Түркітану іліміндегі алғашқы фонетикалық зерттеулер

Дүйсенбиева Г.Ә.

Gulsim1978@mail.ru

 

Түркітану ілімінің  қалыптасуына еңбек ciңipгeн XX ғасыр басындағы тіл білімінің көрнекті ғалымдары қатарынан А.Н.Самойлович, В.В.Бартольд, С.Е.Малов, В.А.Богородицкий, Бодуэн де Куртенэ, Н.К.Дмитриев, А.Н.Кононов, А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов т.б. танылды.

Түркі тілдерін орыс графикасымен қарастырған ғалым А.Н.Самойловичтің 1916 жылы шыққан "Опыт краткой крымско-­татарской грамматики" атты кітабының  21 беті фонетикаға арналған. Онда дыбыстарды дауысты, дауыссыз деп, дауыстыларды жуан (а, о, ы, ұ), жіңішке (ә, ө, i, ү); еріндік (о, ө, ұ, ү), езулік (а, ә, ы, i); ашық (а, ә, о, ө), қысаң (ы, i, ұ, ү) деп сегіз түрін екі топқа бірдей бөліп жіктейді. Дауыссыздарды дауыстың қатысу-қатыспауына қарай үнді (м, н, л, і, р, ң), үнсіз (ф, п, b(w), б, с, ш, т, з, ж, д, й, к, г, қ, ғ, x, h) деп, үнсіздерді шұғыл (п, б, т, д, к, қ, г), ызың (ф, b(w), с, з, ш, ж, й, х, ғ, h) дауыссыздар деп топтастырады да, үнділерді мұрын (м, н, ң), бүйip (л, і), діріл (р) дауыссыздар деп бөледі. Ғалым жасалу орнына қарай дауыссыздарды ерін (ф, b(w), п, б, м), тic (с, ш, т, з, ж, д, н, л, І, р), тіл ортасы (й), тіл арты (тым алғы: к, г; тым артқы: х, қ, ғ, ң), көмей (h) деп бес топқа бөліп қарастырған.

А.Н.Самойловичтің тіл арты дыбыстарын тым артқы, тым алғы деп екіге бөлуі І.Кеңесбаевтың еңбегінде де көрініс тапқан. Ғалым г, к фонемалары тілдің орта шені таңдайдың орта шеніне нық тиіп, жабысып, сонан соң бірден ашылып кетуі арқылы пайда болатынын, ғ, қ фонемалары тілдің артқы шені (түбі) таңдайдың артқы жағына жуықтау арқылы жасалатынын айтады [5]. Яғни г мен к дауыссыздары ғ мен қ тіл арты дауыссыз дыбыстарына қарағанда сәл ілгерілеу, тілдің орта шені таңдайдың орта шеніне тию арқылы айтылады. Бұдан А.Н.Самойлович пен І.Кеңесбаевтың пікірлерінің өзара байланысын аңғаруға болады.

А.Н.Самойлович те дауыссыз дыбыстарды қатаң (ф, п, с, ш, т, к, х, қ, h), ұяң (b(w), б, м, з, ж, д, н, л, І, р, й, г, ғ, ң) деп ажыратуы да бар. Дыбыстарды жіктеуден байқағанымыз, ғалым дауыссыздарды үнді, үнсіз деп бөле келіп, қатаң, ұяң деп ажыратқанда үнді дауыссыздарын ұяңдардың тобына қосып жібереді. Сондай-ақ үнді й дыбысын үнсіздердің тобына қосса, І дыбысын дауыссыздар қатарына жатқызып, өз ішінде түрлі топтарға бөліп қарастырған. Tүpкі тілдерінде л-дың жуанды-жіңішкелі болып келуінің ешбір фонематикалық мәні жоқ. Бұл тұжырымның бұрыс екенін І.Кеңесбаев “Қaзіpгi қазақ тілі” атты монографияда П.М.Мелиоранскийдің пікірін талдау арқылы түсіндіреді.

Дауыссыздар ассимиляциясы жөнінде   ғалым:    "Когда   в   словах   оказывается   два   согласных,   то последующий ассимилируется, уподобляется предыдущий в том смысле, что если предыдущий звук звонкий, то и последующий должен быть звонким, а если глухой, то и последующий должен быть глухим",- деп, қатаң, дыбыстан соң, қатаң, ұяң дыбыстан соң, ұяң дауыссыз дыбыстың тұру керектігін айтады [9].

