Бірыңғай тұрлаусыз мүшелі сөйлемдердің құрылысы

Ақылбаева  Гүлнар Исламқызы –

ОҚПУ доценті, ф.ғ.к.

Қазақ тілінде бірыңғай тұрлаусыз мүшелер, көбінесе, етістіктерден жасалады. Етістіктен болған тұрлаусыз мүшелердің бірыңғай болып байланысуына көсемше мен есімше тұлғалары жиі қатысады: Бұл әңгімелерге келгенде, барлық бағанағы томсыраған жиын шешіліп, жазыла сөйледі (М.Әуезов).  Жүзінде әжімі көп ақ дала құтырынбай, желікпей, сұлық жатыр (Ғ.Мүсірепов).

Ортақ сөз арқылы байланысқан құрылымдарда сыйысу құбылысы байқалады. Ол ортақ сөз, не сөз тіркесі үнемі бірінші компоненттің басында айтылады: Оларға қосыла бота, інгендер боздайды, иттер абалайды, ел қоршай қонған шалқар көлдің аққу, қаздары қаңқылдайды (Ғ.Мұстафин). Махаббатты бір-ақ рет бастан кешу – ерлік емес, бірнеше рет бастан кешу қорлық емес (Б.Соқпақбаев). Ауылға жақындаған сайын жүрек шіркін лүпілдеп алып ұшады, ойдан-ой туып, жүйрік қиял тыным таптырмайды (Х.Ерғалиев). Мысалдардан көрінгендей, ортақ сөз, сөз тіркесі ретінде көбінесе тұрлаусыз мүшелер айтылады. Ол сөз үнемі бірінші сөйлемнің басында келеді.

Уақиғаның жай-күйдің ретін білдіріп тұратын, екі т.б. сөздердің әр компонентте келуі арқылы байланысады: Көпір олардан көрі бізге пайдалы болып шықты, бірі неміс қолы өзеннің басқа бір тұсынан өтпек, екі: бұл жайды штабқа хабарлау керек, үш (Ғ.Мүсірепов).

  Тұрлаусыз мүшелердің бірыңғай болып салаласу амалдары әртүрлі болып келеді [1, 50  б.]. Мәселен, толықтауыштар бірде жалғаулықтар арқылы, бірде интонация арқылы байланысады. Ал пысықтауыштар мен анықтауыштар негізінен интонация арқылы байланысады.

  Бірыңғай толықтауыштар заттық ұғымы бар сөздерден жасалатындықтан, бірыңғай бастауыштар сияқты салаласады. Бірыңғай бастауыштар ыңғайластық, талғаулықты жалғаулықтар арқылы және интонация арқылы байланысады. Бірыңғай толықтауыштар да дәл осы тәсілдер арқылы сыйысып отырады. Олар мен, және жалғаулықтары арқылы байланысқан кезде, тиісті септік жалғауы бірыңғай мүшенің тек соңғысына ғана жалғанып отырады [2, 90  б.]. Ондай құрылымдар құрмалас сөйлемдердің мағыналық телнұсқасы бола алмайды: Кешкі астың алдында Абай Зере мен Ұлжанға Камшат жайын айтты (М. Әуезов).

  Бұл сөйлемдегі бірыңғай толықтауыштарды қазіргі тіл тұрғысынан алғанда, сыйысқан сөйлем деп айту қиын. Өйткені, бірыңғай толықтауыштарды жеке-жеке қойып айту сөйлеушінің мақсатынан туындамайды. Біз бұндай құрылымдарды талдау барысында, олардың бойында мезгілдестік қатынас бар-жоғын анықтауда, сол құрылымдардың тілдегі синтагмалық қатынасына сүйенуді ұсынамыз. Төмендегі мысалға назар  аударайық: Мен Қайратты да, сені де көрдім. Құрмалас түріндегі нұсқасы  Мен Қайратты да көрдім, сені де көрдім. Бұл сөйлемдер бір-бірінің функциялас сыңары деуге толық негіз бар. Өйткені олардың қай  қайсысы да тілдік қатынас негізінде айтушының мақсатына қарай қолданыла алады. Ал мен, және жалғаулығы арқылы байланысатын бірыңғай толықтауыштарды бөліп, құрмалас түрінде айту мүмкін емес.

  Талғаулықты жалғаулықтар әсіресе, бір, біресе талғаулығы арқылы байланысқан бірыңғай толықтауышы бар жай сөйлемдердің  қазіргі қазақ тілінде құрмалас нұсқалары бар. Бірақ олар мезгілдестік қатынасты білдіретін құрылымдарға жатпайды. Олар жоғарыда айтып өткеніміздей, қимылдың өту сипатын білдіреді. Ол маған бір, оған бір қарайды < Ол маған бір қарайды, оған бір қарайды.

  Байқап отырғанымыздай, қарайды  етістігі бір рет қолданылса, мейлі екі рет қолданылсын, мұндай құрылымдар бір қимылдың өту сипатын білдіреді. Мезгілдестік қатынас болу үшін қимыл екеу болуы шарт. Яғни, мезгілдестік қатынас бір қимылдың өту сипаты емес, екі қимылдың арасындағы мезгілдестік қатынастың сипаты болып табылады.

  Көп мағыналы етістіктер өз мағыналарын синтагмаға түскенде нақтылайды. Бір тұлғамен тұлғаланатындығы болмаса, көп мағыналы етістіктер қолдану кезінде мүлдем өзге етістіктермен  синонимдік қатар құрайды. Осыған орай осы етістіктер арқылы айтылған қимыл-әрекет те бір емес болып саналады.

