Қожа
Ахмет Ясауидың «Диуани-хикмет» дастанының тілдік ерекшеліктері
Жолдасова Айгүл Абдуллақызы
Филология ғылымдарының кандидаты, аға
оқытушы
Оңтүстік Қазақстан
педагогикалық университеті, Шымкент қаласы
Қожа Ахмет Ясауидың өз туындысын
қыпшақ, оғыз ұлыстарының ана тілінде – көне
түркі тілінде жазуы дін тарату талабынан туса да, ол бұл
шығармасы арқылы түрік тілінде жатық, әрі
көркем жыр жазудың қайталанбас үлгі-өнегесін
жасады. Сол мақсатта ақын өзіне дейінгі әдебиетте
бірыңғай үстемдік етіп келген араб, парсы тілдерімен жарыса
жазып, түрікше де көркем шығармалар тудыру мүмкіндігін
ашып берді.
«Диуани
хикметтің» тілін тек бір халықтың тіліне телуге болмайды.
Өйткені шығармада қазақ пен өзбектің,
ұйғыр мен татардың, тағы басқа түркі тектес
халықтардың тіліне ұқсастық бар. Қожа Ахмет
Ясауи өмір сүрген дәуірде бұлар әлі жеке
ұлт болып қалыптаса қоймаған еді, тек түрік елі,
түркі тілі деген ұғым ғана болатын. Қ.А.Ясауиды
ұлтқа бөлуге болмайды, өйткені ол кезде
қазақ, өзбек, түрікпен ұлттары әлі
жоқ еді. Олар әлі де ұлыс болатын ... Мұны түркі
халықтарына ортақ тіл деген жөн. Сондай-ақ
құрылысы, буындық өлшеуіші өзгелерден гөрі
бізге, қазақ тіліндегі өлең-жырлардың
буындық өлшеуішіне ұқсас келеді. Мұны тіл
бейнелеу құралдары да, көркемдік жүйесі де
дәлелдейді» [1].
Қожа Ахмет Ясауидың өмірі мен
шығармашылығы ең алғаш М.Ф.Көпрүлүзаде
тарапынан зерттелген. Ол Ясауитанудың негізін қалады, алайда осы
бағалы еңбектері үшін қуғындалып, қайтыс
болған. Қазақ жерінде де Ясауидың тіпті аты аталуына
қатаң тиым салынған кездер өткен. Соған
қарамастан белгілі ақиық ақын-жазушыларымыз,
әдебиетші-тілшілеріміз М.Дулатов, Ж.Аймауытов, бертін келе Н.Сауранбаев,
Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Мағауин. Р.Бердібаев, С.Бақбергенов,
Ә.Қоңыратбаев, Х.Иманжанов, С.Битенов, М.Жармұхамедұлы,
Ж.Әбдірашев, М.Шафиғи, С.Дәуітұлы т.б. зерттеулер мен
мақалалар жазады.
Қ.А.Ясауидың бізге жеткен жалғыз
еңбегі – «Диуани хикмет» болғаны рас. Бірақ бұл
оның қолынан басқа шығармалар тумаған деп
айтуға негіз бола алмайды. Өйткені, соңғы жылдары
ақынның «Рисала» атты туындысы табылғанын көптің
бәрі біле бермейді. Ясауидың басқа туындылары болды ма,
жоқ па деген мәселеде оның «Диуани хикмет» туындысының
бас жағындағы «дәфтар сани» (екінші дәптер) және «Бу дунияда мениң
төрт дәфтерім бар»деген жолдары күмәнға
жетелейді.
