Қозғамбаева Гульнар Бестибаевна - т.ғ.к., доцент 

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті,

ОСПАН БАТЫРДЫҢ «ҮШ АЙМАҚ ҮКІМЕТІНЕ» ҚАРСЫ ШЫҒУЫ

Шыңжаң атауы - ХҮІІІ ғасырдың 50-жылдары манчжуриялық Цин әулеті жаулап алған Шығыс Түркістан мен Жоңғария даласына берілген қытай атауы «Жаңа шеп» немесе «Жаңа шекара» деген мағына береді. Бүгінде Қытай мемлекетінің құрамдас бөлігі.

Қазақ халқының бір бөлігі Шыңжаң өлкесінің солтүстігін мекендейді. Қазақтар негізінен Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарына шоғырланған. Соңғы санақтарға қарағанда Шыңжаңда 1.200.000 қазақ бауырларымыз өмір сүріп келеді екен [1, 240 б]. Қытай отаршылары қазақтарды уысынан шығармау үшін әр түрлі амал - тәсілдерді қолданып келді. Сондықтан Қытайдағы қазақтар озбырлықтың небір қорлық-зорлықтарын бастарынан өткерді. «Қытай билеушілері қазаққа ауыр алым салық салу арқылы күшпен ұстаймыз деп сенді. Бірақ қазақ халқы қытайдың мұндай қанау, дінсіздендіріп ассимиляцияға ұшырату, қолындағы құрал - сайманын тартып алып, ел бастайтын ерлер мен халықтың ар-ожданын қорғайтын көсемдерін, рухани дем беруші ақын–жазушыларын абақтыға жабу, олардың көзін біржолата жою, құнарлы жерлерге ішкі қытайдан тың игерушілерді қоныстандыру...»[2,81б.] сияқты жан түршігерлік қорлық-зорлығына қарсы күресті. Отаршылдықтың әр - түрлі жолдарымен жүргізген қысым - қиянаттарына шыдамаған қазақ халқы азаттық, еркіндік үшін әрдайым қолға қару алып, күреске шығып отырды. Олардың ішінен ел бостандығы, жер тұтастығы жолында күрескен: Демежан, Бөке, Зуха, Оспан, Елісхан, Әкбар, Сейіт, Бүркітбай, Сұлубай т.б. батырлар шығып, халықты артынан ерте білді. Елді бастап, отаршылдық пен озбырлыққа қарсы ұлт – азаттық көтерілістерге шықты. Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі мен еркіндігі жолында күресіп өткен, қазақ халқының батыры Оспан Исламұлының  өзіне тиесілі орны бар деп бүгінде үлкен мақтанышпен айта аламыз.

Өр Алтай тарихында бірнеше: төре Оспан, қара Оспан және Оспан Исламұлы деген тұлғалар болған. Аталмыш тұлғалардың ішінде Оспан Исламұлы Шығыс Түркістан өлкесі Алтай аймағы, Көктоғай  ауданы, Өңдіқара өңірінде 1899 жылы дүниеге келген. Оспан батырдың аты бүкіл Шығыс Түркістан жұртшылығына отызыншы жылдардың аяғынан әйгілі болды. 1943 жылдың күзінде Қызылқия деген жерде жұртшылық Оспан батырды «ақ киізге отырығызып» хан көтерген.

Қытай отаршыларына қарсы бағытталған ұлт-азаттық көтерілісті Оспан Исламұлы ұйымдастырып, артынан қазақтарды ерте білді. Ол Қытай  үкметімен КСРО үстемдігіне және оның ықпалындағы Моңғолияға қарсы күрескен. Оспан батыр көтерілісіне Алтай, Қобда қазақтары да қатысқан. Оспан батырдың үш аймаққа қарсы шығуы КСРО басшыларының наразылығын тудырып, оның көзін жоюды  жоспарлаған болатын.

Оспанды Монғолия арқылы Кеңестер одағы да уақытша пайдаланды. Кеңестер одағы басшылары Оспан бастаған көтерілісшілерді қолдап гоминьдан партиясына қарсы қойып, революциялық бағытқа бет бұрғызу, тіптен болмағанда оны бейтараптандыру дұрыс деп тауып И.Сталин міндетті Моңғол Халық Республикасының премьер –министрі маршал Х.Чойбалсанға жүктеді.

