Қошанбаева Гүлжан Бейбітқызы

Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 5-курс студенті

 

Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романындағы кейіпкер мәселесі

 

ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде өркен жайып, халықтың тағдырын, елде болып жатқан әділетсіздікті, әйел құқығын жерге таптауды арқау еткен М.Дулатұлы 1910 жылы Қазан қаласында Каримовтар баспасынан көлемді әрі әйгілі «Бақытсыз Жамал» романын жарыққа шығарды. Бұл роман жарық көре салысымен, халық арасында үлкен сұранысқа ие болып, 1914 жылы қайтадан басылып шығады. М.Дулатұлы осы «Бақытсыз Жамал» романында Жамалдың тағдырын жалаң алмай, бүкіл қазақ халқының өмірінінің сан қырлы әлеуметтік мәселелермен сабақтастырып, өз тұсындағы реалистік өмір шындығын, әйел теңсіздігі, яғни қазақ қыздарының бақытсыздыққа ұшырамауы үшін теңдікке, бостандыққа ұмтылуы, сол замандағы салт-дәстүрдің қаталдығының әсерінен еріксіз малға сатылған қыздың аянышты бейнесі, көз жасы, өмірде кәрі, құтырған шалдарға күйеуге тиіп, өмірлерінің тозаққа айналып, қорлықта өтуін және сол замандағы елдің, халықтың байлыққа, малға, дүние-мүлікке құмарлығы суреттелген. М.Дулатұлы шығармашылығындағы «Әйел теңдігі» негізінен бұрыннан келе жатқан кертартпа салтқа қарсылық жүйесінен тұрады. Енді осы М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы туралы айтып өтсек. Романның бас кейіпкері – Жамал, оның айналасын қоршаған қосалқы кейіпкерлер яғни әкесі – Сәрсенбай, шешесі – Шолпан, айттырған күйеуі – «Жұман таз», дала шонжары – Байжан және сүйген жігіті – Ғали.