Қ.А.Ясауидың «Хикметтерін» талдап, қазіргі
қазақ тілі теориясымен салыстырылып, 2009 жылы «Диуани-хикмет» ескерткіші тілінің
грамматикалық ерекшеліктері (тәуелдік, жіктік және
көптік жалғауларының қолданылуы)» тақырыбында
кандидаттық диссертация жұмысызды жаздық. Жұмыс
нәтижесі бойынша мынадай қорытынды жасауға
болады [3]:
– Диуани-хикмет” тілінде
тәуелділік қатынасты білдірудің тәсілі – түрік
изафетінің І және ІІ типі өте сирек ұшырасады, ІІІ типі
жиірек қолданылады. Бірақ «Хикметтерде» тәуелдік
жалғауларының жалғануында, қазіргі қазақ
тілімен салыстырғанда, айтарлықтай айырмашылық
байқалмайды;
– тәуелділікті білдіретін
сөздердің мен, сен, ол
жіктеу есімдіктерімен тіркесіп келуі «Хикмет» тілінде сирек кездеседі;
– тәуелдеулі сөз
бастауыш қызметінде тұрғанда, оның қай
жақта тәуелденгеніне қарамастан онымен байланысатын баяндауыш
тұлғасы әрдайым ІІІ жақта тұрады деген
қағида «Хикмет» тілінде де сақталып қалған;
– ілік септігінің -ның
формасының орнына -ни тұлғасының
келуі «Хикмет» тілін басқа ескерткіштер тілінен ерекшелеп тұратын,
сондай-ақ орта ғасыр ескерткіштері тілін біріктіріп тұратын
құбылыс;
– көптік
жалғауының ІІІ жақ жедел өткен шақта жіктелген
етістікке жалғануы жиі байқалады (келділер, бардылар). Бұл орта ғасыр
ескерткіштерінің тіліне тән тілдік тәсіл болған.
Тәсіл қазіргі түркі тілдерінің кейбірінде, мысалы
өзбек, түрік тілдерінде жиі кездесіп, қимыл іс-әрекетті
орындаушылардың көптігін білдіреді. Алайда, мұндай
қолданыс қазіргі қазақ тілінде кездеспейді;
– -лар, -лер көптік жалғауы көптік мән берумен қатар,
жинақтық ұғымын да білдірген. Көптік жалғаулары
дене мүшелерін білдіретін атауларға жалғанып,
жұптық мәнін және автордық субъективті
көзқарасын білдірген (көзләрім,
тілләрім). Қазақ тілінде мұндай қолданыс тек
жыраулар поэзиясында көрініс тапқан;
– уақытты білдіретін
сөздерге жалғанып, көптік жалғаулары көптік
мәнін емес, үстеудің белгілі бір тұлғасын жасап
тұр (сахарлары, кечалары).
Мұндай қолданыс қазіргі қазақ тілінде
кездеспейді;
– араб тілінің «бұрыс
көптік» тұлғасы арқылы жасалған
сөздердің үстіне -лар, -лер көптік
жалғаулары қабаттасып қолданылған (машайықтар, халайықтар, әруақтар).
Бұндай тәсіл – қазіргі түркі тілдерінде, соның
ішінде қазақ тілінде де қалыптасқан
құбылыс;
– көптік мән беретін
сөздердің құрамында көптік жалғауы
өлең өлшемі, ырғақ, ұйқас секілді
шарттарды орындау үшін қолданылған (чөлләр кезіб – чөл кезіб, қанлар йұтты –
қан йұтты). Қазіргі қазақ тілінде
мұндай қолданыс кездеспейді;
– баяндауыш қызметінде
тұрған есім сөздерге -дур, -дүр элементтері
жалғанып, етістіктердегідей жақтық көрсеткіш ретінде
емес, іс-әрекетке немесе сын есімдерге кәмілдік реңк
мәнін үстеп тұр. Етістік түбірлерге -дур,
-дүр элементінің қоланылуы қазіргі
қазақ тілінде кездеспейді, тек жыраулар поэзиясының тілінде
ұшырасатын ерекшелік саналады;
– «Хикмет» тілінде жіктік
жалғаулары есім сөздерге жалғанып, предикативтік
қатынасты беріп (ашиқмиз,
ұйатлығмән), қазіргі қазақ тіліне
ұқсас қолданылған;
– етістік сөздердің ІІ
жақ бұйрық рай формасының көпше
түрінде жіктелуінде орта
ғасыр ескерткіштері тіліне және қазіргі кейбір түркі
тілдеріне тән -ың, -ің жалғауының келуі жиі
байқалады. Бұл тұлға бұйрық, көптік
мәнідерін берумен қатар, сыпайылық, ізеттілік мәнін де
берген;
– бұйрық рай
формасының ІІ жақта жіктелуінде -ғыл, -гіл формасы
мен -ғын, -гін формасы
қатар қолданыла береді. Қазіргі қазақ тілінде -ғыл,
-гіл формасы арқылы бұйрық рай тұлғасы
жасалмайды. -Ғыл, -гіл аффиксінің қолданылуы орта
ғасыр ескерткіштерінің тілінде жиірек ұшыраған;
– қалау райдың І
жақ жекеше түрінде -айын, -ейін
тұлғаларымен қатар
ықшамдалған -ай тұлғасы жиірек ұшырайды. Бұл ерекшелік
орта ғасыр ескерткіштері тіліне тән тәсілдің бірі
болғандығы байқалады;
– жіктік жалғаулары -ғай,
-гей тұлғаларыне қосылып қолданылғанда
белгісіз келер шақ мәнін берген. Қазіргі қазақ
тілінде бұл тұлға қалау, тілеу мәнін беретіні
белгілі. «Хикмет» тілінде және онымен тұстас орта ғасыр
ескерткіштерінің тілінде -ғай, -гей формалы
етістіктің жіктелуі жиі кездеседі. Демек «Хикмет» тілінде -ғай,
-гей формаларының келер шақтық мәні
сақталып қалған;
– «Хикмет» тілінде сингармонизм
заңы мүлдем сақталмаған.
