УДК 37.035.6

жауынгерлік дәстүрлер және оның тәрбиелік мүмкіндіктері

 

Аға оқытушы Бекбосунов А.Қ.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Шымкент, Қазақстан

 

Халқымыздың жауынгерлік және ерлік тәлім-тәрбиелік мұрасының тарихы алыс ғасырлар қойнауынан басталады. Халықтың жоғалып кету қаупі бір сәт толастамаған сол кездерде де күнделікті қаракеті, тұрмыс салты елін, жерін, арын қорғауға бағытталған.

"Қазақтың көне тарихы" М.Қозыбаевтың "Жауды шаптым ту байлап" және т.б. ғылыми-тарихи зерттеулерді зерделей келе, қоғамымыздың даму заңдылықтарына сәйкес ұлттық жауынгерлік дәстүрлердің даму тарихын төмендегі кезеңдерге бөліп қарастырған дұрыс демекпіз.

VI-VII ғасырларда бабамыз Құлтегін заманынан бастау алған түркі халқының ерлік тарихы

Алтын Орда тұсындағы ерлік тарихының дамуы

"Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" заманындағы халықтың елін, жерін қорғаудағы ерлік тарихы.

Орыс патшасының отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыс тарихы

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлік тарихы

1986 жылғы Желтоқсан қозғалысы

Ұлттық жауынгерлік және ерлік тәрбиесінің бастау көзі көне түркі халқының ерлігінен басталады. Халқымыздың дана перзенттері Тоқсарыдан бастап, Құлтегін, Тоныкөктер артына ерліктің өшпес мұрасын қалдырды. Олардың жауынгерлік және ерлік тағылымдары туралы Н.Я.Бичуриннің "Көне замандардағы Орта Азияны мекендеген халықтар туралы мәліметтер жинағы", Л.Н.Гумилевтің "Байырғы түріктер", С.Г.Кляшторныйдың "Көне түріктердің руналық ескерткіштері және Орта Азия тарихы жөніндегі деректері", В.Б.Бартольдтың зерттеу еңбектерінде жақсы ашып көрсетілген. Аталған еңбектердің түркі тектес халықтар тарихын қайтадан қараған кезде үлкен тірек болары сөзсіз.

Осы жұмысты жазудағы менің мақсатым – қазақ халқының әскери өнері мен жауынгерлік дәстүрлерін таныстыра отырып, ерте замандардағы отан қорғаушылардың әскери өмірдегі айла-тәсілдері мен іс-әрекеттерін көрсету және қазіргі таңдағы жауынгерлерге деген көзқарас.

Әр халықтың өзіндік әскери дәстүрі, сарбаздар мен сардарлар үшін мемлекет билеушісі бекіткен арнайы заңдары, міндеткерліктері болады.

Жаугершілік заманда қазақтардың әскери қызметінің өзіндік ерекшелігі  болған. Әскери бағыныштылық – дала ережелерінің бастысы әрі маңыздысы еді, әйтсе де қазақтардың тұрақты әскері болмаған. Ал сырттан жау шапса, ру-тайпалық жасақтар дереу жиналып отырған, бұл жасақтарды ру басшысы басқарған. Әр жасақтың өз таңбасы, ұраны бар. Осындай тәуелсіз жасақтардан құрама бөлім – ұлыс қосыны құралады. Ұлыс әскерлерінің де өз туы, ұраны болады. Ал хан бірнеше ұлыстың біріккен әскерінің жоғарғы қолбасшысы болған.

Әскери бағыныштылық – хан ережелерінің ең бастысының бірі. Ал қаруланып жүру үлкен міндет есептелген. Мысалы, халықтық жиналыста қарусыз адамның дауысы есептелмеген, кішілер қарусыз келген үлкенге орын бермеген.

XV-XVII ғасырларда қазақ әскері оң қанат, сол қанат, орта тұсы ортада болып, ұрысқа түскен. Сондай-ақ олар әскери-инженерлік өнерді де қолдана білген. Мәселен, жаудан қорғану үшін мықты қамал тұрғызып, айналдыра ор қазып, оны сумен толтырған. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Жетісу қазақтары тау шатқалдарын берік қорғанысқа айналдырып, жауға тұтқиылдан соққы берген. Сонымен қатар, қазақ халқы ерте заманда инженерлік өнерді  кеңінен қолданған, бұл VI-XII ғасырларда Құлан, Меркі, Ордакент, Отырар, Сығанақ сияқты қалалардан байқалады.

