Экономическое науки/Банковское дело

Бисенова Р.А.

 Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университені «Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы, экономика және бизнес магистрі

Кусаева Н.С.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университені «Қаржы» кафедрасының оқытушысы, экономика магистрі

 

БАНКТІК ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАНК СЕКТОРЫНДАҒЫ ОЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ

 

Қазіргі уақытта инновациялар экономикалық өсуді, даму мен құрылымдық өзгерістерді анықтайтын құбылыстың бірі ғана емес, экономиканың барлық салаларындағы, соның ішінде банк ісіндегі заманауи дамудың мәні болды.

Банк жұмысының тиімділігі және оның нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі көп жағдайда жаңа банктік өнімдер мен қызметтерді енгізуге тәуелді. Жаңа банктік қызмет көрсетулерге қосымша комиссионды табыс әкелуге қабілетті клиентке пайда табуға көмек көрсету бойынша қызметтерді жатқызуға болады.

Қазіргі уақытта әлемдік банктік салада қызметтің барлық салаларын қамтитын жаһандық электронды инфрақұрылымды қалыптастыру және дамыту процесі жүруде. Қаржылық жаһандану процесі инновациялық технологияларға, содан кейін ғана дәстүрлі материалдық және адам ресурстарына негізделеді. Инновациялық технологиялар банктік саладағы инновациялық төлем құралдарын дамыту үшін мүмкіндік беретін адамның ақпараттық ортамен өзара әрекеттесуінің жолы болып табылады.

Экономиканың жаһандануы жағдайында қаржылық салада инновациялық технологияларды қолданудың маңызды объектілерінің бірі төлем жүйелері болып табылады, себебі бүкіл банк жүйесінің дамуын төлем жүйелерінсіз елестету мүмкін емес [1, 310б.].

Заманауи ақпараттық және коммуникациялық технологиялар негізінде жаңа банктік өнімдер мен қызмет көрсетулерді жылжыту инновациялық банктік бизнес үшін негіз болып табылады.

2013 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанда 38 екінші деңгейлі банк жұмыс жасайды. Нарықта осыншама банктердің болуы олардың арасындағы бәсекелестіктің күшеюінің алғышарты болып табылады. Осы орайда, ұсынылатын өнімдер мен қызмет көрсетулер спектрін, оларды тұтынушыға жеткізу әдістерін кеңейту жолымен банктер үнемі өз қызметін дамытып және жетілдіріп отыруы қажет. Нарық және бәсекелестік банктерді жаңа шешімдер іздестіруге, клиенттер қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында қажетті, тиімді және сонымен бірге табысты инновациялар жасауға итермелеп отыр.

Біздің көзқарасымыз бойынша, банктік инновациялар – бұл жаңа немесе жетілдірілген өнім немесе қызмет көрсету түрінде көрініс тапқан, клиенттердің қажеттіліктерін қанағаттандыруға немесе банктің ресурстық әлеуетін басқару процесінде жаңасын қалыптастыруға бағытталған банктің ғылыми-техникалық қызметінің соңғы нәтижесі.

Мұндай инновацияларға мысал ретінде эквайрингті айтуға болады. Виртуалды төлем – эквайринг – бүкіл әлемде үлкен танымалдыққа ие. Эквайринг – ағылшын тілінде acquire – алу, сатып алу, иемдену дегенді білдіреді. Аталмыш қызмет көрсету ірі және орта сауда кәсіпорындарына, яғни дүкендер, мейрамханалар, қызмет көрсету ұйымдарына арналған. Аталмыш сауда және қызмет көрсету кәсіпорындарына эквайринг тауарлар мен қызмет көрсетулерге төлем жасаудың заманауи және сенімді тәсілдерін ұсына отырып, жаңа клиенттер тартуға мүмкіндік береді.

Эквайринг  - бұл тауарлар мен қызмет көрсетулерге есеп айырысу құралы ретінде несие мекемелерімен пластикалық карталарды қолдану. Эквайр-банк алушының есеп-шотына ақша қаражаттарының уақытылы аударылуына кепілдеме береді.Эквайринг сауда кәсіпорнының бәсекеге қабілеттілігін ұлғайтуға және олардың айналымын арттыруға көмектеседі. Клиенттер есеп айырысудың бұл тәсілін қолданғанда жиі және ірі сомаларға сауда жасайды, себебі олар қолма-қол ақша қаражаттарымен шектелмеген [2, 6б.].

