ТӘРТІБІ ҚИЫН
ОҚУШЫЛАРДЫ АДАМГЕРШІЛІККЕ
ТӘРБИЕЛЕУ–ӘЛЕУМЕТТІК-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРОБЛЕМА
Өтеген Қадиша Оралқызы
п.ғ.к., доцент м.а., ХГТУ,
Шымкент қ., Қазақстан
Тәртібі қиын оқушыларды
тәрбиелеу және оқыту қазіргі таңда
әлеуметтік-педагогикалық проблема ретінде күн
тәртібінен түспей отырғаны мәлім. Мұның
өзі «қиын оқушылар» санының жылдан-жылға
өсіп отыруымен байланысты болып табылады. Бір уақыттарда
«қиын оқушыларға» көбінесе жасөспірімдер
жатқызылса, бүгінгі таңда бастауыш сынып
оқушыларының арасында да осы категорияға жататындар аз емес.
Сондықтан «қиын оқушыларды» ерте жастан - бастауыш мектеп
кезеңінен бастап қолға алып, олардың сапалы білім мен
саналы тәрбие алуларына мүмкіндік жасалуы қажет. «Тәртібі
қиын оқушыларды» тәрбиелеу жүйесінде адамгершілік тәрбиесі
аса маңызды орынға ие болады. Мораль нормаларына жауап беретін
айналадағы болмысқа жеке адам көзқарастарының
сан-салалығын ескере келгенде, адамгершілік тәрбиенің жеке
тұлғаны қалыптастырудағы ролі өте зор.
Адамзат тарихында жас ұрпаққа адамгершілік
тәрбие берудің педагогикалық-психологиялық негіздері
ерте заманнан-ақ ойшылдар, ғұламалардың назарында
болғаны мәлім. Олардың құнды идеялары атадан
балаға, ұрпақтан ұрпаққа беріліп,
бүгінгі күнге жетіп отыр.
Қазақтың
ғұламаларының ішінде әл–Фарабидің шығармаларында
адам баласын ізгілікке, адамгершілікке баулу мәселесі кеңінен орын
алғаны мәлім.
Әл–Фарабидің білуінше, «Жақсы мінез-құлық пен
ақыл-күші бұлар адамшылық қасиеттер болып
табылады. Егер осы екеуі бірдей болып келсе, біз өз бойымыздан және
өз әрекеттерімізден абзалдық пен кемелдікті табамыз
және осы екеуінің арқасында біз ізгі игілікті және
қайырымды адам боламыз, біздің өмір бейнеміз қайырымды,
ал мінез-құлқымыз мақтаулы болады» - деп ескертеді [1].
Ғұламаның бұл пікірінен ұғатынымыз –
адамның санасы мен мінез - құлқы оның
адамгершілік сапаларын қалыптастырудың негізі болатындығы.
Ж.Баласағұни
«Құтты білік» дастанында адамгершілік тәрбиесін адамның
бойында кісілік, парасаттылық, имандылық, тектілік және
ізгілік қасиеттерін қалыптастырумен байланыстырады. Оның «Адамшылық жаса адамға адам бол, Адам атын
мақтаныш қып адал бол» деген ой-пікірлері
әл-Фарабидің идеяларымен үндесіп жатыр [2].
Осы ой-пікірлер қазақ
даласында тұңғыш мектеп ашып, болашаққа
оқу- бiлiм сәулесiн таратқан халқымыздың
ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсарин, ұлы ғұлама Абай
Құнанбаев, көрнектi қоғам қайраткерi,
ғалым-ұстаз Ахмет Байтұрсынов, қазақ жерiнде
тұңғыш ұлттық педагогика, психология
пәндерiнiң негiзiн қалаған Мағжан Жұмабаев,
Жүсiпбек Аймауытовтардың шығармаларынан
да орын тауып, кешегiнi бүгiнгiмен
жалғастырып келе жатқан игiлiгi мол қазына болып отыр.
