Кайырбекова Улбосын Сериковна

Филология ғылымдарының кандидаты

ШӘПУ, Шымкент қаласы, Қазақстан

 

Жақсыз сөйлемдер парадигмасы

 

Қазақ тілі синтаксистік жүйесінде жақты сөйлем мен жақсыз сөйлем оппозициялық қатынаста тұрған сөйлемдер қатарынан орын алады. Олар бір-бірімен парадигмалық қатынас құрайды. Жақты, жақсыз сөйлемдердің парадигматикалық қатар жасауы  сөйлемнің жақтық мағынасы мен жақтық формасына қатысты келеді. Мысалы: Менің қалаға баруым керек және Мен қалаға барамын мысалдардағы бірінші сөйлемнің бастауышы жоқ, ал екінші сөйлемнің бастауышы анық. Синтаксистік еңбектерде көбіне жақсыз сөйлемдердің жасалу жолдары, мағыналық топтары сипатталады.

Қазақ тіл білімінде жақ категориясы А.Байтұрсынұлының еңбегінен бастап айтылып келеді. Ғалым жақты жіктеу есімдігімен байланысты қолданады: «Жіктеу есімдігі дегеніміз сөйлеген кезде сөйлеушінің, тыңдаушының һәм бөгдедегілердің жігін ашатын сөздер. Сондықтан жіктеу есімдігі үш жақта болады:

1. Сөйлеуші үшін «мен» дейді, бұл бірінші жақ.

2. Тыңдаушыға сөйлеуші «сен» дейді, бұл екінші жақ.

3. Сөйлеуші тыңдаушы мен өзінен басқаны «ол» дейді, бұл үшінші жақ.

Сыпайылап сөйлегенде сөйлеуші өзін «мен» деудің орнына «біз» дейді, тыңдаушыға сен деудің орнына «сіз» дейді, бөгде кісіні «ол» деудің орнына «о кісі» (ол кісі) дейді» [1,226 б.].

  С.Аманжолов еңбегінде жақсыз сөйлемдердің төрт жасалу жолы көрсетілген: 1) бейтарап есімдер арқылы; 2) көмекші етістік я есім қатысқан тұйық етістік арқылы; 3) бейтарап қалау райлы етістіктер арқылы; 4) тұйық етістіктер мен есімше және көмекші сөздер арқылы.

  М.Балақаев жақты сөйлемдердің де, жақсыз сөйлемдердің де сипатына тоқталып өткен. Жақсыз сөйлемдердің түрін олардың жасалу жасалу жолдары негізінде мынадай қатарларына тоқталған:

  1. -у, -мақ жұрнақты тұйық рай тұлғалы қимыл есімі мен керек сөздерінен құралған баяндауышы бар сөйлемдер.

  2. Барыс септікті тұйық рай тұлғалы етістікке: есімше, көсемше тұлғалы етістікке бол етістігі көмекші болу арқылы жақсыз сөйлем жұмсалады.

  3. Күрделі баяндауыш құрамында барыс септікті тұйық рай тұлғалы етістіктен кейін тура келу көмекшісі айтылу арқылы да жақсыз сөйлем жасалады.

  4. Барыс септіктегі тұйық рай тұлғалы етістіктен болған күрделі баяндауыштың құрамында мүмкін (мүмкін емес) сөзі айтылу арқылы жасалады.

5. Бірдеңені арман ете айтылатын күрделі баяндауышты сөйлемнің негізгі сөзі келер шақтық есімше (-р, -ар, -ер) болып, одан кейін сұраулы -ма, -ме шылау мен көмекші е/-ді//дің етістігі айтылып та жақсыз сөйлем жасалады [2,208-209 бб.]. Сондай-ақ автор сөйлемде грамматикалық бастауышы ерекше айтылмайтын сөйлемдерді белгісіз жақты және жалпылауыш жақты деп екіге бөліп көрсеткен.

  Жақсыз сөйлемдердің баяндауышы негізінде ұйымдасатынын айта келіп, Р.Әмір жақсыз сөйлемдердің мынадай жасалу жолдарын көрсетеді:

  1) «барыс септіктегі тұйық рай етістік + болады (болмайды)» – келуге болады (болмайды);

  2) «барыс септіктегі тұйық рай етістік + тура келеді» – баруға тура келеді;

  3) «болымсыз шартты рай етістік + болмайды» – келмесе болмайды;

  4) «тұйық рай етістік + керек» – көру керек;

  5) «-пақ тұлғалы есімше + керек» – айтпақ керек;

  6) «-ар,-ер тұлғалы есімше + ма (ме)+ еді» – көрер ме еді;

  7) «шартты рай етістік + болар еді» –  көрсе болар еді;

  8) «-ар,-ер тұлғалы есімше (болымды, болымсыз түрі) + болар» – айтар болар;

  9) «болымсыз есімше + барыс жалғау» түрінде жасалады – айтпасқа.