Соғыс қимылдарын жүргізуге және ұрыс әрекеттерін жасауға қажетті инженерлік жұмыстың теориясы мен практикасын зерттеу әскери ғылымның бір саласы. Ол арнаулы әскерлердің маңызды инженерлік міндеттерді атқару сипатын және инженерлік шараларды жүзеге асыруға басқа әскер түрлерінің қатысу дәрежесін анықтайды. Әскери инженерлік өнер жерді инженерлік барлау, әскерлер мен объектілік бүркеу, далалық қорғаныс құрылыстарын, өткел, көпір салу, әскерді сумен жабдықтау т.б мәселелермен айналысатын әскери инженерлік істің негізгі әдіс тәсілдерін жетілдіреді. Әскери инженерлік шараларды барлық әскер түрлері жүзеге асырады.

Ал арнаулы инженерлік қару-құралдарын қолдануды қажет ететін күрделі әскери істерді инженерлік әскерлер атқарады. Олар жауды жеңу үшін ұлыстың мақсатына сай жер және уақыт жағдайын, инженерлік тосқауларды ескере отырып, атыс аймағын не атыс жүйесін әзірлеген.

«Ер қанаты ат» демекші, қазақ қолында тұтқиылдан соққы беретін негізгі әскер – атты әскер. Атты әскер ауыр, орта, жеңіл болып бөлінген. Ұрыстарда атты әскер тобы шешуші рөл атқарып, жекпе-жек шайқастарда пайдаланылған, ал түркі елдерінде атты әскердің жеңіл түрі кең дамыған. Олардың атты әскерінде шалымдылық пен айлакерлік күшті болған. Қазақтардың кез-келген жауынгерлік жорығы атпен тығыз байланысты. «Қазақтар уақытының көп бөлігін ат үстінде өткізеді. Дүниеде олар үшін артық ештеңе жоқ» – деп, XIX ғасырда өмір сүрген орыс этнографы К.Н. Калачев айтқандай, қазақтар жылқыны өте жақсы көрген. Жылқы – қазақ үшін бір жағынан -  мініс көлігі болса, екінші жағынан - асыраушысы. Міне осындай себептерге байланысты қазақтар әскери аттар мен сәйгүліктерге ерекше күтім жасап,  оларға көз тимесін деп мойындарына тұмар байлап, жабулап ұстаған, кейбірде олардың желкесіне, жалына немесе құйрығына үкі таққан, кейде қос құлағының арасына бір шоқ кекіл қойған, жалдарын қырыққан.

Көшпелі елде көп тұрақты әскер ұстау мүмкін емес. Тұрақты әскер тек Сырдария бойындағы қалалар мен бекіністерді иелеу және қорғау үшін қажет болды. Олардың құрамы жаугершілік заманда үш мыңнан бес мыңға дейін жеткен. Қазақтың атты жасақтары жазда жиналып, қысқа қарай хан ордасын қорғайтын аз ғана сарбаздан басқасы тарқап отырған. Тұрақты әскері жоқ қазақ қауымында ерекше жағдайда жасақталған қалың қолды «сарбаз» деп атаған. Оларды жүзбасы, мыңбасы, түменбасы, ал жалпы әскерді сардар басқарған.

Сонымен қатар, жаяу әскер түрлері де болды. Бұл әскер түрі уақыт талғамай кез келген жерде табан тірескен ұзақ ұрыс жүргізе алған. Әскердің өзге түрлерімен қоян-қолтық қимылдай отырып, шабуылға шығады, жау позициясын басып алады, қорғаныс кезінде жау шабуылын тойтарады, қарсы шабуылға шығады. Олар қалқан, сауыт, дулыға секілді қоғаныс құралдарын иемденген. Дұшпанға соққы беру үшін ауыр және орта жаяу әскер түрлері жинақы түзу шеп құрып соғысады. Жеңіл жаяу әскер найзагерлердің алдыңғы сапында немесе олардың соңынан ере ұрыс жүргізеді. Олардың міндеті - әскердің негізгі бөлігін қалқалау. Садақшылардан жасақталған жеңіл жаяу әскер ұрысқа шайқас қызған кезде қосылған. Қарулы күштер көбіне халық жасақтарынан құралды. Қазақтар қарулы көшпелілер болды. Жайшылықта қару-жарағын асынып, малын бағып, аңын аулап, өндіріс кәсібімен шұғылданды. Қазақтардың ру тайпалық құрылымы да өндіріс жұмысымен әскери істерді ұштастырған ұйым болды.  Өте-мөте ел басына соғыс қаупі төнгенде жалпы халық қарулы қимыл жасап отырды, ұрысқа барынша дайындалып, қажетті керек жарақтарын ала кіреді.

