Қыдырбаев
Қ.А., Мустафаева А.А.
Әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ, Қазақстан Республикасы
Транслитерация мен транскрипцияның
арақатынасы
Транслитерация (лат. Trans
арқылы, littera әріп) – бір жазудағы әріптерді
екінші бір жазудың әріптерімен, яғни бір әліпбидегі жазуды
басқа бір әліпбиге ауыстыру [1, 329]. О.Н. Тимохов пен М.А. Корнееваның
редакторлығымен шыққан «Теоретическая фонетика» атты
оқу құралында транслитерацияның ғылыми
және практикалық екі түрі бар деп
қарастырылған. Ғылыми транслитерация
транслитерацияланған таңбалардың жүз пайыздық
кері аударылуын қамтамасыз ететін транслитерациялық жазбалар мен
түпнұсқаның графемалары арасындағы өзара
бірмағыналы сәйкестік принципіне құрылады. Мысалы, орыс
кириллицасының латын әріптеріне негізделген ғылыми
транслитерациясында орыстың е және э немесе и
және й әріптерінің түрліше берілуін
қамтамасыз етеді. Осы секілді айырымдар латын әріптеріне
диакритикалық таңбаларды қосу, кейде латын әліпбиінен
өзге әліпбилердің кейбір элементтерін пайдалану арқылы
жүзеге асады. Осылай неміс, ағылшын және бірсыпыра
басқа тілдердің сөздері және формалары латын
әріптері негізіндегі транслитерациямен, алайда түрлі
диакритикалық және жазудың басқа жүйелерінен алынған
жекелеген таңбалардың қосылуымен берілген.
Халықаралық библиографияда қолданылып жүрген
кириллицаның ғылыми транслитерациясы да дәл осы жолмен
құрылады (жасалады).
Практикалық транслитерация
ғылыми транслитерациядан қабылдаушы тілдің әліпбиі
жүйесіндегі дәстүрлі таңбалар репертуарымен
шектелетіндігімен ерекшеленеді. Бұл жүйеде, бірнеше
жағдайларда, орыс әріптерін оның ішінде е және э
(=e), и және й (=i) әріптерін бір таңбамен береді.
Осылайша ол толықтай кері аударылуға кепілдік бере алмайды. Мысалы,
tvoi екі формадағы твои және твой дегендерге
сәйкес келеді [2, 26-27].
«http://ru.wikipedia.org/wiki/»
интернет желісінде транслитерацияның қатаң (строгая транслитерация), босаң (ослабленная
транслитерация) және кеңейтілген
(расширенная транслитерация) үш түрі
көрсетілген: қатаң
(тәртіппен құралған) транслитерацияда әрбір
әріп жеке таңбамен ауыстырылады (а→a, б→b,
в→v...), босаң
транслитерацияда кей әріптер өзге әліпбидің екі
немесе одан көп әріптіркестерімен алмастырылады (ж→zh,
ч→ch, я→ya...), ал кеңейтілген
транслитерацияда кей
әріптіркестер ерекше жолмен беріледі (ый→y) [3].
Орыс ғалымы
А.А.Реформатский: «Транслитерация аты айтып тұрғандай бір
тілдің әріптік жазуын немесе бір графикалық жүйені
өзге графикалық жүйенің таңбаларына аударып жазу.
Мәселен, грек жазуын латын әріптерімен беру: ῐππος
– hippos («лошадь»), Άϑήνη – Athēnē
(«Афины»), серб жазуын хорват әріптерімен беру: Љубљана – Ljubljana,
Крагуевец – Kraguevac. Сондай-ақ, орыс есімдерін, географиялық
атауларды және т.б. латын әріптерімен беру» [4,
377], – дейді. Оның пікірінше транслитерация халықаралық
жазу. Өйткені ол қандай да бір ұлттық әліпби
жүйесіне бейімделмейді.
Қазақ ғалымы К.Аханов: «Транслитерация
әсіресе географиялық атауларды және т.б. жалқы
есімдерді жазуда жиі қолданылады. Бір тілдің алфавит
құрамы екінші тілдің алфавит құрамына сай келмеуі
мүмкін. Мұндай жағдайда транслитерацияны қолдану кейбір
қиындықтарға соқтырады. Мысалы, Oslo, London
деген атаулардың жазылуын орыс әріптерімен, ал Москва
дегенді латын әріптерімен транслитерация жасау оңай да, Stockholm
дегенді орыс әріптерімен транслитерация жасау қиын. Бұлай
болатындығы орыс алфавитінде латын алфавитіндегі c, h
әріптеріне сәйкес келетін әріптер жоқ. Сондай-ақ
латын алфавитінде орыс тіліндегі Ярославль, Щербаков тәрізді
жалқы есімдерді жазуға керекті әріптердің жетіспеуі
бұл сөздердің транслитерациясын қиындатады.
