Қошанбаева Гүлжан Бейбітқызы

Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 5-курс студенті

 

Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» шығармашылығы негізінде

 

Міржақып Дулатұлы алты алашқа аты жайылған, өз заманында қоңыраудай күмбірлеп, халқын білімге, ғылымға, оянуға шақырған ардагер азамат, сан қырлы саңлақ дарын екені сонау кезден бізге белгілі. Ол – тек поэзияда ғана емес, шығармашылық еңбектің қай саласында болмасын өзіндік із қалдырған, «ХХ ғасырдың басында қазақ халқының отаршылдық езгіден құтылып, рухани оянуына үлкен үлес қосқан тұлғалардың бірі – Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановтың серіктесі, саяси-қоғам қайраткері, ақын, жазушы, публицист, ағартушы ұстаз» [1, 105].

Ұзақ жылдар бойы оның да шығармашылық мұрасы көңілден кетпесе де, көзден таса болып, ауызға алынбайкелді. Оның өмірі мен шығармашылық жолы, дүниетанымдық сипаттағы қателіктерін былай қойғанда, жаңа қоғамдық құрылыстың мақсаттары мен міндеттерін жете түсіне білмеген тар жол, тайғақ кешулі болды. 1909 жылы Міржақып Дулатұлының тұңғыш лирикалық-публицистикалық өлеңдер жинағы «Оян, қазақ» Уфадағы «Шарқ» баспасынан, екінші басылымы 1911 жылы Орынбордағы «Уақыт» баспаханасынан жарық көрген. Бұл жинаққа ақынның 1902-1909 жылдар аралығында жазған өлеңдері енген. Сонымен қатар, бұл жинаққа енген шығармаларды М.Дулатов тақырыбы мен мазмұнына қарай шартты түрде үш топқа бөлген. Олар: «1. Қазақ халқының өткен тарихынан елестер; 2. қазақ қауымының ғасыр басындағы әлеуметтік хал-ахуалы; 3. елдің болашақ тағдырына байланысты көтерілген адамгершілік, оқу-авғарту мәселелері» [2, 328]. Осы алғашқы жинағының өзінен-ақ автордың мақсаты мен айтайын деген ойы, патшаның отарлау саясаты, халықтың өнер білімсіз қалуы, халық тұрмыстарының нашарлығы, т.б. осындай неше түрлі қасіреттің бәрі осы «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты! Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп, Қазағым, енді жату жарамасты!» [2, 24],деген төрт жолдан ақынның бүкіл тыныс-тіршілігінің болмысы танылып, қаншалықты мән мағына сыйып кеткен десеңізші!.. Сол замандағы қазақ халқын құрсап алған төрт қасірет түгел көз алдыңызға келіп, тұмшаланған сананы серпілтіп жібергендей күй кештіреді. Елі осындай күйде жатқанда, ақын жүрегі қалай тебіренбей тұра алсын?! Елін өлеңмен оятуға ұмтылған ақын негізгі түйінді мәселелерді нақты айқындап, назар салар тұсты дәл осылай меңзейді. Осы төрт шумақтан М.Дулатұлының зар-мұңы, елі мен жерінің бақытын көксеген ойшылдығын, келер ұрпақтың қамын жеген кемелдігін көре аламыз. Болашаққа деген нық сеніммен жігерленген оның шығармашылығы қазақ халқының бостандығы мен теңдігі жолындағы күресімен тығыз байланысты. Оның тағдыры – патша өкіметінің қуғын-сүргіні мен сталиндік репрессияның зардабын басынан өткізіп, әділет пен шындық жолында құрбан болған қазақ зиялыларына тән тағдыр екені баршаға мәлім. М.Дулатұлы өз шығармашылық жолында Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабайұлы, Ә.Бөкейхан, Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, Д.Сұлтанғазин, Е.Омаров, т.б. ұлт мәдениетінің көшбасшыларымен тізе қосып, қанаттасып ғұмыр кешкен ғұлама.