– жіктік жалғаулары үш
түрлі формада: біріншісі – ықшамдалып барып жалғанса,
екіншісі – болымсыз тұлғада, үшінші формасы – жіктік
жалғауы жалғанатын сөздердің төрт топқа
топталуына қарай жалғанады. Жіктік жалғауларының
жалғануындағы ықшам түрі -й және -ғум қосымшалары
арқылы жүзеге асады. Ықшамдалған форма қазіргі
тіліміздегі -айын, -ейін қалау рай тұлғасының
орнына жұмсалған. -Ғу,
-ку осы-келер шақ
мәнін білдіретін тұлғалы шығыстық
формасының «Хикмет» тілін орта ғасырлардағы басқа
ескерткіштер тілінен айырып тұратын ерекшелік болған.
Қожа Ахмет Ясауидың «Диуани хикмет» туындысы
– әлі де көп зерттеуді қажет ететін еңбек. Шығарма
тілдік тұрғыдан болсын, діни тұрғыдан болсын бұл
кезге дейін түбегейлі зерттелмеген. «Хикметтердегі» септік
жалғаулары жеке зерттеу болып қарастырылғанын айтып
өткенбіз. 2004 жылы Р.Сыздыққызының көлемді
монографиясы «Хикмет» тілін зерттеуге арналғанымен, грамматикалық
категорияларға шолу ған жасалып, кейінгі жас ізденушілерге
үлкен міндет жүктелген. Біздің жұмысымыз сол
еңбекке қосымша ретінде жасалды. «Хикметтер» тілінде араб-парсы
элементтерінің қолданылуы өте жиі кездеседі. Бұл
мәселе де жеке еңбек жазуға түрткі болары хақ.
“Диуани хикмет” шығармасын оқи отырып, ақынның
білімдарлығына, діндарлығына тәнті боласың. Ясауи “хикметтерін”
зерделей оқыған азамат тек діни жағынан ғана емес,
адамшылдық, тәрбиелік, сабырлылық, үнемділік,
сыпайылық, жауапкершілік секілді этикалық әдептерден де
сабақ ала алады. өйткені бұл шығарма нағыз
парасатты адамның қолынан туған.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1
Сыздық Р.
Ясауи “Хикметтерінің” тілі. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2004. – 550
б.
2
Қожа Ахмет
Иасауи. Диуани хикмет (Ақыл кітабы). – Алматы: Мұраттас
орталығы, 1993. – 261 б.
3
«Диуани-хикмет»
ескерткіші тілінің грамматикалық ерекшеліктері (тәуелдік,
жіктік және көптік жалғауларының қолданылуы) / филол. ғыл. канд. дис.: 10.02.06. – Алматы, 2009. –
121 б.
4
Момынова Б.
Қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеу жүйесі. –
Алматы: Қазақ университеті, 2001. – 126 б.
5
Көпрүлүзаде
М.Ф. Қожа Ахмет Ясауи. Танымы мен тағылымы. – Шымкент: Арыс, 1999.
– 122 б.
Резюме
В статье
рассматриваются грамматические особенности языка средневекового памятника
«Диуани-хикмет» Ходжа Ахмета Ясауи.
Summary
The article deals with
grammatical pecularities of medieval monument language “Divani-khikmets”
Khodzha Akhmet Yassavi.