Ыбырай Алтынсариннің
педагогикалық қызметінде мұғалімдердің бала тәрбиесінде адамгершілік мәселесін жоғары талап
етіп көрсеткендігі байқалады. Оның өзінің досы
Н.И.Ильминскийге 1861 жылы қаңтардың 19 жұлдызында
жазған хатында: «Осы жылы қаңтардың 8 жұлдызы
күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп
ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді, бәрі де
жақсы, есті балалар... Мен балаларды оқытуға,
қойға шапқан аш қасқырдай өте қызу
кірістім. Кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға
адамгершілік жағынан әсер етуге бар күшімді салып отырмын »,
- деп өзінің сүйікті ісіне белсене кіріскеннін зор
қуанышпен хабарлады.
Сондай–ақ,
1882 жылы шілдеде Н.И.Ильминскийге жазған хатында:
«Халық мектептері
үшін ең керектісі – оқытушы. Тамаша, жақсы педагогика
құралы да, әбден мұқият жүргізілетін
инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды, - деп
жазды. Мұғалім өз шәкірттерін жан–тәнімен
жақсы көрсе, оқу–тәрбие ісіне шексіз берілуі ғана
емес, оның беделі тек шәкірт алдында ғана емес, бүкіл
ата–аналар, жұртшылық алдында жоғары болатынын ескертіп былай
дейді: «Мектеп бітіруші баланың болашағын болжай білу
қабілеті, адамгершілік қасиеті ұстазға
байланысты» [3]. Ағартушы–педагогтың бұл пікірінен
байқағанымыз, адамгершілікті – оқу–тәрбие
үрдісінің арқауы ете отырып, бала тәрбиесінде
мұғалімнің ролі айрықша екендігін түсіндіреді.
Әрине, бұл мәселенің қазіргі таңда да
көкейтестілігін жоймағандығы анық.
Ы.Алтынсариннiң педагогикалық
көзқарасынан да бүкiл әлемдiк тәлiм-
тәрбиенiң деңгейi гуманистiк көзқарас, яғни
шәкiртке жылы жүректi болу, мұғалiм мен оқушы
арасындағы ынтымақтастық принциптерiнiң көрiнiс
тапқанын көремiз. Ол өз еңбегiнде «Мен балаларды
жазалауды сүйетiн қатал адам емеспiн. Бiрақ тентек етiп
өсiрсең, балалардың адамгершiлiк қасиетiн бұзып
аласың» дедi [3].
Ұлы
ойшыл Абай адамның өсiп жетiлуiндегi тәрбиенiң ролiне
ерекше тоқтала келе, адам баласы
бiр-бiрiнен ақыл, ғылым,
ар-мiнез арқылы озады. Онан басқа жолмен озамын демектiң
бәрi - ақымақтық дей келе, адамды тәрбиелеудегi
қоғамдық ортаның ролiнiң ерекшелiгiн саралап
көрсетіп бердi. Адамның жақсы, жаман болуы, ақылды,
ақылсыз болуы генетикалық негiзге байланысты, ақсүйек
тұқымынан шыққандар ақылды, алғыр болады
дейтiн теріс көзқарасқа қарама-қарсы Абай адам
мiнезiнiң қалыптасуы тәрбиеге байланысты екенiн
дәлелдедi. өзiнiң отыз
жетiншi сөзiнде: «Мен егер
заң қаты қолымда бар кiсi болсам, адам мiнезiн түзеп
болмайды деген кiсiнiң тiлiн кесер едiм-дедi [4].
Ж.Аймауытов
баланы саналы азамат етіп тәрбиелеуге байланысты құнды
пікірлер айтқаны белгілі. Ол «Тәрбиенiң негiзгi мақсаты
- мiнездi түзеу, адамшылыққа қызмет ету, адал
еңбек ете бiлуге тәрбиелеу»
деген қағиданы қуаттай келiп, «баланы тәрбиелеу
үшiн әрбiр тәрбиешiнiң өзi тәрбиелi болуы
керек. Себебi, бала айтып ұқтырғаннан гөрi,
көргенiне көп елiктегiш келедi. Солай болған соң
балаға не жақсы мiнез болсын, iспен көрсету керек»- дейдi [5].
