ӘОЖ  377.5:378:37.

 

   Болашақ мұғалімдерді даярлау жүйесіндегі негізгі бағыттар

 

Демеуов А.Қ

Шымкент қ., М.Әуезов атындағы ОҚМУ

 

 

                                                   Резюме 

В данной статье рассматриваются предложения и отзывы на основные направления в системе подготовки будущих учителей

                                                

                                                 Summary                                                  

The proposals and comments on the guidelines in training future teachers are considered in this article

 

Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жалпы білім беру жүйесіне, оның ішінде педагогикалық білім беру жүйесіне де  өз әсерін тигізуде.  Қазіргі мектепке теориялық білімдерді, кәсіби қабілеттер мен  дағдыларды тұтастай пайдалана білетін, педагогикалық ойлау деңгейі жоғары, педагогикалық  міндеттерді өз бетінше шығармашылық тұрғыдан шеше алатын мұғалімдер қажет. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев  Қазақстан халқына Жолдауында  «...мұғалімдердің біліктілігін неғұрлым сапалы деңгейге көтеру» мәселесін атап көрсеткен  болатын [1]. Сонымен қатар  «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында» мамандар даярлау жүйесіндегі  білім берудің  сапасын қамтамасыз етуде  жоғары білімді дамытудың негізгі үрдісі мамандарды  кәсіби даярлау сапасын арттыру қажеттілігіне ерекше мән берілген [2]Біздің қоғамның жағдайы, оның әлеуеті (интеллектуалдық, адамгершілік және т.б.) өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесінің сапасына байланысты.

Сәйкесінше, қазіргі педагогикалық білім беру жүйесінің даму стратегиясын анықтауға  және мұғалімдердің тұлғалық – кәсіби дамуының өзекті мәселелерін  тәжірибелік тұрғыдан шешуге міндетті болашақ кәсіби даярлық жүйесінің бейнесін  қалыптастыру – қазіргі педагогикалық міндеттердің аса маңыздыларының  бірі болып табылады.

Педагогикалық-психологиялық әдебиеттерде педагогтың  тұлғалық – кәсіби дамуы мектеп оқушыларының кәсіби-педагогикалық бағдарлануын, педагогикалық оқу орындарындағы болашақ мұғалімдердің даярлығын, бітірушілердің шынайы педагогикалық тәжірибеге бейімделуін, тәжірибенің жинақталуына байланысты педагогикалық шеберліктің жетілдірілуін  қамтитын  үздіксіз процесс ретінде қарастырылады.

Тұлғалық-кәсіби даму процесіндегі болашақ мұғалімдердің рухани  және дене тәрбиесін интеграциялаудың қажеттілігі: күрделі пәнаралық міндеттерді шешуге жүйелік тұрғыдан келуге  бағытталған, білім беруді дамытудың негізгі бағдарларының бірі ретінде бағытталуымен; педагогикалық іс-әрекет жүзеге асырылатын «көпмәдениетті» білім беру кеңістігінің денсаулықты қалыптастырушы мәртебесімен;  жастардың белгілі бір бөлігінің девианттық мінез-құлқының алдын-алу бойынша оқу орындарындағы педагогикалық ұжымның тәрбие жұмысы нәтижелерінің жұмсалған күш-жігерге сәйкессіздігімен; мұғалімдердің кәсіби даярлығына қойылатын талаптардың күшеюімен, яғни  «өмір нарығындағы»  маманның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін оның  біліктілігінің, рухани және дене дайындығының  анағұрлым  жоғары деңгейінің қажеттілігімен анықталады.

Жоғары педагогикалық білім беруді ізгілендіру оны гуманитаризациялау, салалық жіктеу, білім беру бағыттарын нұсқаландыру, білім беру мазмұнының бір және көпнұсқалық  компоненттерінің бірлігі арқылы жүзеге асырылады. Жоғары педагогикалық білім беруді іргелендіру  жалпы мәдени, педагогикалық – психологиялық және пәндік компоненттерді қамтитын әрбір бағыттың анықталуы арқылы қамтамасыз етіледі.

Мұғалімдердің өз кәсіби даярлығының сапасы туралы өзіндік бағасы туралы мәліметтер мынаны көрсетті: өз даярлығының сапасы толық қанағаттандыратындары -42  %, жартылай қанағаттандыратындары -48 %, жауап беруге қиналатындары - 4 %, қанағаттанбайтындары -6 %.

