Жаңа үлгідегі арнайы (түзету) білім беру ұйымдары

 

Джексенбаева К.О.

 

 

«Кемтар балалрды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау көрсету» Қазақстан Республикасы Заңы 4 тармағын іске асыру мақсатында мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін кешенді көмек көрсету жағдайларын қамтамасыз ету жолында жаңа үлгідегі арнайы (түзету) ұйымдары ашылған. Арнайы білім беру ұйымдарының жаңа түрлері: оңалту орталықтары (республикалық және облыс деңгейіндегі қалаларда), мектеп жанындағы логопедтік пунктер, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері (аудан орталықтарында).

Жаңа үлгідегі арнайы (түзету) ұйымдар қызметтері «Бала құқықтары туралы» БҰҰ Конвенциясына, ҚР «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Заңдарына және басқа да нормативтік құқықтық құжаттарға сәйкес және осы ережелер негізінде жүзеге асырылады.

Оңалту орталығының қызметін ұйымдастыру тәртібі. Оңалту орталығы арнайы білім беру ұйымдары түрлерінің бірі болып табылып және облыстың әкімдерінің шешімдерімен құрылады.

Оңалту орталығының негізгі міндеттері:

1) сөйлеу тілінде, көру, есту, тірек-қозғалыс аппаратында бұзылуы, оқып-үйрену, қарым-қатынас жасау мен жүріс-тұрысында қиындықтары бар балалар мен жасөспірімдерге психологиялық түзеу мен оңалту түрінде кешенді психологиялық – медициналық - педагогикалық көмек көрсету;

2) дамуында, оқытуда, қарым-қатынас жасауда, жүріс-тұрысында проблемалары бар балалардың әр түрлі топтарына қатысты жаңа педагогикалық технологияларды әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу;

3) мамандардың пәнаралық тобымен (командалық бағалау) балаға қатысты мәселелерді кешенді оқып-үйрену және баланың медициналық, психологиялық, түзету-педагогикалық көмекке деген мүмкіндігі мен қажеттілігін анықтау;

4) баланың дамуының әлеуметтік жағдайын ескере отырып, жеке дамыту бағдарламасын әзірлеу және жасап шығару;

5) жеке, топтық сабақ түрінде түзете-дамыта оқытуды жүргізу;

6) отбасы жағдайында даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеу мәселелері бойынша ата-аналарға (заңды өкілдерге) ақыл-кеңес беру және оқыту;

7) жалпы білім беру және арнайы (түзеу) білім беру мекемелерінің педагогтеріне мүмкіндіктері шектеулі балалардың психофизикалық күйінің ерекшеліктері мен даму мүмкіндіктері жайынан әдістемелік басшылық жасау және көмек беру.

Оқыту мазмұны түзеу мекемелерінің білім беру стандарттарымен, Оқу жоспарымен және оңалту орталығында түзеу көмегін алатын әрбір баланың мүмкіндігі мен қажеттілігі ескеріліп әзірленетін жеке дамыту бағдарламасымен анықталады.

5. Оңалту орталығы мүмкіндіктері шектеулі балалардың төмендегідей топтарына көмек көрсете алады:

1) дамуында қиындықтар кездесетін 3 жасқа дейін балалар;

2) мектеп жасына дейінгі балалар (3-тен 7 жасқа дейін):

психикалық дамуында кешеуілдеу бар балалар;

әр түрлі деңгейде көрінетін ақыл-ой кемістігі бар балалар;

балалардың церебрал салымен ауыратын және тірек-қозғалыс аппаратының басқа да бұзылулары бар балалар;

нерв жүйесінің тұқым қуалайтын-дегенеративті ауруларымен ауыратын балалар;

сөйлеу тілінде қатты бұрмалануы бар балалар;

арнайы оқытуды керек ететін есту қызметінің бұзылуы бар балалар;

балалардың ерте аутизмімен және басқа эмоциялық-еріктік бұзылулармен ауыратын балалар;

көру мүшесінің қатты бұзылуы бар балалар;

3) 7-ден 15 жасқа дейінгі мектеп жасындағы балалар:

әр түрлі деңгейде көрінетін ақыл-ой бұзылуы бар балалар;

балалардың ерте аутизмімен және басқа эмоциялық-еріктік бұзылулармен ауыратын балалар;

нерв жүйесінің тұқым қуалайтын-дегенеративті ауруларымен ауыратын балалар;

балалардың орташа және ауыр дәрежедегі церебрал салымен ауыратын балалар;

деменцияның әр түрлі түрлерімен ауыратын балалар;

психикалық аурулар нәтижесінде оқып-үйренуінде қиындығы бар балалар; сөйлеу тілінде қатты бұрмалануы бар балалар;

есту мүшесінің бұзылуы бар балалар;

көру мүшесінің бұзылуы бар балалар;

4) 15-тен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер:

әр түрлі деңгейде көрінетін ақыл-ой бұзылуы бар балалар;

аутизммен ауыратын балалар;

сөйлеу тілінде қатты бұрмалануы бар балалар;

балалардың орташа және ауыр дәрежедегі церебрал салымен ауыратын балалар;

көру мүшесінің бұзылуы бар балалар;

есту мүшесінің бұзылуы бар балалар.

Оңалту орталығы бірінші кезекте ақыл-ой және психикалық дамуында ауыр да тереңдеген бұзылулары бар балаларға және әр түрлі себептермен басқа арнайы (түзеу) ұйымдарында түзеу көмегін ала алмайтын балаларға түзеу көмегін көрсетеді.

Баланы оңалту орталығына қабылдауды психологиялық - медициналық-педагогикалық кеңес беру мекеменің (бұдан әрі - ПМПК) қорытындысы негізінде жүргізіледі.

15. Оңалту орталығындағы түзету-дамыту үдерісін ұйымдастыру Оқу жоспарымен, жылдық күнтізбелік жоспармен және орталықтың әдістемелік кеңесінде әзірленетін және бекітілетін сабақ кестесімен реттеледі.

Қызметтің мазмұны мен негізі бағыттарына орай оңалту орталығының штатында әдіскердің, педагог-дефектологтың (олигофренпедагогтың, сурдопедагогтің, тифлопедагогтің), педагог-психологтің, әлеуметтік педагогтің, ЛФК мамандарының, дәрігерлердің (балалар дәрігері, невропатолог, психиатр, сурдолог, ортопед), медбикелердің және басқалардың лауазымдары көзделеді.

Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерінің қызметін ұйымдастыру. Психологиялық-педагогикалық түзеу (бұдан әрі ППТК) арнайы білім беру ұйымдары түрлерінің бірі болып табылады және облыстың, аудан орталығында 18 жасқа дейін даму мүмкіншілігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге кешенді медициналық-педагогикалық және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету үшін құрылады.

Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерінің міндеттері:

1) сөйлеу, көру, есту қабілеті, тірек-қозғалыс аппараты, эмоциялық-еріктік саласы бұзылған, оқуында, қарым-қатынас жасауда, мінез-құлқында қиыншылықтары бар балалар мен жасөспірімдерді психологиялық-педагогикалық түзеу және оңалту түрінде кешенді психологиялық - медициналық- -педагогикалық көмек көрсету;

2) баланың проблемаларын мамандардың пәнаралық командасы (командалық бағалау) арқылы кешенді зерделеу және баланың медициналық, психологиялық, түзеу-педагогикалық және әлеуметтік көмекке деген мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін анықтау;

3) баланың дамуының әлеуметтік жағдайын ескере отырып, жеке дамыту бағдарламасын әзірлеу және құрастыру;

4) жеке, топтық сабақтар нысанында түзеу-дамыту сабақтарын жүргізу;

5) отбасы жағдайында даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеу мәселелері бойынша ата-аналарына (оларды ауыстыратын тұлғаларына) кеңес беру және оқыту;

6) даму мүмкіндіктері шектеулі балалардың психофизикалық жағдайы мен даму мүмкіндіктері туралы жалпы білім беретін мекемелердің педагогтарына әдістемелік басшылық жасау және көмек көрсету.

ППТК-ға баланы қабылдауды психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің тұжырымы негізінде меңгеруші жүргізеді.