  10) шартты рай етістіктен жасалған баяндауыш та жақсыз сөйлем ұйымдастыруға қатысады;

  11) «өткен шақ көсемше + болмайды» – барып болмайды;

  12) ауыспалы осы шақ тұлғадағы етістіктен болған баяндауыштар мақал-мәтел ретіндегі сөйлемге қатысып, жақсыз сөйлем ұйымдастырады;

  13) екінші жақ бұйрық рай етістіктен болған баяндауыш мақал-мәтел ретіндегі сөйлемге қатысып, жақсыз сөйлем ұйымдастырады.

Автор еңбегінде сөйлемдердің қызмет жағынан және субъектінің қатысуына қарай типтерін көрсеткен. Қызметіне қарай екіге бөледі:

а) тілеулі, қалаулы оқиғаны нақты субъектіге қатыссыз (жаққа қатыссыз) жалпылай айту үшін жұмсалады (неге айтпасқа, көрер ме еді).

ә) болмыстағы бір жағдайды (ситуацияны) қорытынды тұжырым ретінде айту үшін жұмсалады (көтеруге болады).

Субъекті сөйлеу қажетіне қарай жақсыз сөйлемде қолданылғанда екі тұлғада жұмсалады:

а) Субъектіні білдіретін сөз барыс септік формада тұрып қатысады: маған айтуға болады;

ә)  Субъектіні білдіретін сөз ілік септік формасын алып қатысады: менің келуім керек [3,94-95 бб.].

  Жақсыз сөйлемнің жасалу жолдарын зерттеген А.Әбілқаев төмендегі мәліметтерді көрсетеді:

  а) күрделі баяндауышының бірінші сыңары барыс септік жалғаулы тұйық етістік болып, екінші сыңары болады, болмайды, бола ма, болар, болмас, болар еді, болады, болады екен, тура келді, тура келер, рұқсат, рұқсат па деген сияқты көмекші сөздер болады;

  ә) жақсыз сөйлемнің баяндауышы -қы/-кі, -ғы/-гі жұрнақтары күрделі формасында тұрады;

  б) баяндауыштың бірінші сыңары атау я барыс септік жалғаулы тұйық етістік болып, екінші сыңары керек, қажет деген сөздер болады;

  в) күрделі баяндауыштың бірінші сыңары тәуелдік жалғаулы тұйық етістік болып, екінші сыңары мүмкін, тиіс сияқты көмекші сөздер болады [4,8-9 бб.].

  Т.Сайрамбаевтың «Жақ категориясының функциональдық көрінісі» деген еңбегінде жақ категориясының зерттелуі, функциональдылығы, лексика, морфология, синтаксистегі көрінісі талдана келе, сөйлемде жақтың қатысуына байланысты 4 түрін көрсетеді:

-         нақты жақты сөйлем;

-         жақсыз сөйлем;

-         дүдәмал жақты сөйлем;

-         мағыналық жақты сөйлем [5,50 б.].

  Жақты және жақсыз сөйлем туралы «Қазақ грамматикасында» да берілген. Жинақ авторлары жақсы сөйлемнің жасалу жодарына жеке тоқталып, олардың жалпылама жақты сөйлемдер, белгісіз жақты сөйлемдер, жанама жақты сөйлемдер түрлерін көрсетеді. Жанама жақты деп отырғандары, яғни жақсыз сөйлемдер. Бұл терминді О.Төлегенов ұсынған болатын.

Жақсыз сөйлемдердің өздеріне тән бірнеше белгілері ретінде олардың тек бір ғана мүшесі – баяндауышы болатындығы, екіншіден, баяндауыштың арнаулы тұлғадағы өзгеше құрылымы грамматикалық бастауыштың болуына мүмкіндік бермейтіндігін, сонымен қатар субъекті-жақтық мән арнаулы септік жалғаулы сөздерден, баяндауыш құрамындағы тәуелдік сөздерден немесе контекстен логикалық ыңғайда аңғарылып тұратындығын атайды.

Жанама жақты сөйлемдердің бас мүшесі мынадай жолдармен жасалады [6,679 б.]:

«1. Жанама жақты сөйлемдердің бас мүшелері негізгі сөзі тұлғалы қимыл есімдері (тұйық етістік арқылы) жасалады:

а) аналитикалық форманттар ыңғайында құрылған тұйық етістіктер керек модаль сөзімен тіркесіп келеді: ... Маған үйге соға кету керек (Д.Исабеков).

ә) тұйық етістіктердің күрделі түрлерімен ма сұраулық шылауы тіркесіп келеді: ... Оның айтқанын орындамай қалу ма? (Д.Исабеков).

б) дара және күрделі тұйық етістіктер тәуелденіп келіп керек сөзімен тіркеседі: Бақыт іздеп нем бар еді, одан да Құлахметті сүюім керек еді ғой менің ... (Д.Исатай).

в) тұлғалы тұйық етістіктің дара, күрделі, тәуелденген түрлері барыс жалғауында келіп, тура кел күрделі көмекші етістіктермен тіркеседі: Қараңғы түнде жалғыз қайтуға тура келді (І.Есенберлин).