Мұғалімдердің басым көпшілігінің өз мамандығына деген  көзқарасы дұрыс, дегенмен педагогикалық жоғары оқу орындары түлектерінің бестен бір бөлігі мектепте жұмыс істеуге  ынта білдірмейді.  Педагогикалық  жоғары оқу орындарын табысты бітірген, дегенмен анық кәсіби қызығушылықтары болмаған  мұғалімдер  басқа жұмысқа ауысады немесе жуық арада оған ниет білдірмейді. Нәтижесінде педагогикалық  жоғары оқу орындары  түлектерінің тек жартысы ғана мектепте жұмыс істейді, ал 10 жылдан соң төрттен бір бөлігі ғана қалады.

Кәсібилікке, яғни өз еңбегінің сапасына өзіндік баға беру мәліметтеріне қарағанда, орта мектептің дәстүрлі тұрпаттағы  мұғалімі өз еңбегінің барысына  оншалықты қанағаттанбаса да, өзіне-өзінің көңілі толатындығын көрсетті. Мұғалімдердің үштен екі бөлігінен сексен процентіне дейінгілері өзінің кәсібилігін он балдық жүйемен «9» және «10» деп  бағалады.

Жас мұғалімдерде кезедесетін  кемшіліктерді бағалай келе, олардың анағұрлым тәжірибелі әріптестері  мынадай қасиеттерді жетілдіруге мән беру қажеттілігіне тоқталады: өз пәні саласындағы  білімдерінің тереңдігі (29 %), жалпы мәдени деңгейі (37 %), оқытудың әдістемесі саласындағы тәжірибелік даярлығы (48 %), студенттердің шығармашылық іс-әрекетін белсендіру және шығармашылық әрекеттену қабілеті (63 %).  Бастапқы кезеңдегі оқытушылық іс-әрекетке даярлығын респонденттердің 73 %-ы  өз пәні,  6 % -ы ғана оқыту әдістемесі, педагогика және психология саласындағы даярлықтарын  жеткілікті деп бағалады. Жеке тұлғаның рухани және дене тұрғысынан қалыптасуы, біздің ойымызша, кәсіби педагогикалық білім беру мақсатының, құралдарының және тиімділігінің өлшемі болып табылады. Рухани тәрбиенің жекелеген  аспектілері философиялық – әлеуметтанушылық тұрғыдан қарастырылған. Осыған байланысты рухани тәрбиенің мәнін қарастыралық. Рухани тәрбиенің барысында:

студент мәдениетке ортақтастырылады, яғни ойлау тәсілдері мен қабілеттерді меңгереді;

жеке тұлға өзгермелі әлемде білімді  ұғынудың және өмірде қолданудың  басқа жолдарын игереді;

қоршаған  әлем  туралы  түсініктердің   алуан түрлілігі қамтамасыз етіледі; танымның (ғылыми, әлеуметтік-нормативтік, көркем-эстетикалық, діни) әртүрлі аспектілері мен бағыттары және әрбір құбылысты көптеген ракурстарда (үлгілерде) және кесінділерде қарастыру ұсынылады;

қоршаған  әлем  туралы түсініктер анағұрлым байытылып, үйлесімді бола түседі, әрбір ұғым «ассоциативті аурамен» қамтылады (Д.С.Лихачев);

оқу орнында  кәсіби  даярлық  компоненттерінің және тәрбие түрлерінің арасындағы өзара байланыстарды  ұйымдастыратын және қайта құратын  біртұтастық тұрғыдан келу қалыптастырылады;

оқу орындарының  (мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары)  білім беру кеңістігіндегі қазіргі денсаулықты қалыптастырушы жағдайды  анағұрлым жетілдіруге бағытталған жағдайлар әзірленеді.

Дегенмен  педагогикалық білім берудің шынайы тәжірибесінде  бұл әлеует жеткілікті дәрежеде қолданылмайды. Педагогикалық білім беру кеңістігіндегі рухани құндылықтардың қажеттілігіне талдау жасау мынадай жағдайды сипаттады:

мектепте жүргізілген сауалнама бойынша жоғары сынып оқушыларының 42 %-ы- мұғалімге балаларға деген сүйіспеншілік, мейірімділік, 35,5  %-ы  – өз пәнін білу, 28,4 %-ы – оқыту әдістемесін білу, 26,9 %-ы шығармашылық тұрғыдан келу, энтузиазм, 11,4 %-ы – оқушыларға  талап қоя  білу қасиеттері тән болуы керек деп санайды.

Оқушылар жақсы қабылдайтын  мұғалімнің жеке тұлғалық қасиеттерінің сатысы мынадай болып бейнеленді: жанашырлық - 86 %, ақкөңілділік -82 %, қамқорлық - 78 %, төзімділік - 76 %, түсіністік- 75 %, адамдарға құрмет  - 61 %, тазалық - 61 %, көңілділік - 44 %.