Жалпы атты әскерді, жаяу әскерді хан, сұлтан және батырлар басқарған. Олар қоғаушы шағын жасақтармен ұрыс алаңынан алысырақ тұрған. Кейде орданың айналасындағылар жау жағы әскер саны көп деп ойласын деп атқа адам бейнесін қондырып қойған. Қалың қолдың алдына тұтқындарды салу әдісі де қолданылған. Ал шыңдалған күшті әскерді алыстан оң және сол жағынан жібереді. Олар бұл әскерді жау көрмеу үшін істейді. Осы әдіспен жауларын ортаға қамап, бір жағынан да шайқасты бастайды.

Бұл әдіс Қыпшақ даласындағы көшпенділерден қазақ халқына әскери үрдіс ретінде қалыптасып қалған. Егер қолбасшылар атпен соғысуды қажетсіз деп тапқан жағдайда жауынгерлер аттарының делбесін белдеріне байлап, жауға қарсы жебе оқтарын жаудырып, қоян-қолтық келіп қалғанда найза, қылышпен шайқасқан. Егер, оларға жау ойламаған жерден тап берсе, қоршау жасап, шеңбер құруға тырысады, содан шайқаса жүріп, қазақ дәстүрі бойынша шеңберді айналады. Қазақтар шабуылда өздерінің «тұлғама» немесе «тұлғамыш» деп аталатын тәсілдерін қолданған. Бұл сөз көне түркі тілінде «қошап алу» және «қарату» деген ұғымдарды білдіреді. Ұрыс жүргізудің тәсілі ретінде «тұлғама» - жау қоршауына немесе тылына шабуыл жасау.

Плано Карпини мен Гильома де Рубруктың айтуы бойынша түркілер мен моңғолдар әскери қақтығыстарда қиын жағдайларда өте айлакер, жол тапқыш болған. Егер олар алдарынан үлкен өзен кездесіп қалса, асқан айлакерлікпен жауынгерлерін де, аттарын да, мүліктерін де аман алып өтеді екен. Олар теріні дөңгелек қап тәріздендіріп тігіп, оған арқан өткізетін тоғалар кадап ішін жорықта қажет зат, мүлік, киім-кешекпен толтырады, өте мықты етіп байланыстырады. Осы әдіспен жасалған қайықты адамдар ат құйрығына байлап өздері үстіне отырады екен. Кейде екі ескек алып, соны есе отырып, арғы бетке өтеді екен. Сондай-ақ әрбір сарбаз теріден мықтап тігілген қалта немесе қапшық ұстаған. Бұны алып жүруге кез келгені міндетті болған. Онымен де жоғарыдағы әдіс бойынша жүзіп өткен.

Қазақтардың  аумалы төкпелі заман талабына сай көршілес елдермен тұрақты атыс-шабыстарда, сыртқы жаулар шапқыншылығы және олардан қоғану барысында шыңдалған ұрыс өнері тек ату, шабу, найзаласу ғана емес. Онда күрделі әдіс-тәсілдер, айла-амалдар бар. Мысалы, қолбасшы өзіне қарасты әскерлерді көп шығындамай аман алып шығудың не түрлі айла-тәсіліне жетік болған. Көзсіз ерлік жасау, қызбалық істеу соғыста жақсылыққа апармаған. Бұлай істегендер өз жағынан да жазаланып отырған.  Қазақтар осындай өздері жетілдірген айла тәсілдерді қолдану нәтижесінде 1643, 1717, 1726, 1729, 1756 жылдардағы қазақ-жоңғар шайқастарында жеңіске қол жеткізген. Бұдан сол тұстардағы жүздер мен ру тайпалардың үлкен ұйымшылдығын, татулығын, қазақтардың тактикалық өнерінің жоғары екендігін көреміз. Әскери еңбектің бекем болғандығын батырлардың жанқияр ерлігі де дәлелдейді.

