ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АЛТАЙ ТАУЫНЫҢ ТУРИСТІК-РЕКРЕАЦИЯЛЫҚ РЕСУРСТАРЫНЫҢ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДАҒЫ МАҢЫЗЫ

 

Джангельдина Д.І.

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Алматы қаласы (Қазақстан)

Бейкитова А.Н.

география магистрі, оқытушы

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Алматы қаласы (Қазақстан)

 

Қазақстандық  Алтай тауы  Шығыс Қазақстан  облысы аумағының көп бөлігін  алып  жатқандықтан,  туризмді дамытуға зор мүмкіншілік бар. Ол шөл даладан бастап, орман алқаптары, өзен мен көлдер,  биік шыңдардағы альпі шалғындары мен мұздықтарға дейін созылған ландшафттық-климаттық  аймақтардың біртұтас жиынтығы.  Мұның барлығы  туристікиндустрияны  дамытуға  негіз  бола  алады.  Ең биік шыңы - қасиетті Белуха тауы (4506 м), Батыс Алтай және Марқакөл мемлекеттік қорықтары, Қатон-Қарағай ұлттық саябағы, республикалық маңызы бар ресми табиғат ескерткіштерінің бірі - Синегорье самырсынды тоғайы,  тарихи-мәдени орындар,  табиғаты әсем Марқакөл, Себин, Язевое, Зайсан, Рахман көлдері, Көккөл, Арасан сарқырамалары т.б. туристік-рекреациялық  ресурстарға  бай  болып  келеді [1].

Қазақстандық Алтай туризмді дамытудың ең қолайлы нысаны саналғандықтан, мұнда  туризмнің  мынандай  түрлері  дамуда:тау туризмі;ғылыми-танымдық;су туризмі;курорттық;спорттық.

Тау туризмі – таулы  аймақта  арнайы  көлікті  қажет  етпейтін туризмнің  кең тараған түрі. Белуха тауы  альпинизм мен тау туризмін дамытуға аса қолайлы нысан болып есептеледі. Ол  ТМД және Балтық маңы елдері тұрғындарының арасында аты әйгілі туристік нысандардың бірі болғандықтан,  әрбір турист Алтай және Белуха шыңын  көруді міндеті деп есептеп, 5 баллдықкатегория бойынша шыңды бағындыруға тырысады. Барлық маршруттар мұзды-құзды аудандармен өтеді. Белуха аяздылығы және күрделілігі жөнінен  дүние жүзіндегі биік шыңдардан ешбір қалыспайды. Бұл жағынан ол Мак-Кинли шыңына ұқсас келеді. Алтайда әртүрлі қиындық және  қашықтық бағыттар бойынша маршруттар ұйымдастырылған. Соның ішінде Ресей мемлекетімен шекарааралық саяхаттар  да  бар. Ондай саяхаттарға жататындар  «Белуха алтын шеңбері» (14-15 күн),  «Рахман шеңбері» (13 күн), «Озерный» (14 күн),   «Алтайдың биіктік полюсі»  (12 күн)  саяхаттары  болып  табылады  [2].

Қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап дамыған шағында табиғат байлықтарын қорғау – үлкен мән беріліп отырған игілікті жұмыстардың бірі. Әсіресе, табиғаттың бұзылмаған үлгісін сақтап қалуда қорықтардың алатын орны ерекше. Қорықтарда тек бағалы хайуанаттар мен өсімдіктер ғана қорғалып қоймай, туған еліміздің ғажайып орындары да сол қалпында сақталады.

 Қазақстан Республикасында соңғы жылдары ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жер көлемін ұлғайтуға үлкен мән беріліп отыр. 2006 жылдың 7 шілдесінде «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңның қабылдануының өзі Қазақстанда табиғат қорғау мәселелеріне басты назар аударылып отырғандығының нақты дәлелі бола алады.

Қазақстандық Алтайдың өсімдік дүниесі мен жануарлар әлемін қорғау мақсатында ерекше қорғалатын аумақтар ұйымдастарылған. Мұнда  Қазақстанның Қызыл кітабына енген  өсімдік жамылғысы және жануарлар дүниесінің көптеген түрлерін көруге болады.

