ӨСІМДІКТІҢ ТОПЫРАҚ НЕМЕСЕ ҚОРЕКТІК ОРТАНЫҢ ТҰЗДЫЛЫҒЫНА ТӨЗІМДІЛІГІ

 

Ғылыми жетекші: Байдаулетова Г.Қ., Аман Құндыз - Био-213-1,3 тобының студенті

 

Тұзды топырақтар жер шарындағы мемлекеттердің көптеген аймақтарын алып жатыр. Жалпы құрылықтың шамамен 25 % тұзды аймақтар үлесіне тиеді.Тұзды топырақтардың көп бөлігі, негізінен, Орта Азия мемлекеттерінде орын алады. Осы мемлекеттердің суармалы аймақтары (егістігін), шамамен 65% -тейі азды-көпті тұзды топырақтан тұрады. Соның ішінде Түркменстанда – 89 %, Өзбекстанда – 70 %, Қазақстанда – 65 %, Тәжікстанда – 30 %, Қырғызстанда – 25 %.

Топырақтың тұздылығы әртүрлі жағдайларға байланысты қалыптасады. Ең алдымен ол топырақтың бастамасы болып есептелетін тау жыныстардың минералдық құрамына байланысты болады. Екіншіден, тұзды топырақтар негізінде қуаңшылық, шөлді дала аймақтарда көп орын алады. Себебі, ондай аймақтарда ауа райының ыстығынан, желдің күштілігінен, жер бетінен судың булануы өте қарқынды жүреді. Соған байланысты жер қабаттарындағы топырақ ерітіндісі буланып жоғары көтерілген сайын құрамындағы еріген тұздар да жоғары көтеріліп, топырақтың үстіңгі бетіне келгенде іркіліп жиналып қалады. Егістіктерді көп суару нәтижесінде де топырақтың үстіңгі бетіндегі тұздардың концентрациясы көбейеді. Мысалы, суаруды көп қажет ететін мақта, күріш өсімдіктері бір жерге бірнеше жыл қатар егілетін болса, ондай топырақтар біртіндеп тұзды топыраққа айналады.

Әдетте топырақтың тұздылығы оның үстіңгі айдалмалы (30 – 40 см) қабатындағы тұздар концентрациясымен анықталады. Егер топырақтың кез келген қабатында оңай еритін тұздардың мөлшері 0,25 % - тен кем болса, ондай топырақ тұздылығына жатпайды. Жоғары (30 см) қабатында еритін тұздың мөлшері 0,25 % - тен артық топырақты тұздылау деп атайды. Құрамында 1 %, немесе одан да көп оңай еритін тұздары бар топырақтар сор топырақ деп аталады.

Әдетте топырақтың тұздалуы, негізінен аниондармен анықталады. Соған байланысты сульфатты, хлоридті және аниондардың басымдылығына қарай сульфатты – хлоридті, хлоридті – сульфатты, тағы басқа тұзды топырақ деп бөлінеді.

Тұзды топырақтың физиқалық, химиялық қасиеттері өсімдіктің өсіп-дамуына қолайлы келмейді. Тіпті, зиянсыз тұздардың мөлшері көбірек топырақтар ерітіндісінің осмостық қысымы жоғарылап, өсімдіктердің суымен қамтамасыздығын нашарлатады. Сонымен қатар, кейбір тұздар (аниондар) ерекше улы заттар сияқты әсер етеді. Осыған байланысты тұздардың өсімдікке  тигізетін осмостық және уытты әсерлерінің бірінен – бірін ажырату өте қиынға соғады. Тұздардың әсерінен өсімдіктердің сыртқы ортаның басқа жағдайларына реакциялары да өзгереді. Қалыпты жағдайда жағымды әсер ететін температура, жарық деңгейі тұзды топыраққа өсетін өсімдіктерге жағымсыз әсер етуі мүмкін.