Мұндай жағдайда сөздің жазылуын емес, дыбысталуын жазып
беру үшін шартты (жартылай) транслитерация қолданылады.
Кейде бір тілде бар әріптер ғана емес, сонымен бірге дыбыстар да
екінші тілде болмауы мүмкін. Мұндайда ондай дыбыс екінші бір
тілдегі сәл болса да ұқсастығы бар әріппен
беріледі. Мысалы, неміс, ағылшын және т.б. тілдегі фаргинал һ
дыбысы орыс тілінде болмағандықтан, ол көбінесе г
әрпімен беріледі (мысалы: Гейне). Аталған тілдердегі һ
дыбысына дыбысталуы жағынан орыс тіліндегі х дыбысы да жақын
келеді. Осыған орай соңғы кезде һ әрпі
орыс тілінде х әрпімен де беріліп жүр (мысалы: Хирт,
Хьюлет, және т.б.)», – дейді [5. 584]. Байқап
отырғанымыздай ғалымдар айтып отырған транслитерацияның
практикалық, босаң және шартты (жартылай) түрлері
атаулары әртүрлі болғанымен бір ұғымды білдіретін
тәрізді. Өйткені бұл үшеуі де беруші тіл
онимдерінің қабылдаушы тіл мәтіндерінде ешқандай
диакритикалық қосымша таңбаларсыз сол тілдің
орфографиялық заңдылықтары шеңберінде дұрыс
оқылып жазылу мәселесін қарастырады. Сондай-ақ,
«Теоретическая фонетика» атты оқу құралындағы
транслитерацияның ғылыми түрі мен орыс
ғалымы А.А.Реформатскийдің келтірген транслитерацисы бір
ұғымды білдіретін тәрізді өйткені бұл екеуінде де
транслитерацияланған таңбалардың жүз пайыздық кері
аударылуын қамтамасыз ететін транслитерациялық жазбалар мен
түпнұсқаның графемалары арасындағы өзара
бірмағыналы сәйкестік принципіне құрылады.
Осы орайда транслитерациядан
транскрипцияны ажырата білу керек. Графика тілдегі
дыбыстардың шын бейнесін дәл таныта бермейді. Қазіргі
қазақ тілінде қолданылып жүрген и, у, ю
әріптерінің әрқайсысы екі-үш, тіпті онан да
көп дыбысты немесе дыбыстардың қосындысын бейнелейді.
Мәселен, бір ғана и әрпінің дыбыстық
көрінісі мынадай болып келеді:
1)
ый: мый, (жазылуы ми), қый (қи), ыйық (иық), таный
(тани), қыйа (қия), қыйын (қиым), жый (жи), тыйын
(тиын);
2)
ій: кій (ки), тій (ти), ійне (ине), ійіс (иіс), бекій (беки), ерій (ери),
бійлік (билік), ійір (иір), тійін (тиін);
3)
үй: мұхұйт (мұхит), бұлтұй
(бұлти), бұртұй (бұрти), жорұй (жори),
мұқұйат (мұқият), құрұй
(құри), құпұйа (құпия);
4)
ұй: мурұйт (мұрит), мүлгүй (мүлги),
түксүй (түкси), үрпүй (үрпи),
үсүй (үси), мөлүй (мөли),
дүнүйе (дүние).
5)
и: институт, университет, инициатива, физика,
кино.
Қысқасы, дыбыс пен оның
таңбасы сөздің жазылуы мен айтылуы үнемі бір-біріне
сәйкес келе бермейді. Бұлардың арасындағы осы
сәйкессіздікті барынша азайтып, дыбыстық тілді мүмкіндігінше дәл беру үшін
лингвистикада арнайы жазу – транскрипция (лат. transcriptiе –
көшіру) қолданылады [6, 24].
Е.М. Арынның
редакторлығымен шыққан «Қазақ тілі
энциклопедиясында»: «Транскрипция (лат. transcription – қайта
көшіріп жазамын) – белгілі бір тілдегі дыбыстарды дәл
бейнелеп көрсету үшін пайдаланылатын шартты таңба.