Дегенмен, оқушылардың  пікірі бойынша,  педагогикалық тәжірибедегі табысты өзара іс-әрекетке мұғалім тарапынан мынадай жағымсыз көріністер кедергі келтіреді: билікті көксеу - 94 %,  қаталдық- 91 %, даңққұмарлық-90 %, сараңдық -83 %, мәдениетсіздік- 78 %, мейірімсіздік-83 %, дөрекілік - 65 %.

Кәдуілгі мұғалімнің кәсіби бағдарында құндылықтар мен идеалдардың ашық және санасыз түрдегі  терең де мәнді қарама-қайшылығын бақылауға болады. Руханилықты және жеке тұлғаның  мәдениетін педагогикалық еңбектің мәнін анықтайтын  ең жоғары құндылық  (ізгілік) ретінде жариялай отырып, мұғалім  өз кәсіби іс-әрекетінің  идеалы, үлгісі ретінде  технократты таниды. Сәйкесінше, тәжірибеде де өз идеалына сай әрекеттенуге тырысады. Бір жағынан, насихатталып, жарияланған құндылықтар мен екінші жағынан,  мұғалімнің өз мінез-құлық үлгілерінің арасындағы қарама-қайшылық, алшақтық  міндетті түрде оқушыларда көрініс табады.

Өз іс-әрекетінің рухани  жағы мен рухани құндылықтар мұғалімнің өзін аз толғантады. Сауалнама жүргізілген мұғалімдердің  шамамен  70 %-ы руханилық, зиялылық, жан-жақты эрудиция тек кейбір мұғалімдерге ғана тән деп есептейді. Мұғалімдердің көпшілігі өзінің рухани денсаулығының деңгейін орташа -65,1 %,  жоғары дерлік -15,2 %, төмен -11 % ретінде бағалайды; 2 % -ы өздерін жоғары және басқыншылық деңгейде деп санайды. Мұғалімдердің 90 %-тен астамы рухани жұтаңдықты, психологиялық шаршауды: оқу тақырыбын аяқтағаннан соң -6,5 %; жұмыс күнінің соңында - 11 %; жұмыс аптасының соңында – 21,7 %; оқу жылының соңында – 23,9 %; жартыжылдықтың соңында -26 % сезінеді. Психологиялық шаршау жағдайы үшін анағұрлым тән жағдай: ашушаңдық -41,3 %;  апатия, шынайы болмыстан қашықтау тілегі -21,7 %; эмоциялық дүмпу -21 %; қоршағандармен қарым-қатынаста өзін-өзі басқара алмау - 2 %. Мұғалімдердің пікірінше, рухани мәселелердің негізгі себептері: отбасындағы мәселелер – 30,4 %; бастығымен қарам-қатынас – 21,7 %;  рухани жалғыздық – 17,7 %; студенттермен қарым-қатынас- 10,85 %; әріптестерімен қарым-қатынас - 9 %. Рухани мәселелерді шешудің негізгі құралдары ретінде мұғалімдер мыналарды атайды: оқшаулану – 41,3 %; табиғатпен тілдесу -28,4 %; достармен қарым-қатынас-26 %; психологиялық тренингтің әртүрлі нұсқалары – 4,59 %; дене жаттығуларымен шұғылдану – 4,5 %.

Рухани денсаулық мәселелері, оқытушылардың пікірінше, тікелей назар салатын пән ретінде қарастырылмайды: мұғалімдердің 54,5 %-де қызығушылық кездейсоқ пайда болады;  25 % -ы  бұл мәселемен  мақсатты түрде, бірақ сирек айналысады; тек 16 % -і  ғана бұл мәселеге мақсатты және жүйелі түрде назар аударып, осы саладағы өз білімдерін ұдайы толықтырып отырады. Рухани іс-әрекетке оларды мынадай мүмкіндіктер тартады: адамгершілік тұрғыдан өзін-өзі жетілдіру  -50 %; пікірлестер ұжымындағы қарым-қатынас - 25 %; кәсіби тұрғыдан  өзін – өзі жетілдіру – 22,7 %. Олар рухани іс-әрекеттің мынадай түрлерін қалайды: өнер-54,5 %; дін – 40,9 %; ғылым-18  %; саясат-16 %.

