ҚАЗАҚ ТІЛІН ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР  АРҚЫЛЫ ӨТКІЗУДІҢ МАҢЫЗЫ

Алибаева Меруерт Сарсебековна

Кандидат педагогических наук

КазНПУ имениАбая, г.Алматы

 

 

       Бүкіл әлемдік білім кеңістігіне ену мақсатына сәйкес  бүгінгі таңда Қазақстанның білім беру саласында түбегейлі өзгерістер жасалуда. Қазіргі жүргізіліп жатқан түрлі бағыттағы сол өзгерістер  білім беру жүйесінің қызметін жаңа уақыт талабына сай жетілдіруді, педагогика ғылымындағы табыстарды сын көзбен саралай отырып, тәжірибеде кеңінен қолдануды, білім алушыларды өзгермелі қоғамда өмір сүруге жан-жақты дайындауды қажет етеді. Ал мұның барлығы да мұғалімнің кәсіби шеберлігін шыңдаумен, оқыту үдерісін  жаңаша  ұйымдастырудың жолдарын   таба алу мүмкіндіктерін кеңейтумен тығыз ұштасып жатыр.

       Қазақстан Республикасының «Орта білім беруді дамыту» тұжырымдамасында: «Әрбір баланың жеке тұлғалық қасиеттерін ашу, оның мүмкіндігін, өмірдегі мәнін көрсету арқылы білімге тереңірек ұмтылуына, сондай-ақ ізденісіне, бейімділігіне көмек беру, жағдай туғызу және оған өмір сүру үшін жаңа рухани күш беру – білім берудің түпкілікті мақсаты» [1] екендігі айқындалған.

      Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаевтың: «...Бізге бұрынғы қай кездегіден де білім мен ғылымның баға жеткізгісіз қорын барынша арттыру, оны қазіргі заманға сай ету қажет... Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» [2, 7 б] деген сөзі егеменді еліміздің  білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарын айқындауға тірек болды.  Осы кешенді міндеттердің маңызды бір арнасын құрайтын оқыту технологияларын жетілдіру мәселесі заманауи талапқа сай және жаһандану үдерісін бастан кешіп отырған әлеуметтік ортада өмір сүруге бейім дара тұлғаны қалыптастырумен ұштасып жатыр. Ал, оқушының дара тұлғалық қабілеттерін шыңдау, ең алдымен, оның өздігінен іздену, өздігінен әрекет ету, кез келген жағдаятта өз бетінше оң шешім қабылдай алу дағдыларын дамытумен тікелей байланысты. Оқыту технологияларын таңдауда және оның ұтымдылығын бағалауда басты критерий етіп оның оқушы игеруі тиіс құзіреттіліктерді қалыптастыруға қаншалықты мүмкіндік туғызатындығы алынатыны да сондықтан.

      Оқыту технологиясы  білім беру жүйесін жетілдірудің басты тетігі екендігін соңғы кезеңдерде мектеп пәндерін оқыту үдерісінде кең қанат жайған деңгейлік оқыту, дамыта оқыту, жобалай оқыту, сын тұрғысынан ойлау, коммуникативтік оқыту, жеке тұлғаға бағдарлай оқыту және т.б. технологиялардың  кең зерттеле бастауы да дәлелдейді. Өйткені осы аталған оқыту технологияларының қай-қайсысының да түпкі мақсаты оқушыны әлеуметтендіру, оның білім, біліктерін өзіндік әрекет тұрғысынан меңгерту болып келгені аян. Оқыту технологияларының түрлерін зерттеп, ғылыми негіздеп, оны мектеп өміріне енгізген Ш.А.Амонашвили, И.Я.Лернер, В.П.Беспалько, Н.Ф.Талызина, Б.Т.Лихачев, М.Чошанов, В.К. Дьяченко  және т.б. ғалым-зерттеушілер тұжырымдаған бұл технологиялар отандық білім беру жүйесін сапалық жаңа деңгейге көтеруде маңызды орын алды.  Әйтсе де,  бүгінгі өзгермелі дүние жағдайындағы жаңа талаптар оқушыға берілетін білімді  оның  өмірлік тәжірибесіне, тілдік машықтарына ұластырып, күнделікті өмір дағдысына сіңіре отырып   меңгертуге негізделген жаңа жолдарды табуды қажет ете түсуде. Сондықтан да оқушы бойында білім мен білікті біртұтас бірлікте дамытуға мүмкіндік беретін, білімнен тәжірибе жинақтауға, одан өмірлік дағды қалыптастыруға жол ашатын жаңа технологиялық жүйені анықтау, оны жүзеге асырудың кешенді моделін зерттеу, зерделеу, сол жүйені білім саласының даму бағытына сәйкестендіре отырып мектепке енгізу бүгінгі күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелердің біріне айналып отыр. Өйткені білім саласын халықаралық деңгейге көтеру үшін «білім беру жүйесінің басты міндеті етіп ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» қажет екендігі даусыз [3, 9 б.].  Осы міндеттің орындалуының маңызды бір шарты ретінде  қазір педагогика ғылымында біршама зерттеліп, білім сапасын көтеру мүмкіндігінің кеңдігімен танылған витагендік оқыту технологиясын атауға болады.     

