Қазақтың ұлттық ойындарының тарихына тоқтала отырып студенттердің салауаттылық өмір салтын қалыптастыру жолдары

 

Алматы қаласы, Спорт және туризм академиясы

С.И.Елубаев, магистрант

Жетекшісі - Алимханов Е.А.

 

Қазақтың ұлттық ойындары туралы қағаз бетіне түскен алғашқы деректер XIII ғасырдан басталады. Оны алғаш жинап, Европа жұртшылығына таныстырған Италия саяхатшысы Плано Карпини болды. XIII ға-сырда Европа халқына Монгол тарихын таныстыру мақсатымен саяхатқа шыққан. П. Карпини Жетісу мон Тарбағатайды басып өткен кезде, осы өңірді меісендеген ру-тайпалардың тұрмысы, әдет-ғұрыптары, ойын-сауықтары жайлы көптеген этнографиялық материал дар жинаған.

Одан кейінгі деректерді біз итальяндық Марко Поланың австралиялық С.Герберштейннің, итальяндық И.И.Новокамскийдің, орыс саяхатшысы И. И. Рычковтың, орыс ғалымы П.С.Паластың, венгер зерттеушісі А.Вамберидің, неміс этнографы Картуцканың, неміс ғалымы А.Гумбольдтың, поляк халқының өкілдері А.Янушкевич, С.Гросс, п.Зеленскийдің, т.б. жазбаларынан кездестіреміз.

Одан кейінгі кезеңде қазақ халқының бай этнографиялық материалдарын жинаған және оның ішінде ұлт ойынының тәрбиелік маңызы туралы пікір айтқандар К.А.Покровский, А.И.Иванов­ский, И.Гродеков, Е.А.Алекторов, Э.Диваев, Л.Певший, Н.Пантусов, Ф.Лазеревский, П.П.Па­шни, Г.С.Загряжский, А.Шиле, А.Харунзин, А.Горячкин, П.Ходырев, Е.Букин, О.Элжанов, Т. б. болды.

Қазақтың ұлт ойындары туралы алғашқы пікір aлушылар мен оның жеке нұсқаларын жинаушылардың қай-қайсысы болмасын, оны жоғары бағалап, көшпелі халықтан мұндай өрелі өнерді күтпегендіктерін сөз етеді. Осындай жылы лебіз, құнды пікір айтқан неміс ғалымы А.Гумбольт өзінің достарына жазған бір хатында былай дейді: «Мен қазақ ауылында болған кезімді өмірімнің аса бір қуанышты кезеңі деп есептеймін. Себебі, көшпелі халықтың біздерге көрсеткен сый-құрметі мен ойын-сауықтары естен кететін шаруа емес... Мен өмірімде осындай қысқа уақыт ішінде мұндай үлкен тарихтан осынша материал жинап көрген емес едім, бірақ бұл кең дүниенің ортасында болғандықтан да солай болуы керек».

XIX ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласын аралаған поляк халқының өкілі, революциялық күреске қатынасқаны үшін Сібірге жер аударылып, кейін қазақ даласына тап болған, өзінің саяхаттары туралы «Күнделіктер мен хаттар немесе қазақ даласына жасаған саяхат туралы жазбалар» деген кітаптың авторы А.Янушкевич естен кетпейтін естеліктер жазды. Ол еңбегінде қазақ халқының тұрмысын әр қырынан суреттей отырып, олардың өнерінің, ойын-сауықтарының өзіне қатты ұнағанын айтады. Сонымен бірге А.Янушкевич халың өнерін жан-жақты сөз ете отырып, оның табиғатпен астасып, халық-тұрмысымен, әдет-ғұрпымен, қоршаған ортамен байланысып жатқанын сөз етеді. «Кешкісін біздің үйде бір қазақ болды. Ол әртүрлі аңдар мен құстардың, әсіресе, түйенің, құланның, бүркіттің дауысын айнытпай салады. Бұны одан артық айнытпай салу ешкімнің қолынан келмейді» — деп тамсана сөз етеді.

Халық өршіл-ой-арманға меңзейтін шытырман оқиғалы, ғажайып-қиялы әңгімелер, тіл дамыту, ой-өрісін кеңейту мүмкіншілігін байыту тілегінен туған жаңылтпаш, жұмбақ, мақал-мәтелдер, нақыл-сөздер,  балалар ертегілері, балалар ойынын,  ойын-сауық жоралғыларын туғызды.

Әрбір күзгі,  қысқы  шаруашылықтың табысты аяқталуынан кейін, сәтті аяқталған аңшылықтан соң немесе ел шетін басып кірген жауынан кек алып, жеңіске жеткенде, ас бергенде халық мерекелері, ойын-сауықтар өткізген. «Ру дәстүрлерінің нығаюына сонымен бірге рудың айырықша мейрамдары себепші болды, бұл мейрамдарда алуан түрлі салтанат жоралғылары істелді». 

Бұл мерекелер күн ілгері жарияланып отырылды. Сондықтан мерекелерге қатынасушылар ұлттық ойынның түр-түріне күн ілгері даярланып, әзірлікпен келді. «Қыз ұзату, келін түсірумен байланысты «Қалындық ойнау» салты пайда болды. Қыз ұзату тойында жар-жар, келін түсіру тойында беташар айтылды, бұл нағыз творчестволық негізі бар, салттық ойынның жоғары түрі және қазақтың «домо-пройы» тәрізді болатын.

Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, өжеттікті, батылдықты, шапшаңдықты, ептілікті, тапқырлықты, табандылықты, байсалдылықты, т. б.  мінез-құлықтың ерекшеліктерімен бірге күш-қуат молдылығын, білек күшін, дененің сомданып шынығуын қажет етеді. Сонымен бірге бұл ойындар әділдік пен адамгершіліктің жоғары принциптеріне негізделген. Өйткені, ойынға қатынаспай тұрып-ақ оған күн ілгері көп адамдардың тер төгіп, еңбек етуіне тура келеді. Мысалы, бәйгені алайық. Ол үшін алдымен бәйгеге қосылатын атты таңдап алады. Ол атты баптап бағып, күтуге тура келеді, оның жейтін жемі мен ішетін суына дейін белгілі молшерге келтіреді. Атты белгіленген уақытта күн сайын желгізіп, шапқызып, терін алады. Бәйгеге қосылатын атқа мініп шабатын бала күн ілгері осы сынақтарға қатысады (атқа ауыр болмау үшін оған мініп шабатын баланың жасы 11—12-ден аспауы керек). Бәйге шарты мүлтіксіз орындалу үшін төреші тағайындалады. Бәйгеге қосылатын аттардың шабатын жерінің алыстығына қарай кейде ат айдаушылар біреу емес, бірнешеу болуы да мүмкін. Ол ат шабатын қашықтықтың өн бойына орналастырылады. Бәйгеге әзірліктің басы-қасында болған бала, осы өнердің сырларын жете біліп, үлкен шаруашылық мектебінен өткендей әсер алады. Сондықтан қазақтың ұлттық ойындары тек ойын-сауықтық жағынан ғана маңызды емес, ол — спорт, ол — өнер, ол — шаруашылық,  тәжірибелік маңызы  бар тәрбие құрады.

Қазақтың ұлттың ойындары: көкпар, сайыс, күрес, теңге алу, қыз қуу, алтын қабақ ату, жамбы ату т.б. спорттық сипатпен бірге үлкен тәрбиелік маңызға да ие болды.

Үлкен мерекелердің қай-қайсысы болсын халықтың «Көкбөрі», «Қызбөрі» сияқты спорттық ойындарымен жалғастырылып отырылды, бұл ойындар ерте заманғы тотемдік түсініктерден бері қуалап келген болатын. Жұрт неғұрлым көбірек қатынасатын ойындар; әскери мәнді спорттық ойын - ат-жарыс, қаумалап аң ұстау болды.

Қазақ халқының XVI ғасырдағы өмірін суреттеуге арналған өзінің тарихи романында Ілияс Есенберлин: «Сарайшық бір түнде түлеп шыға келді. Қыз-бозбалалар жаңбыр жауған қызғалдақтай құлпыра қалған. Керуен сарайлар, қала аулалары ән-күйлі, ойын-күлкілі думанға толып, екі жақтың әскерлері бейбіт бәсекеге шығып, әр жерде сайыс, күрес, көкпар, жамбы ату ойындарына кіріскен» — дейді.

Қазақ халқының ұлттық ойындары елдің өмірі-мен тығыз байланысты, оның шаруашылық, экономикалық, әлеуметтік тұрмысынан туған. Сондықтан оның тәрбиелік маңызы аса жоғары, әрі құнды. Жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Халық мұрасы» деген тарихи және этнографиялық кітабында былай деп жазды: «Жүн сабайтындар, көбінесе жастар болады. Олар жүн сабайтын үйге жиналады да, сабалатын жүнді киіз үйдің ортасына төсеген тулаққа (кепкен тері) үйеді де, айнала отыра қалып, екі қолына алған сабаумен ұра бастайды. Әдетте, жас­тар бұған ойын-сауық үшін де жиналған. Себебі, жүн сабау үстінде жастар жарыса қимылдап, оны ойын-күлкіге, әзіл-оспаққа айналдырып әкеткен. Сабауды ұстай, ұра білмегендер — көршілеріне күлкі болады, әрі алақандарын ойып алады».

Қазақ халқының өмірінде ойын араласпаған бір де бір тұрмыс, шаруашылық салалары жоқ десе де болады. «Бұл елдің ескі бір салты бойынша, көші-қон кезінде жастар әуелі үлкендердің үйін тігісіп береді. Одан соң жетім қалған үйлерді де тігіседі. Ең соңында отау үйлерді қалдырып, аяғын ойын-сауыққа айналдырып әкетеді»,— деп жазды Ғабит Мүсірепов «Ұлпан» повесінде.


Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Е.Сағындықов. «Қазақтың ұлттық ойындар».  Алматы; «Рауан» 1991ж.
  2. М.Б.Сапарбаев. Қазақтың ұлттық спорт ойындарының тарихы.
  3. Э.Тлеулов. Дене тәрбиесі. Спорт ілімі мен әдістемесі. Шымкент 2009ж.
  4. Б.Төтанаев. Қазақтың ұлттық ойындары. Алматы.
  5. Ұлттық энциклопедия.