ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУДА АҚПАРАТТЫҚ-КОММУНИКАТИВТІК ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ

                                

                                 Насыритдинова Г.Н.,

Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы,

                                                                      №17 Байқоңыр орта мектебі

 

Қазіргі ақпараттық технологиялар дамыған заманда мектептегі оқыту үдерісін де уақыт талабына сай ұйымдастыру мәселесі педагогика тәжірибесінде маңызды орын алып отырғаны анық.

Бүгінде қазақ тілін өзге тілді оқушыларға үйретудің түрлі әдіс-тәсілдері, онда қолданылатын технологиялар туралы көп айтылып, жазылып та жүр. Ал қазақ мектебіндегі қазақ тілі пәні бойынша оқыту үдерісін жетілдіру мәселесі көбіне осы мәселенің көлеңкесінде қалып қойып жатқандай. Негізінен, қазіргі жаһандану заманында жыраулар поэзиясын, ауыз әдебиетін, Абай, Шәкәрім, Мұқтар шығармаларын түбегейлі түсініп оқитын ұрпақ азайып келе жатқанда қазақ тілін қазақ мектептерінде оқытудың да әдістемесін жетілдіру қажет. Ол үшін қазақ тілі және қазақ әдебиеті сабақтарында оқытудың тиімді әдістері, заманауи жабдықтар мен ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылады. Осылардың арасында қазіргі таңда ақпараттық технологиялар сабақ барысында күн сайын табысты пайдаланылуда. Себебі кез келген мәліметті ғаламтор желісінен іздеу белен алған жағдайда бұндай технологияларды оқыту кезінде қолданудан сабақтың тиімділігі артары сөзсіз.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілгендей, ақпараттық технологиялар мен ақпаратты таратудың жаңа нысандарына бағдарланған мамандандырылған білім беру бағыттарын құру міндеті алдымызда тұр.

Елбасы бекіткен Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамытудың 2003-2015 жылдарға арналған бағдарламасы ақпараттық технологиялар саласындағы ақпараттық теңсіздікті төмендетудің және білім деңгейін арттырудың шешуші тұтқасы болып табылады.

Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында еліміздің білім беру жүйесінің басты міндеттері атап көрсетілген. Соның бірі: «Білім беру жүйесін ақпараттандыру, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу» делінген. Бұл міндеттерді шешу үшін, нәтижеге бағытталған білім берудің жаңа жүйесіне көшу үшін әр мұғалім, жеке тұлға күнделікті ізденіс арқылы барлық жаңалықтар мен өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа тәжірибеге, жаңа ақпараттық технологияларға, әлеуметтік, тұлғалық және жеке құзыреттіктерге ие болуы тиіс. Бұл талаптар күнделікті әдістемелік жұмыстың жүйелі түрде ұйымдастырылуы негізінде жүзеге асырылады.

Жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы дамыта оқыту, қашықтан оқыту, дара тұлғаға бағыттап, оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу-тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарылату – бүгінгі күннің басты талабы.

Осыған байланысты ХХІ ғасырда ақпараттанған қоғам қажеттілігін қанағаттандыру үшін білім беру саласында төмендегідей міндеттерді шешу көзделініп отыр. Олар: компьютерлік техниканы, интернетті, компьютерлік желі, электронды оқулықтарды оқу үрдісіне тиімді пайдалану арқылы оқушылардың білімділігін күшейту және білім сапасын көтеру.

Тіл тағдырын жетілдіру көп ретте мектепте атқарылатын жұмыс деңгейіне байланысты. Өйткені, өскелең ұрпақтың балғын санасына бай тіліміздің нәрін сіңдіріп, көкірегіне ұялатуға әр пән мұғалімі ауқымды істер атқаруы тиіс.

Орта мектептерде қазақ тілін қатысымдық тұрғыдан меңгерту; сөйлесім әрекетінің түрлеріне сай оқушыны тілдік білім негізінде әдеби тілде сөйлеуге, сауатты жазуға үйрету арқылы дара тұлғаның тілдік қабілетін дамыту, бір-бірімен сабақтас, жүйелі тақырыптарды коммуникативтік тұрғыдан ұсына отырып, оқушылардың көркем сөйлеу дағдысын қалыптастыру көздейді. Осы аталған мақсатқа қол жеткізу үшін оқытудың ақпараттық технологияларын пайдаланған орынды.