1935 жылы шыққан А.Боровковтьң "Учебник уйгурского языка" атты кітабының 9 беті фонетиканы зерттеуге арналған. Еңбекте сегіз дауысты дыбыс (а, а, о, ө, ұ, ү, е, i), 23 дауыссыз дыбыс көрсетілген. Дауысты дыбыстарды тілдің қатысына қарай жуан (а, о, ұ), жіңішке (ә, ө, ү, е, i), еріннің қатысына қарай еріндік (о, ө, ұ, ү), езулік (а, ә, е, i) деп, дауыссыз дыбыстарды шұғыл (п, б, т, д, г, ғ, к), аффрикат (ч, ц), ызың (ф, й, ж, з), қатаң (с, ш, h, қ, х), үнді (л, р), мұрын (н, ң, м) деп бөледі. А.Боровков аффрикат ч, ц дыбыстарының әрқайсысы екі элементтен тұратыны жөнінде алғашқы болып сөз қозғап, талдап көрсеткен. Үндестік заңын сингармонизм, ассимиляция деп, сингармонизм дауысты дыбыстардың үндестігі (ерін, езу), ассимиляция дауыссыз дыбыстардың үндестігі дегенді айтады. Екпіннің динамикалық немесе экспираторлық түpiн көрсетеді.  Ғалымның "Неударность вызывает, в свою очередь, редукцию, ослабление гласного, или в смысле его количественного сокращения, или в смысле утраты им своей отчетливой артикуляций" дегенінен екпін түспеген дауысты дыбыстар әлсіреп, көмескі айтылатынын, яғни редукцияланатынын түсінеміз [2]. Аталған пікip қазақ тіл білімінде 1984 жылы жазған Б.Қалиевтің "Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың редукциясы" атты еңбегінде өз жалғасын тауып, ары қарай дамытылды.

1940 жыл түркітану саласында зерттеу жұмыстарының жемісті жылдарының бipi болып саналады. Бұл жылы бірқатар ғалымдардың еңбектері жарық көpiп, түркi тілдерінің дамуына өз үлестерін қосқан. Оларға Н.П.Дыренкованың "Ойрат тілінің грамматикасы", Н.А.Баскаковтың “Ноғай тілі және оның диалектісі”, Н.Қ.Дмитриевтің “Құмық тілінің грамматикасы", В.М.Насиловтың "Ұйғыр тілінің грамматикасы" деген еңбектер жатады.

Н.П.Дыренкованың "Ойрат тілінің грамматикасы" атты оқулығының 29 беті фонетикаға арналған. Дауыссыз дыбыстардың айтылу орнына қарай жіктелуін төмендегіше көрсетеді:

1. тіл арты - к, г, нъ

2.        тіл алды - т, д, с, з, ш, ж, л, н, р

3.        тіл ортасы-дь

4.        аффрикат - ч

5.        ерін - п, б, м, нъ

6.        тіл арты веляр - қ, г(ғ) [3].

           Ғалымның тіл арты дыбыстарын eкігe бөліп қарастыруы  А.Н.Самойлович зерттеуінде кездесті. Бұлар да тым алғы тіл арты дыбыстары және тым артқы (веляр) тіл  арты дыбыстары секілді.

Сонымен қатар, дауыссыз дыбыстарды үнді (н, р, м, л, нь), үнсіз деп, үнсіздерді ызың (с, ш, з, ж, й, дь), шұғыл (п, б, т, д, к, г), аффрикат (ч) деп топтастырған. Ал үннің қатысына қарай қатаң (қ, п, с, т, ы, ф, ч, щ), ұяң (б, в, г, д, ж, з, й, л, м, н, нъ, р, дь, ц) деп ажыратады. Мұнда ғалым үнді дауыссыз дыбыстарын ұяңдардың жетегінде қарастырады. Ғалым дауыссыз дыбыстарға сипаттама бере келіп: "Из звонких согласных в начале слова могут быть согласные: б, дь, д. Согласные сонорные, не имеющих парных глухих - н, м, р, л - могут быть как в начале слова, так и в конце. Согласный нъ не может быть в начале слова и встречается лишь в конце и в середине слова",- деп, дауыссыздардың сөз ішінде орналасуына көңіл бөледі [3]. Түркі тілдерінің (қазақ) төл сөздерінде ұяң б, д дауыссыз дыбыстарына сөз аяқталмайды, ң дауыссызы сөздің ортасы мен аяғында ғана келеді, ң дыбысынан басталатын сөз жоқ. Сондай-ақ регрессивтік ассимиляция, сөз ықпалы, екпін түспейтін қосымшалар жайында да азды-көпті пікірлер кездеседі.

Н.А.Баскаковтың "Ноғай тілі және оның диалектісі” атты кітабының     28 беті фонетиканы зерттеуге арналған. Онда дауыссыздардың аралық (промежуточный) түрі ызың (й, h, в), діріл (л, р), мұрын үнділері (н, ң м) деп жіктеген. Н.А.Баскаков: "Промежуточные согласные по способу образования являются как бы средним звеном между гласными и согласными",- дейді [1]. Ноғай тіліндегі дауыссыз дыбыстар айтылу орнына қарай төмендегіше ажыратылады: 1) ортаңғы қатар - ортаңғы артикуляциялық база (тic, тіл ұшы, тіл алды); 2) артқы қатар - артқы артикуляциялық база (тіл арты, тіл ортасы); 3) алғы қатар - алғы артикуляциялық база (ерін-ерін, ерінic). Дауыссыздар жасалу жолына қарай ызың, шұғыл, аффрикат деп, үннің қатысына қарай қатаң, ұяң деп топтастырылған.

