Досова А.Т.

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Қазақстан,  Қостанай қ.

 

Қазақ, қарақалпақ, татар тілдеріндегі  кейбір лексикалық бірліктердің ұқсастықтары мен  айырмашылықтары

 

         Түркі тілдерін тілдік  тұрғыдан топтастыру – классификациялау,  сөйтіп әрбір тілдің түркі тілдері құрамындағы орнын айқындау Махмуд Қашқаридан басталады. Ол өзінің «Диуани лұғат-ит түрк» деген сөздігінде түркі тілдерін орналасқан орнына қарай және тілдердің тазалығына қарай  Рұмнан бастап Синға (Қытайға) дейін орналасқан түріктерді екіге бөледі. Махмуд Қашқаридың айтуынша, «Сахара, қыр халықтарынан шыққан жомұлдардың тілдері өз алдына жеке тіл. Олар түрікшені жақсы біледі. Қай, ябақу, татар, басмыл тайпаларының да өз тілдері бар. Олар түркі тілдерін әлімсақтан бері біледі. Қырқыз, қыпшақ, оғыз, тохси, яғма, чігіл, оғрақ, жарұқ тайпалары тек түркі тілімен ғана сөйлейді. Иәмәк пен башқырт тілдері оларға жақын» [1,11].

     Ғұлама ғалымның пікірін қазіргі қазақ тілі мен қарақалпақ тілдеріндегі ұқсастықтар арқылы дәлелдей түсуге болады. Мысалы,  қазақша бас- қарақалпақша бас; қазақша бау – қарақалпақша бау; қазақша батыс- қарақалпақша батыс; қазақша бекініс – қарақалпақша бекініс; қазақша бәсекелеу- қарақалпақша бәсекелеу; қазақша баяғыдай – қарақалпақша баяғыдай, т.б. Дегенмен қазақ тілі мен қарақалпақ тілдерінің ешқандай айырмашылығы жоқ екен деуге болмайды. Ондай айырмашылықтар болады. Мысалы, қарақалпақтар озал бастан (бастапқы), усы бастан (қазірден бастап), берк тарту (қатты байлау), биймурат (мақсатсыз, тілексіз), бир қия (ұзақ, бір шет жер), бир майдан (азғана, шамалы) т.б. сияқты сөздер қазақ тілінде қолданылмайды немесе мағынасында өзгешелік бар. Мысалы, қарақалпақ тілінде бәнде (бенде), бәдбақ (бетпақ), бәйбәтше (бәйбіше), әрмансыз (армансыз), бирлесу (бірдесу), т.б. [2].

       Қарақалпақ тіліндегі сөзжасам жүйелері өте дамыған. Олар мына жұрнақтар негізінде жасалады:

        1) –шы, -ші: аңшы, етікші, т.б. – Шы, -ші қосымшасы өтирикши, өсекши сияқты сындық мағыналы туынды түбір зат есім жасаумен бірге, қазақ тілінде қолданылмайтын ойыншы (биші мағынасында), урлыкшы, тамашашы сияқты зат есімдер де жасайды;

        2) –лық, -лик: жақсылық, байлық, гедейлик, дузлық, т.б.

        3) –шылық, -шилик: дийқаншылық, егиншилик, пахташылық, т.б.

        4) – гершилик: жаугершилик, ләмгершилик, адамгершилик, т.б.

        5) –ыс, - ис, -с: айтыс, тартыс, урыс, кирис, т.б.

        6) –лы, -ли: ақыллы, ғайратлы, кәдирли, т.б.

        7) –сыз, -сиз: сансыз, жерсиз, малсыз, т.б.

        8) – дай, -дей: қақпақтай, мендей, адамдай, қазандай, т.б.

        9) –дәк, -дек: дәрьдәк, пәрийдек, гүлдек, т.б.  Мағынасы жағынан бұл қазақ тіліндегі –дай, -дей қосымшаларымен сәйкес келеді де, екі затты салыстырады.

        Осындай тілдік элементтердегі ұқсастықтарды татар тілінен де байқауға болады.

       Қазақ  және  татар  тілдеріндегі фразеологиялық параллельдер олардың сөздік құрамында әбден орныққан. Мәселен, отпен ойнау / ут белан уйнау; отқа май құю / утка май сибү; от ала келу / ут алырга килгән; отқа жанбас, суға батпас / утта янмас, суга батма; оқу – инемен құдық қазғандай / уку – энә белан кое казу; ойыннан от шығады / уеннан уймак чыга; ортақ тіл табу/ уртак тел табу; ойнап айтсаң да, ойлап айт / уйнап әйтсәң дә уйлап әйт; ұрыға мал құтаймас / угры малга котаймас;  аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі / уйламый сөйләсәң, авырмый үләрсәң;  өз үйінде сызу сызбаған кісі үйінде ою ояр / үз өендә умач умаганны кешеге барып токмач жәйгән; қызу қанды / кызу канлы; қызым, саған айтам, келінім сен тыңда / кызым,  сиңә әйтәм, киленем, син тыңла т.б. сияқты фразеологизмдер екі халыққа ортақ. Семантикалық аспектіде ескерту, сақтандыру, тыйым салу, әдеп т.б. білінеді.   

