МОДАЛДІ МАҒЫНА ЖӘНЕ СУБЪЕКТИВ МӘНДІ
ЕТІСТІКТЕР
Құсайынова Ж.А.ф.ғ.к.
С.Сейфуллин
атындағы Қазақ агротехникалық университеті
Етістіктер арқылы берілетін
модалді мағынаны туынды
етістіктер де белсендіреді. Жинақталған мысалдарды
салыстырсақ, -сы, -сы, -сын, -сін, -cу, -ыс, -іс т.б. тұлғалы етістіктер тікелей
субъектінің бағалауын айқындап, амал-әрекетке айтушының
өзіндік көзқарасын ажыратады. Мысалы: Қолға бар дерек жиналып түскенше, көп айыптар
молайып құралғанша, мынау басы ашық айқын айыбы
туралы әдейі көлгірсіп, өтірік нанған кісі болып, жауап
алғызған (М.Әуезов). Сөйлемдегі модалді
мағынаны барынша әсірелеп, субъектінің көзқарасын
дәл әрі бейнелі жеткізуде «көлгірсі» етістігінің
ықпалы зор. Яғни, субъекті бойындағы жасандылық,
екіжүзді мінезін аша отырып, айтушының көзқарасы
көрініс береді.
Талданған
етістіктердің құрамындағы
жұрнақтардың модалді мағынаның экспрессивтілігін
арттырудағы рөлі күшті. Олар кейде модалді реңкті
даралайтын негізгі тұлғалар, кейде модалді мағынаны
үстемелеуші қосымша тұлғалар ретінде көзге
түседі. Ойымызды төмендегі мысалдар арқылы саралауға
болады. Мысалы: Бір Мәніке емес,
кербезсінген тәккаппар адамның бәрінің де
көкірегін басқандай (М.Әуезов). Келтірілген бірінші
сөйлемдегі «кербезсінген» етістік тұлғалы сөз
кейіпкердің болмысында жоқ, жасанды, жағымсыз мінезін
әшкерелеп, екінші субъектінің ішкі бағалауын, өзіндік
көзқарасын даралауға негіз болған тіректер деп
қабылдасақ, төмендегі мысалда бұл жұрнақтар
модалді мағынаны күшейтуге, үстемелеуге септігін тигізген. Бірақ сырттары сабыр
сақтаған болысады (М.Әуезов). Осы сыбағаны
халыққа салып жатқан мінездерін өздерінше бір
қисынмен істеген болысады (М.Әуезов). Енді шеттерінен Абайды
жаңа ғана танып, бұның алдында құрақ
ұшып тұрған болысады (М.Әуезов). Соңғы
сөйлемде «сабыр сақтаған болады», «қисынмен істеген
болады», «құрақ ұшып тұрған болады» деген
тұлғаларды -ыс, -іс жұрнақтарынсыз
да модалді мағынаны айқындайтын тірек құрылымдар
қызметінде жұмсауға болады. Дегенмен -ыс, -іс
жұрнақтары модалді реңктің бояуын әсерлеп,
экспрессивтілігін күшейтуге елеулі ықпал жасаған.
Салыстыра қарасақ,
-сы, -сі, -ыс, -іс, -су жұрнақтарының сөз арасына
кірігуі, тіркестік қолданысы біркелкі емес. Яғни, -сы, -сі, -ыс,
-іс жұрнақтары етістік қызметінде жиі қолданыс тапса,
-су тұлғасы зат есім тұлғасында (Көлгірсуін
тоқтатсын), көмекші етістіктермен бірлікте тіркес таңдай
(Оның көлгірсуін қарашы) қолданылады. Бұдан -сы,
-сі, -ыс, -іс жұрнақтарын басқа тұлғалармен
бірлікте қолдануға бейімделгіш, икемді жұрнақтар деп
бағалауға болады. Сонымен қатар, модалді реңк үстеген
-ыс, -іс жұрнақтары мен ортақ етіс
жұрнақтарының да ара жігіне назар аударған орынды. Бұндай
салыстырулар модалді реңк үстеуші -ыс, -іс
жұрнақтарының қызметін даралауға жол береді.