Өсімдіктердің, жануарлардың (әсіресе микроорганизмдердің), климат жағдайларының және адамдардың әсерімен өзгерген жер бетінің үстіңгі борпылдақ қабаты. Топырақ бойында құнарлылық қасиеті, яғни өсімдіктерді сумен, басқа да қоректік элементтермен қамтамасыз ететін қабілеті болады. Механикалық құрамы (топырақ түйіршіктерінің мөлшері) бойынша топырақ құмды, құмдақ сазды және саз топырақ болып бөлінеді. Жасы мен генезисі бойынша — қыртысты күлгін топырақ, батпақты топырақ, ормандық сұр топырақ, қара топырақ, қоңыр топырақ, күрең топырақ, тағы басқалар болып бөлінеді. Топырақтың жер бетінде таралуы зоналық (горизонтальды және вертикальды) заңдылыққа байланысты. Топырақ - литосфераның жоғарғы әуе қабатымен байланысатын қабат, бүкіл биосферадағы тіршіліктің тірегі. Топырақ ғасырлар бойы топырақ түзуші факторлардың үздіксіз әрекетінен пайда болған табиғаттың ерекше табиғи, әрі тарихи денесі.

Топырақ – барлық материалдық игіліктердің көзі. Ол азық-түлік, малға жем, киім үшін талшық, құрылыс материалдарын береді. Топырақтың ең маңызды байлық екенін айта отырып, К.Маркс, еңбек – байлықтың әкесі болса, топырақ – анасы деген. Топырақтың физикалық  касиеттері су, ауа өткізгіштігі, су сақтағыштығы, құрамы мен құрылым ерекшелігіне байланысты. Топырақтың негізгі бөлігін бастапқы топырақ түзуші аналық жыныстан бастау алатын минералды құрамы анықтаса (85-99%), біршама бөлігін топырақ түзілу процесінде, негізінен осында өскен өсімдіктер қалдықтары (шіріген тамыр, түскен жапырақ, т.б.) ыдыраған кезде синтезделіп түзілетін органикалық. (қара-шірінді) заттар кұрайды (1-15%). Жануарлар дүниесі (негізінен омырткасыздар) тіршілігінің әрекетінен органикалық заттардың ыдырауы жылдамдайды. Адамның шаруашылық әрекеті (орманды кесу, шөп егу, жер жырту, мелиорация, органикалық минералды тыңайткыштар қолдану) топырақ түзуші кейбір факторларға (мысалы, өсімдікке) әсер етіп, топырақ түзілу процесінің бағытына тез өзгертеді. Топырақтың қатты, сұйық, газ құрамды және  тірі организмдерде бөліктерден тұрады. Олардың ара-қатынасы әр түрлі, топырақта ғана емес, тіпті бір топырақтың әр қабаттарында әр түрлі болады. Топырақтың жоғары қабатынан  төмен қабатына қарай органикалық заттар мен тірі организмдер азая түседі, ал  жыныстардың  түзілу қарқындылығы төмен  қабатынан жоғарғы қабатына қарай арта түседі. Топырақтың қатты бөлігінде алғашқы (кварц, дала шпаты, слюда, т.б.) және екінші ретті минералдар (гидрослюда, монтмориллонит, каолинит, т.б.) басым келеді. Топырақ борпылдақтығының қалыптасуы осы қатты бөлігінің кұрамы мен оның кұрылымының ерекшеліктеріне байланысты. Топырақтың негізгі массасын, негізінен түйірлері 1 мм-ден кіші болатын ұсақ топырақтар құрайды. Табиғи түрінде топырақ массасы көлемінің бір бөлігін - қатты бөлігі, ал қалған бөліктерін топырақ ерітіндісі мен топырақ ауасынан тұратын бөлігі құрайды. Топырақтың қатты бөлігінің минералды және химиялық құрамына қарай көбіне оның құнарлылығын анықтауға болады. Органикалық заттар ыдыраған кезде оның құрамындағы азот өсімдіктерді сіңіре алатындай түрге айналады.

Топырақтың сапасы морфологиялық, генетикалық, химиялық және физикалық қасиеттеріне байланысты болады. Осы қасиеттерге сәйкес топырақтың сапасын анықтауға қажетті негізгі табиғи диагностикалық белгілерге мыналар жатады: қарашірік қабатының қуаты (қалыңдығы); қарашіріктің, тұнбаның және саз балшықтың проценттік мөлшері; топырақтың қарашірінділігі; топырақтағы қозғалмалы қоректік элементтердің (фосфордың және кальцийдің) қоры (запасы); топырақтың механикалық құрамы, қышқылдығы және тағы басқалары.