1940 жылы шыққан келесі еңбек - Н.К.Дмитриевтің "Құмық тілінің грамматикасы". Бұл зерттеуде фонетика қысқаша баяндалған. Дауысты дыбыстар жөніндегі мәліметтің алдыңғы еңбектерден өзгешелігі көрінбейді. Ал дауыссыз дыбыстар жасалу орнына қарай epiн (б, п, в, ф, м), тіс (д, т, з, с, н), таңдай-тic (ж, ш, ж(дж), ч), тіл ортасы (й, к, г), тіл арты (қ, ғ, х, ң(нг)), көмей (h), діріл (р, л(ль)) деп жеті топқа бөлінген. Жасалу жолына қарай дауыссыздар үнді (р, л(ль), м, н, ң(нг)), үнсіз (шұғыл: б, п, д, т, қ, қ, г; ызың: в, ф, з, с, ж, ш, й, ғ, х, гь) және аффрикат (ж, ч), дауыстың қатысына қарай қатаң, (п, ф, т, с, ш, ч, к, қ, х, гь), ұяң (б, в, д, з, ж, ж(дж), г, ғ, й, р, л(ль), м, н, нгъ(нг)) болып топтастырылған.

Бұдан көретініміздей, ғалым үнді дауыссыздарын ұяңдардың тобына қосып қарастырса, л, ң, г дыбыстарының жіңішке түpiн көрсетіп отырған. Құмық тілінің дауыссыз дыбыстары дауыстылардың әсерінен жуан, жіңішке  болатыны айтылады. Еңбекте сингармонизм дауысты дыбыстардың үндесуі және дауыссыз дыбыстардың үндесуі деп екіге бөлінеді. Дауысты дыбыстардың үндесуі өз ішінде epiн үндестігі және езу үндестігі болып екіге жіктеледі.

Н.К.Дмитриев дауыссыз дыбыстардың үндесуін ассимиляция деп атайды да, бұл заң бойынша алдыңғы морфеманың (түбір) соңғы дауыссыз дыбысы келіп морфеманың басқы дауыссыз дыбысына ықпал eтіп, игepiп тұрады. Яғни түбip сөз қатаң, не ұяң дауыссыз дыбысқа аяқталса, жалғанатын қосымша да қатаң, не ұяң болатынын айтады.

Ал түркі тілдерінің фонетика мәселелерін зерттеуде В.В.Радловтың сіңірген еңбегін атап өткен жөн. Ол алғаш рет түркі тілдерінің салыстырмалы фонетикасын жазып, онда қазақ фонетикасының біршама мәселелерін сөз етті. Оның “Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы” атты ғылыми туындысы күні бүгінге дейін өз мәнін жоғалтқан емес.

Қазақ тілінің дыбыс жүйесі жайлы алғашқы мәліметтерді Н.И.Ильминскийдің “Материалы к изучению киргизского наречия” атты еңбегінен кездестіруге болады.[4]

Бұл саладағы еңбектерге П.М.Мелиоранскийдің “Краткая грамматика казах-киргизского языка” (часть-2. Фонетика и этимология Спб. 1894г.) еңбегін жатқызуға болады. Онда қазақ тілі дыбыстарының комбинаторлық алмасуы, артикуляциясы, сөз шенінде қолдану жайы, үндестік заңы мен екпін мәселесі қысқаша сөз болған. [7]

Сонымен қатар, қазақ тілі жайлы жазылған еңбектерден В.Потаринскийдің “Грамматика киргизского языка” (фонетика, этимология, синтаксис),  И.Ланитевтің “Материалы по казах-киргизскому языку” және Н.Созонтевтің “Записи по грамматике киргизского языка” атты еңбектерін атап өтуімізге болады.

Қысқасы, ХІХ ғасырда басталған зерттеу жұмыстары ХХ ғасырда жалғасын тауып, шыңдалып келе жатқанын жоғарыдағы талдаулардан да аңғаруға болады.

 

Әдебиеттер

1.      Баскаков Н.А. Ногайский язык и его диалекты. М.-Л: Издательство АН СССР, 1940.-270 с.

2.      Боровков А. Учебник уйгурского языка. – Л: Издательство Ленинградского восточного института, 1935.-247 с.

3.      Дыренкова Н.П. Грамматика ойратского языка. – М.-Л: Издательство АН СССР, 1940.-302 с.

4.      Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизского наречия. Казань, 1861

5.      Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Мектеп, 1975.-304 б.

6.      Ланитев И. Материалы по казах-киргизскому языку. Москва, 1900

7.      Мелиоранский П.М. Краткая грамматика казах-киргизского языка. 1894

8.      Потаринский В. Грамматика киргизского языка. Оренбург, 1897

9.      Самойлович А.Н. Опыт краткой крымско-татарской грамматики. – Петроград: ОБП, 1916.-104 с.

10.  Созонтов Н. Записи по грамматике киргизского языка. Ташкент, 1912