М.Дулатұлы алдыңғы қатарлы қазақ зиялылары сияқты, туған халқының патша езгісінен тезірек азат болуын армандап, отаршылдыққа қарсы күреске сол ХХ ғасырдың басында-ақ араласып, 1906 жылы тәуекелге бел буып, Міржақып Дулатұлы Ахмет Байтұрсынұлымен бірге Петерборға барады. Петерборда М.Дулатұлының журналистік жолы басталады. Мұнда татардың «Үлфәт» газетімен байланыс жасайды. Қазақ оқушыларына арнап «Үлфәттің» қосымшасы ретінде «Серке» газетінің жарыққа шығуына көп еңбек сіңіреді. Газеттің бірінші нөмірінде «Жүрегі – айна, көңілі ояу» балаң ақынның «Жастарға» деген өлеңі жарияланады: «...Етемін үміт жастардан, Жаңа гүл шашқан бақшадай. Мұратын оңай кім табар. Жар салып жұртқа қақсамай. Халыққа, жастар, басшы бол, Қараңғыда жетектеп, Терең судан өтер ме, Мың қойды серке бастамай?» [2, 149], – деп жастарға зор сенім артып, олардың алдына үлкен міндеттер жүктейді. Қой бастаған серкедей болып надандықта, түнекте жатқан қазақ халқын жарыққа алып шығуға шақырады. Сөйтіп 1904-1906 жылдары М.Дулатұлы Зайсанда, кейін Ташкентте мұғалімдікпен айналысады. Сонымен қатар ақын тек әдеби-шығармашылықпен ғана айналысып қоймай, қоғамдық өмірдің қай саласында болмасын өшпес із қалдырған өшпес тұлға, ірі саяси-қоғамық қайраткер ретінде де таныла бастады. Осы жазушы, публицист,  ғұлама ақынның мол мұрасының ішінде, әрине, әдеби шығармашылығының орны бөлек. Әдебиетке өзінің тұңғыш туындысымен «Оян, қазақ!» деп ұрандата келіп, қазақ әдебиетіне өршіл сарын, тіліп түсер өткір сөз, ойлы пікір әкеліп:  «Газет-журнал оқысаң, Көзіңді қазақ ашасың Дүние халін білмесең, Ілгері қалай басасың?» [3, 12], – деп ұрандап, «Оян, қазақ!» деп жар салып халықты оятуға тырысты. Халқының ой-арманының діттеген жерінен шыққан ақын өлеңдері талай ұрпақтың жүрегінде жатталып, көкірегінен орын тепкені анық. Ұзақ жылдар қара күйе жағылып, аты ашық түрде айтылмай жүрсе де, Міржақып есімі азаматтық пен күрескерліктің символы бола білді. Кейбір әдеби зерттеу еңбектерге сыналай кіріп, сыналып жатса да, сол шағын үзінділерден-ақ Міржақыптың халық қасіретін жанымен түсініп, шығармашылығына алтын арқау еткен жан екені сезіліп-ақ тұратын. Бүкіл ғұмырын елінің бостандығы мен теңдігі жолында паш еткен азаматтың шығармашылығымен кеңінен танысып жатқан бүгінігі шақта көп нәрсеге көзіміз жетіп, тума таланттың болмысын танығандаймыз.

М.Дулатұлы – қандай бір тақырыпқа жазбасын және қай жанрға қалам сілтемесін өзі өмір сүрген тарихи кезеңдегі қазақ халқының тағдырының шындығын жазып, өзекті мәселелерді талдап, өткір көтере білді.

«Оян, қазақтың» беташар өлеңі «Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі» деп аталады. Өлең «Міржақып неге отырсың қалам тартпай, Бәйге алмас болғанменен жүйрік шаппай. Шамаңды қадари хал көрсетсеңші, Байғұс-ау, оянсаңшы қарап жатпай... Сен неге бой көрсетпей жасқанасың? Тастаса көзің көрсін халық ұнатпай. Бұл шақта сөз базары көтеріңкі, Сынаспай бақытыңды сен де баптай» [2, 27], - деп басталады да, ары қарай емін-еркін далада көшіп-қонып, бейбіт өмір сүріп жүрген халықтың басындағы ауыр жағдайды, патшаға бодан болғандықтарын, үміттерінің ақталмай қалып, қазір нашар халде жүргеніне ойланып-толғанып, осыдан дұрыс жолға шығудың қамын ойлауға шақырады және елдік мүддесіне қызмет ету - әрбір саналы азаматтың борышы екенін түсіндіргенін «Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі» атты өлеңінің жалғасынан көре аламыз: «Адасып қараңғыда сорлы қазақ, Ай тумай, күн һәм шықпай, тұр таң атпай. Сөндірмей жанған өртті көрген адам, Қалайша тұру мүмкін жанға батпай... Милләтлар цивилизованный озып кетті, Оянбай енді жату не следует. Ұйқысы ғафилдіктің басып кетті, Қазақты ояталық етіп һүммәт» [2, 28-29].