      Vita латынша өмір деген мағынасын білдірсе; gen гректің тәжірибе деген сөзінен шыққан. Демек витаген деген сөз «адамның өмірлік тәжірибесі» деген мағынаны білдіреді.  Бұл технология  оқытуды Субъект-Субъект қатынасына сай ұйымдастыруға негізделген жаңа педагогикалық парадигманың талаптарына толық сәйкес келуімен: оқушылардың ортақ мақсатқа бірлесе қол жеткізуін қамтамасыз етуімен, оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынастың тең демократиялық жағдайын қалыптастыруымен, оқушылардың басты проблеманы бірігіп шешуіне, бірлесе тәжірибе жинақтауларына және әр оқушының өз тарапынан нәтижелі шешімге жетуіне мүмкіндік тудыруымен ерекшеленеді. Витагендік тапсырмалар оқушыларға қазақ тілін сапалы үйретуді, олардың танымын кеңейтіп, ой-өрісін нығайтуды, өз сөзін дәлелді жеткізуге дағдыландыруды көздейді. Мұның өзі витагендік амал-тәсілдер мен тапсырмалардың оқушылардың еркін тілдік қатынасқа түсу, танымдық, қатысымдық, сондай-ақ топпен тіл табыса әрекет ету қабілеттерінің жетілуінде маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Сондықтан кәсіптік мектеп жүйесінде оқушылардың қатысымдық құзіреттіліктерін қалыптастыру мақсатында витагендік оқыту технологиясын қолдану мемлекеттік тілді меңгерту үдерісін  болашақ маманның қазақ тілін қызмет саласына сай дұрыс қолдануын, сонымен қатар заманауи сұраныс үдесінен шығатын білім мен білікті тілдік және рухани  қажеттіктер тұрғысынан саналы әрі сапалы меңгеруін қамтамасыз етеді.  Кәсіптік мектеп оқушысының өмірге қажетті тілдік-қатысымдық дағдыларды меңгеруі қойылған проблемаларды оң шеше алуынан, өз мамандығына қажетті терминдерді дұрыс меңгеріп, әрбір мәселеге деген өз ой-пікірін дұрыс, анық, дәлелді жеткізуінен көрінеді. Оқушылардың кәсіби біліктері жолдастарымен, сыныптастарымен пікірлесуі, тілдік қатынасқа түсуі нәтижесінде жетіледі. Оған витагендік оқыту технологиясы мол мүмкіндік береді.  Осы технологияға негізделген оқыту үдерісінде әрбір оқушы ортақ мақсатқа негізделген әрекеттерді орындау барысында жүзеге асатын тілдік қатынаста, біріншіден, өз мүддесіне сай  тілдесімнің мақсаты мен маңызын анықтауға, екіншіден, сөзінің қисыны мен дәлдігін мөлшерлеуге, үшіншіден, пікірін түсінікті, дәлелді, дәйекті жеткізуге дағдыландырылады. Ал мұның қай-қайсысы да қатысымдық құзіреттіліктерді жетілдіруге іргетас қалайды. Кәсіптік мектеп оқушыларының қатысымдық құзіреттілігін қалыптастыру  бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болғандықтан, оқу орыс тілінде жүретін аудиторияларда кәсіби қазақ тілін витагендік оқыту  технологиясы арқылы үйретудің мәні арта түсуде. Сол себепті де зерттеу нысанына алынып отырған болашақ экономистерге тілді мамандыққа сай үйретуде  витагендік оқыту технологиясын кеңінен пайдаланудың, оны ұтымды амал-тәсілдерін дұрыс іріктеудің маңызы ерекше.

      Әйтсе де бүгінгі бәсекелестік заманға лайық маманға деген қоғамдық-әлеуметтік сұраным мен кәсіптік мектептегі мемлекеттік тілді оқушының болашақ мамандығына сай оқыту жүйесінің арасындағы,  оқушыны өз әрекетінің субъектісі ретінде дамыту туралы жаңа педагогикалық парадигма мен оқыту үдерісінің таптаурынды қалыпта ұйымдастырылуы арасындағы, педагог қауымға қоғам тарапынан жүктелген міндеттер  мен олардың оқу-тәрбие жұмысы барысында жаңаны игеру мүмкіншіліктері арасындағы қарама-қайшылықтар әлі де сақталып отыр. Осы қайшылықтарды шешу үшін де кәсіптік мектеп жүйесіндегі қазақ тілін меңгертуде витагендік оқыту технологиясын қолданудың ғылыми-әдістемелік мәселелерін жан-жақты зерделеп, оны мектеп практикасына кеңінен енгізудің қажеттігі артып келеді.

 

1     Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі  Білім беруді дамыту тұжырымдамасы // Егемен Қазақстан, 2003, 26 желтоқсан.

2     Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары. Астана, 2002, 97-б.

3         Қазақстан Республикасындағы білім туралы заңнама. – Алматы: Юрист, 2003. 180 б.