Қытайдың Алтай аймағында Шығыс Түркістан мемлекетін құру жолында құрбан болған тарихи тұлға Оспан батырдың ерлік ісі мен оның ұлт - азаттық қозғалыстың басшысы ретінде зерттеген ғалымдардың бірі Жәди Шәкенұлы: «Оспан батырдың қолы 1944 жылдың сәуірінде Шіңгіл ауданының Ағашоба деген жеріндегі жау бекінісіне шабуыл жасады... Оспан бастамшылығындағы Өр Алтай жауды қуып шығып,атамекенді азат етудің жеңісті шеруіне қадам басты... 1944 жылы қазанның орта шенінде «Алтай төңкерістік уақытша үкіметі» құрылады, 1945 сәуірдің орта шеніне дейін Көктоғай, Жеменей, Қаба аудандары солардың қолында болады» деп Оспан батырдың жаудан азат етудегі ерлігі туралы мәлімет береді [3,145-146 б].

Оспан батырдың халқы үшін ерлік еңбегі, көп жылдық күресі 1950 жылға дейін жалғасып келді. Оспан батыр 1951 жылы қолға түсіп, Үрімжі қаласында қытайлар қолында жазаланды [4,168б].

Азаттық радиосында қызмет атқарған ғалым Хасен Оралтай батырдың тарихтағы орны мен қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күресіне қатысты өз пікірінде: «Оспан Ісләмұлы Шығыс Түркістанның ұлт азаттығы үшін шын күрескен нағыз батыр адам. Орыс, қытай отаршылары Оспан батыр Исламұлының бұл күресінің мән мағынасын төмендету мақсатында оған негізсіз жалалар жауып келді. Жалғыз мысал келтірер болсам, 1950 жылы Мәскеуден шығатын «Правда» газеті Оспанды «Американың шпионы» болған деп өтірік жала жапты. Ал сол жылдары Кеңес одағының құрамындағы Қазақстанның баспасөзі және арнайы жарияланған кітаптар Оспан батырды «АҚШ шпионы» не «бір топ қарақшылардың басшысы» ғана болды деп өтірік жала жауып жазды. Кейін Мәскеу мен Пекин арасындағы қарым - қатынас салқындағанда Мәскеу Оспан батыр жөніндегі бұрынғы көзқарасын өзгертіп, басқаша жаза бастады» деп мәлімдеген болатын Азаттық радиосының қазақ редакциясына 2001 жылы берген сұхбатында [5].

Қортындылай келе, Шыңжан Алтай өлкесінде Шығыс Түркістан мемлекетін құру жолында ерлікпен күресіп өз өмірін соған арнаған батыр Оспан Исламұлының тәуелсіздікке дейін атамекенде тек көзі қарақты оқырман ғана білетін. Қазақстан тәуелсіздігін алып, дүниежүзіне тарыдай шашылған қазақтар тарихи отанына жиналып, Отандық тарихта көпшілік қауымға белгісіз болған батырлардың тарихи тұлғалалық, азаматтық болмысын терең зерттеп зерделеу жұмыстары қолға алынды.

Оспан батырдың ерлігі мен өмір тарихына байланысты мәліметтер алыс және таяу шетелдегі қазақ диаспорасының зиялы қауым өкілдерімен қатар, Отандық қоғамтанушы ғалымдардың ғылыми еңбектері мен зерттеулері көптеген бұқаралық ақпараттық құралдары басылымдарында соңғы жылдары көптеп жазылып жүр.          

Пайдаланған  әдебиеттер тізімі:

1.Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2000. – 312б., –240б.

2. Мұқаметқанұлы Н. ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ-қытай байланыстары. Алматы: Санат, 1996. - 281б., -81б.

3.Жәди Шәкенұлы Алтайдың ақиық батыры. Оспан батыр: Деректі зерттеу./Құрастырған Д.Кәпұлы, Ө.Нәбиұлы. –Алматы: Арда, 2007., –184 бет., 145-146 беттер.

4.Соян Қажыбайұлы Ісләмұлы Оспан батыр. Оспан батыр: Деректі зерттеу./Құрастырған Д.Кәпұлы, Ө. Нәбиұлы. –Алматы: Арда, 2007., –184 бет. -168-171 беттер.  -168б.

5. http://www.zonakz.net/blogs/user/zhaskazak_uni_gazet/16805.html. 2001 ж.