Бір кезде Ресейге кіріп, соның құрамындағы әр түрлі ұлттармен, ұлыстармен бірге адам қатарлы өмір сүреміз деген халықтың үміттері ақталмағанын, патша өкіметінің тепкісінде тұншыққан ұлтының аянышты, ауыр халінің шынайы шындығы, олардың халықты жан-жақтан аяздай қысып бара жатқанын, аяқ асты тапталып қалғанын ақын өз көзімен көріп, бұларды осынау қараңғылықтан қалай құтқарамын, қалайша рухтандырамын деп тырысқан ақынның жан айқайы «Таршылық халіміз хақында аз мінажат» атты өлеңдерінен көруге болады. Бұл өлең былай басталады: «Жас орнына көзімізден қан кетіп, Қолымыздан ата мирас заң кетіп. Хүкімі шариғаттың емес қолда, Ғаділдікпен халық билеген хан кетіп, Аяқ асты болып қазақ қалды ғой, Құр әншейін рухы қалып, жан кетіп. Шаһбазлар (сарбаз) басшы болған милләтке Аяғына қан түсті ғой, мән кетіп... Әлі де болса ояналық «Аллалап», Жалыналық жаратқан хаққа пәнде (адам) етіп. Мезгілінде қару қылмай қимылдап, Бұл уақытта тұрмыз енді хәл кетіп. Ұйқыда жатыр қазақ көзін ашпай, Кеттік ғой отқа күйіп, өрттен қашпай. Һәр халық алға кетіп жатса-дағы, Біздің жұрт шегінеді қадам баспай» [2, 51-52]. Сонымен қатар, болашақ барар жолдың негізгі тірегі ел бірлігі екендігін баса айтып, ұлтының ұйымшылдығын, ғылым-білімге үйір болғанын қалап, былай дейді: «Бірлік жоқ алты ауызды халықпыз ғой, Қатардан сол себепті қалыппыз ғой, Ғылым мен мағрифатты керек қылмай, Надандық шәрбатына қаныппыз ғой... Ғылым үйрен, ашылсын көзің, жастар, Тәрбиеле өзіңді-өзің, жастар. Өзің біліп, һешкімге айтпай қойма, Білгеніңді тезірек халыққа шаш, бар. Сонда тиер файдаңыз аймағыңа, Кім оқымас рахмет файдалыға. Һәр нәрсенің фарқына көзің жетсе, Алдаушының түспессің қармағына...» [2, 54-55].