ППТК-ға тұрақты және уақытша тұруға мүмкіндіктері шектеулі балаларды қабылдауды жыл бойы онда бос орын болған жағдайда жүргізіледі. ППТК-да баланың орны ППТК-мен ата-ананың (заңды өкілдерінің) арасындағы шартта айтылған жағдайда сақталады.

ППТК-дан балаларды шығаруды меңгеруші ППТК-мен ата-ананың (заңды өкілдерінің) арасында айтылған шарт жағдайында немесе оның ППТК-ға келуіне бөгет жасайтын баланың денсаулық жағдайы туралы медициналық тұжырым негізінде жүргізеді.

ППТК-ы 18 жасқа дейінгі мүмкіндіктері шектеулі балалардың мынадай категорияларына көмек көрсетіледі және мыналарға:

1) 3 жасқа дейін дамуында проблемасы бар;

2) психикалық даму деңгейі тежелген;

3) әртүрлі деңгейде ақыл-ойы кенжелеп қалғандар;

4) бала церебралдық параличі және басқа тірек-қозғалыс аппараты бұзылғандар;

5) күрделі сөйлеу бұзылыстары;

6) арнайы оқытуды талап ететін есту функциясы бұзылғандар;

7) ерте ауыратын бала аутизмі және басқа эмоциялық-ерікті бұзылыстары;

8) күрделі көру бұзылыстары;

9) психикалық аурулар салдарынан оқудағы қиындықтар;

10) мектептегі дағдыларды игерудегі қиындықтар (оқу, жазу және санау).

Ауданда арнайы (түзеу) білім беру ұйымдары жоқ болған жағдайда ППТК-ы дамуында мүмкіндіктері шектеулі балалардың барлық категорияларына түзеу көмегін көрсете алады.

ППТК-ы ақыл-ойы мен психикалық дамуында ауыр да тереңдеген бұзылыстары бар балаларға ең алдымен түзеу көмегін қамтамасыз етеді, басқа арнайы (түзеу) білім беру ұйымдарында түзеу көмегін ала алмайтын балаларға түзеу көмегін көрсетеді.

Түзеу көмегінің мазмұны балалардың психофизикалық даму және жеке мүмкіндіктерінің ерекшеліктерінен әзірленетін және ППТК-ы жағдайында іске асырылатын жеке дамыту бағдарламасымен анықталады.

Жеке-дамыту бағдарламасын құрастыру мақсатында баланың психофизикалық жағдайын (командалық бағалау) кешенді тексеру жүргізіледі. Кешенді тексерудің негізгі міндеттері алдағы жартыжылдықта баламен түзеу жұмыстарының басым бағыттарын анықтау болып табылады. Алдыңғы кезеңде қол жеткізген нәтижелерді ескере отырып, түзеу жұмыстарының міндеттерін өзгерту қайта командалық бағалау барысында жүргізіледі, оларды өткізу мерзімі 2 жылда бір рет немесе көрсеткіштер бойынша белгіленеді.

ППТК-ның әдіскері балаларды оқытудың жеке дамыту бағдарламаларын бекітеді.

ППТК-да түзеу-дамыту процесін ұйымдастыру әдіскер әзірлейтін және бекітетін Оқу жоспарымен, жылдық күнтізбелік жоспармен және сабақтардың кестесімен регламенттеледі.

Оқу-тәрбие процесі баланы психологиялық-медициналық-педагогикалық және клиникалық зерделеу деректеріне негізделген, сараланған және жеке тұрғыдан келу принципі негізінде жүзеге асырылады. Балалардың сөйлеу, зейіндерін, жұмыс қабілетін жүйелі түрде зерделеуді, оларды дамыту динамикасын, білім деңгейін, олардың оқу материалын меңгеру мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін, білім алушылардың даму болашағын және түзеу жұмыстарының құралдарын таңдауды анықтау үшін жүргізіледі.

Оқу аптасының ұзақтығын (5 немесе 6 күн) тиісті басқару органының келісімімен әдістемелік кеңес белгілейді және ППТК-ның жарғысында бекітіледі.