Бұл салыстырудан модалді реңк үстеуші -ыс, -іс
жұрнақтарын экспрессивтік жұрнақтар деп даралауға
негіз бар.
Тіл білімінде етістік
құрамындағы осындай жұрнақтардың модалділік
санатына қатысын сөз етіп, талдаған И. Ұйықбаев
[1], М.Оразов [2], С.Исаев еңбектерін атауға болады [3].
С.Исаев бұл тұлғаларды модалді мағынаны
жасаушы негізгі тұлғалар деп бағалаған. Автор
модалділіктің жасалуы рай категориясының шеңберіне сия
бермейтіндігін ескертіп, біз талдаған тұлғалардың орнын
төмендегідей көрсеткен: «...Мысалы: адам-су, білгіш-сіну,
жетім-сіреу, білген-су6 жүр-іңкіреу, кел-гіштеу сияқты
сөздер қимыл, іс-әрекетті білдіретін етістік қана емес,
сонымен бірге, -сы, (-сі), -сын, (-сін), -сір, -сыра,
-іңкір, -ыңқыра, -гіште, (-ғышта) қосымшалар
қимылға бәлдену, тыраштану, «әлденемедегі бола
қалып, болып көріну», бәлсіну, менсінбеу, бұлдану,
зартұту, зәрулік, тапшылық көру, тең еместікті
сезіну, қимылдың қайталануы және оның
мардымсыздық, жағымсыздық сипаты, қимылдың
күшейтпелі, үдей түсу мәні т.б. сияқты
модальдық реңктер үстейді»,- деп, кеңінен сипаттап
берген [3, 193].
Талданған
тұлғаларды Ғ.Танабаев «субъектив мәнді» етістіктер деп
топтап, олардың семантикалық құрылымына талдау
жасаған. Автор субъектив мәнді етістіктердің
семантикалық өрісін сипаттап: «Субъектив мәнді
етістіктердің барлығында да адамның бір амал-әрекетін,
көзқарасын білдіретін мағыналық реңк бар. Осы
мағыналық реңк оның негізгі мағынасына қосымша
болып тұрады»,- деп негізгі қызметін дөп баса көрсетеді
[4, 9].
Біздің ойымызша,
көрсетілген жұрнақтардың негізгі қызметі –
субъектіні бағалау. Әсіресе, егер бастапқы мағынасында
қолданылса, адам бойындағы жағымсыз, жасанды қылықтарды
көрсетуде, олардың дербес қызметі анық сараланады.
Мысалы. Шұбар өз сөзіне
тыңдаушы құлақ таппағансып, әдейі
іркілгенсіп үнсіз қалды (М.Әуезов). Мұндай
етістіктер баға беруші субъекті мен бағаланушы субъектінің
қарым-қатынасынан хабардар етіп, екінші субъектінің
бағалауын дәл ашады. Талданған мысалда -сы, -сі
жұрнақтарын субъектінің тұрақсыз, ала
көңілін барынша жанды жеткізуге негіз болған
тұлғалар деп қабылдаймыз.
Талданған
жұрнақтардың көп функциялы қызметі де
байқалады. Мысалы: -сыра, -сіре
тұлғалы жұрнақтардың тура
мағынасындағы қызметі және контекст аясындағы
қызметі жарыса көрініс береді. Мұндай қызметі
контекстегі семантикалық өрістің мазмұнымен
ұштасып жататын, үнемі қозғалмалы қызметінен
бастау алады. И.Р.Гальперин сөз мағынасының осындай
құбылмалы қасиетін «контекстуалдық» мағына
терминімен даралап: «...Многие слова в связи с особыми условиями употробления
приобретают в контексте такие значения, которые не входят в их смысловую
структуру. Эти значения появляется на данный случай, имеют переходящий характер
и возможны только в условиях данного контекста. Такие значении мы будем
называть контекстуальными значениями. В отличие от основных, производных и
других предметно-логических значений слова, контекстуальное
предметно-логическое значение является наиболее подвижной, неустойчивой,
колеблющейся в своем содержании категорией»,- деп, мағыналық
кеңеюге бейім сөздердің өзіндік белгілерін
ажыратып берген [5, 110].