Екінші өлең «Насихат гумумия» деп аталады. Бұл өлең бірнеше бөлімдерден тұрады. Бірінші бөлімінде, қазіргі білім, ғылым заманында мақұлық болып қалмаңдар, бәрің бірігіп ынтымақ-бірлікке келіңдер, халықтың көбі түрмеде жатса да, қалғанымыз құл емеспіз, көп қуғын-сүргінге ұшырадық, енді ары қарай басымызға шығармайық деп былай дейді: «Бұл жазған, замандастар, насихатым, Емесдүр риядан (іш мерез, екі жүзді), хақ ниетім. Көңілі ашық, көзі өткір інілерім, Һәр түрлі мүһим (маңызды) істен файда алатын... Ішінде темір тордың шынжырлаулы, Жатқанын көрмеймісің қайран халқың? Көп қуып, қорқақ едік, батыр қылды, Біздерге енді не бар аянатын? Біз сонша сатып алған құл емеспіз, Һәркімді төбемізге шығаратын. Болады әбігер заман деген осы, Байқасаң, Алаш ұғлы азаматым» [2, 75]. Дәл осы өлеңнің екінші бөлімінде жастар қайратты, талапты болып, халық үшін жанын қиюға дайын ер-азамат болудан қорықпау керектігі айтылып, автор былай дейді: «Шығады асыл – тастан, һүнер – жастан, Тәрбие тәуір болса әуел бастан. Мысалы, ғылым таппақ сол секілді Бұлақтың бітіп жатқан көзін ашқан. Жігітке талаптанған мың рахымет, Файдасын ғылымының халыққа шашқан. Жаны ашып нашарларға қызмет етіп, Салса егер, түзу жолға, болса адасқан. Халық үшін жанын қиып шыққан болса, Хайырлы һәр қадамы болсын басқан. Көрсетіп тар орында таудай ғайрат, Құтқарса мұхтаждықтан болса сасқан....» [2, 76]. Ал енді осы өлеңнің үшінші бөлімінде, жастардың қиыншылықтан талмай, бастарын тауға да, тасқа да соғып, өмір тәжірибесін көбірек жинауы керектігі айтылған. Автор бұл туралы былай дейді: «Һүнерпаз қара жерге салар қайық, Жиһаннан алар тағлым қанат жайып, Һәр жердің тамашасын көзбен көріп, Жастқта етер сайран болып ғайып... Тым артық кедей болсаң оқығаның, Білгенге қиын емес кету байып. Мағлұмсыз мал дәулеті уақытша Бүгін бай, ғажап емес, ертең ғәриб...» [2, 77]. Осы сияқты әр бөлім өзінің ерекшелігімен танылады.

«Оян, қазақ!» өлеңдерінің соңғысы «Сөз ақыры» деп аталады. Бұл өлеңі жинақтағы азды-көпті дүниесін жазудағы мақсатын қорытындылауға және өлең өлкесіне келуіне шығармашылығымен түрткі салып, үлгі болған ұстаз тұтар ақындар тобын таныстыруға бағытталған. Ол өлең былай басталады: «...Орыста Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Крылов, Тургеневтер кеткен өтіп. Қартайып бұл уақытта Толстой тұр, Өзіне маслихаттан ерлерді ертіп. Қазақта бұлар теңдес бар ғой шешен, Халықтан мойны озып болған көсем, Семейден шықты Абай Құнанбаев, Сөзінде қате бар ма сынап көрсең. Ақын аз Байтұрсынов Ахметтей, Сөзі алтын, мағанесы меруерттей. Оқыған ғибрат алып, жас жігіттер, Һәммәсі өз халқына қызмет еткей. Орладан Әбубәкір молл шықты, Омбыдан Қыпшақбайдай жорға шықты. Торғайда Ақмолла мен Нұржан жатыр, Шөже, Орынбай, Мәшһүр Жөсіп о да шықты. Бұлардың хәрбір сөзі файдаға асқан, Һүнерін хатқа жазып халыққа шашқан...» [4, 79]. Кеше ғана жұртына «Оян, қазақ!» деп ұран салған ақынның нәзік жаны, ішкі сезімін жеткізе білетін шеберлік қыры жарқ етіп бір көрінгендей, жарқылдаған отты сөздердің жалт-жұлт ойнаған ішкі сырларды шертіп кететін кездері Міржақып поэзиясында аз кездеспейді. Ендеше, Міржақып – ұлтына еңбек етудің үлесін танытқан, ұлт азаттығына бар саналы ғұмырын арнаған, осы бағытта талай тағдыр талқысына түсіп, соның бәрін туған елі үшін мойымай көтерген азамат ақын деуге әбден лайық.

Әдебиеттер:

1. Қазақ көркем сөзінің шеберлері: Анықтамалық. – Қарағанды: Экожан, 2010. 512 б.

2. Дулатов М. Бес томдық шығармалар жинағы: Бірінші том: Өлеңдер, роман, пьеса, әңгімелер // Құрастырушылар: Дулатова Г., Иманбаева С. – Алматы: Мектеп, 2002. – 368 б.

3. Дулатов М. «Оян, қазақ!», құраст. М.Әбсеметов. Алматы, 1991. – 5-бет.

4.  Дулатұлы М. Шығармалары. 1-т. – Алматы: Ғылым, 1996. – 280 б.