Батыс Алтай қорығы  Қазақстандық Алтайдың биогеоценозын кешенді қорғау мақсатында 1992 жылы 3-шілдеде құрылды. Көлемі 56078 га жер, Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығыс шекарасындағы Риддер және Зырян әкімшілік ауданы жерінде орналасқан. Негізгі тау жоталары Линей, Көксу, Иванов және Үлбі.

Тауда Сидяшиха, Линейчиха, Каменушка, Палевая арналары бар Қара және Ақ Уба өзендерінен тұратын гидрологиялық жүйе жақсы дамыған. Таулы-тайгалы ормандар қара тайга, самырсын-қарағайлы және қара қарағайлы ормандардын тұрады.  Қорықта  өсімдіктің 800 астам түрі өседі, оның 45-і сирек кездесетін түрлер, 16 түрі ҚР-ның Қызыл Кітабына енгізілген, олар: Сібір қандығы, сафлор тәрізді рапонтикум, ұсақ торлы жуа, ірі гүлді шолпанкебіс, телпек сүйсін, Алтай рауғашы, қызғылт семізот, Алтай суықшөбі. Қорықтағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының мақсаты – барлық биологиялық және табиғи-ландшафтты нысандарды инвертаризациялау (түгендеу), Қара Уба мұздықтары маңындағы қалдық фитоценоз бен жануарлардың сирек кездесетін түрлердің жағдайына мониторинг жүргізу болып табылады.

      Ал, Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы - Оңтүстік Алтайдың табиғат кешенін, сондай ақ бірегей альпілік типтегі  Марқакөл көлін табиғи қалпында сақтау мақсатында 1976 жылы құрылған. Көлден басқа негізгі қорғау нысандарына – Солтүстік Сібір таулары үшін қалыпты болып саналатын балқарағайлы-самырсынды және шыршалы ландшафттар, Марқакөлге ғана тән майқан, хариус, талма балық, теңге балық жергілікті бірегей балықтар әлемі, құстар мен сүтқоректілер жатады. Ғылыми- зерттеу жұмыстарының негізгі мақсаты - Алтай-Саян таулы аймағының эндемик түрлерін сақтап қалу.  

Қазақстан Республикасында табиғат қорғаудың бір саласы – ұлттық табиғи саябақтар. Ұлттық табиғи саябақтардың негізгі міндеттері – табиғат қорғау шараларымен қатар табиғатты қалпына келтіру, сақтап қалу, туризмді дамыту және экологиялық білім мен тәрбие беру мәселелеріне де ерекше көңіл бөлу. Кейде арнайы рұқсат бойынша белгілі бір мөлшерде аң аңлауға да жағдай жасалады. Қорықтарға қарағанда ұлттық саябақтардың туризм үшін маңыздылығы жоғарырақ. Өйткені оларда туристер үшін экскурсияларды көбірек өткізуге мүмкіндік бар.

Оңтүстік Алтайдың таулы-тайгалы ормандарын, табиғи және мәдени ескерткіштері, су нысандарын қорғау мақсатында 2001 жылдың 17-маусымында  Қатон-Қарағай  ұлттық саябағы ұйымдастырылған. Саябақ сирек және жойылып бара жатқан түрлер - қар барысы, Алтай ұлары, дөңес тұмсықты үйректің ареалы ретінде маңызды орын алады. Саябақ құрамына Алтайдың ең биік шыңы – Белуха тауы, Листвяга жотасы тізбегі, Оңтүстік Алтай (ең биік нүктесі Жаңғыртау – 3871 м), Тарбағатай (Хрустальная тауы – 3094 м), және Сарымсақты (Бүркітауыл тауы – 3373 м) кіреді. Барлық тау жоталары субендік  бағытта созылып жатыр. Ұлттық бақта 400 жуық көл бар. Олардың көбі шағын, су айдыны көлемі бір шаршы шақырым. Ең үлкен көл – Бұқтырма. Ол орманды алқаптың жоғары шекарасында Бұқтырма өзенінің қайнар көзіне жақын орналасқан. Ал, Язевое, Черновое және Марал көлдері Листвяга жотасында орналасқан. Бұл көлдерде балық өте көп.Мұнда жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1200-ге тарта түрі, Қызыл Кітапқа енген 30, дәрілік өсімдіктердің 45-тен астам түрі кездеседі. Аумағының 12%-ын қылқан жапырақты орман алып жатыр. Саябақ аймағынан әсем табиғи ескерткіштерден  Көккөл,  Арасан,  Язевое,  Рахман  сарқырамаларын, Язевое және Үшкөл көлдерін тамашалауға болады. Ұлттық саябақтың негізгі міндеті - ғылыми-зерттеулерді жүргізу, ортаның жағдайын бақылау, туризм және демалысты ұйымдастыру, сондай-ақ «Қар барысы-Оңтүстік Алтай» бағдарламасын жүзеге асыру болып табылады. 