Тәлiм-тәрбие
ғылымының теориялық жағына тұңғыш
терең үңiлушiлердiң бiрi Мағжан
Жұмабаевтың пiкiрiнше, тәрбие саласы тұтас
бөлiнедi. Олар дене, жан, ақыл тәрбиесi, сұлулық
пен әдеп-құлық тәрбиесi. «Егер де адам баласына
осы төрт тәрбие тегiс берiлсе, оның тәрбиесi
түгел болғаны. Егер де ол жөпшенді ыстық, суық, аштық,
жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын
көріністерді елемейтін мықты, берік денелі болса, түзу
ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын ақылды болса, сұлу
сөз, сиқырлы әуен, әдемі түрден ләззат
алып, жаны толқынданарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп,
жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты
болса, міне осылай болғанда адам баласының дұрыс тәрбие
алып, шын адам болғандығы. Балам адам болсын дейтін ата-ана осы
төрт тәрбиені дұрыс орындасын...» [6], «Тәрбиеден мақсұт - баланы
тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес,
келешек өз заманына лайық қылып шығару ғой» деу
арқылы М.Жұмабаев тәрбие мақсатын келер күн
талабымен ұштастырғысы келеді.
Бiрде бiр адамзат қоғамы
өзiнен бұрынғы аға буынның ақыл-ойын,
тәрбиелiк тәжiрибесiн пайдаланбай өмiр сүрген емес.
Қиын балаларды тәрбиелеу мәселесі ХХ
ғасырдың 20-30 жылдарынан бастап, күні бүгінгі дейін
педагогтардың, психологтардың және заңгерлердің
зерттеулеріне арқау болып, әр қырынан қарастырылып келе
жатыр.
Зерттеушілер В.И.Куфаев,
И.А.Невский, Л.К.Керімов қиын оқушыларға тән
ерекшеліктерді бөліп көрсетуге тырысты.
В.И.Куфаев өз
еңбегінде «... өсіп, ер жету, әлеуметтік жағдайына
байланысты, бетімен кету дәрежесіне қарай, әртүрлі
себептерге байланысты» қиын оқушылардың
әрқайсысына тән ерекшеліктері болатынын, сондықтан
«мұндай балалар өздеріне ерекше тәсілмен қатынас
жасауды және олармен тиісінше жұмыс жүргізуды талап етеді» -
дей отырып, қиын
оқушыларға мақсатқа бағытталған
адамгершілік тәрбие беру мен мінез-құлық
мәдениетін қалыптастыру үшін мынадай мәселелердің
шешімін табу қажеттілігін көрсетті:
- балалардың өз
бетімен жүруіне қарсы күрес жүргізу мәселелері;
- оқу орындарын
балалардың денсаулығына, әлеуметтік және
педагогикалық бақылаусыз бетімен кетуіне және сонымен
қатар тәрбиеленуі қиын балалармен жүргізілетін
тәрбие жұмыстарының түрлері мен тәсілдеріне
қарай айырып бөлу қажеттілігі;
- тәртібі қиын
балаларға арналған мекемелер мен оқу орындарында жұмыс
істейтін тәрбиешілердің арнайы білімі болуы;
- тәртібі
қиын балаларға адамгершілік тәрбие беруді
қоғамдық пайдалы еңбек барысында жүзеге асыруды
белсендіру [7].
И.А.Невский тәрбиеленуі
қиын оқушыларды топтарға бөліп, оны үш
жағдаймен түсіндіреді:
а) педагогикалық
тәрбиесінің дұрыс болмауы;
ә) әлеуметтік тәрбиесінің
дұрыс болмауы;
б) психикалық
қалыпты нормадан ауытқуы.