Роман екі сюжетте көрініс табады. Бірінші – Жамал мен Ғалидың кездескен сәттерін, сырласып, бір-біріне берік сенісіп, бір-бірін тең тұтып, бағалап, сүйіп қосылмақ болған жандар екенін, өздерінің бақыты үшін күреске бел байлап жолға шыққан тұстарын М.Дулатұлы жылы сезіммен тебірене жазғандығы. Екіншісі – Ғалидың кенеттен ауруынан бастап, ғашығынан айрырыларын сезінген Жамалдың көзінен қанды жастар төгіліп, ас ішпей, кірпік қақпай зор қасіретке кірісуі суреттелген. Сонымен қатар, сүйгенінің дертке ұшырап, өлім аузында жатқанда Жамал бір минут та сүйіктісінің қасынан кетпей, мөлдіреген көздерін алмай қарап, жаман ауырды деген жерлерін сипап, оның, яғни Жамалдың сол кездегі көңіл-күйі мен ішкі жан-дүниесін ашуға жаралы жанның жүрегіндегі толқыныс пен тебіреністі суреттеу арқылы жеткізуге ұмтылуы. Ғали қазасынан кейінгі Жамалдың алай-түлей ішкі сезімін, жан толқынысын қабір басындағы сөзі арқылы былай байқатады: «Ғали! Ғали! Бақытсыз Жамалың қасыңа келіп тұр, Алла тағала маған сенің қабіріңді көрсеткенше, мені алғавны жақсы болатын еді, бірақ бұйрықсыз жан шықпайды екен. Дүниеде бірге рақат ғұмыр өткеремін, Ғали тұрғанда һеш жаманға қор болмаймын дегенімтәкаппарлық екен. Алла қабыл етпеді, үмітім кесілді, Ғали. Қып-қызыл шоқтың ішіне тастап, алыс сапарға жөнелдің, өзің үшін қайырлы болсын! Мен сорлың кеудемде шыбын жаным барда сені ұмытпаспын. Дүниеде патшаның баласы болса да саған теңгермеспін. Қош, жаным! Ғали! Бір мен үшін мейірбан ата-анаңды да көре алмай, қолдарынан топырақ салғыза алмай кеттің, кеш, жаным! Алла тағала ақиретте қосылуға несіп тілесін, сол уақытта ғана көрген қасіретім бір сағаттай болмай ұмытылар. Мен сорлың опасыз дүниеде қонақтай алмай адасып қалдым, қош, жаным...» [1, 172]. Сөйтіп, «ғашығынан айырылған, панасыз қалған Жамал айналып келіп, Жамал апасына: «Апа, енді мен үшін жаманатты болмаңыз, маған енді, Ғали болмаған соң, бәрібір, суға батырып, отқа жандырса да, ықтияр бере беріңдер, алла тағала менің маңдайымды ашайын десе, Ғалиды мұндай қылмас еді» [2, 174], – деп мұңын айтып, басқа амалы қалмаған соң, «әкесінің «Жұман тазға» ұзатуына мүмкіндік береді. Қатыгездік пен қаныпезерліктің, зорлық пен жауыздықтың дүлей әрекетінен жапа шегеді» [3, 118]. Сөйтіп, мың сан азап тартып, еріксіз қосылған күйеуінен қиянат көрген, Жұмандай таз күйеуінің тәлкегіне шыдамаған Жамал қыстың боранды күнінде қашып шығардың алдында, әдеттегідей Жұман Жамалды қатты қорлап, айтпаған сөзді айтып, ұрып соғады. Сол кезде әбден азып-тозып, оның қатыгездігіне шыдамаған Жамал Жұманға: «Мені өлтіретін болсаң біржола өлтір, әйтпесе өзі күйіп жүрген жанымды күйдірме?» [1, 174], дейді. Бұл сөзді естіп, ызаға булыққан Жұман Жамалға «Я, сенің сүйіп болған байыңның күйігі басылмай жүр екен ғой, мен сенің күйігіңді басайын» [1, 174],деп одан бетер ұрып-соғып, есінен танғанша тепкілеп, быт-шытын шығарып, тастап кетеді. Сол кезде өмірден ары қарай қиянат, қорлық көруге шыдамы жетпеген жап-жас Жамал есін жия салысымен: «Мен бүйтіп жүріп тіршілік қыла алмайды екенмін, мұнан да бұл иттің қолынан өлгенше, басқа жаққа кетіп өлейін» [1, 174], – деген берік байламға келіп, қашып шығып, қалың боранда адасып, қарлы далада үсіп өледі. Дәл осы сәтте автор, боран мен Жамал арпалысында символдық тәсілді қолданады. Жамалдың бостандыққа ұмтылған жолын қиып, адастырып өлімнің суық құшағына жетелеген ызғарлы боран – заманның бүкіл кертартпа кесірлерінің жиынтығы. Ары таза, жаны таза, нәзік қыздың жан-жағынан қысқан алапат, дүлей күштің қыспағында мерт болмауы мүмкін емес еді. М.Дулатұлының әрі шағын, әрі көлемді романында сол тұстағы қазақ өмірінің айнасы дерліктей мазмұн бар. Бұл романды оқи отырып, қазақ даласындағы қоғамдық-әлеуметтік өмірмен, ұлтымыздың сол замандағы тыныс-тіршілігімен жүздесіп, замана қойнауына еркін бойлаймыз. Дала саясатының тізгін ұстары, айлакер, қажет жерінде қатігездік пен жауыздықтан бойын аулақ салмайтын Байжан мен осы даланың жауқазын нәзік өскіндері Ғали мен Жамал арасындағы тартыс кімді болса да селт еткізбей қоймайды. Жауыздық пен адалдық, соқыр сенім мен өміртаным тартысы қандай шығармаға болса да негізгі арқау болады. Ол қалай берілген яғни өмір шындығы мен көркемдік шындық шынайы шешімін тапқан ба? Міне, жазушы шеберлігі, ең алдымен, осы сауал арқылы айқындалады.

Романда автор дала көкжалдарының қасіретіне, арамдығына, жасаған қиянатына қарсылық көрсетем деп бақытсыз атанған Жамал, жаңа заманның жаңа лебінің қарлығашы, көрікті әрі білікті, табиғатына тән қайсарлық пен күрескерлікті ұтымды детальдар арқылы сәтті тауып, ақылдылығына ақындығы сай білімді қыз ретінде орынды қолдана білген.

М.Дулатұлы Жамал арқылы санасы оянған қазақ қыздарының типтік бейнесін жасаған, өйткені Жамал тағдыры қазақ қыздарының барлығына ортақ жағдайдың жиынтық көрінісі сияқты. Сонымен қатар жазушы Жамалды қиындықтан қаймықпайтын, өлімнен қорықпайтын жан екендігін де баяндайды. Жазушы бұны алғашында оның сүйгені Ғалиға жазған бір хатынан байқатады: «Бір Алла жалғыз өзі болсын айғақ, Тұрарлық уағданы бекем байлап, Сен үшін бір басымды еттім құрбан Шынжырлап жіберсе де Сібірге айдап!» [2, 173].