ППТК-да мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жасөспірімдерді түзей-оқыта дамыту балалардың қысқа мерзімді топтарында жеке оқыту мен консультативтік нысаны жүргізіледі.

ППТК-ның штатының мазмұны мен қызметінің негізгі бағыттарына байланысты әдістемешінің, педагог-логопедтің, педагог-дефектологтың (олигофренологтың, сурдопедагогтың, тифлопедагогтың), педагог-психологтың, әлеуметтік педагогтың, ЛФК маманының, невропатолог дәрігердің лауазымы көзделеді.

Логопедтік пункттің қызметін ұйымдастыру. Логопедтік пункт логопедтің басшылығымен ауызша және жазбаша сөйлеу кемшіліктерін жою жөнінде балалармен сабақ жүргізетін білім беру ұйымы.

Логопедтік пунктті білім беруді басқару органы ашады. Әрбір логопедтік пунктке топтардың (сыныптардың) белгілі бір саны бекітіліп беріледі.

Қалалық жалпы білім беретін мектепте логопедтік пунктті ашу 14-16 сыныптар болғанда, ауылдық мекемеде 9-12 сыныптар болғанда жүзеге асырылады. Бір уақытта қалалық логопедтік пунктте 20-30 адам, ауылдық жерде 15-25 адам оқиды.

Қалалық жерде және ауылдық жерде орналасқан білім беру мекемелерінің (бастауыш мектеп-бала бақша, кешенді мектептер, гимназиялар, лицейлер, балалар оқу-тәрбие орталықтары) басшылары сыныптар (топтар) санына қарамастан логопедтік пункттер ашуға құқылы.

Жалпы білім беретін мектептің логопедтік пунктіне ауызша және жазбаша сөйлеуінде (жалпы сөйлеу қабілеті дамымаған, фонетико-фонематикалық дамымауы, жазу мен оқу бұзылыстары, кекештену, сөйлеудің айту жағы бұзылған (дислалия, дизартрия, ринолалия) әртүрлі бұзылыстары бар балалар қабылданады.

Сөйлеу қабілеті бұзылған балаларды логопедтік пунктке қабылдау үшін анықтау жыл бойы жүргізіледі. Мамырда бірінші сыныпқа баратын балаларды тексеру жүзеге асырылады.

Сөйлеу қабілеті бұзылған балаларды бітірту жыл бойы олардың сөз дамыту кемшіліктерінің жойылуына байланысты жүзеге асырылады.

Психофизикалық жағдайын нақтылау үшін қажет болған жағдайда балалар ата-аналарының келісімімен логопедпен маман-дәрігерлерден (невропатологқа, психиатрға, отоларинголкке және т.б.) кеңес алуға немесе ПМПК-ге жіберіледі.

Логопедтік сабақтардың нәтижелері сөйлеу картасында белгіленеді және педагог-тәрбиешінің, сынып жетекшісіне және ата-аналар назарына жеткізіледі. Мектепке дейінгі және мектептегі логопедтік пункттегі сабақтарға балалардың міндетті түрде қатысу және қажетті талаптарды орындау жауапкершілігі мұғалім-логопедке, мектепке дейінгі ұйымның немесе мектептің педагогтарына және ата-аналарға (заңды өкілдеріне) жүктеледі.

Қазіргі уақытта дамуында ауытқуы бар балалар мен жеткіншектердің арнайы білім, тәрбие алып және әлеуметтік бейімделуі үшін жаңа үлгідегі арнайы (түзету) ұйымдары кеңінен ашылып отыр. Бұл орталықтар педагогикалық, психологиялық-медициналық оңалту мен түзету, әлеуметтік еңбекке бейімдеу мен мамандыққа бағдарлау, психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік көмек бала мен оның отбасына, жетім балаларға әлеуметтік көмек көрсету қызметтерін атқарады.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     ҚР «Білім туралы» Заңы, Алматы. – 2007.

2.     Специальное образование в Казахстане. Информационно-методический бюллетень. – Алматы.- 2004. №3-4

3.     Байтұрсынова А.А. Арнайы педагогика: проблемалар мен даму болашағы. – Алматы, 2008.