Оқыту үрдісінде ақпараттық технологияны пайдаланып білім берудің әр түрлі аспектілерін дамытуға болады. Олар: ақпаратты өңдеудің когнитивті аспектілері, оқытудың мотивациялық аспектілері және оқытудың коммуникациялық аспектілері және танымдық аспектілері. Мәселен, электронды оқулықпен жұмыс жасағанда, компьютерлік бағдарламада таңдап алған тараудың барлық тақырыптардың теориялық материалдары, есеп шығару үлгілері, өз беттерімен жұмыс істеуге арналған жаттығулар, әр тақырып бойынша орындалатын зертханалық жұмыс тапсырмалары, оқушылардың білім сапасын тексеруге арналған тест тапсырмалары беріледі және сынып оқушыларының әрқайсысына жеке-жеке нұсқаулар бойынша жұмыс жүгізуге қолайлы. Бұндай бағдарламалардың ерекшелігі сол, әрі уақытты да үнемдейді, әрі мұғалімнің де жұмысын жеңілдетеді.

Қазақ тілі сабағында оқу ақпаратын ақпараттық технология жағдайында меңгерумен байланысты оқу әрекетінің түрлері:

1) эмпирикалық әрекет қабылдау кезеңі ретінде;

- монитор экранындағы фонына назар аудару;

- фондағы жекеленген жаттығуларға зейін аудару;

- нақты жаттығуды және айрықшаланған сөздерді суреттеу;

- нақты сөйлемдерді кешенді бейнелеу;

2) жаттығуды танытуға бағытталған эвристикалық әрекет ретінде;

- жаттығуды абстрактілі ойлау;

- жаттығуды түрлендіру жолдарын іздеу;

3) жаттығуды түрлендіру мен жаңа білім алуға бағытталған репродуктивтік әрекет ретінде;

- таңдалған жаттығу бойынша сөйлемді түрлендіру;

- таныс жаттығу түрлерін жасау;

- берілген жаттығуды бағалау;

4) дағдыны қалыптастыруға арналған практикалық әрекет;

- дағдыны таныс жағдайда қолдану;

- таныс емес жағдайда дағды қалыптастыру.

Осы кезеңдер бойынша сынып оқушыларының қазақ тілі сабағында оқу әрекеті қалыптасып, белсенді қызмет етуге ұмтылады. Бұл әр оқушының дербес компьютердің және мұғалімнің көмегімен өзара түсінісу ортасында қазақ тілі сабағында жаңа білімдерді алуына, танымдық іс-әрекетін дамытуына айтарлықтай септігін тигізеді және оқушының танымын, тілдік құзіреттілігін қалыптастыруда бірігіп жұмыс жасаудың жоғары түрлеріне көтереді.

Компьютерлер мен интерактивті тақтаны оқушылардың тілдік құзіреттілігін, шығармашылық потенциалын дамыту құралы ретінде пайдалану интеллектуалдық, эстетикалық және ақпараттық сауаттылығын арттыруға көмектеседі, ал көрнекі құрал ретінде пайдалану оқу-танымдық үрдіс тиімділігін арттырады. Қазақ тілі сабағында ақпараттық технология арқылы берілетін білім оқу материалын жүйелі беруге, ақпаратты көруге, есте сақтауға, қатысымдық тұрғыдан меңгеруге, қазақша тілдік қатынасты игеруге мүмкіндік береді.

Ақпараттық технологияны қолдануда, әдетте шынайы өмірлік жағдайлар келтіріліп, бірігіп шешу мәселелері ұсынылады, рольдік ойындар пайдаланылады, білгірлігінің қалыптасуы барысында жеке белсенді позициясын қалыптастыруға жағдай тудырады, қарым-қатынас дағдыларын орнықтырады, сыни тұрғыдан ойлауға үйретеді. Демек, ақпаратты технологияны пайдалану оқу үрдісіне енгізу тіл үйретуде тиімді.

Тыңдап-түсіну, көріп-байқау құралдарының ішінде сабақ берудің барлық сатысында қолдануға болатын түрі – аудио құралдар, радио мен теледидардың хабарлары, сұхбаттар жазылған үнтаспа т.б.

Аудиоматериалдар сабақта мынадай мақсатта қолданылады: біріншіден, қажетті ақпаратты күшті әсерлілікпен жеткізеді; екіншіден, оқушының бақылаушылығы мен талдау дағдыларын жетілдіреді, үшіншіден, өз пікірін, ойын тұжырымдап айтуға үйретеді. Таспа арқылы тыңдалатын мәтін оқушының тілін дамытады. Тіл үйренудегі тыңдау сөйлеумен тығыз байланысты. Оқушыға таспадан естігенін тілінде пайдалану қажеттігі туады. Таспадан тыңдалған мәтін бойынша сұрақ қою ең тиімді жол, өйткені оқушы сұраққа дұрыс жауап беру үшін мәтінді ынтамен тыңдап, мәнін түсінуге тырысады.