Транскрипцияның негізгі қызметі – сөздің дыбыстық
немесе фонемалық құрамын дәл көрсету. Бір фонема
жазуда (графика) әр түрлі әріптермен таңбалануы
мүмкін, ал транскрипцияда ол (фонема) бір ғана таңбамен
белгіленеді. Транскрипцияның екі түрі бар: 1) фонематикалық
(немесе фонологиялық) транскрипция, ол сөздердің
дыбысталуындағы өзгерістерді ескермей, тек фонемаларды жазады.
Дыбыс, сөз айтылуына жуықтап беріледі. Мысалы, ору [орұу],
күлу [күлүу], қи [қый],
иек [ійек], шикі [шійкі], тістесші [тістешші],
бұзу [бұзұу]; 2) фонетикалық
транскрипция, мұнда тілдегі сөздердің айтылуындағы
дыбысталу ерекшеліктері дәлме-дәл көрсетіледі. Мысалы,
қазан қап
[қазаңғап], ортан бел [ортамбел],
сейсенбі [сейсембі], сенгіш [сеңгіш], отау
[уотау], Аманкелді [Амаңгелді]. Фонематикалық
транскрипция әрбір жеке тілдің фонемалық жүйесін
айқындап белгілеу үшін жұмсалады да, фонетикалық
транскрипция барлық тілдердегі немесе тілдердің тобындағы
дыбыстық ерекшеліктерді түгел қамтып көрсету үшін
жасалады.
Мына төмендегі
келтірілген сөздерге тоқталатын болсақ, 1) қат,
сат, жат, зат, мат; 2) кет, ет, жет;
3) сот, от, тот, шот, құт,
тұт, жұт; 4) сөт, өт,
сүт, күт, ондағы т фонемасы дауысты
дыбыстардың ықпалымен әр түрлі реңкке ие болып
тұр. Бірінші т езулік, жуан; екінші – езулік, жіңішке;
үшінші – еріндік, жуан; төртінші – еріндік, жіңішке.
Оның үстіне о, ө дыбыстарының алдынан у,
ал е-нің алдынан и дыбысы айтылатыны да ескерілуі тиіс.
Бұл ерекшелікті көрсету үшін фонетикалық транскрипцияда
айрықша белгілер қолданылады. Мысалы, жуандық белгісі – 1,
жіңішкелік – 1’, жуан еріндік – 1Ә, еріндік жіңішкелік – 1᾽Ә,
Ү – ұяң, – қатаң, :- – созылыңқы,
< – ашық, // – қысаң т.б. Сонда жоғарыдағы
сөздер былай өрнектеледі: к’ет᾽, ж᾽ет᾽,
сӘотӘ, отӘ, шӘотӘ, қӘұтӘ,
с᾽Әөт᾽Ә, с᾽Әүт᾽Ә,
к᾽Әүт᾽Ә. Асшы, басшы, ашса дегендерді аш:-ы,
баш:-ы, аш:-а түрінде (ш:- – созылыңқы ш) жазу керек болады»,
– деп транскрипцияның екі түрін мысалдар арқылы
түсіндіріп өтеді [7, 394].
Орыс ғалымы
А.А.Реформатский транскрипцияны мақсаттарына қарай фонетикалық,
фонематикалық және практикалық деп үш
түрге бөліп қарастырады. Ғалым фонетикалық
және фонематикалық транскрипциялау үлгісін былайша келтіреді:
Орфографиясы |
Транскрипция |
|||
Фонетикалық |
Фонематикалық |
|||
ХФА (МФА) |
Орыс |
ХФА (МФА) |
Орыс |
|
Я не мог высохнуть, так как промок насквозь. |
[jăņı´mᴐk|
vysәxnuț| ´tak:әk| prᴧ-´mᴐk|
nᴧ-´skvoş] |
[йă
н’и’мóк| вы́сәхнут’| та́к:әк|
прᴧмо́к| нᴧскво́с’] |
<ja
ņɛ mog vi-sox-nu-ț tak kak pro-mok na-skvoz> |
<ja н’э-мог
ви-сох-ну-т’ так-как про-мок| на-сквоз’> |
Жалпы
фонетикалық транскрипциядағы таңбалардың жиынтығы
фонетикалық әліпби деп аталады, ол мынадай принциптерге
негізделеді:
1) әрбір
дыбысты белгілеу үшін бір-бір таңба болуы шарт, яғни
таңбалардың саны жеткілікті болуы қажет;
2) белгілі бір
дыбыстың айрықша ерекшелігін дәлме-дәл көрсету
үшін қосымша диакритикалық таңбалардың болуы
міндетті;
3)
таңбалардың барлығы да оңай, қолайлы, тез
жазуға да, еске сақтауға да ыңғайлы, белгілеуге
жеңіл болуға тиіс;
4) дыбыстың
(сөздің) айтылуы неғұрлым дәл берілуі керек [7,
394].