Бір айта кететін жайт,
сөздердің мұндай контекстік мағынасына қатысты
әр түрлі көзқарастар орын алған. Кейбір тілшілер
контекстегі сөз мағынасының құбылуына тіркестік
құрылымдар әсер етеді десе, екінші топтағылар сөз
мағынасының кеңеюін тұтас контекстегі күрделі
грамматикалық заңдылықтармен байланыстырады.
Ғ.Ө.Танабаев: «Біздіңше, мәтін сөз
мағынасын жасамайды, бірақ мағынаны нақтылауда
үлкен рөл атқарады»,- деп сөздің контекстегі
қозғалысынан және басқа бірліктермен
грамматикалық қарым-қатынасы нәтижесінде көрініс
беретін мағыналық кеңеюді шектеп көрсетеді. Автор
сөз мағынасының кеңеюін етістіктерді талдаған
тұста ескере отырып: «Демек, етістіктердің
көпмағыналық сипатқа ие болуы екінші бір сөзбен
тіркескенде ғана мүмкін болады»,- деп қорытады [4, 11].
Біздің
ойымызша, сөз мағынасының сапалы өзгеріске түсіп,
өзінің бастапқы мағыналық шеңберінен
шығып, екінші мағынаны меңгеруі басқа сөзбен
тіркесуден ғана анықталатын қарапайым құбылыс
емес. «Сөздің тілдің қандай элементі екендігін
көрсету үшін, сөздің тіл құрылымындағы
оның басқа элементтермен қандай қатынаста
болатындығын анықтау керек. Сөз - мәтін аясында үнемі
грамматикалық амалдардың әсерінен мағыналық,
тұлғалық жақтан түрлене алатын бірлік» [2].
Мұндай мағыналық
өзгерістің астарында тілдік белгінің сөйлеу тіліндегі
қолданыстық сипаты, сыртқы, ішкі ықпалдардың
барлық ерекшелігін қабыстыра, салыстыра қарайтын контекстік
қызметі, белгілі ұлттық нақыштардың әсері
көрініс береді. Яғни, сөз мағынасының
өзгеруі, семантикалық өрісінің кеңеюі –
прагматикалық, психолингвистикалық, этнолингвистикалық
заңдылықтардың кешенді әсерінен қалыптасатын,
бірнеше сатылық даму жолдары бар, күрделі үдеріс.
Сөйлеу тілінде кез келген семантикалық бірлік контекстегі
басқа сөздермен (өзі қолданылған сөйлем
ішінде немесе сөйлем аралық байланыстағы) белгілі бір
семантикалық жүйе түзіп, сол кеңістікте
қолданылады. Бұл тілдік кеңістікте барлық
семантикалық бірліктер ішкі байланыста болады да, көп
мағыналы қасиетке, бірнеше қызметтік мүмкіндікті
меңгеруге, бастапқы мағынасынан бөлек ауыспалы,
конотаттық, прагматикалық мағыналарда түрленуге,
яғни функционалды деңгей негізінде өсуге мүмкіндік
алады. Ал «сөйлеуші айтар ойымен сәйкестенетін тілдік
мағынаны беретін құралдарды осы жүйеден таңдап
алады. Сөйлеуші оларды тек құрастырып қоймай,
олардың көмегімен жаңа мағыналарды тудырады» [6, 22].