       Түркі тілдес халықтардың о бастағы тарихи және генетикалық бірлігі кейінгі дербестену үдерісіне қарамастан, жойылып кетпегені осы, күні бүгінге дейін түркі тілдерінде ортақ айтылып келе жатқан фразеологиялық тіркестерден де байқалып отырады. Бұл параллельдік құбылыс түркітануда фонетикалық, лексикалық, фразеологиялық, семасиологиялық, этимологиялық, сөзжасамдық және грамматикалық өлшемдер тұрғысынан қарастырылады.

        Осы  өлшем негізінде қазақ және татар тілдеріндегі фразеологизмдерді түрлі топтарға бөлуге болады. Мысалы:                                                                                 

         1 «Білім»  және «ақыл» сөздері тірек болған  фразеологизмдер (қазақ татар): ақыл бастан – асыл тастан /акыл баштан – асыл таштан;  білікті                                            бірді жығар, білімді мыңды жығар / беләге юан берне егар, белеме юан меңне егар ;  білімсіз достан,   білімді дұшпан артық / белексез дустан, белекле дошман артык; білім инемен құдық қазғандай  / белем алу – энә белән кое казу т.б.

          2 «Достық» пен «дұшпандық» сөздері тірек болған  фразеологизмдер: дұшпаныңа өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле / дошманга үлем теләгәнче, үзеңө гомер телә; дос басқа – дұшпан аяққа қарар / дус башка - дошман аяққа карар т.б.

         3 «Сөз» сөзі тірек болған  не байланысты фразеологизмдер: айтылған сөз –  атылған оқ /әйткән сүз - аткан ук; көп біл де, аз сөйле; сөз атасы – құлақ / күп бел дә аз  сөйлә, сүз атасы – колак, т.б.

         4 «Ана» мен «бала» сөздері  тірек болған  фразеологизмдер: алып  анадан туар,  арғымақ биеден туар/ алып надан туар,  аргамак биедән туар; ананың көңілі балада, баланың көңілі далада / ана күңеле балада, бала күңеле далада; жұмақ ананың аяқ астында / жәннәт - әниләр табаны астында т.б.

         5 Жан – жануарлармен байланысты фразеологизмдер: аюға намаз үйреткен таяқ /  аюга намаз өйрәткән таяк; бір оқ пен екі қоян атып алу / бер атуда ике  куян үтеру; бір қазанға екі қошқардың басы сыймас / бер казанга ике тәкә башы сыймас т.б.

        6 Соматикалық фразеологизмдер: аузына шайнап бергенді  жұта алмайды /  авызына чәйнәп салганны көтә ( йота алмый); бір аяғы жерде,  бір аяғы көрде / бер аяғы жирдә, икенчесе гүрдә;  қолыңмен істегенді,  мойныңмен көтер / кулың белән эшләгәнне иңнең белән күтәрерсең; екі көзі төрт болды / ике күзе дүрт булды т.б.

        Қазақ тілінде фразеологизмдер көп реттерде адамның дене мүшелеріне (көз, аяқ, қол, жүрек, кеуде, өкпе, шеке, иық, саусақ т.б.) қатысты болып келеді. Тілдік деректер мұндай құбылыс татар тіліне де тән екенін көрсетеді.

       8 Сан есімді фразеологизмдер: Сан есімді фразеологизмдер екі тілде де молынан ұшырасады. «Бұл халықтың ежелгі дәуірдегі ұғым-түсінігімен, салт-санасымен ұштасып жатыр,- дейді І.Кеңесбаев [3, 612]. Демек, шығу, қалыптасу негізі бір. Алайда олардың арасында лексикалық параллель бола алмайтындары да бар : бір ауыз сөз айтпау / бер авыз сүз дә әйтмәү;  бір атқа екі ер салмайды / бер атка ике камыт кидермиләр; бір оқпен екі қоян ату / бер атуда ике куян үтерү; бір аяғы жерде, бір аяғы көрде / бер аягы жирдә, икенчесе гүрдә  т.б.    

     Мұндай  лексикалық бірліктер  қазақтар, қарақалпақтар,  татарлардың ұқсас өмір салты немесе ортақ әлеуметтік, мәдени, рухани аядағы тығыз байланыстарын білдіреді. Қорыта айтқанда, жоғарыдағы мысалдар қазақ, қарақалпақ, татар халықтарының «түбі бір - түркі»  екендіктерін дәлелдейді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

       1Махмуд Қашқари. Түбі бір түркі тілі («Диуани луғат ит-турк»). – Алматы: «Ана тілі», 1993.

       2 Қайдар Ә., Оразов М. Түркітануға кіріспе.- Алматы: «Арыс», 2004.

       3  Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика. Фонетика. – Алматы, 1962.