  Бірыңғай анықтауыштар етістіктен жасалған болса, өзара көсемшелер арқылы сыйысып байланысады [3, 178 б.]. Етістік анықтауыш болуы үшін, ең  алдымен, есімшеге айналуы керек, (бірақ бұл жеткіліксіз) екінші талап міндетті түрде өзі анықтайтын сөздің алдында тұруы керек [4, 14 б.]. Анықтауыштар тек бастауышты ғана анықтау шарт емес, тұрлаусыз мүшелердің де: анықтауыштың-анықтауышы, пысықтауышы, толықтауыштың – анықтауышы, толықтауышы, пысықтауышы; пысықтауыштың – толықтауышы, пысықтауышы болуы мүмкін [5, 118 б.]. Мысалы, Қуып жеткен сәтте ұшып түсті. Суға түсіп шыққан тауықтай сүмірейіп қалды және т.б.

  Есімше формалары сын есім сияқты заттың белгісін аңғартып, сөйлемде қандай ? деген сұраққа жауап береді де, анықтауыштық қызмет атқарады. Олардың айырмашылығы – бірі (сын есімдер) заттың тұрақты статикалық белгісін білдірсе, есімшелер қимыл-әрекет нәтижесінде пайда болған динамикалық өзгерісті аңғартады: көк шөп  < көгерген шөп; ақ шаш < ағарған шаш; және т.б.

  Есімшелер анықтауыштық қызметте тұрса да, бойында қимылдық мағына сақталады. Есімшелердің осы мағынасы құрылымдық кеңеюіне негіз болады.  Есімдерден  жасалатын бірыңғай анықтауыштар қазіргі қазақ тілінде көптеп кездеседі. Бірақ оларды мезгілдестікті білдіретін сыйысқан құрылымдар ретінде тануға болмайды. Олай болу үшін бірыңғай анықтауыштар етістіктен (көсемше, есімше) болуы шарт. Мысалы, Шашбауы  гүлдіреп, сылдыраған Тұрымтай төсек қамына кірісті. (С. Елубай). Байқап отыратынымыздай, етістіктен жасалған бірыңғай мүшелер (бұл жерде анықтауыштар) өзара көсемшелер арқылы сыйысып байланысқан [3, 178 б.].

  Анықтауыштар бір сөйлем ішінде байланысу ерекшеліктеріне қарай бірыңғай, күрделі  және қатарласа келген дара болып үшке бөлінеді. Бірыңғай анықтауыштар жалпы бірыңғай мүшелер сияқты әрқайсысы толық мағыналы және тұлғалас сөздерден жасалады. Бірақ етістіктен болған анықтауыштар әрқашан бірыңғай тұлғада келе бермеуі мүмкін. Олардың есімше +есімше немесе көсемше + есімше тұлғаларында да салаласуы кездеседі. Оған жоғарыдағы Р.Әмір келтірген мысал (гүлдіреп, сылдыраған) дәлел бола алады. Әртүрлі тұлғада келгенімен, олардың арасында санамалаған дауыс ырғағы болады. Осыған қарап олардың бірыңғай мүше екендігін анықтаймыз.      Бірыңғай пысықтауыштар қимылдың орындалу жағдайын әр қырынан жан-жақты, толымды етіп беру үшін жұмсалады. Әсіресе, туынды үстеулерден, көсемшелерден болған пысықтауыштардың  бірыңғай болу қабілеті күшті. Олар, көбіне, интонация арқылы, кейде жалғаулықтар арқылы да байланысады [5, 167 б.].

  Бірыңғай пысықтауыштар көсемшеден жасалған кезде сол құрылымда мезгілдестік қатынас болуы мүмкін. Мүмкін дейтін себебіміз, көсемшелердің барлығы бірдей таза қимылды білдіре бермейді. Мысалы: Қайрат үй ішін асықпай, баппен қарап шықты. Мұнда асықпай, баппен деген бірыңғай пысықтауыштардың әрекетті білдіруі солғын. Олар негізгі қимылдың орындалу сипатын білдіріп тұр.

Контаминация құбылысы арқылы пайда болатын сыйысқан синтаксистік құрылымдарға жай, күрделенген, құрмалас сөйлемдер жатады. Мұндай бірліктердің тілде пайда болуы сөйлеу теориясымен тығыз байланыста анықталуы тиіс деген ойдамыз. Бұл мәселе тілдегі субъективтілік және тілдің экспрессивтік қызметімен ұштасып жатады.

       Сыйысқан сөйлемдерді жеке тілдік жүйенің бірлігі ретінде қарау жеткіліксіз, өйткені ол сөйлеу әрекетінде сөйлеуші мақсатынан туындайтын құбылыс. Сондықтан оны коммуникативтік аспектіде қараған дұрыс.

Пайдаланылған әдебиеттер

1  Есенов Қ. Компоненттері ықшамдала айтылған сабақтас құрмалас сөйлем // Вестник АН КазССР. – 1974. №4. -56-60 б.б.

2 Иманалиева Ғ.Қ. Шылаулар синтаксисі туралы. Оқу құралы. –Алматы: Қазақ университеті, 1997. -90 б.

3  Әмір Р., Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі. – Алматы: Санат, 2003. -191 б.

4  Сауранбаев Н.Т. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі. – А.: ҚазССР оқу министрлігі. Мұғалімдерді сырттан оқыту ғылыми-методикалық кабинеті, 1948. – 86 б.

5  Балақаев М., ҚордабаевТ. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Мектеп, 1966. –338 б.

Резюме

 В данной статье рассматриваются вопросы о структуре (строении) однородных второстепенных предложений.

Summary

The article deals with the questions in the structure of homogeneous secondary parts of sentences.