Ал тәрбиеленуі қиын
оқушыларға тән ерекшеліктерді мынадай үш топқа
бөледі:
1. Білімі. Тәртібі қиын оқушылардың оқу
және әлеуметтік-этикалық білімі өзінің өте
кемдігімен, жүйесіздігімен және түсінігінің
қателігімен ерекшеленеді.
2. Дамуы. «Қиын» оқушылар әдетте өзінің
ақыл-ой қабілеттілігі, сана-сезімінің өсіп-жетілуі
жағынан өз құрбыларынан артта қалып, жұмыс
істеуге қабілеттіліг төмендеп, кейбір психикалық
функцияларының өсіп-жетілуінде ауытқушылығы
(қабылдауы, зейіні, есте сақтауы, ойлауы, елестетуі, еркі,
сөйлеуі, сезімі, т.б.) байқалады. Кей жағдайларда
олардың ақыл-ойы, психикалық қасиеттері өз
деңгейінде дамыған да болып келеді, керісінше, теріс бағытта,
яғни олардың өздері үшін маңызды
жағдайларда аса қырағы, байқағыш, көреген
болып келеді. Ал сабақта ерікті қабылдауы, зейін қойып
тыңдауы нашар, әлсіз болады. Сондықтан мұндай
оқушыларға қолайлы жағдай туғызып, тиімді
тәрбие әдістерін қолдану арқылы оқуға,
өзінің айналасындағыларға қатынасын
өзгертіп, тәртібін жақсартуға болады.
3. Қатынасы. Тәртібі «қиын»
оқушылардың өздеріне тән ерекшеліктері
сабаққа, ақыл-ой еңбегі мен дене еңбегіне
қабілетсіз болып келетіндіктері. Ал бұл жағдай олардың
оқудан әр уақытта да үлгермеушіліктері, еңбек ету
дағдыларының жоқтығы, оқу пәндеріне, жалпы
білімге, оның нәтижесіне қызықпаулары,
еңбектенуге қабілетсіздігі және осыларға байланысты
болатын жағымсыз жағдайларды олардың әр уақытта
да уайымдауынан болады. Мұның барлығы да олардың
басқалардың еңбегінің нәтижесін пайдалануға
дағдылануынан, басқаның еңбегін қадірлемеуінен
келіп шығады. Тәрбиеленуі қиындар кейде мектептің
мүлкін алып кетеді, терезені, мектеп мүлкін қиратады, өсімдіктерді
бүлдіреді. Олардың тек қана оқу пәндеріне,
еңбектенуге, басқалардың еңбегінің пайдалы
нәтижесіне қызықпаушылық қабілеттері ғана
төмен емес, тіпті, кейде жалпы адамды рухани бай ететін, адамның
адамгершілік қасиетін жақсартатын әдебиетке, өнерге, тарихқа,
жаратылыстануға, табиғатқа деген
қызығушылықтары да төмен болып келеді [8].
Қиын балаларды тәрбиелеу мәселесімен
айналысқан қазақстандық белгілі ғалым Л.Керімов әлеуметтану мен заң ғылымдарында,
психологиялық және педагогикалық әдебиеттерге талдау
жасай отырып, кәмелетке жасы толмаған құқық
тәртібін бұзушылар, педагогикалық тәртібі нашар
оқушылар, «қиын» балалар сиқты терминдік
ұғымдарды анықтайды. Біріншісіне кәмелетке жасы
толмаған құқық тәртібін бұзатындар
небір жағымсыз жағдайларға байланысты дау-жанжал
шығаратын, арақ-шарап ішіп, жеке меншік пен
қоғамдық мүліктерге қол сұғатындарды
жатқызады. Олардың мінез-құлықтарында,
жүріс-тұрыстарында жалқаулық, қатыгездік,
бастаған ісін аяғына дейін атқармау, әртүрлі
ұрлықтар жасау, т.б. қылықтар кездесіп отырады.