Басқа жағынан, корпоративті карталар ішкі қаржылық ағындарды ынталандырады және ұйым бухгалтериясын артық жүктемеден арылтады.

Кәсіпорын тұрғысында эквайрингтің ең тартымды сипаттарын айтқанда эквайр-банктің келесі әрекеттерін айта кеткен жөн:

-  сауда нүктесін тіркейді (көп жағдай бұл қызмет көрсету тегін болады);

-  кәсіпорынды қайтарымсыз негізде жабдықтармен (электронды төлем терминалы), төелмге карталарды қабылдау үшін қажетті  қосалқы және жарнама материалдарымен қамтамасыз етеді;

-  слиптердің тегін инкассациясын жүзеге асырады;

-  кәсіпорын персоналын оқытады.

Сонымен бірге эквайрдың клиенті болып табылатын ұйым келесі мүмкіндіктерді алады:

-  карталарды қабылдаудың тәртібін өз бетінше анықтайды;

-  орнатылған жабдыққа техникалық және ақпараттық қызмет көрсетеді;

-  карталарды қабылдайтын жабдықтарды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемін төлемейді.

Эквайрингтің мәні бойынша банктер сауда кәсіпорындарымен банк карталарын қолданумен жүргізілген операциялар бойынша есеп айырысуды жүзеге асырады. Сонымен бірге комиссия сомасы әрбір сауда нүктесі үшін авторизация тұрпаты мен карточкалар бойынша айналымға сәйкес жеке анықталады.

Эквайринг келесі жабдықтар көмегімен орындалатын операцияларға қолданылады (жабдықты таңдау операция көлеміне байланысты болады):

-        импринтерлер;

-        POS-терминалдар;

-        банкоматтар.

Импринтерлер – бұл карталар бойынша төлем жасаудың арнайы чектер-слиптерді рәсімдеуге арналған механикалық құрылғы. Импринтерді қолдану кезінде кассир:

-  телефон бойынша картаны тексеруді жүзеге асырады (яғни картаның шынайылығы мен төлемқабілеттілігін тексеру);

-  слипте картаның растауын жасайды;

-  слипке клиенттің қажетті мәліметтерін енгізеді.

Осыдан кейін слиптер инкассация қызметі арқылы төлем жасауға эквайр-банкке жіберіледі.

POS-терминалдар – бұл байланыс арналары арқылы Процессингтік орталыққа (ПО) қосылған электронды құрылғы. Терминал арқылы кассир тек картаны оқу құрылғысына енгізеді, әрі қарай жүйе автоматты тәртіпте картадағы ақпаратты оқиды, оны растауды жүргізеді, чекті рәсімдейді, Процессингтік орталыққа жүргізілген операция туралы ақпаратты жібереді. POS-терминалдардың болуы операцияларды орындау процесін жеделдетеді және жүргізілген мәмілелер бойынша қаражаттардың орнын толтыру мерзімін қысқартады.

Банкомат жүйелік жүзеге асырылу тұрғысынан POS-терминалдарға ұқсайды, бірақ тағы бірқатар артықшылықтарды иемденеді. Банкоматтарда пластикалық карталармен төлем жасау кезінде келесі артықшылықтар бар:

-  пластикалық карталар ұстаушылар - жаңа клиенттер тарту есебінен ұйымның пайдасы өседі;

-  кәсіпорынның имиджі жақсарады;

-  инкассация қызметіне жұмсалатын шығындар қысқарады;

-  алаяқтық немесе жалған бакноттар қабылдау нәтижесінде болатын жоғалтулар тәуекелі төмендейді;

-  қолма-қол ақшамен есеп айырысу үшін тән болатын қателіктерді болдырмайды;

-  тауарлар мен қызмет көрсетулерді жіберуді есепке алу оңтайландырылады.

Сонымен бірге Интернет-эквайринг бар, ол Интернет-дүкендерде есеп айырысуларды жүргізуге мүмкіндік беретін, арнайы жасалған web-интерфейсті қолданумен Интернет арқылы төлем карталарын төлем жасауға қолданады.

Ең кең таралған төлем жүйелері – Visa Int., MasterCard WorldWide,  Diners Club, Amex, JCB және China Union Pay.