Сонымен қатар мұғалімдердің 38,6 % -і осы салада жеткілікті меңгерілген білімдері  жоқ деп санайды, ал 18  %-ы көп  білімнің қажеті де жоқ деп есептейді. Мұғалімдердің   6,81 % -ы  руханилыққа  белсенді бағдарлану кәсіби іс-әрекетке көмектеспейді; сирек көмектеседі -54,5 %;  әрине, көмектеседі - 38 % деп санайды. Рухани іс-әрекеттің  мұғалімдердің денсаулығымен байланысы өте әлсіз. Осыған байланысты сауалнамаға жауап берушілердің 6,81 %-ы оны мүлдем жоққа шығарды; 25 %-ы  тән саулығы пен рухани дамудың байланысын жоққа шығармайды, бірақ оны өздері сезінбеген; 54,5 %-ы  тән  саулығын  нығайту үшін басқа да құралдарды қолдану қажет деп есептейді.

Рухани даму мәселелеріне сауалнамаға жауап берген студенттердің  28 % жүйелі және мақсатты түрде қызығушылық танытады және дәл осындай мөлшердегі студенттер бұл мәселеге сирек қызығушылық танытады; болашақ мұғалімдердің 24  %-ы  жағдайға байланысты қызығушылық білдіреді, ал 16 %-ы қызығушылық танытпайды. Әлеуметтанушылық  зерттеулер педагогикалық оқу орындары студенттерінің рухани іс-әрекеті түрлерінің мынадай сатыларын анықтады: өнер-64 %; ғылым-56 %; дін-52 %; саясат-20 %. Сонымен қатар студенттердің 8 %-ы дінге  және 48 %-ы саясатқа теріс  көзқараста.

Осылайша, студенттердің рухани тәрбиесі мен өзіндік руханилықтарының қалыптастырылуы көптеген педагогтардың кәсіби қызығушылықтарынан тыс қалып қояды, дегенмен оқыту мен тәрбиелеу  процесіне барлығы ат салысады.

Руханилық - адамның ішкі, психикалық өмірінің бейнеленуімен байланысты  әртүрлі ұғымдарды (сана, түйсік, білім, ойлау, ақыл-ой және т.б.) біріктіретін интеграциялаушы құбылыс ретінде қарастырылады. Бұл біртұтастықтың іргетасын  адамның қажеттіліктері құрайды.

Біздің ойымызша, мұғалімнің  тұлғалық – кәсіби дамуы барысында мораль мен адамгершілік индивидтің  санасында  этикалық сананың  анағұрлым жоғары рухани формасына сәйкес оның  шектеулі формалары ретінде түсінілуі қажет. Адам санасының рухани пісіп-жетілуі мораль мен адамгершілік сияқты екі қарама-қайшылықтың бірлігіне қол жеткізу деңгейімен анықталады. Руханилық адамның шексіз өзгеріп, дамушы жан ретіндегі әлеуеттік мүмкіндігімен байланысты, сондықтан оның принциптері әрине, сөзсіз  мойындалады  және жалпыға ортақ болып табылады.  Мораль адамның  қандай да бір топтың шынайы өмір тұрмысындағы  мүшесі ретіндегі шектеулілігімен байланысты және нормалар мен ережелердің соңғы жүйесі болып табылады. Ол  - жалпы адамгершіліктік  емес, әрдайым топтық (таптық, ұлттық және т.б.) болып табылады.

 

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер

 

1     Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған бағдарламасы. –Астана, 2005. -71 б.

2     Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. –Астана, 2007.

3 Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. –Алматы: Ғылым, 1973. -251 б.

4  Баласағұн Ж. Құтты білік. / Көне түркі тілінен аударған және алғысөзі мен түсініктерін жазған А.Егеубаев. – Алматы: Жазушы, 1986.  -613 б.

5  Ұмытылмас есімдер (Ұлы ғұламалар өмірінен) / құрастырған Б.Ысқақов. –Алматы: Қазақстан, 1994. -224 б.

6  Ы.Алтынсарин Таңдамалы шығармалары. –Алматы: Ғылым, 1994.- 288 б.

7   А. Құнанбаев Шығармалары (екі томдық). – Алматы: Жазушы. 1977.

8   Ш. Уәлиханов Таңдамалы. –Алматы: Жазушы, 1990. -201 б.

9  А.Байтұрсынов Ақ жол. (Өлеңдер мен тәржімелер, публицистикалық мақалалар және әдеби зерттеу).  / құраст. Р.Нұрғалиев. – Алматы: Жалын, 1991. -464 б.

10       Жұмабаев М. Таңдамалы (Өлеңдер, поэмалар, зерттеулер, аудармалар). – Алматы: Ғылым, 1992. - 272 б.

11  Дулатов М. Шығармалары: өлеңдер, қара сөздер, көсемсөз. / ҚазССР Ғылым акад. Әуезов ат. әдебиет және өнер ин-ты. Құраст.: М.Әбсеметов, Г.Дулатова. – Алматы: Жазушы, 1991. -384 б.