастау болды.
1989 жылы Варшава шартына кіретін
мемлекеттерде коммунистердің билігіне қарсы бағытталған
«Барқыт революциясы» басталды. Соның нәтижесінде Польша
еңбекшілерінің «Ынтымақтыстық» кәсіп
одағының басқаруымен коммунистер үкіметі
құлатылып, билікке демократиялық күштер келді. Осыдан
кейін ГДР, Болгария, Румыния және Чехословакиядағы
демократиялық қозғалыстар коммунистер билігіне қарсы
күреске шықты. Осы қозғалыстың ықпалымен
Югославия, Венгрия және Албанияда үкімет басына жаңа
күштер келді. 1989-1990 жылдардағы Шығыс Еуропадағы «Барқыт
революциясының» нәтижесінде осындағы коммунистік
үкіметтер бейбіт түрде (Румыниядағы
қақтығыстарды есептемегенде) биліктен кетуге
мәжбүр болды. Олардың орнына демократиялық
күштердің өкілдері келді. Осыған байланысты бұл
мемлекеттерде көптеген жаңадан құрылған партиялар
мен саяси ұйымдардың қатысуымен демократиялық
үкімет органдары құрылып, жаңа саяси ахуал
қалыптасты, экономикада нарықтық қатынастарға жол
ашылды.
1990 жылы көп уақыт бойы
КСРО басшылығының жасаған кедергілеріне қарамай неміс
халқының бірлікке деген ұмтылысы өте маңызды
нәтиже берді. 1961 жылы «социализм бастионы» ретінде орнатылған
«Берлин қабырғасы» қиратылып, Батыс және Шығыс
Германия өкілдері бірігу туралы шешім қабылдады. Осы кезде
Югославия басшыларының «ұлы сербтік» шовинистік саясатына
байланысты федерацияда ұлт-азаттық қозғалыс басталып,
Югославияның ыдырауына жол ашты [3].
«Қайта құру» жылдарындағы КСРО-ң
сыртқы саясаттағы жаңа бағыты көптен бері
дүние жүзін мазалаған және қауіптендірген
«Қырғи қабақ соғыстың» аяқталуына зор
әсер етті. Осыған байланысты Кеңес Одағының
халықаралық қауымдастықпен орнатқан
қарым-қатынастары жоғарғы деңгейге жетті.
Әдебиеттер тізімі
1. Горбачев М.С. Қайта
құру мен жаңаша ойлау біздің ел үшін және
бүкіл дүние жүзі үшін. -Алматы: Қазақстан,
1988. -246 б.
2.
Барсенков А. С., Вдовин А. И. История России. 1938-2002: Учебное пособие / А.
С. Барсенков, А. И. Вдовин. -М.: Аспект Пресс, 2003. -335 с.
3. htt: // www.ng.ru./