2013 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша төлем карталарын шығаруды нақты 24 банк және «Казпошта» АҚ жүзеге асырады. Аталған ұйымдар халықаралық жүйелердің төлем карточкаларын шығарады және таратады (олардың үлесі 95,1%-ды құрайды): Visa Int., MasterCard WorldWide, American Express International және China Union Pay.

Сонымен бірге Қазақстанның банктері локальды жүйелердің төлем карточкаларын шығарады: Altyn Card – «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, SmartAlemCard – «БТА Банк» АҚ және Ситибанк Қазақстан локальды карточкасы – «Ситибанк Қазақстан» АҚ.

2013 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша банктермен 12,1 млн. төлем карточкалары шығарылған, ал аталмыш карточкаларды ұстаушылардың саны – 11,1 млн. адам (2012 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сәйкесінше 26,9% және 25,1%-ға өсім болған) [1]. Ең кең таралған түрі дебеттік карточкалар, олардың үлесі 80,0%-ды құраса, несиелік карточкалардың үлесі – 17,6%-ды құрады. Несиелік желісі бар дебеттік және алдын ала төлем жасалған карточкалардың үлесіне сәйкесінше 1,4% және 1,1% келеді.

Қазақстанда POS-терминалдардың саны 2011 жылы 28 597 дана болған, бұл алдыңғы кезеңнің көрсеткішінен 10,5%-ға жоғары. Егер аймақтар бойынша талдау жасайтын болсақ, эквайрингтік транзакцияларға қосылған сауда кәсіпорындарының жалпы санындағы жоғары үлес салмағын Алматы иеленеді (яғни, 2011 және 2012 жылдары 32,8% немесе, сәйкесінше 3 950 және 4 654 болған). Мұнда эквайрингтік транзакцияларға қосылған сауда кәсіпорындарының саны тұрақты өсіп отырған.

Осындай кәсіпорындардың саны бойынша Астана екінші орынды иеленіп отыр. Яғни, 2012 жылы 14,8% (немесе 2 099). Сонымен қатар эквайрингтік транзакцияға қосылған сауда кәсіпорындарының санының тұрақты ұлғаюы байқалады. Үшінші орында Шығыс Қазақстан облысы 2012 жылы 6,3%-бен (немесе 901) орналасқан [3].

POS-терминалдар саны бойынша тек жалпы Қазақстан бойынша ғана емес, аймақтар бойынша да тұрақты өсім байқалып отыр.

Сонымен 2012 жылы олардың саны 33 318 болған, бұл 2011 жылмен салыстырғанда 4 721 данаға (немесе 16,5%-ға) жоғары. POS-терминалдардың жалпы көлемінде аймақтар арасында 2012 жылы бірінші орынды 2011 жылмен салыстырғанда 16,5%-ға артып, 32,0% (немесе 10 662 дана) үлес салмақпен Алматы қаласы иеленген. POS-терминалдардың саны бойынша екінші орынды 2012 жылы 13,4% (немесе 4 452 дана) үлес салмақпен Астана иеленген, 2011 жылмен салыстырғанда өсім 13,5%-ды құрады. Ал үшінші орынды Қарағанды облысы иеленіп отыр. 2012 жылы POS-терминалдардың жалпы көлеміндегі олардың үлесі 7,2% (немесе 2 417 дана), бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 25,1%-ға өскен.

2012 жылдың желтоқсанында қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын қолданумен жасалған транзакциялар көлемі 589,8 млрд. теңге (2011 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда өсім 16,7%-ды құрады) болды. 2012 жылдың желтоқсанында транзакциялар саны 18,8 млн. транзакцияны құрады және 2011 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 11,5%-ға ұлғайды. Сонымен бірге қолма-қолсыз төлемдер саны мен сомасының өсімі сәйкесінше 32,4%-ды (саны 4,3 млн. транзакция) және 28,0%-ды (көлемі 78,2 млрд. теңге) құрады, ал қолма-қол ақшаны алу бойынша операциялар өсімі 6,5%-ды (саны 14,5 млн. транзакция) және 15,1%-ды (көлемі 511,6 млрд. теңге) құрады.

Қолма-қолсыз төлемдердің негізгі үлесі POS-терминалдар арқылы (қолма-қолсыз төлемдердің жалпы саны мен көлемінен 45,1% және 61,9%) және банкоматтар арқылы (сәйкесінше 38,2% және 25,8%) жасалған. Қолма-қол ақшаны беру бойынша операциялар негізінен банкоматтар арқылы (қолма-қол ақшаны беру бойынша операциялардың жалпы саны мен көлемінің 97,6% және 88,9%) жасалған [3].

