БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ
ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ
Уайсова Г.И.
Абай
атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, п.ғ.к.
«Әлеуметтік-экономикалық
жаңғырту – Қазақстан дамуының басты
бағыты» атты
Елбасы
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2012 жылғы 27
қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында мектеп
оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту
мақсатында бес жылдық
ұлттық жоспар
қабылдау міндеті қойылғаны бәрімізге белгілі.
Аталған Ұлттық
жоспардың мақсаты –
Қазақстан Республикасындағы мектеп оқушыларының
функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау [1]. Осы мақсатқа орай
қойылған міндеттерді орындау қолға алынуда. Бұл ретте оқушылардың функционалдық
сауаттылығын қалыптастыру жолдарын анықтаудың да
мәні зор болып отыр.
Функционалдық сауаттылық дегеніміз – адамдардың
әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық
қызметтерге белсене араласуы; мамандығына, жасына қарамай
үнемі білімін жетілдіріп отыруы; заман ағымына ілесіп отыруы. Сонымен
қатар бұл – адамның сыртқы
қоршаған ортамен карым-қатынас орната алуы және ол
ортаға жылдам бейімделуі.
Функционалдық сауаттылық – оқушының сөйлеу
жағдаятына қарай қазақ тілінің
құралдарын таңдап қолдана алуы, түрлі
әлеуметтік өмір жағдаяттарында өз проблемасын шешуде
қазақ тілінде тілдік нормаларды сақтай отырып
қатысымға түсе алу қабілеті. Яғни білім, білік,
дағдыны қоғам қажеттігіне қарай бейімдеу – функционалдық
сауаттылықтың басты мақсаты.
Қазіргі зерттеулерде оқушылардың функционалдық сауаттылығы шешуші
құзіреттіліктердің жиынтығы ретінде қаралады. Бұларды меңгеру
төмендегілерге мүмкіндік береді:
* пәндік, пәнаралық білім
және біліктерді қолдануды талап ететін өмірлік міндеттерді
шешу;
* оқу әрекетінде
алынған ақпараттарды өз қызметін жоспарлауда және
жүзеге асыруда қолдану;
* қарым-қатынас
нормалары мен ережелерін сақтай отырып, бірлескен және партнерлік
ықпалдастық негізінде әлеуметпен (социуммен)
жағымды байланыс орнату.
Тек функционалды сауатты адам ғана қоғамдағы
қалыптасқан жағдайды бағамдай алады, заман талабына сай
мамандық таңдайды, дұрыс шешім қабылдай біледі, кез
келген ортаға бейімделеді, қазіргі ақпараттық
технологияларды меңгереді.
Функционалды сауатты
тұлға – бұл әлемдегі өзгерістерді
бағамдайтын және қоғам
құндылықтарына, мүдделеріне сәйкес әрекет
ететін адам. Функционалды сауатты тұлға мынадай қасиеттерді
иеленеді: өз бетінше әрекет етеді, өзіндік танымы бар,
адамдармен еркін арласады, жалпы оқу біліктері немесе шешуші
құзіреттіліктер белгілеген нақты сапаларды меңгереді.
Функционалдық сауаттылық ұғымы әрекеттік
аспектіні қамтиды. Осыған орай қазіргі педагогикалық
зерттеулерде «функционалды сауаттылық» ұғымы
құзіреттілік тұғыр аясында қарастырылып
жүр. Функционалдық сауаттылықты дамыту нәтижесі білім алушылардың игерген білімдерін
тәжірибеде және әлеуметтік бейімделу үдерісінде тиімді
қолдануына мүмкіндік беретін шешуші құзіреттіліктер
жүйесін меңгеруі болып табылады. Мұндай құзіреттіліктер:
·
әр түрлі технологияларды таңдауға және
пайдалануға қабілеттілік;
·
проблеманы көре білу және оны шешу жолдарын іздестіруге
қабілеттілік;
·
өмір бойы үйренуге қабілеттілік.
Қазіргі уақытта ғалымдар
функционалдық сауаттылықты қалыптастыру үдерісіндегі
басты құзіреттілікті анықтауда бір шешімге келе
қойған жоқ. Көптеген ғалымдар (А.В.Хуторской,
И.А.Зимняя, В.Д.Шадриков, В.Н.Куницына т.б.) «функционалдық
сауаттылық» және «құзіреттілік»
ұғымдарының мазмұнын талдай келе, функционалдық
сауаттылықтың белгілі бір
компоненттері оқу-танымдық, коммуникативтік, әлеуметтік
құзіреттіліктердің құрамына енеді деген
қорытындыға келді.
Қазіргі зерттеушілер функционалдық
сауаттылықтың келесі компоненттерін бөліп көрсетеді:
1)
жалпытеориялық,
арнайы және қолданбалы сипаттағы білім;
2)
әрекет
(жұмыс) үдерісінде кездесетін іс пен болмыстың мәнін
пәндік түсіну;
3)
қойылған
мақсатқа адеквативті құралдарды таңдау және
соның мазмұнына сәйкес әрекет ету білігі;
4)
орынды
әрі тез әрекет ету дағдысы.