Автор характер сомдаудағы осындай сәтті штирхтарды, сөз жоқ жазушы табысына саналуға тиіс. Жалпы, халық өмірін, сол кезеңдегі қазақ әйелдерінің ауыр тұрмысы мен тауқыметін көркемдік шындықпен суреттеу Міржақып Дулатұлының қаламына тән. ХХ ғасырдың басында Міржақып Дулатұлы романның ізін ала, кез-келген сол заман тақырыптарына жазылған көлемді шығармалардың бірінен кейін бірінің шығуы, жазушының өз кезеңіндегі тамаша табысы болып табылады.

Романдағы аз көрінсе де, есте ұзақ сақталатын екінші жағымды кейіпкер Ғали. Оны  – көзі ашық, санасы оянған кез-келген қызға серік болар жігітті арман етіп, нағыз азаматты бейнелемек болған Міржақыптың тілегінен туған сүйкімді образ. Бұл романдағы екі ғашықтың іс-әрекетіндегі шешуші қадамды жасап жүрген Ғали болса да, қайсарлық безбені көбіне Жамал жағына ауып отыруының себеп-салдары осында жатқан сияқты. Махаббаты үшін қандай сұмдық көрсе де төзуге дайын, жанына нұрлы бақыттың ұшқынын сепкен Ғалиын ұмыта алмайтын Жамалдың қарлы боранда қашып шығып, белгісіздікке бет түзеуі де – осының белгісі. Қорлықтан азапты өлімді артық көрген әйел шешімі бас азаттығы үшін күрескерлікке шақырған өзгеше үн еді. Жамалдың жансыз денесін тауып алған жасаушылар оның кім екенін білмей, жерде жатқан шапанының қалтасына қол салып, қарағанда, ол жерден қарындашпен жазылған бір жапырақ қағазды алып шығады. Алып, оқып көрсе бұл Байжанның келіні Жамал екен, бұл қағазда сүйіктісі Ғалиды жоқтап, басынан өтіп жатқан неше түрлі қиянатын, зарын жазған екен. Содан елге хабар беріп, Жамалды Байжандардың үйіне апарып береді. Бірақ әбден суықтап қалған Жамал ертеңінен қайтыс болады. Ал жаңағы Жамалды тауып алған жолаушылар қалтасынан шыққан бір жапырақ қағазды елге оқып беріп, осылай болды деп айтып кетеді. Сондағы Жамалдың қалтасынан табылған қағазда былай жазылған екен: «...Арасында екі оттың Мені, Алла, қор еттің. Ғариптың көңілін мұңайтып, Дұшпанды шадлы зор еттің... Тоты құс едім бақшада, Қарақұсқа жем еттің, Хан қызындай басымды Бір жаманға тең еттің, Ботасыз нардай боздатып, Мінекей, мені еңіреттің, Қаһарыңды жіберіп, Тең құрбымнан кем еттің, Мұндай зарлы, Ғали жоқ, Ісіне көндім құдіреттің» [1, 176-177]. Осымен өмірдің ащысы мен тәттісін аздап көрген Жамалдың ақтық демі таусылды. Бірақ Жамалдың өз бақыты жолындағы күресте қаза табуы кейінгі оқырман сіңлілерін, әсіресе қазақ қыздарын ойландырмай қоймасына кім кепіл? Ендеше ол – ерлік рухын сеуіп кеткен, өмірден қаншама қиянат көрсе де, сүйгеніне адал болып, қиындыққа мойынсұнбай кеткен шейіт жан. Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романының ең басты жетістігі де осы Жамал бейнесінің толыққанды жасалуы десек те болар еді.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде роман жанрының қалам сілтеген жазушылар шығармашылығына осы «Бақытсыз Жамалға» тән жетістіктер, олардың авторларының көздеген мақсаттары, ұстанған бағыттары, стильдік әдіс-тәсілдерінің ұқсастығынан өріс алып жатады. Бір атап өтетін жайт, кейінгі шығармаларда кейбір көркемдік жетістіктерге қол жеткізілгенмен басты тұлғалардың бейнелері солғындау шығып, Жамалдай қайсарлық көзге түсе қоймайды.

Әдебиеттер:

1. Дулатұлы М. Шығармалары. 1-т. – Алматы: Ғылым, 1996. – 280 б.

2. Қирабаев С., Мырзағалиев Қ. Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 10-сыныбына арналған оқулық. / Қирабаев С., Мырзағалиев Қ. – Алматы: «Мектеп», 2001. – 272 бет.

3. Бисенғали З.Қ. ХХ ғасыр басындағы қазақ романы: Зерттеу. – Алматы: Өлке, 1997. – 268 б.