г) тұлғалы тұйық етістіктің барыс септікте келген түріне бол етістігі мен сүскін, мүмкін емес модаль сөздері тіркесіп келеді: ... Ал өзіңізден бұл жайды сұрауға бола ма? (Иманжанов). Маған мұнда оқытушы болып қалуға мүмкін емес еді (С.Көбеев).

2. Жанама жақты сөйлемдердің бас мүшелерінің жасалуында есімшелердің рөлі айрықша:

а) -ған, -ген есімешелері жеке тұрып жіктелген ыңғайда келеді: – Қу шұнақ шалдың кімді қорлағаны? (Ә.Нұрпейісов).

ә) есімшелерге ма, қой, шамалы, шығар, несі т.б. тәрізді көмекші сөздер тіркесіп келеді: – ... Сондықтан айтып қалайын дегенім шығар  (Д.Исабеков).   

б) -атын, -етін, -йтін тұлғалы есімшелермен -ған тұлғалы есімшеге бол етістігі тіркесіп келеді: – Оның Марияны ұнайтпайтын болғаны ма?

в) тәуелденген есімшелер бар модалдық сөзімен тіркесіп келеді: Осы сияқты бір ауруы бар патшаның жайын бұрын да естігенім бар еді (Ғ.Мүсірепов).

3. -ғы, -гі, -қы, -кі жұрнақтары арқылы жасалған қимыл есімдері кел көмекші етістігімен тіркесіп келеді: – Менің ешкімді сүйгім келмейді (Д.Исабеков).

Кейде ауызекі сөйлеуде сирек те болса тәуелденген осындай қимыл есімдерінің бар модаль сөзімен тіркесіп клуі кездеседі: Жиналыста осы туралы сөйлегім бар (Газеттен).

4. Тәуелденген есім сөздер жеке тұрып та, әртүрлі көмекші модаль мәнді сөздерді тіркестіріп те, кейде үйірлі мүше ретінде де жанама жақты сөйлемнің бас мүшесін жасауға қатысады: – Жұмысың болмасын, бай өзімдікі! (Б.Майлин). Оны ұмытуға да қақым бар ғой (Д.Исабеков).

5. Құрамында тәуелденген зат есімдер бар тұрақты сөз тіркестері тұтасымен жанама жақты сөйлемнің бас мүшесі болады: ... Адамның неге болсын еті өліп кетеді білем (О.Бөкеев).

6. Келесі жағдайларда сөйлем субъектісі мүлде көрінбейді, оларды сөйлем мазмұны қажет етпейтінін көрсетеді. Сондықтан мұндай сөйлемдерді таза «жақсыз сөйлемдер» деп атайды.

а) жақсыз сөйлемдер әртүрлі модаль мәнді сөздердің қимыл есімдеріне, олардың жіктелген және барыс септікте келген түрлеріне тіркесуі арқылы жасалады: Қайта соларға қолы батыл жасты салу керек (М.Әуезов).

ә) бас мүше көсемше және шартты рай тұлғалы етістіктерге бол көмекші етістігінің тіркесуі арқылы жасалады: Мына жұмысшыларды пәледен құтқармай болмайды (М.Әуезов).

б) жақсыз сөйлемдердің жасалау жолының тағы бір  түрі -ған, -ген, -мақ, -мек тұлғалы есімшелерге модаль сөздердің тіркесуі арқылы: Бұл екеуінің қайсысын таңдаған дұрыс? (Д.Исабеков). ... Сол құмарланып жиған қазынамызды көбейтпек керек (Абай).

в) бас мүше не? неге? cұрау есімдіктерінің қатысуы арқылы жасалады: – Бір сөздің басын ауырта беріп не керек (Ғ.Мүсірепов). ... Шаруашылықты басқарған адамнан неге үйренбеске (Еділбаев).

г) бас мүше құрамында ырықсыз етіс тұлғалы сөздердің қатысса, ондай сөйлемдер жақсыз сөйлемдер болып табылады: Хат сұрауға тыйым салынған (Д.Исабеков) [6,680 б.].

Бұл көрсетілген жасалу жолдары арқылы жақсыз сөйлемдерді басқа сөйлемдерден тез ажыратуға болады. Аталған жасалу жолдары өз алдына жеке парадигмалық қатарлар құрайды.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1.     Байтұрсынов А. Тіл тағылымы: қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектері. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 448 б.

2.     Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі: Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі. – Алматы: Білім, 2004. – 224 б.

3.     Әмір Р. Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі: Оқулық. – Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 199 б.

4.     Әбілқаев А. Қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлем түрлері. – Алматы: Қаз.мем.оқу-педаг.бас., 1983. – 59 б.

5.     Сайрамбаев Т. Жақ категориясының функциональды көрінісі: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2005.

6.     Қазақ грамматикасы. Фонтика, сөзжасам, морфолгия, синтаксис. – Астана, 2002. – 784 б.