Адамның жерді өңдеуінің нәтижесінде, топырақ құрғақта, ылғалды да құнарлы немесе құнарсыз да болуы мүмкін. Бірақ, қандай жағдайда да тегі әр түрлі минералды және органикалық бөлшектерден тұрады. Қабат-қабат болып жатқан бөлшектердің аралығында ауа, су және көптеген организмдер толы саңылаулар болады. Осы бөлшектердің үлкен-кішілігіне қарай ірі және ұсақ түйірлі топырақ деп бөлінеді. Ұсақ түйірлі топырақтар саңылаулығы ірі түйірлі топыраққа қарағанда жоғары болады. Егер ұсақ түйірлі топырақ саңылаулығы 85 пайызға жетсе, ірі түйірлі топырақ саңылаулығы 30 пайыздан кем. Дәлірек айтқанда, ірі түйірлі құмдақ топырақтың су өткізгіштігі ұсақ түйірлі сазды топыраққа қарағанда көп есе артық. Ірі түйірлі топырақтан белгілі бір уақыт өлшемінде ұсақ түйірлі топыраққа қарағанда ауа көптеген есе көп өтеді. Топырақ саңылауы 60-65 пайыз болса, онда биологиялық және химиялық ластанудан өздігінен тазару процестері үшін қолайлы жағдай туады.       

Топырақтың құрамында барлық белгілі химиялық элементтер анықталған. Топырақтың химиялық қосылыстарының ішінде үлесі жағынан ең көбін кремний тотығы, содан кейінгі орындарды  алюминий, темір, калий, натрий тотықтары иеленеді. Карбонатты топырақтарда бәрінен де кальций мен магний тотықтары, ал сор топырақтарда - хлорлы калий және хлорлы натрий тотықтары көп болады. Топырақта өте аз кездесетін микроэлементтер: кобальт, мыс, марганец, бор, йод, фтор, бром, никель, стронций, селен, молибден, мырыш, литий, барий т.б. неорганикалық қосылыстардың көзі тек топырақ пайда болатын породамен шектелмей, сонымен бірге микроорганизмдер әсерімен ыдырайтын өсімдік және жануарлар тектес органикалық қалдықтар болып табылады.

Топырақ ерітіндісінде болатын тұздылықтың артықшылығы өсімдіктерге токсинді болады. Әсіресе тез ерігіш тұздар зиянды, олар цитоплазмаға оңайлықпен енеді: NaCl, MgCl, CaCl2; ақырын еритін тұздар: CaSO4, MgSO4, CaSO3 аз токсинді. Көптеген тәжірибелерде көрсетілгедей өсімдіктерге сульфаттарға қарағанда хлоридті тұздылық қатты әсер етеді. Сульфатты тұздылықтың аз токсинділігі, Cl¯ ионына қарағанда SO4¯ ионының аз көлемде болсын өсімдіктердің минералды дұрыс қоректенуіне қажет болып, артып кеткен кезде ғана зиянды болады.

Тұздылықтың асқан концентрациясы осматикалық әрекет ретінде болып, өсімдіктердің қалыпты сумен қоректенуінің бұзылуына әкеліп, улануға әкелетін токсинді әсер етеді. Көбінесе, улану азот айналымының лезде бұзылуы нәтижесінде және ақуыз ыдырауынан түзілетіндердің жиналуынан пайда болады. Қатты тұздылық ақуыздың ыдырауын ақырындатып, өсу үрдісін басады. Топырақтың тұзды болуы топырақ микроағзаларының өлуіне (сонымен қатар, жоғары сатыдағы өсімдіктердің тіршілігінде пайдалы топтарға) әсер етеді. Ыстық және құрғақ климатта жер асты сулары болатын жерлердің басым болуынан үлкен аймақтарда (дала және жартылай дала территориялары, шөл аймақтарда) тұздылану жиі кездеседі. Бұл жерлерде тұздылану басым болып жер асты суларының тұздары ғана емес, сонымен қатар минрералды тұздар аз мөлшерде болатын атмосфералық жауын-шашын болып табылады. Бұл жерлерде тұздылану суландырудың дұрыс жүргізілмегенінен де болады.

 

 

ПАЙДАЛАНҒАН  ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1.     Ж.Қалекенұлы «Өсімдіктер физиологиясы» Алматы 2004ж.

2.     Н.Ә.Кенесарина «Өсімдіктер физиологиясы және биохимиясы» Алматы «Мектеп»  1982ж.

3.     К.С.Сағатов «Өсімдіктер физиологиясы»  Алматы 2004

4. Мухутдинов Н., Бегенов Э., Айдосова С., Өсімдіктер морфологиясы мен анатомиясы Алматы. 1993ж.

5. Ағелеуов Е.А. Өсімдіктер анатомиясы мен морфологиясы. Алматы. 1998ж.