Су туризмі - белгілі бір су нысандары бойынша арнайы жүзу құралдары бар  жорықтарды ұйымдастырып өткізетін іс-әрекет. Қазақстандық Алтай мол сулы,  әрі мөлдір өзен мен көлге бай болуымен де ерекшеленеді. Су туризмінің  рафтинг  деп  аталатын түрін  дамытуға болады. Туристер  әртүрлі қиындықтағы ұзаққа созылған (250 км) және қысқа  маршруттарды таңдап ала алады. «Экосистем», «Рахмановские ключи» атты туристік фирмалары онға жуық жүзу маршруттарын ұйымдастырған (1-кесте) [3].

 

1-кесте. Жүзу маршруттары

 

  Өзендер

Маршрут аты

Ұзақтық

Бұқтырма

Бұқтырма ағыстары

14 күн

Уба

Уба - рафтинг

10-13 күн

Тұрғысын

Үлкен Тұрғысын

9 күн

Громотуха

Күркіреген ағыстар

5 күн

Үлбі

Үлбі-рафтинг

6 күн

Кіші Үлбі

Кіші Үлбі-рафтинг

3-8 күн

Жүзу маршруттары  екі кісілік катамаран, рафт және қайықтармен жүргізіледі.

         Қазақстандық Алтайда курорттық туризм жақсы дамыған. «Рахман қайнары» санаторийі Шығыс Қазақстан облысы, Қатон-Қарағай ауданында орналасқан. Рахман көлі теңіз деңгейінен 1760 м  биіктікте жатыр. Термальды бұлақтар жарықшақтан ағып шығып, жалпы ұзындығы 80 м болатын бір бағытта  шығыстан-батысқа қарай бағытталады. Санаторийдің басты емдеу факторы болып құрамында 0,03г/л-ға дейін көмір қышқылы, 45-80мг/л кремний қышқылы және 10-35 эман радоны бар гидрокарбонатты-кальцийлі әлсіз минералданған бұлақ сулары табылады. Бұлақ суларының температурасы 34С0-тан-43С0-қа дейін өзгереді. Санаторий термальды жерасты радон суларын пайдалана отырып, сүйек-бұлшық ет, орталық және перифериялық нерв жүйесін, тері, палиартрит, радикулит т.б. ауруларды емдейді. Рахман қайнары  сулары  химиялық құрамы  бойынша азотты-кремнийлі минералды сулар тобына жататындықтан, ол атақты «Белокуриха»,«Цхалтуба»  санаторийлерінің  суларына ұқсас болады.  Радон сулары орталық нерв жүйесіне әсер етіп, регенерацияны жылдамдатады,  қабыну және трофикалық  процестерді  жақсартады. Жүрек-қан тамырлары қызметін қалыпты жағдайға келтіреді. Сондай-ақ Язевое санаторийінде пантымен емдеу қызметі қазіргі технологияларға сай жүргізіледі. 1990 жылдан бастап, демалушылар мен емделушілердің саны 3000 адамнан асты  [60].