Қазақ халқы өз басынан талай тартыс, сан сайысты өткеріп, біртіндеп бас құрап, ұлт болып бұл күнге жеткен. Тарихтың осы тайталасында оның басына әлденеше рет ауыр күндер төнген, тіптен құрып кету қаупі де болды. XVII-XVIII ғасырлардағы жоңғарлардың шабуылдары осындай қауіптердің бірі болды. Ел басына күн туған қиын қыстау кездерде қан кешіп, жауға қарсы ту көтерген, халықты ұйымдастырып, ел амандығын қорғаған ержүрек батырлардың өмірі ұрпаққа ұран болып қалып отырды.

Адамзат дамуының бүкіл тарихи тәжірибесі мемлекеттің алға басуы және тұрақты өсуі жүзеге асырылатын қажетті шарттардың бастауында оның ұлтының қауіпсіздігі мен мемлекетінің сақталуы тұрғанына куә. Бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз оны табанды түрде қорғап, нығайтып, ұрпаққа қалдыру қажет.

Қауіпсіздіктің басымдығы анық: егер еліміз қауіпсіздігін сақтамаса, онда тұрақты даму жоспарлары туралы сөз қозғауымыздың өзі қисынсыз. Бабаларымыздың өз мемлекетінің іргетасын қалауы мен дамытуын шолып қарағанда, олардың өз мемлекеттілігін сақтап қалу үшін тарихи ауыр және қатал күрес жүргізгенін айқын көрсетеді.

Қазақстанның қазіргі кездегі және жарқын болашақтағы ұлттық қауіпсіздігіне төнуі ықтимал қауіптің тікелей әскери басып кіру және мемлекеттің аумақтық тұтастығына қатер төндіру сипатында болмайтынын біз түсінеміз. Ресейдің де, Қытайдың да, Батыстың да және Мұсылман елдерінің де бізге шабуыл жасауға итермелейтін сылтауы жоқ екені айдан анық. Бұл тыныштық пен тұрақтылықтың болжап білуге болатындай қашықтығы Қазақстанның экономикалық әлеуетін тиімді нығайту үшін пайдаланылуға тиіс, соның негізінде біз ұлттық қауіпсіздіктің сенімді жүйесін құра аламыз.

Біздің дәуірімізде әлемнің әскери егестен алыстауына орай бәсекелестік әскери саладан саяси және экономикалық салаға ойыса бастады. Әскери қақтығыстардың жосықсыз екенін әлемнің ұғынғанына зор сенім артсақ та, парасатты мемлекет басқа үкіметтердің уәдесіне сеніп қана қоймай, өз елінің қуатына да сүйенетінін ұмытпағанымыз жөн.

Қазақ халқының жауынгерлік, елді-жерді қорғау қасиеті оянған, бірақ бұл тек бейбітшілік ұстанымен нығайып отырған ояну. Осының өз ел азаматтары бойында патриоттық сезімді қалыптастырады. Ол сезім қоғамның дамуы барысында жаңа ой-санамен толығып, байып, халықтың жауынгерлік дәстүрлерін одан әрі дамыту ұстанымы еліміздің бейбітшілік сүйгіш даңқын өрлете бермек.

Әскери жауынгерлік дәстүр негізінде болашақ бастапқы әскери дайындық мұғалімдерінің елжандылық қасиеттерін қалыптастыру - бұл олардың кәсіби істеріне шеберліктерін арттыру, оларды саяси қырағылыққа, қазіргі кездегі соғыстың және жауынгерлік дәстүрлердің ерекшеліктерін түсіне отырып Отан қорғау ісіндегі жастардың міндеттерін дұрыс түсіне білуге тәрбиелеу; аға ұрпақ өкілдерінің әскери жауынгерлік дәстүрлері мен ерлік істерін насиқаттау, ерлікпен жанқиярлықтың мәнін түсіндіріп, олардан үлгі алып мақтан тұтуға баулу.

 

Әдебиеттер

1. Қазақстанның әскери тарихы. К.Аманжолов, Т.Тасболатов. Алматы, 1999 ж.

2. Тәрбиенің жалпы әдістері. Айтмамбетова Б.Р., Бейсенбаева А.А. Алматы, 1994ж.

3. Қазақ батырлары. № 12, 2006 ж. 4-бет

4. «Алғашкы әскери дайындык» № 5, 2006 ж. 24-26 бет

5. «Ізденіс» журналы № 9, 2008 ж. 227-229 бет

6. Ұлттық әскердің де тарихы бар. Әбсеметов М. /Ана тілі N 36, 1991, 6 б.