Осылайша, бүкіл талданып отырған кезеңде эквайрингтік транзакциялар жүйесіне кіретін POS-терминалдар, импринтерлер, банкоматтар және сауда кәсіпорындарының саны бойынша көшбасшылық жайғасымды Қазақстанның қаржылық орталығы болып табылатын Алматы қаласы алып отыр. Яғни, 2011 жылы олардың саны 3 950 бірлікке (немесе 32,8%-ға) ұлғайды. Алматы қаласындағы POS-терминалдар саны 2011 жылы 9 715 дананы (немесе 34,0%), импринтерлер саны 393 дананы (немесе 64,1%) құрады.

Эквайрингтің инфрақұрылымында тек Алматы қаласында ғана емес,  бүкіл Қазақстан бойынша соңғы үш жылда POS-терминалдар санының ұлғаюы мен импринтерлер санының азаюы тенденциясы байқалуда. Бұл сауда орындарының байланыс арналары бойынша Ұлттық процессингтік орталыққа қосылуды қалайтындығын көрсетіп отыр, ал оны POS-терминалдар арқылы жүзеге асыруға болады [3].

Осылайша сауда нүктелерінде POS-терминалдар санының өсімі 2012 жылы 2011 жылмен салыстырғанда 16,5%-ды құрады. Бұл Қазақстанда эквайринг инфрақұрылымының дамығанын көрсетіп отыр.

Банк тұрғысынан эквайрингтік бизнесті қарастыра отырып, жаңа қатысушылар үшін оның «бастамасының» жоғары шығындылығын және өтелу мерзімінің ұзақтығын айтуға болады. Эквайрингтік операциялар бойынша маржа төмен болады, және табыс алу үшін әрбір нүктедегі жоғары карточкалық айналымды талап етеді.

Бұл бизнеске маманданбаған банктер мен ұйымдар үшін өздерінің стратегиясын және банк операцияларындағы эквайрингтің орнын түсіну қажет. Ірі қатысушылар тарапынан қатаң бәсекелестікті жағдайды есепке ала отырып, эквайрингті банктің корпоративті клиенттері үшін қосымша қызмет ретінде қолдану ең дұрыс стратегия болар еді. Бұл бір жағынан клиенттерге толық банктік өнімдер себетін ұсынуға және басқа жағынан эквайрингтік жабдықтың өтелуінің қажетті мерзімдерін белгілейтін тарифтерді қоюға мүмкіндік береді. Алайда, жақсы корпоративті клиенттердің бәсекелес-банктермен қажетсіз қарым-қатынас орнатуын болдырмау үшін өтелу мерзімдерін ұзартатын эквайрингтің тарифтерін арзандатқан да жөн болар еді. Бірақ аталмыш клиентке қызмет көрсету өзге корпоративті қызметтер есебінен пайдалы болып қала бермек.

Эквайрингтік бизнесті жақсы дамыту банктерден үлкен капитал салымдарын талап етеді. Яғни, бұл – қажетті жабдықтар мен бағдарламалық өнімдерге, сондай-ақ эквайрингтік желінің жұмыс қабілеттілігін ұстап тұруға капитал салымдары. Банктер үшін жабдықтарды қою және кассирлерді оқыту ғана жеткілікті деп есептеу қате түсінік болып табылады. Себебі сауда ұйымдарындағы кадрлардың үнемі ауысып отыруы, карточкалар нарығындағы және қауіпсіздік пен технологияларға қатысты өзгерістердің болып тұруы қызметкерлерді тұрақты түрде оқытып отыру қажет. Қазірдің өзінде эквайрингтік желілері бар банктер осындай қиындықтармен кездесіп жатыр. Осылайша, эквайрингтің дамуы күрделі капитал садымдары мен еңбек шығындарын қажет етеді деп айтуға болады.

  

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.                Сейткасымов Г.С. Деньги. Кредит. Банки. Алматы: Экономика, 1998. – 576б.

2.                Викулов В.С. Инновационная деятельность кредитных организаций // Менеджмент в России и зарубежом. – 2007. - №1. с. 4-11.

3.                Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2013 жылдың 1 қаңтарындағы Жылдық есебі