Мысалы, оқушылардың аудиомәтіннің жалпы мазмұнын түсінгендіктерін тексеру үшін мынадай жұмыстар жүргіземін:

а) Мәтіннің мазмұнына байланысты сұрақ беремін, әр сұраққа екі жауап ұсынамын;

ә) Аудиомәтінді мазмұндатамын, мәтінге сай тапсырмалар орындатып, ойтолғау жаздырамын.

Мысалы, 6 сыныптағы қазақ тілі сабағында «Әдеби тіл мен мәтіннің байланысы» тақырыбын өткен кезде алдын-ала дайындаған аудиомәтін тыңдалып, мәтін бойынша оқушыларға сұрақ қойылады, оқушы пікірі, жауаптары тыңдалып болған соң, сурет астында жасырынған жауапты көру мүмкіндігі берілді. Мұнда оқушы өз білімін өзі тексере алады және пәнге деген қызығушылығы оянады. Сонымен қатар әдеби тілдің стильдік ерекшеліктерін анықтау мақсатында түрлі стильдегі мәтінде компьютер арқылы беріліп, оқушылардан қандай формада жазылғанын табу сұралды. Сөйтіп, оқушылардың ғылыми, көркем, публицистикалық, ауызекі, ресми стильдерді ажырата алу дағдылары қалыптастырылып, әдеби тіл, әдеби тіл нормасы туралы түсініктері нығайтылды.

Сабақ барысында ақпараттық технологияны қолданудың жақсы жақтары ретінде тәжірибелі ұстаздар мыналарды атайды:

1. Түрлі-түсті иллюстрациялар, ұлттық музыка, анимациялар есте сақтау процесі үшін тиімді.

2. Әр сабақта сөйлеу әрекетінің бес түрі де қолданылады: тыңдалым,
сөйлесім, оқылым, жазылым, айтылым.

3.Әр сабақ төмендегілерді қамтиды:

а) компьютермен үзіліссіз тілдік қарым-қатынас;

ә) бірнеше рет тыңдау мен оқып-білген материалды қайталаудың арқасында дағдыларды машықтандырғанға дейін меңгертіледі.

4.Компьютер оқушының өзіндік жұмысын ұйымдастырады.

5. Компьютер оқытудың аудио және бейне құралдардың мүмкіндіктерін табысты байланыстырады.

6.Компьютерлік желілермен жұмыс істеу арқылы оқушылардың тілдік сауаттылығы, шығармашылық потенциалының, тілдік құзіреттілігінің дамуына мүмкіндік туады.

Осылайша ақпараттық технологияларды пайдаланып оқыту мынадай нәтижелерге қол жеткізеді:

- оқу материалын терең түсінуге;

- оқу мотивациясының артуына;

- алған білімнің ұзақ уақыт есте сақталуына;

- білім беруге жұмсалатын шығынның азаюына, т.б.

Қорыта келгенде, сабақ барысында ақпараттық-коммуникативтік технологияларды тиімді пайдалану оқушылардың білім сапасын арттыратыны анық. Бұл мәселе қазақ тілі ғана емес, барлық пәндерге де қатысты. Яғни, оқушыларға белгілі бір пәнді оқыту барысында қазіргі мектептерде бар технологиялық мүмкіндіктерді барынша қолданған ұтымды болмақ. Ол үшін тек заман талабына байланысты мұғалімдер мұндай технологияларды жетік меңгерген болулары керек. Себебі мұғалім әрқашан үйретушілік рөлін жоғалтпауы қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Н. Ә. Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» (Елбасының халыққа жолдауы) 2007 ж;

2.Бәкірова Ш. Электронды оқулықтың маңызы зор// Қазақстан мектебі. – 2004. - №11. – 9-10 бет;

3.Жолдасбекова С., Махмудова Г. Болашақ мұғалімдерді дайындауда оқытудың ақпараттық технологиясын пайдалану жолдары (Мәтін)// Ізденіс. Гуманитарлық ғылымдар сериясы. – 2005. - №1. – 238-241 бет;

4.Медешова А. Компьютерлік жабдықтарды кешенді қолдану// Хабаршы педагогикалық ғылымдар сериясы. – 2004. - №1. – 131-132 бет;

5. Нұрмұханова Г. Жаңаша оқыту – уақыт талабы// Қазақстан мектебі. – 2004. - №10. – 53-54 бет;