5) бас әріптер
мен тыныс белгілері қолданылмайды;
6)
қысқартылған сөздер мен сандар толық дыбысталуы
бойынша беріледі;
7) сұраулы
және лепті әуендер (интонация) әуендік белгілер арқылы
беріледі [8, 20];
8) фонетикалық
транскрипцияның мәтіні тік жақшаға, фонематикалық
транскрипцияның мәтіні сынық жақшаға алынады [4,
376];
А.А.Реформатскийдің пікірінше
практикалық транскрипция шетел сөздерін қабылдаушы
тілдің әліпбиі жүйесінен шықпай, яғни жаңа
әріп не қосымша диакритикалық таңбаларды енгізбестен
жазуды талап етеді [5, 384]. Сонымен, практикалық транскрипция – бір
тілдегі сөз және сөз тіркесінің (өзге
жүйедегі) өзге тілдің әліпбимен берілуі. Бұл
жағдайда бір тілдің фактілерін өзге тілдің
құрамы мен жүйесіне енгізу үшін қабылдаушы тілдің
лингвистикалық (лексикалық, грамматикалық, фонетикалық
және графикалық) сипаттарын толығымен қабылдайды.
Ғалым (А.А.Реформатский)
транслитерация мен практикалық транскрипцияға мысал ретінде Лапшин
деген орыс фамилиясының латын әліпбиіндегі берілуін келтірген:
Орысша жазылуы |
Транслитерациясы |
Практикалық транскрипциясы |
Лапшин |
Lapšin |
Неміс т. Lapschin Француз т. Lapchine Итальян т. Lapscin Ағылшын т. Lapshin Поляк т. Ɫapsɀin Чех т. Lapšin Венгер т. Lapsin Португал т. Lapxin |
Ал латын әліпбиімен жазатын
тілдегі New Iork сөзін кирилл әріптерімен практикалық
транскрипциясын төмендегідей етіп көрсеткен:
Латын жазуы |
Практикалық транскрипциясы |
New Iork |
Орыс т. Нью-Йорк Белорус т. Нью-Іорк Болгар т. Ню-Иорк Серб т. Њујорк |
Біздің ойымызша
мұндағы «Lapšin» орыс тіліндегі Лапшин
сөзінің латын әріптерімен берілген ғылыми
транслитерациясы. Ал Lapschin (Неміс т.), Lapchine (Француз т.), Lapscin
(Итальян т.), Lapshin (Ағылшын т.), Ɫapsɀin
(Поляк т.), Lapšin (Чех т.), Lapsin (Венгер т.), Lapxin (Португал
т.) Лапшин сөзінің практикалық транскрипциясы емес аталған
европа тілдеріндегі практикалық транслитерациясы деп ойлаймыз.
Сондай-ақ, Нью-Йорк (Орыс т.), Нью-Іорк (Белорус т.), Ню-Иорк
(Болгар т.), Њујорк (Серб т.) New Iork сөзінің
аталған тілдердегі практикалық транслитерациясы деп ойлаймыз.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1. Қалиев Ғ. Тіл білімі
терминдерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы. «Сөздік-Словарь», 2005.
– 440 бет.
2. Теоретическая фонетика. – Москва. Современный Гуманитарный Университет, 1999. –
74 бет.
3. http://ru.wikipedia.org/wiki/
4. Реформатский А.А. Введение в языковедение. – Москва: Аспект Пресс, 2003. – C.536.
5. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы. ҚР ЖОО Қауымдастығы баспасы,
2002. – 664 бет.
6. Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. – Алматы:
Сөздік-Словарь, 1999. – 201 б.
7. Қазақ тілі энциклопедиясы. Е.М. Арынның редакторлығымен
шыққан. – Алматы: “IDK-TIPO редакциялық баспа
орталығы”, 1998.
– 510 б.
8. Теоретическая фонетика английского языка. Юнита 1. –
Москва: Современный Гуманитарный Университет, 2000. –
C.107.