Педагогикалық тәртібі нашар балаларға
айналасымен қарым-қатынастарда жағымсыз қылықтар
мен әдет-дағдылар көрсеткенімен, мұндай ерекшеліктер
мінез-құлықтарында тиянақты
қалыптаспағандар жатады. «Қиын» балалар
қатарына психикалық дамуы уақытша баяулаған, тез
ашуланшақ, уайымшыл, өзін төмен санайтын,
мінез-құлқында психопатиялық формалар кездесетін,
дәрі-дәрмек беру арқылы қозу күйін тежейтін
балаларды жатқызады [9].
Сонымен қатар Л.Керімов
қиын оқушылардың адамгершілік сапаларының
төмендеуіне отбасы тәрбиесінде кеткен қателіктермен
қатар, мұғалім мен олардың арасындағы
қарым-қатынастар жүйесіндегі кемшіліктерді де бөліп
көрсетеді:
1. Мораль белгілері мен заң ережелерін ұстамауға
бейімділігі бар оқушыларды
алдын-ала айқындай алмау.
Мұғалімдердің кейбіреулері оқушының дара ерекшеліктеріне, адамгершілік тәрбиесі нормасынан ауытқу себептеріне
көңіл аудармаған. Мектеп ұжымы тәрбие
жұмыстарын жоспарлы қадағаламаған.
2. Қиын оқушылармен тіл табыса алмай, яғни жеке
психологиялық ықпалдар жасай алмаудан барып, этикаға
жатпайтын тәсілдерді: ұрысу, әрбір «қылықтарын»
талдауға алу, орынсыз жазалау, қандай да бір жөнсіз
«әрекеттер» болсын оны сол балаға жабу, кемсіту т.б
қолданған. Дұрыс қолданылмаған шара жас
өспірімнің ыза-кегін туғызып, қарсылық көрсетеді.
3. Кейбір педагогтардың кәсіптік деңгейлерінің
төмен болуы және психологиялық тұрғыдан
балалармен жұмыс жүргізуге дайындығының
жеткіліксіздігі, өз пәндерінен білімдерінің таяздығы,
тәрбие жұмыстарын өткізу мен ұйымдастыруда
әдістемелік шеберліктерінің төмен болуы себеп болған.
Олар қиын балалардың денсаулық жағдайынан хабардар
болмаған. Себебі, көптеген педагогтар жұқпалы
аурулардың түрлерін, олардың барысын білмейтіндігі
анықталды [9].
Сонымен
адамгершілік - адамның рухани арқауы демекші , оны тәртібі қиын оқушылар тәрбиесінде қалыптастыруда
ғалым - педагогтардың , қиын балаларды зерттеуші -ғалымдардың еңбектерін пайдалана отырып ,
жұмыс істеудің маңызы
зор. Сөзімізді түйіндей
келе айтарымыз, педагогтар
тәртібі қиын балаларды
адамгершілікке тәрбиелеу - әлеуметтік - педагогикалық
проблема екендігін түсіне отырып, балалармен, олардың ата -
аналарымен , қоғамдық мекемелермен тығыз байланыста
болып тәрбие жұмыстарын
жүргізу қажет.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1.Әл-Фараби. Философиялық трактаттар.-Алматы, 1973.
2. Баласұғын Ж.
Құтты білік Ауд.А.Егеубаев.-Алматы: Жазушы,1986.
3.Алтынсарин Ы.
Таңдамалы шығармалары.-Алматы: Ғылым, 1994.
4. Құнанбаев
А.Шығармалар жинағы.-Алматы: Жазушы,1991.
5.Аймауытұлы Ж.
Психология.-Алматы: Рауан, 1993.
6.Жұмабаев М. Педагогика. .-Алматы: Ана тілі,1992.
7. Куфаев В.И. Юные
нарушители.-М,1925.
8.Невский И.А.
Предупреждение и преодоление педагогической
запущенности школьников Автореф.дис.докт.пед.наук.-М.,
1982.
9.Керімов Л.К. «Қиын»
оқушылар және оларды қайта тәрбиелеу
мәселелері.-Алматы,1991.