Бұған қатысты И.Р.Гальперин: «Контекстуальное значение слова
возникает в связи с употроблением слова в речи, начиная от простых сочетаний
слов до развернутого контекста» - деген болатын [5, 110].
Сонымен,
бұл етістіктер бастапқы мағынасында субъектінің
мінезіндегі жағымсыз қылықтарды сынап, астарлы бағалау
орын алады. Олардың
семантикалық мағынасының астарында субъектінің
табиғатында жоқ мінездердің, қаншалықты жасанды
екені көрінеді. Мысалы: Оразбай
айналысына тіксіне қарап, жүзіне шыншыл, турашыл кісімсіген ажар
жиып, қатаң сөйледі (М.Әуезов). Осы сөйлемдегі
модалді мағынаны жандандырып, ерекше реңк үстеуші –сін
жұрнағының экспрессивтік қызметі ерекше. Бұл
жұрнақтың экспрессивтік қызметінің салмағы
соншалық, сөйлемдегі турашыл, шыншыл сөздерінің
семантикалық мағынасына ерекше сапалық өзгерістер
туғызуға әсер еткен.
Жалпы қолданыстағы
грамматикалық қызметіне, экспрессивтілігіне қарай бұл
жұрнақтарды бір топтағы, синонимдес тұлғалар деп
қабылдаймыз. Себебі барлық жұрнақтарға
ортақ семантика – субъектіні бағалау. Соның ішінде
бастапқы қызметтерінде тек жағымсыз бояуды даралайтын
тең дәрежелі тұлғалар. Олардың синонимдес
қызметі төмендегі мысалдарда орын алған. Мысалы: Әрі келін дей отырып, әрі
Мәнікенің нәзіксінген, сұлу әйел, кербез болсын
«дөйдір» қошқар деу соншалық кереғар,
оқыстан оқтай тиген өтімді мазақ болатын
(М.Әуезов). Бір күні көрші ауылдың тағы бір
соған ұқсаған және мықтымсынған
жігіті келіп, Қалдыбай үйінен шай ішіп отырыпты (М.Әуезов).
Бұның екеуі де дәусінген неме болатын (М.Әуезов).
Тегінде, Абайдың қысқы, жазғы түстігіне
үнемі шақырусыз, емеурінсіз, өз еріктерімен келіп, күні
бойы Абайдың сөзін тыңдағансып,
тыңдағансып, ләм демей, үнсіз отырып, түстікті
бірге жесіп алып, өз беттерімен аттанысып кете беретін көп кісілер
бар-ды (М.Әуезов). Талданған мысалдағы -сын, -сін, -сы, -сі, жұрнақты
сөздерін (дәусінген,
мықтымсынған, нәзіксінген, тыңдағансып) субъектіні
бағалауды жүзеге асыратын мүмкіндігі тең
қолданыстар деп көрсетуге болады. Бұл тұлғалар
модалді мағынаның грамматикалық сипатын, болмысын
сипаттауға тірек болып, тілдік табиғатын даралайды.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Ұйықбаев И.Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі
етістіктің көріністері. –Алматы, 1958. -83б.
2.
Оразов М. Етістік (Грамматикалық формалардың қалыптасуы
мен дамуы). -Алматы, 2001.
-387б.
3.
Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің
грамматикалық сипаты. -Алматы: Рауан, 1998. -304б.
4.
Танабаев Ғ.Ө. Қазіргі қазақ тіліндегі
субъектив мәнді етістіктердің семантикалық
құрылымы. Автореферат. -Алматы, 2005. -26б.
5.
Гальперин И.Р. Очерки по стилистике английского языка. -Москва: Изд.
Литературы иностранных языках, 1958. -458с.
6.
Жолшаева М. Ұғымдық категория және
семантикалық функция // ҚР
ҰҒА-ның Хабаршысы. Тіл мен әдебиет сериясы, 2004. №2.
18-22бб.