Шығыс Қазақстан облысының  туристік-рекреациялық  әлеуеті жоғары. Облыста  туристік фирмалар саны  2004 жылы - 27, 2005 жылы - 48, 2006 жылы - 55-ке жетті. Олардың 34-і -  Өскемен қаласында, 19-і - Семейде, 1-і - Зайсанда, 1-і - Үржарда орналасқан. Олардың қатарына жататындар: «Алтай», «Алтай экспедициялары», «Геотур», «Ellas», «Зангар-Тур», «Интурист-ВК», «Изумрудный Алтай» және т.б. Аса ірі әуе агенттіктер болып «Авиалюкс», «Авиаэкспресс», «Видебург», «Ульба», Air Astana» саналады.

        Шығыс Қазақстандағы ірі туристік-рекреациялық нысандары 2-кестеде берілген.

 

2-кесте. Шығыс Қазақстан облысының  туристік нысандары

 

Нысандар  аты

Мекен-жайы

Қызмет түрлері

«Алтайская бухта» демалыс орны

Өскемен қаласы, Зырян ауданы

Бұқтырма өзені жағалауында отбасылық демалыс

«Аюда» демалыс орны

Өскемен қаласы, Зырян ауданы

Жазғы демалыс, балық аулау, теплоходта серуендеу

«Көгілдір шығанақ» демалыс орны

Өскемен қаласы, Зырян ауданы

Бұқтырма жағалауында демалыс

«Громотуха» демалыс орны

Риддер қаласы

Балаларға арналған лагерь

«Патша даласы» демалыс орны

Өскемен қаласы, Катоқарағай ауданы

Экологиялық таза ауданда пантымен емдеу

«Изумрудный» сауықтыру кешені

Өскемен қаласы, Глубокое ауданы

Жаз кезінде балаларға арналған лагерь, тау шаңғы тебу

«Княжьи горы» тау шаңғы демалыс орны

Өскемен қаласы, Глубокое ауданы

Шаңғы тебу, ат үстінде саяхат, рафтинг, мектеп лагері

«Порт Фортуна» демалыс орны

Өскемен қаласы, Зырян ауданы

Жағажайлық демалыс

«Рахман қайнары» санаторийі

Катонқарағай ауданы

Радон бұлақтары, сүйек-бұлшық ет, тері және қан-тамырлары ауруларын емдеу

«Ақ Уба» демалыс базасы

Риддер қаласы

Ат үстіндегі саяхаттар, шаңғы тебу, шанамен сырғанау

«Енгу-Абзал» демалыс базасы

Өскемен қаласы

Фитоемдеу, пантымен емдеу

 

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2006 жылы 37401 туристке қызмет көрсетілді. Оның 33547-і ішкі туризммен қамтылғандар. Жалпы көрсетілген қызметтер көлемі 141028,3 мың теңгені құрады. Туристер негізінен Қытай, Германия, Франция т.б. мемлекеттерден демалыс және рекреация, коммерциялық  мақсатта  келген (2-сурет).

 

2-Сурет - Туристер ағынының географиялық құрылымы

 

         Қонақүй шаруашылық кешені  туризмді дамытудың маңызды факторларының  бірі болып  табылады. Облыста 5 қонақүй мейрамханамен, 16 қонақүй мейрамханасыз, 17 қысқа мерзімді тұруға арналған орындар тіркелген. Келген туристердің көп бөлігі мейрамхана бар қонақүйлерге тұрақтаған. Облыстағы қонақ үйлер кешеніне «Бейбарс» (Өскемен), «Полет» (Өскемен), «Сити Отель», «Альянс», Отель Де Люкс, «Иртыш», «Семей», «Бинар», «Айша», «Рубин» т.б. жатады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

Қазақстанның қорықтары мен ұлттық саябақтары. -   Алматы: Кітап, 2006. -    96-109, 140-149, 242-251 бб.

Туристский справочник-KZ  -  Алматы, 2007 - С. 204-235

Саипов А.А.  Теория  и  практика туризма  Казахстана - Алматы, 1999. -С.98-101

http://www.vko.kz/

Қазақстан қорықтары. – 1 том. – Алматы, 2008. – 42-46 бб.

 

Резюме

В статье рассматривается роль и значение туристко-рекреационных ресурсов в развитии туризма  Казахстанского Алтая. Дана классификация  туристских объектов.