Функционалдық сауаттылықтың
деңгейі проблемаларды шеше білу қабілеттілігімен сипатталады:
оқу әрекеті проблемалары – танымдық білікті меңгеру
негізінде; стандартты өмірлік
проблемалар – ережелер мен алгоритмдерді меңгеру негізінде;
құндылықтар жүйесіне бағдарлау проблемалары –
құндылықтар туралы білімді меңгеру негізінде;
кәсіби білім беруге даярлау проблемалары – тірек білімдер мен біліктерді
меңгеру негізінде.
Жоғарыда айтылғандар негізінде функционалдық сауаттылықтың төмендегідей
негізгі белгілерін атап көрсетуге болады:
·
өздігінен
жалпы және кәсіби білім беру бағдарламаларын таңдау негізінде білім деңгейін
көтеруге дайын болуы;
·
тұрмыстық
мәселелерді шешуге ұмтылуы;
·
нақты
әлеуметтік жағдайларда өзін ұстай білуі,
тұлғалық мінезі;
·
мамандығын,
бос уақыты мен жұмыс түрлерін саналы түрде
таңдауға, өз құқығын
қорғауға және
өзінің міндеттерін ұғынуға қабілеттілігі;
·
қазіргі
қоғамға бейімделуге дайындығы,
тұлғалық қасиеттерін дамыту мүмкіндіктерін
ескеруі мен өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге
ұмтылысы;
·
коммуникативтік
қызметке қабілеттілігі.
«12
жылдық білім беру жағдайында оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың тұжырымдамалық тұғырлары» атты әдістемелік
құралда функционалдық
сауаттылықтың мынадай көрсеткіштері ұсынылған [3]:
- коммуникативтік әмбебеп
оқу әрекеті (сөйлеу әрекетінің барлық
түрлерін меңгеру, құрбыларымен және
үлкендермен тіл табыса алуы, ауызша және жазбаша сөйлеуді адеквативті қабылдау,
қойылған мәселе бойынша көзқарасын нақты
жеткізу, сөйлеу мәдениеті ережелерін сақтау;
- танымдық әмбебап оқу
әрекеті (мәселені қоя білу, дәлелдер келтіру,
талқылаудың логикалық желісін құра алу, әртүрлі
дереккөздерден қажетті ақпараттарды алу, негізгі және
қосалқы ақпараттарды анықтау т.б.)
- регулятивті (жүйелеуші) әмбебап
оқу әрекеті (әрекет мақсатын қою және
құру, әрекеттің бірізділігін жоспарлау және
т.б.).
Бастауыш сыныптағы оқыту үдерісінде
оқушылардың функционалдық сауаттылығын
қалыптастыруда осы аталған көрсеткіштерді
басшылыққа алып, соларға сәйкес тапсырмалар
орындатқан дұрыс. Мәселен, коммуникативтік
әмбебеп оқу әрекетіне байланысты мынадай тапсырмалар
ұсынуға болады:
1. Талас деген сөзге балалар таласып қалды. Бірі оны
заттың атын білдіретін сөз десе, екіншісі қимылды білдіретін
сөз дейді.
Сен қалай ойлайсың? Ойыңды дәлелде.
2. Өлең
ұйқастыр. Тармақтың соңғы сөздері омонимдік
мағынада жұмсалатын болсын.
Үлгі: Дорбасына нанды
салып алып,
Мектебіне кетті біздің алып.
Жақсы баға алып келсе
екен-ау,
Тек отырмай сабағына барып.
... .... ... ... ... ... ... ... ... ... .... ... батыр,
... .... ... ... ... ... ... ... ... ... .... ... батыр,
... .... ... ... ... ... ... ... ... ... .... ... ... ... ,
... .... ... ... ... ... ... ... ... ... .... ... татыр.
Танымдық әмбебап оқу
әрекеті көрсеткішіне орай оқушыларды ойландырып,
ізденіске түсіретін, дереккөздерден қажетті ақпараттар
табуға жетелейтін тапсырмалар беру
керек. Мысалы:
Берілген сөздерге шарада құрастыр.
Жетісу, Сарыағаш,
түйетауық.
Үлгі:
Біріншісі – онға үші жетпейтін сан.
Екіншісі – сұйық зат.
Екеуін бірге айтқанда – Қазақстанның бір
өңірі, жер атауы.
Шешуі: онға үші жетпейтін сан – жеті, сұйық зат –
су. Бұл екеуін қосып айтсақ
Жетісу сөзі шығады. Қалғандарын да осы ретпен айтып
шығады.
Регулятивті (жүйелеуші) әмбебап оқу
әрекеті бойынша оқушыларды өздіктерінен әрекеттерінің
мақсатын қоюға және оның бірізділігін жоспарлауға
баулитын тапсырмалар берілуі тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары. ҚР Үкіметінің № 832
қаулысы. 2012 жылғы 25 маусым – Астана: Үкімет Үйі, 2012
2. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.
–Алматы: Ғылым,1986.-450 б.
3.12 жылдық білім беру жағдайында оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың тұжырымдамалық тұғырлары //Әдістемелік
құрал – Астана, 2013 -40 б.