докторант (РhD) Елибаева К.Ж., ф.ғ.д., профессор Тлеубердиев Б.М.

М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті

                         

Тіл білімндегі фразеологизмдердің танымдық сипаты

Адам баласының таным-түсінігі толысқан сайын өзіне дейінгі ұрпақтар жасаған мұраларды зерттеп, игеруге деген қажеттілігі арта түспек. Бүгінгі таңдағы ғылыми түсінік ғалымда да, әдебиет пен өнерде де, ел-жұрттың білім өрісі мен сауатын да, ойдың оралымдылығы мен тілдің құнарын да «адам және тіл» аясына сыйғызды. Сондықтан да «адам және тіл» когнитивтік лингвистиканың өзекті мәселесіне айналып отыр. «Когнитивтік лингвистика лингвистикалық зерттеулердің шеңберін маңызды түрде күшейте түсетін қазіргі антропоцентристік парадигмалар шегіндегі когнитивизм негізінде туындайды» [1,9].

Осы тұрғыдан келгенде фразеологизмдер де ойды жарыққа  шығару бейнесінің, тіл білімін жүйелеу мен құрудың құралы. Фразалық тіркестің толық концептісі оның семантикалық және ассоциациялық өрісі арқылы айқындалады. Фразеологизмдердің  семантикалық және ассоциациялық өрісінде пайда болған ақпараттық  құрамында  когнитивтік және прагматикалық мағыналардың  элементтері бейнеленеді.

Когнитивтистикада  адам когнициясына басты назар аударылады, көзге түскен іс-әрекеттер ғана емес, олардың ментальдік ішкі көріністері, моделдері, символдық түрлері зерттеледі.

Әр халық дүние алуандылығын өз таным-түсінігінше топтастырады, дүниенің үзіктерін өздерінше айтады. Дүниенің өзіндік  бейнесінде топтық және ұлттық тәжірибенің табы жатады. Жұдырықтың астына алды деген фразеологиялық тіркес қазаққа түсінікті, ал қан көбелек ойнады деген тіркесті тілдік ұжымның бәрі түсінеді деп айта алмаймыз.

Адамдар ақиқат дүниені өзінің ана тілі арқылы ғана тани алады, біле алады, сезіне алады. Ақиқат өмірді тілде  бейнелегендіктен ғана көре аламыз, тани аламыз. Тілде бейнеленбеген нәрсе ақиқатта да жоқ. Әрбір тіл ақиқат дүниені өзіне тән ерекше тәсіл арқылы бейнелейді: Уәли Нұргелдінің айтуы бойынша: «Қадамыңа гүл бітсін»  деген тұрақты тіркестің фразеологиялық мағынасы «жүрген жерің құт, берекелі болсын» дегенді білдіреді. Бұл фразеологизмдердің әуелгі протосемантикасы жүрген жерің  көкорай шалғын болсын деген мәнде болуы керек, өйткені қазақтың  жері көбіне шөлейт шөл болып келеді де, орманды  алқап аз кездеседі» [2,15].

Сондай-ақ қарғыс мәнде ісің өрге баспасын, жолың болмасын деген мағынада айтылған жүрген жеріңе шөп шықпасын деген фразеологизмнің ұлттық сематикасы, танымы орманды мекендейтін халықтар үшін, олардағы дүниенің тілдік бейнесі басқа болғандықтан, мүлде қисынға келмейтіндігі көрінеді. Ал керісінше, жүрген аяққа жөргем ілінер  деген фразелогизм қазаққа тән дүниенің тілдік бейнесі арқылы қалыптасқан. «Жөргем» байлаудың бір түрі: «аш ішекті жөргемде, жөргемдеп байла», не «сәбиді жөргекте» т.б. «Жүрген аяққа жөргем ілінер» дегендей, барған, болған жерлерімнің бәрінен де қыруар ғибрат алдым, тағылым көрдім (Н. Ғабдуллин). Бұл сөйлем қарап жатпаған адамға бірдеңе кез болар деген мағынада айтылған.

Дүниенің тілдік бейнесі эмперикалық таныммен байланысты.   Әрбір, Б. Уорф-Сепирдің тұжырымдауы бойынша, дүниені өзінше жүйелеп бөледі, яғни  оны концептулизациялаудың өзіне тән тәсілдері болады. Ақиқат дүниедегі заттарды, құбылыстарды, уақиғаларды белгілі бір концептіге топтастырады  [3,209].

Кез келген сөздің уәжділігі атаудың номинитивтік белгілерімен байланысты болып келеді. Адам заттар мен құбылыстарды фразеологиялық тұрғыдан атау үшін олардың белгілі бір қасиеттері мен сыртқы ерекшеліктеріне қарайды. Бұл туралы ғалым А. Б. Салқынбай мынадай пікір айтады: «Таным болмыстың қай түрін маңызды деп бағаласа, сол номинитивтік белгі арқылы атау жасалады» [4,90]. Осы аталған теорияны негізге алар болсақ, фразеологизмдердің өзіндік номинитивтік белгілері мен танымдық сипаты болатынын аңғаруға болады.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.     Смағұлова Г.Н. мағыналас фразеологизмдердің ұлттық мәдениет аспектілері.-Алматы: Ғылым, 198.-194 б.

2.     Сәрсенбаев Р. Жақыпов М. Фразеологизмнің эспрессивтік-эмоционалдық табиғаты туралы // Кітапта: Қазақ тілі мен әдебиеті-Алматы, 1973.-3 шығуы.-26-30 бб.

3.     Сәтенова С.К. Қазақ тіліндегі қос тағанды фразеологизмдердің тілдік және семантикалық сипаты.-Алматы, 1997.-183б.

4.     Сарбасова Қ.Б. Қазақ тіліндегі етістікті фразеологизмдердің  лексика-семантикалық сипаты: филол. ғыл. канд. дисс. автореф.-Алматы, 1999.-24 б.